Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

Malim Админ

  • 03.04.2021

Басы. Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй

Жалғасы.

– Апашка, ыстығыңыз көтеріліп тұр ма? Жата тұрсаңызшы. Мен тамақ істеп берейін.

– Мейлің. Басым айналып барады.

Әсима әжей жататын шағын жатын бөлме залға қарама-қарсы. Сүйретіліп барып кереуетіне жатқан бойы ұйықтап кетті. Таися кәстрөлге кішкене етті жуып салып, газға қойды. Терезенің желдеткішін ашты да, ойланып біраз тұрды. Қарсы тұрған залдың терезесіне көзі түсті. Ашпалы. Қатты ұйқыға кеткен әжейге бір, терезеге бір қарап, әлдебір шешімге тәуекел етер-етпесін білмей мүдірді. Алакөңіл күйден арыла алмай, ерсілі-қарсылы жүріп, ақыры қолын бір-ақ сілтеп, залдың үлкен терезесін түгелдей ашып тастады.

Екі сағаттан кейін ет пісіп, қамырын салып, Таися тамақ ішіп отырғанда Әсима әжейдің:

– Тайыса-аа, – деп әлсіз ыңыранған даусы шықты. Келін орнынан еріне тұрып, маң-маң басып барды:

– Бірдеңе дедіңіз бе?

– Тоңып қалдым, қалқам. Үйдің ішінде жел соғып тұр ма, немене? Басым айналып барады. Көзім қарауытып... Доғдыр шақырасың-ау. Болмаса Нійнішкаға телефон соға салшы.

– Ой, апашка, ол ертең жолға шығам деді ғой жаңа ғана. Бөгет жасап қайтеміз? Қазір мен сізге дәрі берейін. Жедел жәрдем келгенде не істейді, кәрі адамсыз. Кәрілікке дауа жоқ деп, дәріні уыстап тастайды да, жөніне кетеді. Айтпақшы, апашка, ұмытып кетпей тұрғанда мына доверенностьқа қол қоя салыңызшы. Әйтпесе ұйықтап қаласыз. Мен ертең нотариусқа баруға келісіп қойдым.

– Неменеге? – Әжей түсіне алмай, қабағын шытыңқырады. Дірілдеп-қалшылдап жатқанда беймәлім нәрсеге қол қойдырғысы келген келініне іштей ренжісе де, қарсы сөз айтуға шамасы келмеді:

– Қарағым... мен қазір бірдеңе түсінетін халде емеспін. Уһ, өзің де көріп отырсың. Ыстық сорпа әкелші, ішіп, есімді жинайын. Ертең... ертең қол қойып берейін.

– Жоқ, қазір қойыңызшы. Ертең тағы не деп жүретініңізді мен қайдан білем. Мә, қазір мынаны ішіп алыңыз, жақсы ұйықтайсыз, – деп, ұйықтататын дәріні жарты кесе сумен зорлағандай етіп, басын сүйемелдеп ішкізіп жіберді. – Ұйықтап қалмай тұрғанда қол қоя салыңызшы.

Әжейдің оң қолын көрпенің астынан алтын суырғандай сақтана тартып шығарды да, қолына қалам ұстатты. Қасындағы орындықтың үстіне қағазын қойып, қолынан тартты:

– Міне, мына жерге.

Әжейдің дір-дір еткен шидей саусақтары икемге келмей, зордың күшімен қыстырылған қалам ирелеңдеп, ирек-ирек сызықтар парақтың жарты бетіне жайылып кетті.

– Специально что ли? Скорее всего да. Какая хитрая! Ну и свол...! – естілер-естілмес сыбаған Таися тістеніп қаламды жұлып алды. – Все равно заставлю подписывать. Өлетін адамға үй неге керек?

– Терезелерді жапшы, қатты тоңып жатырмын. – Әжейдің ыңырсыған жалынышты үніне келіні құлақ аспады. Есікті тарс жауып, асүйге кетіп қалды. Тас қараңғы, суық бөлмеде Әсима әжей өзінің жалғыз қалғанын біліп шағынғысы келіп еді, шамасы жетпеді.

Бір уақытта шам жарқ ете қалды. Көз алды буалдырланып, есеңгіреген әжей кірген адам келіні екенін түйсінді.

– Сорпа берші-і... – өлеусіреп әрең естілген жалынышқа сексиген сары шаш елең етпеді:

– Когда подпишешь, вот тогда и получишь. А пока спи. Спи говорю тебе. И успокойся. На нервы не действуй! – деп шаңқ етті шегір көздерінде ашу ұшқындап.

Есік қайтадан тарс етіп жабылды.

– Сорпа... сор... сор... – жалына өтінген әлсіз дауыс есіктің арғы жағында тұншығып қалды.

Асүйде кешкі тамаққа тыңқия тойып алған Таися терісіне сыймай долырып, ерсілі-қарсылы адымдап кетті. Ертең кешке ұшақпен Москваға кетуі тиіс. Келген шаруасын түске дейін реттеп үлгеруді ұйғарып, нотариуспен келісіп кеткен. Кемпір есін жиып тыңайып алса, «маған бір күн де қарамаған немере менің немерем бе, одан да мына Нійнішканың өзіне не балаларына бермеймін бе» деп жүруі де ғажап емес. Болмаса қалаға жете алмай, әркімнің үйін жалдап, жылтыңдап жүрген, астанаға қаптап, қаңғып келген қайдағы бір мамбет туыстарының біріне беремін десе де, ешкім қолын қаға алмайды. Осындай есі кіресілі-шығасылы, қысылшаң сәтін пайдаланып, қолын қойдырып алу керек. Сорпа ішіп әлденіп алса, тағы не ойлайтынын кім біледі?

Өзі жақында Қазақстанның азаматтығынан шықты, енді көп кідіруге мұршасы жоқ. Иә, пайдаланып үлгеру керек. Мария болмағанда әлі жүре берер ме еді, қайтер еді. Сол ғой асықтырған. «Қазақстан тәуелсіз ел атанды, елден кететіндерге үйін саттырмайтын заң шығарып қойса, қапыда қаламыз. Тездет, мама, билетіңді алып қой күнібұрын» деген соң, көнді. Мынадай мүшкіл халімен кемпір де алысқа бара қоймас. Ертең бүгінгіден де нашарлайтыны шәксіз. Мейлі, жатсын солай. Таң атсын.

    ***

Ертеңіне таңғы сағат тоғыздан бес минут кеткенде ойда-жоқта Нина Федоровнаның даусы шықты. Оның келе жатқанын Тузиктің ақырын шәу етіп, бірден тыйылғанынан шамалаған Таися жалма-жан терезелерді де, желдеткіштерді де жапты.

– Ой, как хорошо, что вы пришли! – жайраңдап қарсы алған Таисяға сәл ғана жымиып амандасқан соң:

– Қимадым, сапар алдында тағы бір көріп кетейін деп едім, – ақтала сөйлеген Нина Федоровна сұлық жатқан Әсима әжейді көріп шошып кетті:

– Мәссаған! Не болды, Әсимішка?

Кілбиген қысқа кірпіктерін күштеп көтерген әжей еріндерін де зордың күшімен ажыратып, аузын ашып бірдеңе айтқысы келіп еді, нәтиже шықпады. Ерні сәл ғана дөңгелектеніп:

– Со-ор... – дей бергенде, кіріп қалған Таисядан сескеніп үндемей қалды. Нина Федоровна еңкейіп, құлағын тосты.

– Не? Не дейсің?.. «Сор, сор» дегенің не?

– Ой, апашка сорпа ішкісі келіп, кеше кішкене ғана ет асқам. Беріп едім, ішпей қойды. Дәрі беріп ұйықтаттым. Бүгін жақсы болады.

– Үй неге сондай суық?!

– Бағана ертеңгісін «тұншығып барамын, желдеткішті ашшы» деген. Соны бекер аштым ба деп, өзім де өкініп тұрмын. Алаңдамаңыз, Нина Федоровна, жолыңыздан қалмаңыз. Мен бармын ғой үйде.

Нина Федоровна сенер-сенбесін білмей, барлай қарады:

– Шын айтып тұрсың ба? Мен енді екі жетіге бармаймын. Бір жетіде ораламын. Әсима мынадай халде жатқанда о жақта қайтіп алаңсыз жүрем? Бармай-ақ қояр едім. Билет алып қойдық, амал жоқ. Ол жақтағы үй менің атыма жазылмақшы екен. Коля өкіметтен үй аламын дейді. Сондықтан мен бармасам, болатын емес. Жақсылап қарарсың деп сенем. Өйткені бұл үй Марияға қалады деп өзі айтқан.

Таисяның көзінде қуаныш ұшқыны жылт етті:

– Рас па?

– Рас. Өз құлағыммен естідім.

– Басқа ешкімге аударып немесе доверенность берген жоқ па?

– Жоқ деймін. Бағып-қағатын туыстарыңа жазбайсың ба деп едім, үзілді-кесілді қарсы шықты. Өз ұрпағымның шырағы өшпесін. Кім біледі, күндердің күнінде еліне қайтар деді. Міне, өтірік емес, көзі тірі, естіп жатыр. Солай ғой, Әсима?

Әжей жауап орнына кірпігін қаққанын көріп, көңілі орныққан Таися орнынан елп етіп тұрды:

– Нина Федоровна, сіз қандай жақсы адамсыз. Бұл сөзіңізді ешқашан ұмытпаймын.

– Алғысыңды Әсимаға айт. Бірақ көзі тірісінде ренжітуші болма. Егер бірдеңе естісем, Сібір түгіл, жердің түбінен болса да жетем. Менімен ойнама! – деп сұқ саусағын безеді.

– О не дегеніңіз, о не дегеніңіз, – күлмеңдеген Таися Нина Федоровнаны қарсыласқанына қарамай құшақтап, бетінен сүйіп алды.

Соның арасынша көше жақтан шаң-шұң дауыстар шықты. Жайшылықта шәңк-шәңк етіп барып басылатын Тузик шабаланып үруін қоймады. Сыртта ер адамдардың дабырласқан дауыстары естілді:

– Давай, ұста. Қане, кесе бер. Тезірек.

– Әсима, сен демала тұр, біз барып біліп келейік, – Нина Федоровна Таисямен бірге сыртқа шықты.

Ай-шай жоқ, екі жас жігіт үйге газ келетін құбырды дәнекерлейтін аппаратпен кесіп үлгеріпті. «Басқа дұрысырақ құбырмен алмастырайын деп жатыр ма?» деп ойлаған Нина Федоровна сонда да болса анығырақ білгісі келіп, даусын көтере сөйледі:

– Жаңасымен алмастырасыңдар ма?

– Жоқ, кесіп жатырмыз.

– Неге?

– Үш-төрт ай болыпты, газдың ақысын төлемегеніне. Бастықтар бұйрық берді, «без предупреждение кесіңдер» деп. – Мұрны сүңкиіп, қырбық мұртына тірелген сүлік қара қазақ жігіт сыздана жауап қайтарды.

– Оу, жігіттер, бұл үйде жалғыз кемпір ғана тұрады. Пенсия алмағалы бақандай төрт ай! Қалай төлейді? Тамағына таныстарынан жалынып жүріп қарыз алады. Сөйтіп әрең-әрең күн көріп отыр. Пенсия алған соң төлейді. Немене, жау шауып бара ма? Қойыңдар кескенді!

– О жағын біз білмейміз, апай. Бізге бастықтар не айтты, соны істейміз. Қай үйде кім тұрады, о жағында біздің шаруамыз жоқ. Айтқандарын істемесек, бізді жұмыстан шығарып жібереді, – деді сүлік қара сызданып. Дембелше келген орыс жігіт құр қалғысы келмегендей басын изеп қоштады.

– Сондықтан бізге ренжи көрмеңіздер. Ал, сау болыңыздар, – десті олар машина будкасына кіріп бара жатып.

- Әй, қарақтарым, ауру кемпір мынадай суықта қатып өлмей ме? Тым құрыса бір қалақ көмірі жоқ. Жағатын ағашы және жоқ. Құдай аяған адамды сендер аямайсыңдар ма? Қалай жандарың ашымайды, а? Бастықтарың аң емес, адам шығар? Кішкене шыдасын да. Айтсаңдаршы былай... адам құсап түсіндіріп.

– Апай, айттық қой сізге. Бізге емес, соларға айтыңыз, – жіңішке, сүлік қараның басы оқжыландай шайқалып-шайқалып қойды.

– Тұра тұрыңдаршы, айналайындар, қарызы қанша? Қазір мен көршілерден қарыз сұрап келейін. Қанша берешек еді?

–Қанша берешек екенін біз білмейміз, – дембелше жігіт иығын қомдады.

– Енді қайтадан газды қосу үшін айып төлеуге тура келеді. Ол үшін тиісті мекемелерге арыз жазып, қайтадан газды қосуға рұқсат сұрайсыздар. Егер бастықтар рұқсат етсе, қарызды төлеп болғаннан кейін ғана бізге құбырды қайта жалғауға бұйрық береді. – Қара жігіт енді асықпай, тәптіштеп түсіндірді.

– Оның бәріне қалай жүгіреміз? Мекемелердің қай-қайсысы да бұрынғы орындарында емес. Әдрістері өзгеріп кеткен. Сәбет өкіметі құлап, апалаң-топалаңы шықты. Әрең жүрген ауру кемпір ол мекемелерді, сендерді қалай табады?

– Шамасы келмесе, біреуге нотариус куәландырған сенімхатын беріп, қалған шаруаны соған тапсырсын.

– Мәссаған! Мынауың кем дегенде, екі-үш айдың жұмысы. Құдай-ай, адамға жаны ашымайтын өңкей безбүйректер қайдан ғана бізге тап келді? Біреуді  жұмсауға ақшамыз қайсы? – Нина Федоровна кетіп бара жатқан машинаның артынан айқай салды. Таися былқ етпей, қаннен-қаперсіз тұра берді. «Не болса ол болсын. Кемпір өліп қалса, бәрібір Мариядан басқа мұрагер жоқ.  Сенімхатсыз-ақ үйді аламыз» деген ой оны қоқитып қойды. Ойын қатты ашудан қалшылдап кеткен Нина Федоровнаның ащы айқайы бөліп жіберді:

– Оңбағандар! Қорғансыз, ауру кемпірді азаптайын деп келіп пе едіңдер? А? Аналарың жоқ па? Анау билігіңе айт! Мен айтты де! Мен!.. Безбожные, безбожные! Твари... Ыы-ыы... – Одан ары сөйлей алмай, жылап жіберген құрдас өз денесін игере алмай теңселіп кетті.

Таися таңдана қарады: «Мәссаған, мына кемпірдің тізесі бүгіліп,  талып құлағаны несі?!» Амал жоқ, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Дәрігерлер жүрек талмасы ұстады деп, Нина Федоровнаны бірден ауруханаға алып кетті. Оларға Әсима әжей туралы Таися ләм демеді.

Оқыстан мұндайды күтпеген Таися сәл абдыраса да, өзін-өзі ұстауға тырысты. Кейін тағы да бір келіп, алдап-сулап көндіре жатармын деп ойлады.

Не көрмеген кемпір, оған дейін өле қоймас, бір амалын табар. Ас бөлмесінде электр плитасына тамақ істесе де, аштан өлмес. Қалың киініп, бірнеше көрпе жамылып ұйықтаса үсіп кетпейді. Алда-жалда өле қалса да, мұрагерлікке Мариядан басқа ешкім таласа алмайтыны анық. Қанжардың туберкулезі жазылған соң, диабеттен ақыры өліп тынғаны қандай жақсы болған. Әйтпесе қанша кедергі келтірерін құдай білсін. Дегенмен кемпірдің ақылы бар, үйді басқа ешкімге қимай, өз немерелеріме берсем деген ниеті дұрыс-ақ. Немерелеріне кінә арта ма, жоқ па, енді бәрібір.

Қыздар тұрмысқа шықпай тұрғанда, Қанжар өлгеннен кейін бір күні көңілі жібіп, «әжелеріңе барып, халін біліп келіңдерші» деп қоярда-қоймай жібергенде, көкейінде үй жатқанын қыздар қайдан білсін.

Екі қыз бірге баруын барды, бірақ бұлқан-талқан ашуланып қайтып келді. «Қайдағы бір қоңырсыған ескі үй. Сыз иісі қандай жаман,  кеңсірік ашып, бас айналады. Ауасы тар, төбесі аласа. Бақшасы – талайы қураған қалың ағаш, белуардан келетін қалың шөп, ұйысқан тікен. Арасынан адам жүруге қорқады.

Терезелері кішкентай. Есіктері шиқылдағанда құлағыңды кесіп-тесіп жібере жаздайды. Едені сықырлағанда қазір сынып кететіндей. Есік-терезе жақтауларының бояуы әбден оңып кеткен, түсі белгісіз, күңгірт. Оның үстіне түгелдей тілініп-жарылып, біраз тұстарда түсіп кетердей қабыршақтанып, жалбырап тұр.

Кемпірдің көзі көрмей ме, төбедегі бұрыштардың кей жерінде өрмекшілердің ақ сүңгі торлары салбырайды. Залда ілінген баяғы заманғы қалың, көне кілемнен елу жыл бұрынғы шаң-тозаңның ауыр иісі шығып, тынысыңды тарылтып жібереді. Ауланың көше жағындағы темір тордан тұтқан шарбақтың кейбір тіреулері шіріп қисайған, құлауға жақын. Сырланбай қарайып кеткен тор әр жерінен ойылып шіріп түскен, ешкім тиіспей-ақ, қатты бір жел ұйытқып соқса, сетінеп шашылып қалуға әзір.

Кемпірдің үстінде бір жаңа киім жоқ, бояулары оңған гүлдері ұсқынсыз, жасыл орамалы, әлі іри қоймаған  көйлегі, өңірі сәл-пәл жырымдалған камзолы, оның сыртынан киген жеңсіз тері кеудешесі – бәрі-бәрі қараған көзді кірлетіп жіберетін сияқты. Саусақтарындағы күміс сақиналар мен білектерінде ілгері-кейін сырғып жүрген екі күміс білезігі жеті қабат жердің астын қазып тауып алғандай кір түс. Былғары байпағының тобық тұсындағы ақжемденіп, түтеленген қатпарлары тесіліп, арғы жағынан қоңырайған жүн шұлығының қылшықтары көрінеді. Ой, қандай ужас! Айтпақшы, байпақтың сыртынан үшкір тұмсық галош киген екен, өкшесінің арты әлдеқашан мыжырайып қалған, қоқысқа лақтыра салатын бірдеңе. Как можно так жить?! Никак, не представляю. «Үйін бір тазалап бере салыңдар» деп жіберіп едің, какой тазалаған!

Бізді қуанып, күліп қарсы алудың орнына кісі өлгендей жылап құшақтады. Маңдайымыздан сүйгенде киімнің бе, өзінің бе, иісінен лоқсып, жүрегіміз айнығаны-ай. Біз оны практический жөнді көрген де жоқпыз ғой. Өзің айтпап па едің: «Үйлене салып, Камчаткаға кеттік» деп. Біз қайдан білеміз, кішкентай болдық. Басқа бір бейтаныс қайыршы кемпірдің үйіне келгендей намыстанып, кетуге асықтық. Біреу көріп қойса күлкі ғып жүрер деп, «сау болыңыз» деп, екеуміз де тұра қаштық. Мама, осыдан бізге ұшық шығып ауырып қалсақ, сен кінәлі боласың».

Қыздарының бірін-бірі толықтыра, жарыса сөйлегеніне қуанып, айызы қанған Таися екеуін кезек-кезек құшақтады: «Міне, сондықтан да мен сендерді ол әжеден де, алмай қоймайтын ауруға шалдыққан әкелеріңнен де бөлектеуге бар күшімді салдым. Әкемізбен бірге тұрып, мейірімін дұрыстап көре алмадық деп кейде ойлайтын шығарсыңдар, – басын шайқады. – Ондай романтик болуға болмайды. Пайдасы тисе – әке. Ал зияннан басқа түгі жоқ, өзімен қоса, семьясын құрдымға тартып бара жатса, оның несі әке?! Тым құрыса өз шешесіне не жақсылық көрсетті? Көздеріңдегі сұрақты көріп тұрмын. Қалай тұрмысқа шықтың дегелі тұрсыңдар. Оны да айтайын. Қиырдағы кішкентай аудандық қалашықтан келгенде, Алматыда пропискаға тұру өте қиын, тіпті мүмкін емес еді. Қалада небәрі бес, әлде он-ақ пайыз ғана қазақ. Пропискаға алмайды. Сөйтіп жүргенде Қанжармен кездейсоқ танысып, үйі барын біліп  алдым да, тұрмысқа шықтым. Кейін жұмысынан пәтер берді. Сот арқылы ажырасқанда оны бізге қалдыруға мәжбүрледім. Енді шешесінің үйі бар. Ескі болса да, жері – жиырма сотық. Ол жерге қолыңнан келсе, бірнеше үй салуға рұқсат береді. Сонда сендердің балаларыңа да үй жетеді. Ауылдан келген байғұстар құсап жиырма-отыз жыл пәтердің кезегінде тұрмайсыңдар. О кемпір бізге бермегенде, кімге береді?

– Да-а, мама, сіз алыстан ойлапсыз, – деді көйлегіне тырсиып әрең сыйып тұрған үлкен қызы Света сүйсіне жымиып. – Мен де сіз сияқты боламын!

– Мен де! – Толық сары, кіші қызы Мария да қуана басын шұлғып-шұлғып алды.

– Сендер менен де асып кетулерің керек, – Таися сиқырланып қасын керді. – Енді жаңа заман туды. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген. Өз елін өзі қысқан, сөйтіп, ақыры өзін-өзі құртқан Совет өкіметі құрдымға кеткенін көздеріңмен көрдіңдер.

– Мама, зато халықта жұмыс бар, бақытты емес пе еді?! Жұмыс іздеп азаптанбаушы еді ғой.

– Қайдағы бақыт? Это так кажется. Негізінен, бастықтар мен пысықтар ғана көрді қызығын. Сол себепті елдің бәрі мансапқа ұмтылатын. Менің көзім әбден жеткен. Менімен таласпаңдар. Қираған мемлекеттің орнында жаңа өмір жасау үшін құрығанда елу, бәлкім, жүз жыл керек. Егер бәрі ойдағыдай болса ғана. Басшылар арам, жалмауыз болмаса, шетелдер бізге «ойы-бұу, сендерге обал болды-ау, қиналып қалыпсыңдар... ұят болар, біз көмектесейік» деп жатса ғана.

– Мама, эта уже сказка.

– Кәнешна, сказка. Так, что Еуропаға, Америка не Жапонияға барып, өмір сүруді ойлау керек.

– А как же патриотизм, мама?

– Патриотизм – эта сказка. Егер сен патриот болып, адал еңбек етіп жатсаң, басқалары сені қанап жатса, қайдағы патриотизм?! Сені «жарайсың, патриот» деп жынды ғып, өз жұмысына салып қойған алаяқтың есігінде мүсәпір боп жүрсең, сол патриотизм ба? Қазіргі патриот – ақша. Ақша! Қарны тоқ адам ғана патриотизмді ойлай алады. Әрі аш, әрі ауру адамға алдымен нан, сосын, дәрі керек.

– Мама, бүгін почему-то қызынып тұрсың.

– Баланың сөзін сөйлейсіңдер, қызынбағанда қалай... Сендердің көргендерің әлі ерунда. Күнілгері айтып қалмасам, ертең кеш. Мен үшін ең қымбат – екеуің. Сендер бақытты болсаңдар, мен де бақыттымын».

Содан ба, бүк түсіп жатып қалған «бұрынғы» ене – Әсима әжейдің ауырғанына титтей де қиналған жоқ. «Тезірек сауығуыңызға тілектеспін. Айтпақшы, Нина Федоровнаны ауруханаға әкетті. Күтпей-ақ қойыңыз. Мен Москваға ұшуға билет алып қойғам ертең кешкіге. Мен о жақтан айналып келгенше, жазылып қаларсыз. Қош болыңыз», – деді. Мекерленіп бір қарады да, әлсіреп жатқан әжейдің үстіне қалың-қалың екі көрпені жауып, бөгелмей шығып кетті.

Тұла бойы күйіп-жанған Әсима әжей қанша уақыт ұйықтағанын, сандырақтап әке-шешесін, күйеуін, ұлы мен қызының атын атап шақырғанын білген жоқ. Көзін ашқанда күн сәулесі еденге қиғаштап түсіп тұрғанын, түс ауып кеткенін аңғарды. Денесі жанып тұрған от секілді. Нинаның ауруханаға түсіп қалғаны есіне түсті. Аман болса игі еді. Қап, әттеген-ай. Ажал аяқастынан деуші еді, ауру да тосыннан тап бергені ме?!

Бүгін-ертең түгіл, таяу күндерде жәрдемге келер ешкім жоқ. Буын-буыны дірілдеп басы айналса да, бір қарекет жасау қажеттігін ұғынып, асүйге зорға жетті. Диванның арқалығына, одан кейін тиіп тұрған столға сүйеніп, қалт-құлт етіп түрегелгенде, басы айналып құлай жаздады. Столға кеудесін сүйеп, еңкейген күйі бетін тигізді. Көк темірдей суық бетін қарып жіберді.

Бір басып, екі басып, шкафтың астыңғы сөресінен электр плиткасын әзер шығарды да, розеткаға қосты. Терезеге жақын бұрыштағы газ плиткасынан шәугімді алып қарап еді, ішіндегі суы түгелдей қалың қабыршақты мұзға айналыпты. Өн бойы өртеніп күйіп тұрғасын ба, үй ішін сірестіріп тастаған аязды әдепкіде анық сезіне алмап еді, енді анық түйсінді.

Шәугімді плиткаға қойып, терезенің алдына ілбіп, сүйретіле әзер жеткенде, түу бір қиыр шеттен жол жүріп, шалдығып келгендей дымы құрыды. Амалсыздан елеусіз ғана көз қиығын тастады. Байқауға шамасы келгеніне қарағанда, әлі сәуесі барын іші білді. Жоқшылық қысса, бір керегіме жарар деп терезе алдына жайған газетке күндегі шайдың самасын жайып, кептіріп жүруші еді. Кешегісі кепті ме деп таяп келсе, газеттің бір шетінде аяғы аспаннан келген шыбын жатыр. Абайлап сол алақанына алып, оң алақанымен маңдайынан, басынан сипағысы келіп еді, ыңғайсыз екен. Аз-аздап демінің жылы лебін жіберіп көрді. Жәндік қимылсыз жатқан қалпы.

Қызып, қызарып үлгерген электр плитасына таяп келіп, қолдарын кезек-кезек жылытып, шыбынды алақандарына кезек-кезек салып әлпештеді. Қыбырсыз жәндікке әлден уақытта жан бітсе керек, жіңішке қара жіптің үзіктеріндей сирақтары дір етті. Сәлден кейін діріл әлсін-әлсін көбейіп, жыбырлай бастады. Жыбырлаған сайын бірде оңға, бірде солға аунап түсіп, қуаты молайды ма, жатқан орнында шыр көбелек айналып алды да, «енді не болар екен?» дегендей тоқтай қалды. Сосын, жатқан қалпы тағы шыр айналды.  Аунап түсіп, аяғынан тік тұрды. Мас сияқты бұралаңдап, былғалаңдап байқастады. Құнжыңдап алып, ілгері-кейін тәлтіректеп  «адымдап» көрді. «Қайда келіп қалып едім?» дегендей қозғалақтап, алақанның алаңын барлауға кірісті.

Әсима әжейдің ішіне қылдай жылу сыздықтап жылжып енгендей, қабағын сәл көтерді. Енді үйінде жападан жалғыз емес, өзінен басқа да  әйтеуір бір тірі жан иесі қарайып, қыбырлайды. Соның өзі дәтке қуат. Иә іздеп, иә адасып келетін ешкім жоқ, қаңыраған үйде жалғыз қалғанша, шыбын болса да, ес... құдайға шүкір.

Белуардан сәл биіктеу «Саратов» тоңазытқышындағы бөлкеден бір үзіп алып, құйттай тәрелкеге салды. «Беретін ет те, сары май да жоқ. Сенен ұят болды», – деді күбірлеп. Пенсия алғанда тамақ істеп, осы ыдысқа құйып ұсынбақшы. Қолынан келсе, күнде «сібежій» ас құйып бермекші.

Бірақ осы жазған неме бірдеңе сезер ме екен? Әне, мөлдір пленканың қиқымындай қиық қанаттарын қағып-қағып жіберіп, бетіне келіп қонды. Сүйгені ме немесе «апа-оу, сізге рақмет» дегісі келгені ме? Ій-и, аман жүре берсінші, ырысын ішіп кетпес. Қу моладай құлазыған үйде биыл қыс бойы тағы да жалғыз тұра ма?

Діңкесі құрып тұрғаны-ай. Тоңазытқышқа сүйеніп, демалғансыды. Өз бөлмесіне барарын немесе осы асүйге жата кетерін білмей, есеңгіреген күйі ақыры диванға беттеді. Жеңі ме, шынтағы ма, тиіп кетіп, бірдеңе саңғыр етіп еденге құлап түсті. Басқа түгіл, көзі қалжыраса да, мойын бұрғансыды: сама салған шыны ыдыстың быт-шыты шығыпты. Екі жарым жыл бойы ықтияттап, тірнектеп жинаған шайдың қалдығы рәсуа болды. Қап, құдай-ай. Сонша әуреленіп, енді рәсуа... Ірілі-ұсақты шыны сынықтары мидай араласып кеткен. Құм түйіршіктеріндей, тас қиыршықтарындай, әйнек бұршақтардай, жалмауыздың сойдақ тістеріндей... Бітті! Енді бәрі  бітті! Қазынасынан айырылды. Құрығанның алды осы. Осы...

Тағы да басы айналғанын қарашы. Плитканы өшіріп қоймаса, ұйықтап жатқанда өрт шығып кетпесіне кім кепіл?! Кішкене мызғып алып, қайта қосар.

Тыныс алған сайын мұрнының ұшына мұз тіреп, ішіне қырау толтырғандай жаурап барады. Суыған ауа  шойын араластырғандай ауырлап, әрең кіретін тәрізді. Өңменнен өтетін тастай суық ауаның қоймалжыңданып, қойылғаны сонша – көрінбейтін сұйық мұздай мұрнынан зордың күшімен өтіп, ауыз қуысын, өңешін тоңдыра зілмен құйылып жатыр. Әңгектен шыққан озбыр мұзжыландай ішіне бойлаған сайын өкпе-бауырын, буын-буынын қарып, бүкіл денесін сіресіп қақиған қаңтардағы қаңқаға айналдырып бара жатқан сияқты. Сәл демалғаны жөн. Кішкене жатып алса... жату керек. Диванға қалт-құлт етіп әрең дегенде жетті де, жамбастап жығылды. Көрпе әкеліп  жамылуға шамасы келмей, көзін жұмды. Кішкене демалып, сосын жамылар...

Қанша уақыт өткенін ажырата алмады. Жаңағы бір әзірде ұшып кеткен шыбынның баяу ұшып келіп бетіне қонғанын, одан жайлап жылжып мұрнының ұшына тақалғанын еміс-еміс білді. Сипағысы келіп еді, қолы өзінікі емес сияқты – денесінен бөлініп қалған.  Аяғы да. Қандай құдірет бұлайша ажыратып тастаған? Қозғалуға дәрменсіз пұшайман халде жатқанын сезінгені сол еді, күллі дүние әлдеқайда алыстап, жоғалып бара жатты...

***

Арада әлденеше күн өтіп, тәуірленген Нина Федоровна телефон шалып еді, ешкім жауап бермеді. «Таися үйіне алып кетті ме? Неужели?!. Әлде...» Жаманатқа жоруға жүрегі дауаламай, ауруханадан шыққан бетте бірден Әсима әжейдің үйіне келді.

Қақпа дұрыс жабылмапты. Тузиктің қайда жүргені белгісіз, мүлде көрінбейді. Кейінгі жауған қардан аула тазаланбаған, адам ізі де, ит ізі де жоқ. Сынған майда бұтақ қиқымдарындай шашылған – қарға-сауысқан іздері ішінара ғана. Пимасының қонышына қар құйыла жаздап, омбылап келе жатқан Нина Федоровна тіксініп қалды. «Бұл қалай? Қайда кеткен? Неге хабарласпаған?» Баспалдақтың қары да күрелмеген. Демек, үйден ешкім шықпаған, кірмеген. «Дүкеннен тым құрыса нан алуға бармағаны ма?! Қайда жүруі мүмкін? Не болса да, аман-есен көрсе екен».

Есіктің тұтқасын тартты, іштен кілттенбепті. Табалдырықтан аттады да, сілейіп тұрып қалды. Үйдің іші үңірейіп, түсініксіз, беймәлім үрей шақырады. Дүлей суық бос кеңістік қалдырмай, түгелдей кернеп тұтасып алған. Сырттағы сақылдаған сары аязбен бөлмелерді толтырып, сықасқан нығыз суықтың қысымына шыдас бере алмаған үй шөгіп, үгітіліп, жоқ болудың аз-ақ алдында. Ешқашан көріп-білмеген, ойына да келмеген біртүрлі тосын иіс. Суықтың иісімен өмірінде бетпе-бет келгені алғаш рет.

Диванда қимылсыз жатып қалған құрбысы неге көрпе жамылмаған? Шынымен-ақ... Таися қайда? Таисясы құрысын, құрбысы аман болсыншы...

Неге екені белгісіз, құлағына Әсима құрбысының әнеугүні бір сырласып отырғанда қамығып айтқан сөздері естілді. «Егер Сталин, Гитлер сияқты басшылар құтырмаса, сонша жауыздықты көрмек түгіл, естімес едік. Басқаша ғұмыр кешер едік. Әттең... өз өмірім өзіме бұйырмай, солардың тәлкегіне айналыпты. Дүниеге қайта келсем, «Е, құдіреті күшті Алла, пендем бақытты болсын десең, өмірінің билігін өзіне берші» деп тілер едім...»

Нина Федоровна іштей шошыңқырап, қорқа-қорқа жақындады. Е, құдай, е, құдай... Тас мүсінге айналғандай көгіс тартқан Әсима құрбысының жоғарғы ернінің үстінде қанаты жиырылып жатқан шыбын қатып қалыпты.

 Бекен Ыбырайым

Байланысты жаналықтар

Жазушы Медеу Сәрсеке өмірден өтті

20.03.2024

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

12.03.2024

Алтай симфониясын қарасөзбен жазған суреткер

28.09.2023

Жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт қайтыс болды

20.09.2023

Партия құрып, Сібірге айдалған жазушы өмірден өтті

03.02.2023

Гүлжан Амангелдіқызы: «Талант туған топырақтан ажырамауы керек»

20.04.2022
MalimBlocks
Жазушы Медеу Сәрсеке өмірден өтті

Қаныштанушы 88 жаста болатын.  

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

Ол 4 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Алтай симфониясын қарасөзбен жазған суреткер

Айманына деген сағыныш, «перзент сүю» сылтауымен оны ренжіткені, оның соңы қайғылы қаза...

Жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт қайтыс болды

Қаламгер 74 жасында өмірден озды

Партия құрып, Сібірге айдалған жазушы өмірден өтті

Елін сүйген ерлер партиясын құрған

Гүлжан Амангелдіқызы: «Талант туған топырақтан ажырамауы керек»

Әңгімелерімнің басым бөлігі өзімнің басымнан кешкендерім, сезінгендерім