Қыл үстіндегі қауіпсіздік: Ресей, Қытай, Қырғызға тәуелді Қазақстан
Ресей Орал өзеніне су бөгетін салуды жопарлауда.
Ресей Федерациясы Орынбор қаласын сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында Орал өзеніне бөгет салмақ. Болжам бойынша, бөгет құрылысына 300 миллион рубль жұмсау жоспарлануда. Солтүстіктегі көршіміздің бұл бастамасы Батыс Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігіне кері әсерін тигізбей ме? Қазақстанның су қауіпсіздігі мәселесі қалай шешілуде? Бүгін біз осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көруді жөн санадық.
Еуропаның ұзындығы жағынан үшінші өзені болып саналатын Оралдың суы жыл өткен сайын азайып барады. 2010 жылдан бері өзен 2,5 метрге төмендеген. Қазірдің өзінде Оралдың бойында 12 су бөгеті бар. Өзен суының тартылуы өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан басталған. Қазір жұмыс істеп тұрған 12 бөгеттің әрқайсысының көлемі 10 млн метр кубты құрайды. Бұл алдағы уақытта экологиялық қиындықтармен қоса, Қазақстанның су қауіпсіздігіне де үлкен соққы болуы мүмкін. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысы Ресейдің Саратов және Волгоград облыстарына тәуелді. Жыл сайын БҚО Саратовтан – 54 млн метр куб, Волгоградтан – 28 млн метр куб су алады. Бірақ бұл су жеткіліксіз. Батыс Қазақстанды толық сумен қамтамасыз ету үшін қосымша 131 млн метр куб су қажет. Қазақстан Ресейден 1 метр куб суды 4,6 рубльге сатып алып отыр. Бүгін премьер-министр Асқар Мәмин Ресейден су сатып алуға қатысты мәлімдеме жасады. Онда ол «Батыс Қазақстан облысына Ресейден 131 млн метр куб су сатып алуға байланысты 3,5 млрд теңге қаржы бөлу мәселесі 2021 жылға арналған бюджеттің мүмкіндігіне қарай қарастырылатынын» айтты.
Жалпы, Қазақстанның су қауіпсіздігі мемлекеттік (ұлттық) деңгейде бас қатыратын үлкен мәселе. Ресеймен арадағы трансшекаралық өзендерден бөлек, Қытай және Қырғызстанмен арадағы су мәселесі бар. Бұл тарапта да су дауы ауық-ауық көтеріліп тұрады.
2019 жылы Қырғызстан парламенті Қырғыз Республикасының Су Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесін талқылаған. Қырғыз елінің сол кездегі Ауылшаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрінің орынбасары Жаныбек Керімәлиев «Су туралы заңға өзгертулер енгізілсе, Қырғызстан көрші елдерден су үшін қаржы талап ете алады» деп мәлімдеген. Бұған дейін дәл осы мәселені 2000 жылдары Қырғыз парламентінде депутат Турдакун Усубәлиев көтерген болатын. Бірақ сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов бұған қарсы шығып, «су жалпыға ортақ трансұлттық меншік» деп мәлімдеген. 2017 жылы Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, мәлімдеме жасаған уақытта да дәл осы су мәселесі айтылған. БАҚ-та «Қазақстан тарапы шекараны жапқан тұста, Қырғызстан Талас су қоймасындағы суды толығымен Жамбыл облысына қарата ағызып жіберді» деген ақпараттар тараған.
2019 жылғы статистика бойынша, Қазақстан Қырғызстанға су алғаны үшін жылына 119 миллион теңге төлеп келген. Бірақ бұл қаржы суға емес, Қырғызстан аумағындағы су қоймаларын жөндеуден өткізуге берілген.
Қытаймен арадағы су мәселесі Ресей және Қырғызстанмен салыстырғанда әлде қайда күрделі. Іле мен Ертістің суына Нұр-Сұлтан, Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Балқаш өңірлерінің тағдыры тікелей байланысты. Бұл екі өзенді де арнасынан бұрып алу, бөгет, электрстанцияларын салу мәселелері айналып өткен жоқ. Ертістің де, Іленің де бастауы Қытай аумағында. 2000 жылы ресми Бейжің Батыс Қытайды (Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданын) игеру бағдарламасын қабылады. 2019 жылы Қытай Ертіс-Қарамай каналы арқылы Қара Ертістің 30 пайыз суын Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына бұрып алған. 2000-2002 жылдары аймақтың экономикалық өсімі 8,2-8,7 пайыз көлемінде болды. 2006-2009 жылдары бұл көрсеткіш 12 пайызға дейін жеткен. Бейжің Батыс Қытай халқының санын 2030 жылға қарай 20 миллионнан 100 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз, алдағы уақытта Ертіс суын пайдалану бірнеше есеге артады деген сөз. Бұған қоса, Қытай Ертіс-Үрімжі каналы арқылы Қара Ертіс суының бір бөлігін Тарым су бассейініне айдауда. Ол жерден үлкен көлемде мұнай мен газ табылған. Қазіргі уақытта Бейжің бұл жерді де белсенді түрде игеруде. Бұдан бөлек, Қытай Іле өзенінің бойына 15 су қоймасын және 59 суэлектр құрылғысын орнатып, жыл сайын Іледен 15 кубкилометр су алуда. Сарапшы экологтардың болжамынша, егер Бейжің Іле суын пайдалануды тағы 10 пайызға көбейтетін болса, онда Балқаш екіге бөлініп, Арал теңізінің тағдырын қайталауы мүмкін.
Қазақстан Қытаймен трансшекаралық өзендерді пайдалануға байланысты келіссөздерді 1998 жылдан бері жүргізіп келеді. Бірақ осы уақыт аралығында қандай да бір нәтижеге қол жеткізді деп айту қиын. 2015 жылы ҚР Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Серік Сәрсекеев БАҚ өкілдеріне аталмыш мәселеге байланысты «арнайы комиссия құрылғанын, оның жеті отырыс өткізгенін, келіссөздер жүріп жатқанына байланысты толық ақпарат бере алмайтынын» айтқан.
Қазақстан үшін су қауіпсіздігі (тапшылығы) мәселесі алдағы 10-20 жылда алдыңғы қатарға шығатыны анық. Оны шешу үшін қазіргі билік қандай да бір әрекеттер жасап жатыр ма, жоқ әлде болашақтың еншісіне қалдырды ма ол жағы белгісіз...