"Махаббат үйі" тұрғындары: адамдар бізден неге қорқады?

  • 12.04.2021
  • Айшолпан КЕРІМ

Бес жыл бұрын менталды ауытқуы бар адамдарды қоғамға сіңістіру үшін жаңа жоба басталды. Өмір бойы ауруханада тұрып келген түрлі ауытқуы бар адамдар кафеде жұмыс істеп, күн сайын дамуға ұмтылыс үстінде. Тіпті өз бетінше өмір сүріп, арманына жету үшін ақша жинап жатқандары да бар. Malim.kz  тілшісі менталды ауытқуы бар үш азаматшаның «Махаббат үйіне» қонаққа барып қайтты.

«Жобаның басты мақсаты – менталды ауытқуы бар азаматтарға қоғамға сіңісіп кетуге көмектесу. Жоба авторы Анна Құдиярова бұл идеяны Еуропадан әкелген. Ал өздігінен өмір сүру орталығына келер болсақ, басты мақсат жындыханадағыдай әсер болмас үшін, ауытқуы барлардың бәрін үлкен бір үйге орналастырмай, 3-4 адамнан бөлдік. Біз әр пәтерге бөлек атау бердік, бұл - «Махаббат үйі». Бұл үйде Жанар, Гуля және Полина, Жанна бірігіп тұрады» - дейді жоба психологтарының бірі Арай Абулқасымова.

"Махаббат үйінің" тұрғындары: Гуля, Жанар, Полина (солдан оңға қарай)

«Тұрғындар мінез сәйкестігімен таңдалады, мінездері сәйкес келмесе, бұл олардың өздеріне, дамуына кедергі келтіреді. Алғаш кездері бұл азаматтар тренинг кафеде жұмыс істеп, кешке қайтадан ауруханаға қайтатын. Бұл олардың қоғамға сіңісуіне, дамуына кедергі келтіретін. Алайда, олар сол аураханада жатқандықтан, ол кездері құқықтық тұрғыдан басқа амал да жоқ еді. Тек кейін ассоциация директоры Бақытжан Худияров қамқорлықты өзіне алып, осы пәтер практикасын жүзеге асыру мүмкін болды.

Жоба қатысушыларының пәтерақысына мемлекет қаржы бөледі. Пәтерден бөлек олар жәрдемақы алады, ал ресми жұмыс істейтіндерге жұмыспен қамту орталығы біршама ақша береді, олар осы ақша мен айлықтарынан зейнетақы қорына жарна аударады, көбі қазір ақша санап, жинап үйренді» - деді психолог.

«Мен ақша санап үйрендім, жасыл купюра – екі мың, қызыл – бес мың теңге, қосу есептерді жақсы шығарамын, бірақ азайту қиын. Психологым бұл адамдарға қарыз беруді ұнатпағаннан, зат алуды жақсы көресің, өзің ештеңе бергің келмейді деп түсіндірді» - деп пәтер тұрғыны Жанар әңгімемізге араласты.

«Біз тек жұмыс істемейміз, демалыс күндері қыдыруға шығамыз, таңертең өзіміз тұрып, жұртпен бірге автобусқа отырып, жұмысқа барамыз. Бірге супермаркеттерге барып, азық-түлік аламыз, базарға барамыз» - дейді Полина.

Полина

Арайдың сөзінше, өздігінен өмір сүрудің алғаш кездерінде ауытқуы бар азаматтармен әр пәтерде тәрбиеші маман бірге тұрады. Біз барған пәтер тұрғындары өзгелерден көш ілгері жүргендіктен, қазір маман көмегіне мұқтаж емес көрінеді.

«Үйде бәрін бөліп істейміз. Мен «Тренинг кафеде» істеймін ғой, Айшолпан ханым, күнде ас үйде тамақты қалай істейтінін көріп-ақ үйреніп алдым, қазір өз тамағымды өзім істеп жей аламын» - дейді қуанышпен әңгімемізге қайта араласқан Жанар.

Жанар

«Өзім салат жегенді жақсы көремін, сол үшін салат істеп үйрендім. Қайнаған жұмыртқа мен макарон пісіре аламын. Ал қуыру өте қиын екен. Болашақта осыны үйреніп алып, аспаз болғым келеді» - деді Жанар.

Ал қиындау дайындалатын тағамдарды Полина істейді екен. Үй тұрғындары бес күн жұмыс істеп, екі күн демалады.Арай Абулқасымованың сөзінше,  кейбір жоба қатысушылары арт-терапияда жасаған туындаларын сатып та, ақша табады.

«Қуантатыны, осы уақытқа дейін жобадан кейін түзеле алмай, Каблуковаға (психиатриялық емхана – ред.) қайтып барған адам болған жоқ. Қалай дегенмен, психологиялық сағаттар, арт-терапиялар мен жайлы өмір нәтижесін бермей қоймайды» - дейді психолог Арай.

«Маған осында өмір сүрген ұнайды. Еркіндік бар, жұмыс істейсің, ақша табасың, адамдармен араласасың. Бәрі бірден болмайды ғой, мен даяшы болып бастадым. Кафеде түрлі жұмыс істеп көрдім, бірақ даяшы болу қатты ұнады, адамдармен араласқанды ұнатамын» -  Полина.

«Мен қатты қорқатынмын» - деген Жанар «Неден?» деген сұраққа жауап берместен  біраз уақыт үнсіз қалды.

«Қорқатынмын. Алғаш рет картоп аршығанда қолымды кесіп аламын деп қорықтым. Картопты жұқалап, әдемілеп аршуды армандадым. Қазір «салат жасаушы» немесе киім сатушы болып істегім келеді» - деп қайырды Жанар.

«Бұл жерде бәрі сені сыйлайды, жақсы көреді. Ыдыс-аяқты жуып, тазалағанды жақсы көрем, сол жұмыс ұнайды» - деген Гуля көп сөйлеуге ұялатынын айтты.

Гуля

Ал, Полина адамдар олардың ауытқуын білсе, онымен араласпай қоя ма деп қорқатынын жасырмады.

Адамдар біздің ауытқуымыз бар екенін біліп қойса, бізбен сөйлеспей қоя ма деп қорқамын

«Кейде келушілер шағымданады. «Салатың дәмді емес екен» дейді де, өздері соны жеп қояды, ұрысып кетеді. Кейде мақтап кететіндер де бар. Адамдар біздің ауытқуымыз бар екенін түсінгенде, әртүрлі реакция көрсетеді. Адамдар бізден қорқатынын ойлап қорқамын. Біліп қойса, бізбен сөйлеспей қоя ма, кафемізге келмей қоя ма деп қорқамын. Даяшының жұмысы оңай емес, жан-жақтан жеп қоя жаздайды. Келушілер де шағымын даяшыға айтады, ас үйдің әңгімесін де еститін – даяшы. Бірақ сол қызметте жүріп, ақша жинап, 100 000 теңгеге жаңа телефон сатып алдым» - Полина.

Жанар

Мені ауруханада ұратын. Қазір осы жерде екенім қандай жақсы

Сұхбатты аяқтап, шыққалы жатқанда Жанар жүгіріп келіп, бұл жерден еш кеткісі келмейтінін айтты.

«Мені ауруханада ұратын, торға қамап қоятын, еденді дұрыс жумағаным үшін, бірдеңені дұрыс істемесем, анам мен әкем туралы сұрасам, дәрігер қатты ұрысып, таяқпен ұрған кездері болды. Қатты жылағаным есімде, сосын бір дәрі берді. Сол сияқты екі-үш дәрігер бар еді. Қазір осы жерде екенім қандай жақсы. Есіме түсіп кетті, қазірдің өзінде жүрегім ауырады».

Арай ханымның сөзінше, соңғы бес жылда менталды ауытқуы бар адамдар саны күрт өскен.

«Соңғы деректерге сәйкес, қазір елде 690 мың адамның менталды ауытқуы бар. Біздің жоба әлі де пилоттық негізде жұмыс істеп тұр, соның өзінде 23 азаматқа көмектесіп үлгердік. Бұл әзірге тек «тәжірбие» кезеңінде, бірақ жобамыздың гипотезасы ақталып, бұл үлкен іске айналады деп сенеміз. Өкінішке қарай, біздің қазіргі менталитет пен заң бұл азаматтардың қоғамға сіңісіп кетуіне, еркін өмір сүруіне кедергі келтіреді. Ал, біздің жоба бұл бір жыл ішінде бітетін іс болмаса да, осыны түзетуді мақсат етеді».

Байланысты жаналықтар

Ректор да билік пен жүйеге ашына бастапты

12.07.2020

Министр ақылы демалыс беру тәртібі қалай іске асатынын түсіндірді

16.03.2020

178 миллионға 20 дәретхана салынбақ

04.08.2020

Президент шенеуніктерді 25 % қысқартпақ

01.09.2020

Ермахан Ыбрайымов жаңа қызметке тағайындалды

29.03.2021

Праймериздің тағы бір қатысушысы сайлаудан шеттетілді

02.10.2020