Ташкентті жүгіріп өткенде

Руслан ЕРБОТА

  • 29.03.2021

Ташкентті жүгіріп өткенде (фоторепортаж)

 

28 наурызда Ташкент қаласында 3-ші халықаралық марафон өтті. Әуесқой жүгіруші ретінде сол марафонға қызықтап барған едік, Ташкент көргенімізді білдіріп, кадрға іліккен фотоларды назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. 

Шымкенттен кеш шығып, "Жібек жолы" кеден бекетіне қас қарая жеткен едік, бір топ келіншек аяғымызды жерге тигізбестен, таксиден жұлып алды. Алдымызға "арқан керіп" қойған екен, ақша аудармасақ жібермейтін түрлері бар. Каспийлеріне 25 мыңнан аударып беріп едік, табан астында жартылай миллионер ғып жіберді. 600 мыңнан аса сомды қараңғыда қайта қайта санап, қара терге түстік.

Ташкент сапары Шекарадан жылдам өтіп алған соң Ташкентке такси ұстадық. Мені бірінші таңқалдырғаны оның бағасы - 60 мың сом! Теңгеге шаққанда соншалықты көп емес (2500 теңге шамасы) екенін түсіну ге қанша тырыссам да, бар болғаны 20 шақырым жерге көп ақшаның бетіне қарамай 60 мыңға (!) такси жалдау, шектен шыққандай көңілімде тұрып алды. Екінші таңқалдырғаны лицензиясы бар таксиде ковидке қарсы амал бар екен.  Соны түнде фотоға дұрыстап түсіре алмаған едім, ертесі сәті түсті (Жоғарыдағы фотода антиковидтаксидің жолаушылары - әуесқойдан кәсіпқой желаяқтыққа ауысуды жоспарлап жүрген Еренғайып пен Нұрсұлтан). 

 

Ташкент сапары

Алматыдан алып барған ПЦР ковид тесті шекарадан өтер кезде ешкім сұраған жоқ (Қайтар кезде сұрады, бірақ, тексермеді). Өзбекстан жағына бұл анықтама жарамайды екен. Сондықтан, ақысын төлеп, жедел тестен өттік. Жолаушылардың сөзіне қарағанда, екі елдің арасында осы ковид тестке қатысты бір ізділік жоқ. Соның кесірінен жолаушылар әуреге көп түсіп, алааяқтарға алданып жүр.

Түсінгенім, биыл Ташкентте карантин жоқ. Мекемелер жұмыс істеп тұр. Жаппай вакцинация жүріп жатыр. Өзбек радиосы дәл сол күні Өзбекстанға Қытайдың Sinovac Biotech  компаниясы жасаған CoronaVac вакцинасының алғашқы бір миллион данасы жеткізілгенін хабарлады. Өз құлағыммен естіген бұл ақпаратқа біразға дейін сене алмай жүрдім. Неге десеңіз,  Қытайдың CoronaVac вакцинасы қазір әлемдегі ең тиімді, ең күшті вакцинаның бірі боп тұр. Дәл осы вакцинаны Түркия президенті Т.Ердоғанның өзі салдырған. Түркия халқы осы вакцинаны жаппай салдырып жатыр. Біздің үкімет осы вакцинаны алдыру келіссөзін енді ғана бастады. Ал Өзбекстан вакцинаның алғашқы легін алып та үлгеріпті.

Айтпақшы, түнделетіп барған қонақүйімізге әрең кірдік. Барсақ, "орын жоқ" дейді. Алдын ала брондағанымызды, хат жазғанымызды, телефон соққанымызды айтсақ та, "иә, бәрін білеміз. Бірақ, орын йооқ" деп, күліп тұрды. Сонымен, турист күтіп әбден машықтанған әйдік қонақүйдің әкімшілігімен айғайласып жүріп бір түнеп, таңертең басқа қонақ үй іздеп кеттік.

 

Бұл күнді Төле би бабамыздың кесенесі барып, зиярат етіп, құран оқытумен бастадық. Біз барған сәтте бабаның басына келуші көп болды. Бір топ жамағат Астанадан, енді бірі Қарағандыдан келгендерін айтып жатты.

Ташкент сапары Төле би құлпытасындағы жазу. Төле би заманында Ташкент қаласы Қазақ хандығының астанасы болған.

Нәтай Кенесарин Нәтай Кенесарин

Өзбектер Қарлығаш әулие деп атап кеткен Төле би бабаның басынан шығып, Шағатай зиратына жол бастадық. Шағатай зиратында Өзбекстанның зиялы қауым өкілдері қойылған, қазіргі тілмен айтқанда ұлттық пантеон. Зираттың күтімі жақсы, тазалығы бірден байқалады.

Бұл зиратта Абылайханның ұрпағы, Кенесары ханның  шөбересі, Ахмет сұлтанның немересі, Әзімханның ұлы Нәтай жерленген.   Өзбекстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі Нәтай Әзімханұлы Өзбекстандағы гидрогеология және инженерлік геологияның негізін қалаушылардың бірегейі. Негізі Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында ғылымдағы жолын Нәтай Кенесарин Қазақстанда бастаған. Бірақ, Кенесарин фамилиясынан бас тартпаған соң, төренің тұқымы болған соң қызыл партияның шолақ белсенділері соңынан шам алып түсіп, тыныштық бермеген. Осылайша асыл азамат Ташкентке кетіп, Өзбекстан ғылымының өркендеуіне айрықша үлес қосқан. 1908 жылы қазіргі Түркістан облысының Төле би ауданында дүниеге келген Нәтай Кенесарин 1975 жылды 16 сәуірде Ташкент қаласында қайтыс болған екен.

Шағатай зиратында сондай-ақ, ұлты қазақ, Ташкентте 1904 жылы дүниеге келіп, 1974 жылы жолсапарда Нүкісте қайтыс болған, Өзбек КСР-інің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,  КСРО халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі Орал Таңсықбаев та жерленген. Жалпы Таңсықбаевты өзбектердің Қастееві десек артық айтқанымыз емес. Ташкенттің ортасындағы мұражай-үйіне арнайы барып шықтық. Бір айта кетерлігі, Ташкентте мұндай мұражай-үй саусақпен санарлық. Таңсықбаевқа деген құрметтің арқасында болар мұражай үйіне кіру тегін екен. Мемлекет қарауында. Қызметкерлер "былтыр карантинде келуші сап тыйылып еді, енді-енді кісі келе бастады" дейді.  Орал Таңсықбаевқа Қазақстанның құрметі де ерекше, оның атында Алматыда сәндік-қолданбалы өнер колледжі бар. Орал Таңсықбаевтың жас кезінде салған авангард стиліндегі керемет картинкалары қазір Нүкістегі И.В. Савицкий атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында сақтаулы тұр. Алматыдағы музейде де суретшінің біраз еңбектері бар.Орал Таңсықбаев

Орал Таңсықбаевтың жатын бөлмесі.

Ташкентке кеп тұрып, палау жемесең, Ташкент көрмегенің деген соң, жергілікті жұрт мақтаған Бес қазан палау орталығына да барып қайттық. 

Қазан түбіндегі палауды жабуға бес табақ та жетпейді  

Бұл қазанда бір жылқының еті емін еркін піседі дейді

Әлемдегі ең дәмді палау осы қазанда піседі дейді аспаз.

Ташкенттегі "Бес қазан" кафесі. Жалпы, Өзбек асханасы мықты дегенімен, 4-5 жерден тамақ ішкенде байқаным, қызмет көрсету сапасы көңілден шыға бермейді екен. Менің жеке ойымша, Алматы мен Шымкент даяшылары әлде қайда мәдениетті, әлде қайда шапшаң қимылдайды. Ташкент кафелері ыдыс-аяқтарының сапасына да, тазалығын да қарамайтындай әсер қалдырды.

Көшедегі көрініс. Нан сатушы. Жергілікті тұрғындар Ташкенттегі ең көп айлық 6 миллион сом (250 мың теңге) дейді. Еңбек өтілі жоғары мұғалімдердің айлығы 3-4 миллион сом.  Жұрт саяси әңгіме айтудан қашқақтайды. "Билік ауысқалы жағдай жақсырды ма?" деп сұрасаңыз, коронавируста қатты қиналғандарын айтады. Өзбекстан Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, осы жылдың басындағы жағдайда Өзбекстанның сыртқы қарызы 23,3 миллиард долларға жеткен. Бұл елдің ішкі өнімінің 40,4 пайызы. Қарыз соңғы екі жылда екі есе өскен.

Өзбекстанның сыртқа қарызымен қатар, Ташкенттегі құрылыс қарқыны да көбейе бастағандай. Жалпы, Ташкент тынысы кең қала екен. Ауасы тап-таза. 1960 жылдардағы жер сілкінісінен кейін бүкіл советтік құрылыспен салынған қала болған соң ба, орталығында мінгескен, тірескен, сірескен ғимараттар жоқ. Аулалары ат шаптырым. Көшелері кең. Кептелісі жоқ. Жаңа құрылыс сол әдемілікті шатпақтап бұзайын деп тұрғандай.

Айтпақшы, Ташкенттегі 99 пайыз жеңіл көлік өздерінде шығатын Chevrolet көлігі екен. Оның 80 пайызы ақшыл түсті. Сондықтан қоңыр-қара түсті көлік көрсеңіз, көзіңіз қуанады. Яндекс такси қосымшасы арқылы таксиге де отырып көрдік. Бірақ, Ташкентте Яндекс такси секілді қосымшалар интернеттің нашарлығынан дұрыс істемейді екен. Айтқан, көрсеткен жеріңді табу қиын. Адасып әуре боласың. Ғарышта жоғалып кетсе де, ҚазСаттан бізге қайыр болыпты ғой дейсің ішіңнен.

 

Пахтакор стадионындағы жазу: Көкте мәңгі қалған жұлдыздар. 1970 жылы әуеде екі ұшақ соғысып, апаттан жолаушылардың бәрі қаза тапқан болатын. Сол ұшақтың бірінде Пахтакор футбол командасы болған еді... 

Ташкенттегі Чорсу базары. Шығыстық сәулет ерекшелігімен бірден көзге түседі.  

Чорсу базарында осындай ұлттық әшекейлерді көргенде ғана өзіңді Ташкентте жүргендей сезінесің. Әйтпесе, қытай заттарын сатып тұрған Қазақстандағы облыс орталықтарындағы базардан айырмашылығы аз. Касипий переводты  есептемегенде.  

 

Сонымен, Ташкент осымен үшінші халықаралық марафон өткізді. Мыңға жуық желаяқтарды әскери оркестр әуенмен сүйемелдеп тұрды. Әр желаяқ өз рекордын жаңартуға жанын салды. Ұйымдастыру жағына келсек, бәрібір Алматы марафонымен салыстыра алмайсың. Он мәрте марафон өткізіп тастаған Алматының Ташкентке үйретері көптей.

Бірақ, Ташкент бәсеке болып, бізден басып озса дейді, бір ойың. Екі ел арасындағы өнер, білім, спорт, мәдениет, сауда, экономика қарым-қатынасы, бауырластығы түзелсе дейсің.  Соған сенгің, сондай боларына үміттенгің келеді. Ташкентті келесіде жүгіріп өткенде орталық көшелері осы жолғыдай қаңырап бос тұрмаса, аулаларында балалар еркін ойнап, тұрғындар үйлерінде қамалып отырмаса екен дейсің.

Қайтар кезде шекарада ұзын-сонар кезекте тұрған Өзбекстан азаматтары қарсы алды. Аулада ПЦР анықтамасын 100 мың сомға саудалап жүрген сатушы көп. Ал шекара бекетіндегі бір қабырғаға Ш.Мирзиёев пен Н. Назарбаевтың қол алысып тұрған үлкен суреті ілініпті. Оны көргенімде "Назарбаев қайтадан президент боп кеткен бе?" деп бір сәтке орынымда тұрып қалдым. Сосын, телефоныма шырт еткізіп фотоға түсірген едім, желкемде тұрған өзбек шекарашысы "не осында қаласың, не өшіресің" деген талап қойды. Басқа шекарада тұрсам, қала салуым әбден мүмкін еді.

 

Байланысты жаналықтар

Қазақстан боксшылары Ташкентте 4 алтын иеленді 

14.05.2023

Ташкенттегі әлем чемпионаты.  Қос боксшы жартылай финалда 

10.05.2023

Қантөгісті қолдау немесе желідегі жұрт қайда бара жатыр?

28.12.2021

Ауғанстан әскерилері Өзбекстан шекарасын заңсыз кесіп өтуде

29.06.2021

Қыл үстіндегі қауіпсіздік: Орталық Азияда су үшін талас басталды ма?

04.05.2021

Өзбек-Әзірбайжан ынтымақтастығы: Ташкент Таулы Қарабаққа сый жасамақ

12.04.2021
MalimBlocks
Қазақстан боксшылары Ташкентте 4 алтын иеленді 

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында жалпы командалық есепте Өзбекстаннан кейін  екінші орынға тұрақтады

Ташкенттегі әлем чемпионаты.  Қос боксшы жартылай финалда 

Ширек финалдық сында бапкерлер сенімін толық ақтады

Қантөгісті қолдау немесе желідегі жұрт қайда бара жатыр?

Адамгершіліктен аттап кеткен қоғам. Зорлық-зомбылықты заңдастыру риторикасы белең алған ел. Әлеуметтанушылар Қазақстанның бүгінгі кейпін осылай бағалап отыр.

Ауғанстан әскерилері Өзбекстан шекарасын заңсыз кесіп өтуде

Қыл үстіндегі қауіпсіздік: Орталық Азияда су үшін талас басталды ма?

Өзбек-Әзірбайжан ынтымақтастығы: Ташкент Таулы Қарабаққа сый жасамақ