Қойшыбек МҮБАРАК. Сәулетші (Жалғасы)

Басты құшақтаған қалпы өлдім-талдым дегенде үстіңгі қабатқа шығып, кіші залға қарай бұрыла бергенде ақсұр киімді, дударланған қара шашы бетін жапқан бір әйел бажылдап тап берді.

  • 09.06.2021
  • Malim Админ

Сонда да... – деп күмілжіп қалған оған:

– Мен әлі екі күн осында бастықпын. Бұл бала әкім келіп тағайындаған соң ғана бастық болады сендерге... Артық сөзді доғарыңдар. Сен екеуің мына жігітті апарып орналастырыңдар.

– Жүке!

– Доғар!

– Менің үйімде-ақ болсын!

– Тоқтат енді! – Жұманның ащы даусынан сынық терезе шылдыр ете қалды. Манағы алдымнан күтіп алған екі жігіт бастап астыңғы қабатқа түстік. Екі жігіттің жасырағы:

– Аға, мен сол жаққа бармай-ақ қойсам қайтеді? – деді өзінше маған естіртпей сыбырлап.

– Жүкеңе өзің жауап берсең бармай-ақ қой.

– Сіз айтпасаңыз ол кісі қайдан біледі.

– Менің басым екеу емес.

– ...

– Жігіттер, не күбір-сыбыр? Кеттік! – дедім өзімнің бастық мансабымды алғаш пайдаланып өзімше үнімді қатайтып. Менен мұны күтпесе керек, екеуі де абдырап қалды.

Асығыс-үсігіс машинаға отырысты. Мен келіп отырғанда екеуі бір-біріне қарап күрсіністі де, жүріп кеттік.

 

                                                   *       *       *

Қаладан шығып тауға қарай сұғына біраз жүрген соң, қаптаған қалың сәулетті сарайлар басталды. Қала тозып тұрғанымен, мына маң жайнап тұр. Шеткері биіктеу дөңестің үстіне салынған екіқабатты үйдің сыртқы қақпасына келіп машина тұмсығын тіреген екеу көліктің жүксалғышынан менің заттарымды түсіріп, ішке қарай тартты. Мен кемпірден қалған көк сөмкені мықшия әзер көтеріп арттарынан еріп келем. Мені ішке кіргізген екеу асығыс-үсігіс кері қайтты.

Жұман айтқандай, біраз уақыттан бері адам тұрмаған иен үйге ұқсамайды. Ішінде шаңның қылауы да жоқ, жаңа ғана әлдебір епті қолдың тазалауынан өткендей. Бөлмелерді аралап көрдім. Салулы төсек-орын, жиылған ыдыс-аяқ. Тіптен үстел үстінде тұрған хрусталь ыдыстағы жемістің иісі мұрын жарады.

Өзіме ыңғайлы-ау деген екінші қабаттағы кең бөлмеге кіріп киім-кешектерімді жайғастырдым  да, әлдебір қызығушылықпен астында қалған көк сөмкеге келіп сыдыртпасын ағыттым. Біреудің дүниесін рұқсатсыз ашып жатқанымды біліп әлдебіреу көріп қалмасын дегендей жалтақтап жан-жағыма қарап қоям. Сөмкені ашқанымда сусылдаған шағидан тігілген көк түсті ұйқы киімі жағасын сыртқа қаратып бүктеліп жатыр екен. Халатты алғанымда астында мен көрмеген әлдебір қоңырқай сарғыш металдан жасалған аттың басының мүсіні жатыр. «Бұл не дүние?» деп аң-таң болып сөмкені ақтарғанымда сырты сарғайып тозған киіз кітап шықты.

Кітаптың бетін ашқанда селк ете түстім. Бірінші бетінде осы өзім отырған сарайдың суреті тұр. Қолыма кітапты ала сала сыртқа атып шығып, суретпен салыстыра бастадым. Суретте тек жаңа ғана мен орналасқан бөлменің жанында бір терезе артық тұр. Ал үйде жоқ. Қайта ішке кірдім де, жаңағы бөлмеге кіріп, самалдықтағы есік пен суреттегі терезенің орнына барып анықтап қарадым. Бұрын шынымен терезе болған екен. Қанша жымын білдірмей жапқанымен, орны білініп тұр. Самалдықтағы мені көріп, маңайдағы көршілердің барлығы дерлік үйлерінің алдына шығып, мен жаққа таңырқай қарасып тұр. Енді екінші бетті аштым. Үйге кіре қалғандағы үлкен залдың суреті. Төр жақтағы баспалдақтың тұсында тұрған кең диванның үстінде жүрелей бүк түсіп әлдебір әйел адам жатыр. Жүрегім дір ете түсті. Кітапты жалма-жан жаба қойдым да, аяғымды санап басып астыға түстім. Диван үстінде еш нәрсе жоқ екенін көргенде барып жүрегім орнына түскендей болды. Баспалдақтан түсіп диванға келдім. Диванның үстінде жаңағы қыздың сұлбасы жатқан жерде қою қара дақ тұрып қалыпты.

Осы кезде әлдеқайдан бір сүйектен өтетін салқын жел шыға қалды. Есікті жаппақ болып таяй бергенім сол еді, манадан бері шайдай ашық болып жарқырап тұрған аспанды қою қара тұман басып, боран ұйытқып соға жөнелді де, есік тарс етіп жабылып қалды. Есік жабылысымен үйдің ішінде  бірден қараңғылық орнады. Босағада тұрған айырып-қосқышты басып шырақ жақтым. Жағып барып қайта өшірдім. Диванның үстінде суреттегі әйел адам бүк түсіп жатыр. Қайта жақтым... Құлағымның түбінен бір нәрсе су етіп өте шыққандай болды. Тынысым тарылып басым айнала бастағандай. Ақырын қабырғаға сүйендім. Осы кезде құлағыма әлдебір таныс үн келді. «Аттың басын орнына апарып іл!.. Апарып іл!.. Көк халатты үстіңе жамыл!.. Жамыл, балам!»  «Бұл кімнің даусы?» деп есіме түсіре алмай жатып кенеттен ойыма кешегі көк сөмкелі кемпір түсті. Иә, соның үні. Орнымнан қозғалып қол созым жерде жатқан халатқа жете алар емеспін. Жер бауырлай жылжып енді таяй бергенімде, әлдебір жойқын күш кері қарай жұлқып лақтырып жібереді. Бұның қанша қайталанғаны есімде жоқ. Ақыры әл-дәрменім құрып, қабырғаға арқамды сүйей сілейіп отырдым да қалдым. Ойыма бір нәрселерді түсірейін десем ештеңе жоқ, өмірді, мына дүниені енді көріп отырғандаймын. Тамағым кептеліп, тынысым тарылып барады. Алақаныммен тамағымнан сипамақ болып қолымды көтере бергенде мойнымда тағылып тұрған әлдебір дүниеге қолым тигенде денем дір етіп құлағым шулап кетті. Кешегі кемпір берген тұмар. Үйдің іші толы шулаған, шыңғырған адам даусы. Соның ішінде екі әйелдің даусы тіптен құлақ тұндырады. Бажылдап әлденеге таласып, әлденеге келіспей, өліспей-беріспейтін жан дауыстар. Бірақ бірде-бір сөзді ұға алар емеспін.

Қолымды тұмардан босатпаған күйі ақырындап халатқа қарай жылжи бастадым. Не болса да осы тұмарда бір қасиеттің барлығына әбден сендім. Халатқа қолым жете жан дәрмен үстіме жамылып алдым. Енді манағы шырқыраған дауыстарды анық естіп, екі құлағымды басып отыра кеттім.    Әлдебір зұлматтың құрсауында қалған қалың адамның шыбын жанының шырқырауы.

–  Бас! Басты орнына іл! – Манағы үн тағы шықты.

Басты орнынан әзер қозғадым. Кеуде тұсыма дейін көтеріп барып, оны қайда ілу керектігін білмей аңтарылып біраз тұрдым да, есіме киіз кітап түсіп, анадайда жатқан кітапты қолыма алдым. Кітаптың бетінен ішкі бояулары ағып барады екен. Беттерін ақтарыстырып жүріп, әзер дегенде екінші қабатқа көтерілгендегі кіші залдың кіреберісінде екенін көрдім. Басты құшақтаған қалпы тәлтіректеп үстіге қарай көтеріле бастадым.

Басты құшақтаған қалпы өлдім-талдым дегенде үстіңгі қабатқа шығып, кіші залға қарай бұрыла бергенде ақсұр киімді, дударланған қара шашы бетін жапқан бір әйел бажылдап тап берді. Жүрегім аузымнан атып шығып кете жаздап барып шалқамнан түстім. Құшағымнан шығып кеткен бас баспалдақты тарсылдата бірінші қабатқа қарай домалап кетті. Шалқамнан түскен менің үстіме төніп, қу сүйек болып қалған саусақтарын тамағыма қарай созып келе жатқанда тыпырлауға шамам келмей, көзімді тарс жұмып, үрейленгеннен бар даусыммен бажылдап жатырмын. Әйелдің ышқына бақырған даусына тағы бір сондай дауыс келіп қосылды. Қас-қағым сәтте көз алдымнан бар әлем айналып өтіп, енді «өлдім-ау» деген ой ғана санама келіп орнап тұрып қалды. Мұздай суық лебі бетімді қарып, тамағыма қатты бір дүние тие беріп еді, артынша шар ете қалған дауыспен әлдене менен алыс жерге гүрс ете түскендей болды. Жалма-жан көзімді ашып қалғанымда, тура менің үстімдегідей көк халаты бар әлдебір әйел заты маған төніп келе жатқан сұлбамен арып-таласып, алысып-жұлысып жатыр екен. Мен еңбектей қашып сатыға жеттім де, төмен қарай домалай жөнелдім.

Баспалдақтың түбінде жатқан бастың үстінен домалай өтіп, шығаберіске қарай ұмтыла беріп шорт тоқтап, еріксіз шалқалай бердім. Есік қып-қызыл шоқ болып лаулап жанып жатыр екен. Маңайына жуығанды өзіне тартып жалмап алардай. Амалсыз басты құшақтап үстіге қарай қайта ұмтылдым. Үстідегілер әлі жұлысып жатыр екен. Қураған қу сүйектер бір-біріне шарт-шұрт соғылып, жаңқаштанып ұшып жатыр. Менің басты алып келе жатқанымды көріп манағы сұлба көк халаттыны тастай салып, маған ұмтылды. Мен шегіншектей беріп артқа қарай тағы жығылдым. Бас тағы домалап төменге кетті. Көк халатты оны маған жеткізбей ұстап қалып, ары қарай арпалыса жөнелді. Мен сүріне-қабына бірінші қабатқа жеткенімде, манағы шығаберіс есіктегі жалын залдың ортасынан асып қалыпты. Әне-міне баспалдаққа да жеткендей. Басты ала сала тағы жоғары қарай ұштым. Арпалысып жатқан екеудің жанынан өтіп, басты енді іле берем дегенде сұр киімді сұлбаның қолына аяғым ілініп кетті. Ол мені лақша үйірген қалпы баспалдаққа қарай тағы лақтырып жіберді. Бас ілінбеген қалпы сол жерде қалды. Қабырғаға соғылып барып баспалдақпен төмен қарай домалай жөнелгенімде жалынның баспалдақтың түбіне жетіп қалғанын көріп, жан дәрмен жақтаудағы темір торды ұстай қалып өзімді әзер тоқтаттым да, төрт аяқтап үстіге қарай ұмтылдым. Бұл жолы көк халатты қарсыласын астына басып жұмарлап жатыр екен. Атылған қалпы басты қолыма алдым да, маңдайшалықта тұрған ілгішке іліп үлгердім. Жер қақырап айырылғандай әлдене гүрс ете түсті де, құлақ тұндыра шыңғырған әйел даусы шыңылдаған қалпы ауада ұзаққа дейін тұрып қалды. Екі тіземді тірей алмай, гүрс етіп жүрелеп отыра кеттім. Орнымнан тұруға дәрменім  жетер емес. Жер бауырлап сүйретіліп отырып манағы өзімнің жүктерімді қойған жатын бөлмеге әзер жеттім. Салулы тұрған дайын төсекке шығуға шамам келмеді. Төсекке жете бере етбеттеген қалпы басымды сол жағыма қарай қисайта сұлық жатып қалдым. Есім кіресілі-шығасылы. Талығып барып ұйықтап кетіппін.

                                       *      *      *

Қап-қараңғы бір шыңырауға қарай құлап бара жатып селк етіп оянып кеттім. Жоқ, денем тастай қатып қалыпты. Қимылдар емес. Тек іші-бауырым ғана солқ ете түскен екен. Төсек үстінде екі әйел адамның даусы естіліп тұр:

– Әпкетай, өліп қалдым ба, сонда?

– Жоқ, тірі...

– Екі сөтке бойы дым сызбай жатыр ғой...

– Егер өлген болса, онда үйдің ішін үрей басып кетер еді.

–  Қалай?

– Адам баласы жердің жаратылысы емес қой.

– Біз де...

– Олар топырақтан жаралған. Ал біз желден...

– Иә.

– Біз жер мекендегі дәм-тұзымыз таусылғанда ғарыш мекенімізге кетіп қаламыз. Жерде еш нәрсеміз қалмайды.

– Адамдар ше?

– Олардың жаны ғарыш мекенге кеткенімен, тәні жерде қалады.

– Жерде қалған тән бәрібір топыраққа айналады ғой.

– Жер бетіндегі мақұлықтардың барлығы өлген соң топыраққа айналады. Тірісінде бір-бірін сонша қорқытатын жыртқыш аңдардың барлығы өлген соң бойындағы бар жыртқыштығынан, үрей туғызатын айбарлы қасиетінен ада болып топыраққа бірден сіңе алады. Ал адамдар олай емес. Тірлігінде қанша ақкөңіл, мейірімді, шапағатты болғанымен, өлген соң үрейлі болады. Содан кейін де кейбіреулері тәнін жерге көміп жасырса, енді біреулері сүйекті өртеп, арнайы шығарып салып барып үрейден құтылады. Адамдар жерге жат болғасын жерді өздеріне ыңғайлап тірлік жасайды. Туыла сала сол тірлікке бейімделгенше, дербес өмір сүре алмайды. Сол үшін де олар тұратын үй салады, жүретін көлік жасайды. Болмаса жер бетіндегі мақұлықтарды пайдаланады. Жүгіріп жете алмайтын жеріне жылқыны, көтеріп апара алмайтын жеріне түйені, тоңбас үшін аң-құстың тері-жүнін... Табиғаттың өз дүниесін сол қалпында пайдалана алмайды. Сол үшін де олар от жағып, тамақ пісіреді.

– Ал осында жатқан мүрделер ше? Оларды неге көмбеді?

– Осындағы мүрделер жасырылмаған соң, жаннан ажырағаннан кейінгі амалдары жасалмағасын, осы үйді ешкім мекендей алмай жүргені содан. Оларды көметін адам болмады. Адамның қатыгездігі өз-өзін аямайтындығында. Жер бетіндегі асыл зат үшін жақындарының жанын қиюға бар. Бағзы заман баһадүрлерінің тұлпарының басы мен төрт тұяғы бұлар үшін ең асыл дүние. Сол төртеуі бірдей тойымсыз біреудің қолына түссе,  осы жер бетін тұтасымен өзіне сатып ала алады. Осы үйдің иесі өлерінде қарашаңырақтағы ұлына тұлпардың басын, ал ұзатылып кеткен төрт қызына төрт тұяғын мұраға қалдырған. Осында көшіп келе сала қария қайтыс болып, басты көрген қаныпезерлер үй ішін түгелімен қырып басты алып кеткенде, енді қалған төрт тұяқты таба алмай жүр. Осы қаланың әр жеріндегі бекітілген терезесі бар үйлердің барлығында осындай жазықсыз адамдардың мүрдесі бар. Қарақшылар келіп басты алып, үй ішіндегілердің барлығын қырып тастап, соңында қалған  кішкене қыздан қалған тұяқтардың қайда екенін сұрап қинай бастағанда, атасының аузынан естіген бір ауыз сөзді ғана айтып бере алған еді.

– Қандай сөз, ол?

–Тұлпардың басы мен тұяғын тек аспан түстес көк пердемен жабылған үйде ғана ұстаңдар деген. Соны естігендер қызды да өлтіріп тастап, қаладағы көк түсті перделі үйдегілердің барлығын өлтіріп, үйін тінтіп келеді.

– Мына жігіттің үстіндегі көк халат бір кездегі осы үйдегі перде емес пе?

– Иә! Бұның арғы аталары даңсалы бақсы, әулие болған адамдар. Біздің үлкен апамыз Жәми сол кісілермен байланыста болған екен. Осы зұлматты тоқтатып, қанша адамның жанын қиған қу бас пен құр тұяқтардың құнын жойып тоқтата алатын – көк тұмар ғана. Ал ол тұмарды ұстауға тек осы жігіт қана лайық. Сен алғаш осы үйдегі қырғыннан соңғы қанға жығылып қалып, бойыңдағы қара күш еселеніп, бастың орнынан қайта келгенін өзің де білмей көп азап тарттың. Әуелі мен болмағанда мына жігітті өлтіріп, осы үйді толығымен өртеп жіберер едің.

– Әпкетай, менің есімде еш нәрсе жоқ. Тек «бас орнына келсе, тағы сондай қырғын басталады» деген үрей ғана қалыпты есімде.

–  Бұның бойындағы тұмар мен үстіндегі көк халат қана сенің жойқын күшіңнен сақтап қалды. Әйтпегенде әуелде-ақ, бұрын да осында келген адамдардай мәйіп болар еді...

– ...

Қыздардың әңгімесі таусылар емес. Түсім шығар деп ойладым. Ұйқымнан оянып, үрейлі түсімнен айыққым кеп қанша тырбынсам да, онымнан еш өнім болмады.

Бір кезде барып қыздың біреуі:

 – Таң іргесі сөгілді... енді демалайық... – деп сыбдырсыз тұрып, екіншісін ертіп бара жатқанын сездім.

 

                                              *     *     *

Терезеден түскен күн сәулесінен қара терге малшынып жатып оянып кеттім. Орнымнан атып тұрдым. Түнде қорқынышты түс көрген шығармын деп астыға түстім де, жуынатын бөлмеге кіріп, бет-қолымды тастай суық суға жуып тұрып түндегі түс емес, өңім екенін ойлағанда тұла бойым қалтырап, екі тізем дірілдеп отыра кеттім. Шамасы, шайқайнатым уақыт отырған соң барып қайта ес жинап, кіреберістегі залға келдім. Бәрі аман. Тек ауада бір қоңырсық иіс қалып қалғандай. Кіреберістегі есіктің түбінде жатқан көк сөмкеге көзім түсіп бағжаң ете қалды. Сөмкенің жартысы күйіп қалыпты. Жалма-жан есікке ұмтылдым. Ашық тұр екен. Атылып сыртқа шыққанымда, үйдің маңайына топырлап жиылып алған қалың адам тым-тырақай қаша жөнелді.  Менімен бірге әлдене келе жатыр ма деп жан-жағыма жалтақтап қарадым. Еш нәрсе жоқ. Дөңнен төменге түсіп көше бойлап біраз жүрдім де, өтіп бара жатқан бір көлікті тоқтатып, қалалық сәулет-құрылыс мекемесіне жеткізіп тастауын өтіндім. Бетіме бажырая қараған жүргізуші:

– Өңіңіз қуарып кетіпті. Сізге әуелі емханаға бару керек емес пе? – деп сұрады.

– Жоқ, мені бірден сәулет-құрылыс мекемесіне жеткіз, – дедім Жұманның мені мұнда әдейі жібергеніне қаным қарайып.

Зәукіген көлік қаланың ортасын қақ жарып өтіп межелі жерге алып келді.

Мен көліктен түсіп жатқанда, есік алдында шылым шегіп тұрған Мәкен мен Дастан мені көре сала жын ұрғандай ішке қарай тапырақтап тұра жүгірді.

Жеткізіп тастаған жүргізушіге рақметімді айтып ішке ендім. Мен ғимарат ортасындағы кең баспалдақпен тарсылдатып көтеріліп бара жатқанымда, әр есіктен сығалаған адамдар мен қарай қалсам-ақ тарс еткізіп есіктерін жауып ала берді. Ақыры үшінші қабатқа да көтеріліп, кешегі кабинетке жеттім. Іште даурыға сөйлеп жатқан адамдардың даусын елемей есікті серпе ашып, ішке кірдім. Мені көре сала Жұман орнынан көтеріле беріп бір жағына қарай қисайып, құлап бара жатты.

– Бар ұста! Әкетіңдер мына жерден! – Мәкенге қарап ақырып жібердім. Мәкен мен Дастан екеуі бірдей ұмтылып, Жұманды құлап жатқан жерінен қолтықтап тұрғызып, сыртқа қарай ұша жөнелді. Мен биік креслоға дүрс етіп отыра кеттім де, кеудемді керген кек пе, ашу ма, үстел үстіндегілердің барлығын бей-берекет лақтыра бастадым.  Үстелді қаптаған тері жабындыны жұлып алғанда, астындағы бір жапырақ картинаны көріп кілт тоқтадым. Картинада кешегі мен алып келген бас пен жылқының күмістей жарқыраған төрт тұяғының суреті.

Мен орнымнан атып тұрып қайта отырдым да, алдымдағы телефон тұтқасына қол создым. (Соңы)

Байланысты жаналықтар

Хәйләйлім деген топ құрсақ қалай?

11.11.2020

"Мұхамеджан өз қателігін түсініп отырған жоқ"

10.10.2020

Бейбіт Сарыбай. Жәркен ағаны танитындарға ғана арналған пәндәуи хикая

22.04.2021

Әбіштің асыл жары өтті

05.07.2020

Данэлия Тулешова America's Got Talent финалда ұтылып қалды

24.09.2020

Ғалым Доскен қолтаңбасы

19.07.2020