Әлімжанов депутаттың сынына жауап берді
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан ӘЛІМЖАНОВ «Жеңіс жолдарымен» концертіне қатысты сынға жауап берді. Бұл туралы Мalim.kz сайты хабарлайды.
Тоғызыншы мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында «Жеңіс жолдарымен» атты жылжымалы концерт өткен еді. Астаналық әншілер Сүндет БАЙҒОЖИН, Сүлеймен ИБРАГИМОВ, Ринат МАЛЦАГОВ, Айнұр АБДИЕВА, Дәурен ОРАЗБЕКОВ және т.б әншілер жеңіс әндерін шырқаған болатын. Алайда, бұл шараны сынағандар да болды.
«Тәуелсіздігіне 30 жыл толған Қазақ Елінің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында ма, жоқ Ресей губерниясы Екатеринбургте өтіп жатыр ма?!. Көрші, туыс Өзбекстанның астанасы Ташкентте болсын, қай қаласы болсын, дәл осылай болуы кешегі Кеңес империясы кезінің өзінде мүмкін емес еді.Қайран, Ұлттық идеологиясыз босқа өткен 30 жыл!!!», - деп жазды мәжіліс депутаты Қазыбек ИСА әлеуметтік желісінде.
Ақын Азамат ТАСҚАРА әлеуметтік желі арқылы көрсетілген концертті арнайы көріп шыққан екен. Ол жеті сағатқа жуық болған шарада екі-ақ ән қазақша шырқалды дейді.
«Жеңіс жолымен» атты көшпелі концерттің 6,5 сағаттық тікелей көрсетілімін ерінбей қарап, әндер үлесін санап шықтым. Әлеуметтік желіде маған дейін біраз адамдар наразылық танытып, жазып жатқан соң, бұлар шынымен не ұйымдастырды екен деп. 6 ән ҚАЗАҚША, 60 ән ОРЫСША айтылды. 6 ән деген де шын мәнінде екі-үш рет орындалған 2 ән ғана. Бірі Ескендір атамыздың «Атамекені», екіншісі Сейдолла Бәйтерековтың «Әлиясы». Бұл не масқара?! Бұл қазақ халқына, қазақ тіліне жасалған нағыз дискриминация!», - деп жазды ақын facebook.com әлеуметтік желісінде.
Әлеуметтік желіде сол күні советтік символикаларды көтеріп жүрген автомашиналардың шеруі де көпшілік наразылығын туғызды. Осыған орай Мalim.kz сайтының тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасының басшысына хабарласқан еді.
«Советтік символиканы көтеріп жүргендердің астана әкімдігіне еш қатысы жоқ. Олардың біздің жылжымалы концертке қалай тап болғандарын білмейде қалдым. Сосын істің мән жайын өздеріне сұрадым. Олар жылда өздері осылай шығып жүрген ретро клуб екен», - деді Нұрлан Әлімжанов.
Басқарма басшысы бұл шара барлық карантиндік талаптарға сай өткенін айтады. Пандемиядан қажыған бұқараның көңілін көтеру үшін де осындай шара ұйымдастырдық дейді.
«Астана халқы мен қала қонақтары ризашылықтарын білдірді. Ең бастысы бұл ардагерлерімізге деген құрмет. Енді сынға келетін болсақ. Біздің концертте қазақша әндер де шырқалды. Сын айтып жатқандар тек орысша әндерді естіп қалғандар ғой. Мәселен Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әні де шырқалды. Сондықтан да көбіне тек орысша әндер шырқалды деуге болмайды. Барлық әншілер ПЦР тесттен өтіп барып ән салды. Бұл шараға бюджеттен қаражат бөлінбеді. Филармониядағы өз әншілеріміз өнерлерін көрсетті. Көп нәрсе өзімізде бар. Қолдағы барымызбен жылжымалы концерт ұйымдастырдық. Аздаған ғана демеушілік болды», - деді басқарма басшысы Нұрлан Әлімжанов.
Фото: liter.kz