Ресей әскері Украина теміржолына жаппай соққы жасады

Ресей әскері Украинаның теміржол инфрақұрылымына «кезекті кешенді шабуыл» жасап, оның салдарынан жарық өшіп, ондаған пойыздың қозғалысы кешіктірілді, деп хабарлайды Malim.kz «Укрзалізниця» АҚ басқарма төрағасы Александр Перцовский Facebook-парақшасына сілтеме жасап.
«Электр қуатының ажыратылуына байланысты Днепр бағытындағы пойыздардың қозғалысы кешігеді», – деп жазды ол 17 қыркүйек, сәрсенбі күні.
Өз кезегінде «Укрзалізниця» компаниясының баспасөз қызметі Telegram-арнасында ресейлік шабуылдан кейін пойыздардың кешігуі Одесса бағыты бойынша да күтіліп отырғанын мәлімдеді.
«Бірқатар рейстер өзгертілген маршрутпен жүріп жатыр, 20 резервтік тепловоз іске қосылды. Кей пойыздарды диспетчерлер соққы аймағынан қауіпсіз қашықтықта тоқтатты», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Перцовский «Укринформ» агенттігіне берген сұхбатында Ресей әскері шілде айынан бастап «Укрзалізницяға» жаппай шабуылдар жасағанын айтқан.
Оның сөзінше, бұл – кешенді шабуылдар, яғни соққыға энергетикалық қосалқы станциялар, локомотив деполары және жолаушылар вокзалдары қатарынан ұшырап жатыр.
«Шахедтер» біздің негізгі станцияларымызға жаппай соққы жасауда. Мысалы, Лозовая, Синельниково, Қазатин станцияларына жасалған шабуылдар. Яғни бүкіл ел бойынша тораптық станцияларға соққы берілуде. Жау түбегейлі түйінді жою үшін соққы жасайды», – деді «Укрзалізниця» төрағасы.
Бұған қоса, бұған дейін украиналық арнайы қызмет өкілдері Ресейдің Орел және Ленинград облыстарындағы екі теміржол желісінде қозғалысты тоқтату операциясын жүзеге асырғаны хабарланған. 13 және 14 қыркүйекте болған жарылыстарға Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы мен Арнайы операциялар күштері қатысқаны айтылды.
Фото: facebook/oleksandr.pertsovskyi