Айгүл Кемелбаева. Қоңырқаз

Әңгіме

Malim Админ

  • 09.09.2021

Ганс Христиан Андерсен рухына.

Үлкен сахна жайлы көкейтесті арманмен қош  айтысуға мәжбүр болған Қаршыға беймаза қаладан тезірек кетуге асығып, қырдағы қойшы ағасы Ақылбайға ағынан жарылып хат жазды. Туған жерге  оралғысы келетінін, некесіз сәби күтіп жүргенін, жанашыр жалғыз туысы осы күнәсін кешпей ат-тонын ала қашып, жирене теріс айналса, кіндігі кесілген атамекеннен мүлде безініп, ел-жұртқа масқара қылмай, біржола жоғалатынын қысқа қайырды.

Тауда жалғыз үй шошайып,  әйелімен ғана күнелтіп, бір отар қойдан өзге ештеме көрмеген заты момын қойшы не десін,  дереу бойын кернеген тосын сезімдерден аңырап, шын пейілімен ақтарылып,  адаспайтын адам баласы,  сүрінбейтін ат тұяғы болмайтынын мойындап,  қарындасына еш зілі жоғын, ғұмыры аялап жақсы көріп келгенін, ақ сүтпен берілген туысқандық мейіріміне ешнәрсе шіркеу бола алмасын айтып, «қалқам» деп жауап жазды.

Ақылбай қойшы құдай бергелі тұрған бөбекті «бауырыма басып алам» деген ойға мастанып, қуанышы қойнына сыймады.

Ағасы жазғырса, жақсы ит өлімтігін көрсетпейді деп бекінген Қаршыға көңілі тынып, еліне оралды.

Бұл жақта көктем жаз күндеріндей жұмсақ, шуақты еді. Қойшының қоңыр киіз үйі, жаз жайлауға көшкенде адыр-адыр бел асқан  кең даланың жұпар иісі жас әйелдің сағынышын сағымға айналдырып жіберді.  Жиегінде қамысы желкілдеген шағын айна көлдердің күнмен шағылысқан келбетін көргенде өзін байыз таптырмай, бабажұртқа жіпсіз шырмап, қаңбақша айдап әкелген не ғаламат екенін түйсінді. Қарға адым қашықтықта тізілген жабайы көлдердің беті қым-қуыт тіршілікке толы. Әлем алғаш жаратылған күннен бауыр басқан құс  баласының сан түрін  айтпағанда, кербез аққулар қалқыған ақ  айдынның көркем суретін екі аяқты адам баласы пайда болғанға дейін ешкім бұзбап еді.

Ана қаз төсінің майда түктерін тұмсығымен жұлып алып, ұя түбіне төсейді. Ұя басып отырған аналық құс кей сәтте қорек үшін ұша жөнелмес бұрын жұмыртқаларын бұлтиған құс кеудесінен суыртпақтаған мамықтармен бүркеп қояды. Ұясына қайта ұшып оралғанша әрі таса, әрі пана.

Шешініп барлық киімін бір бұтаның түбіне үйіп, салқын судан тайсалмақ түгіл, іші кеседей дөңгеленіп жұмырлана бастаған салмағын қаперіне алмайтын уыздай жас әйел ұзын шашын төбесіне түйіп тастап, кейде шұбатылған бұрымын жинауға су арбап асықтырып, бір қолына уыстап жүзіп жөнелетін, әдетте бүйтіп жүзіп кеп, судың тұнығын талғап ішетін жыртқыш аң болар. Сонда тәнінің ақтығы көлдің жұмсақ тереңінде жасырынған, құйрығын күн шалмаған  ақ балық тәрізді. Су перісінен  бар айырмасы балық құйрығы бітпеген демесе әйелдің таңмен таласар сиқыр шырайына көктегі күннің алтын сәулелері нұр шашып әлпештеп, тек мазасы қашқан қанаттылар тұқымы  мына  сұлулықтан жерініп, наразылықтарын қаңқылдай, сұңқылдай жария етіп, көлін тастап, үркіп үдере тік көтерілгенде сан қанаттың бір мезгілдегі қағысы тұтасса көл бетін бүркейді.

Көлдерге жалғыз жаяу кетіп қалатын Қаршығаның жабайы құс жұмыртқаларына өлердей құмартып, аяғы ауырлығына қарамай жүзіп іздеп, жыл құстары толтырып тастаған ұяларды үптеп, ұрлап жеп жүргені қойшы мен әйелінің үш  ұйықтаса түсіне кірмес еді. Жеңсік ас дегбірін алып,  ақылдан айырған әйел әр ұядан екі жұмыртқа алып, шикідей жұтып жүрді. Қаз-үйрек, бірқазан, аққұтанның жұмыртқасын түсінен танитын. Қанат біткеннің аруы аққудың бірнеше мәйегі көгілдірге айналмай жатып адамзатқа жем болды. Көлдерден құмары қанып, құрбанын шалып рахаттанып оралады. Кейде жеңгесі сөзге сараң Қаршығаның көзі мұнарланып, түлкі алған  бүркіттей қомданып, асып-тасып шала мас көрінетін тым бақытты бейнесіне қайран қалып, алай-түлей сезімін айтпаса да ұғып, онысын ауық-ауық жұтатын бал қымыздың буынан деп жорамалдап жүрді.

Көбелек қуып, желмен жарысатын жалаңаяқ балалық шақта кішкене қыз обал дегенді түйсінді ме екен, өзге балалар қармақ салып балық аулап, шортан аңдыған мәз-мейрам кезде алыс жүзіп, ұя іздейтін. Бәлкім,  ауылдастары өскен соң аңызға лайық даусы бар ұлы артист болады деп сұқтанған үмітті тас-талқан етіп, өнер өлкесінен қатал жұлып тастаған беймәлім күш – сол күнәсіз құстардың қабық астындағы уыз қарғысы болар, кім білсін.

Аға-жеңгесі күн ұзаған сайын тәубесіне түсіп, тәтті үмітпен малданып жүрген күздің күндері қойшының көне киіз үйінде дүниеге қыз бала келді. Нәресте анасын қинамады десе болады. Тап бір құс жұмыртқалай салғандай топ етіп оңай туды.

Иттеріне айқайлап қойып, қой қайырып жүрген Ақылбай қойшы қас қарая үйіне таянғанда оңтүстікке топ-тобымен ұшып бара жатқан құстардың өзгеше үн шығарып, жапан далада шоқиып жеке тұрған өз түтінін бір айналғанын көргенде қайран қалды.

Қоңыр қаздар қаңқылдап, шаңырақты бауырлай ұшып, ұзақ сапарға жөнеп берді. Жердегі түйелі қазаққа керуен тартуды үйреткен көктегі тырналар еді. Алақандай адам тұрағының төбесінен тырналар үшкілдене тыраулай ұшып барады.

Ақылбай қойшының тірі жанға қастығы жоқ дархан жүрегін елжіретіп, көзіне жас үйірген аққулар болды. Сұлу құстардың сұңқылдаған  қоштасу үні мұңлы. Қазақ үйді бірнеше айналып қимай ұшқан солар еді.

Қулық-сұмдықтан ада қарапайым қойшының ойына табиғаттың мына жұмбағын өзгеше жорып, үрейлену де келмеді. Атамекеннен түу алысқа, мұхиттарды аңсап бетке алып ұшуға тиіс жыл құстарын көзіне жас алып, ыңылдай әндеткен «Әудемжерін» үзіп алып аңырып, кері аман оралуын тілеп, қимай шығарып салды.

Атын байлап үйіне кірген қойшы нәресте береріне Тәңірге алғысын үнсіз жаудырып, елжіреп күтіп жүрген жиенін көргенде, қандай қуанды десеңізші. Жаялыққа оралып көзі жұмулы жатқан қызылшақа нәрестені еппен күс-күс қолдарына алып сүйсініп қарай берді.

Мейірімі көзінен төгілген жеңгесі жаңа туған балаға азан шақырып, құлағына үш рет айқайлап, Хорлан деп ат қойды.

Бала қырқынан шыққанда Қаршыға қызынан құдай болмаса адам айырмасын түсінді, ойша иемденіп,  айналып-толғанып, бақыттан жасарып кеткен аға-жеңгесіне бөпесін бермеуге бекінді.

Жазғытұрым сай-салада қар суы еріген мезгілде, кішкене қыз алты айлық болғанда болар-болмас білінген арқасындағы қос шеміршек ептеп өсіп қалғандай еді. Әйтседе сахнада үні жұтылып, талып құлағаннан бері ештемеге селт етпейтін Қаршыға бұл ерекшелікті елемеді десе болғандай.

Сәби еңбектеуге жарағанда сорлы қойшыға қарындасы ауылға барып жұмыс істейтінін, қызын берсе жүрегі қоса жұлынарын мәлімдеді.

Көңілмен иемденіп балақайды ерен жақсы көріп үлгерген Ақылбай қойшы және оның мұңлық әйелін бұл сөздер аязша қарыды. Бірақ екеуі өкініш пен өксігін жасырды. Көнбегенде не істемек.

Көрікті қарындасы күйеуге шығуды көздеп, баланы бауырыма салып береді деп күткен қойшы өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет келіп, жасып, күрсініп жүріп ауылдан  екі бөлмелі үй алып, Қаршығаны  көрпе-жастығын, еншісін беріп көшіріп салды.

Мектепке музыка пәнінен мұғалім боп орналасқан Қаршыға қызынан бөгде игілік бар-ау деп тілемеді, бөтен адамдарды көрсе де байқамағандай еді, селсоқтанып селт етпейтіні сонша, баласының бүкір болу қаупіне мән бермеді.

Бозбала қауым бір көргеннен естен тана ғашық болар көркі бар, той-думанда, қыз қууда аруағы асып, ат арқасында бекем отыратын Қаршыға, ән салғанда сүйсінбейтін жан қалмайтын өнерпаз Қаршыға ел-жұртына жағасын ұстатып, жолдан тапқан мүгедек қызымен моп-момақан өмір сүрді.

Хорлан төрт жасқа толғанда астауда шомылдырып отырған анасы бір түнде шеміршектің ұшы күлтеленіп құстың баласынікіндей шоп-шолақ кішкене қос қанатқа  айналғанын көріп шошып кетті. Сүйікті ағасына қимағаны, қызынсыз бір сәт тұра алмайтын қасиеті тегін болмады. Жасаған Ием әлденені алдын-ала  сездірген  екен. Даусынан айрылғалы дүниенің өзге қызығынан безіп, сопы тәрізді жұпыны тірлік кешкен әйел о баста біраз үрейленсе де, артынша бұл тылсым белгіге ми қатырып, тереңдеп мән беріп жатпады. Бар болғаны «Балапанымды адамдардың жауыздығынан қорғауым керек, оның қанатты адам екенін тірі жан сезбеуі тиіс!»,– деп түйді.

Бұл кезде Ақылбай қойшының шаңырағына бақыт құсы қонақтап еді. Он үш жыл зарығып күткен балаларын кезек  құшақтап айналып-толғанса-ақ пейілі кең қойшы қарақат көз үркек жиенін жаны елжіреп еске алатын, ықыласы соған ауып, жақсы көрген соң құдай мені де ұрпақсыз құр қоймады деп ұқты. Хорланды туған балаларынан артық көргені рас.

Екінші класта оқып жүріп, Хорлан бүкір деп мазақтаған тұстас балаларға өкпелеп мектепке бармай қойды. Қызының болашағын ойлаудан зәресі ұшатын Қаршыға бұл қыңырлыққа  көз жұмбайлықпен келісе салды. Сегіз жасар қыз бала ұзақты күн үйден шықпай отыратын, кәдімгі балаларға тән ойынқұмарлық деген онда атымен болмады.

Күміс тозаңды құс жолы мен түпсіз тұңғиық ғарыш әлемін жадына алса сарыүрпек  балапаны қанаты қатайғасын қан жылатып ұшып жоғалатыны, өзінен мәңгілік алыстап, қиял жетпес қиянға шырқап кетуі әбден мүмкін-ау деген қатігез ойдан санасы сарғайған музыка пәнінің оқытушысы бейбақ ұрпағына  көңілін бөліп алдандыратын ғажап бір іс тауып бермек боп басы қатты. Кітаптың құдіретті күші адамға апиынша әсер ететінін білетіндіктен оқыс іске  жетелер деп үйдегі қағаз атаулыны құртты. Әрі кішкене Хорлан әзер хат танитын, оның оқуға құлқы жоғына анасы қуанбаса ренжімеді. Жұрт қатарлы телевизор алуды ойламады. Сиқырлы қорапша қызының жарымжан көңілін астан-кестен қылмақ түгілі, өзінің есіне қайдағы-жайдағыны салып мазалайтын.

Әйел бірде қызының пластелиннен неше  түрлі мүсін жасап, тізіп қойғанын көргенде жүрегі жарылардай  қуанды. Сол-ақ екен, пластелин қорабын тау ғып үйіп тастады. Титімдей қыз ойыншық бейнелерді бар ынтасын төгіп шебер әрі құдайдың құдіретімен тек құс мүсіндерін жасайтынына анасы мән беріп жатпады.

Жылына екі рет таудан түсіп, қарындасының үйіне соғып кететін Ақылбай қойшы тәтті-дәмді және қымбат ойыншық атаулыны үйіп-төгіп әкеп жүрді де, артынан құртымдай жиенінің ерен мүсіншілік өнері барын аңдап, саз балшық тауып беруге құмартты.

Әлгі оқиғадан соң қарапайым мектеп мұғалімінің шағын екі бөлмесі музейге ұқсап кетті. Айнытпай жасалған түрлі-түрлі құс мүсіндері кереуеттің астында да шүпірлеп  толып отыратын. Үстел үстін тұғыр етіп, қаздай тізілген  қанаттылар отряды басты, әрі-беріден соң балшық құстардан үйде аяқ басар аттам жер қалмады.

Қара шашын орамалмен тарс байлап тастаған Қаршыға класта қүйсандық тартып, яки болмаса нота үйретіп жатқанда адамзаттан өзгеше жаралған сәбиін есінен бір сәт шығармайтын.

Жалғасы: Айгүл Кемелбаев. Қоңырқаз-2

Байланысты жаналықтар

Азия чемпионатына қатысатын қазақ боксшылары белгілі болды

21.11.2024

Жанқош Тұраров қырық сылтау айтып, тергеуге келмейді – Әнару Құрманәлінің адвокаты

21.11.2024

Астанада қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогы өтеді

20.11.2024

Рафаэль Надаль енді теннис ойнамайды

20.11.2024

Таразда еркін күрестен Қазақстан кубогі аяқталды

16.11.2024

Шавхат Рахмоновтың ирландиялықпен чемпиондыққа таласы ресми бекітілді

16.11.2024
MalimBlocks
Азия чемпионатына қатысатын қазақ боксшылары белгілі болды

Жанқош Тұраров қырық сылтау айтып, тергеуге келмейді – Әнару Құрманәлінің адвокаты

Боксшының тергеуден қашып жүргені белгілі болды

Астанада қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогы өтеді

Рафаэль Надаль енді теннис ойнамайды

Ол «Ролан Гаррос» алдында бұл турнир өзінің карьерасындағы соңғысы болуы мүмкін екенін де алға тартқан

Таразда еркін күрестен Қазақстан кубогі аяқталды

Балуандар 5 салмақ дәрежесі бойынша бәсекеге түсті

Шавхат Рахмоновтың ирландиялықпен чемпиондыққа таласы ресми бекітілді

Жекпе-жек 7 желтоқсанға жоспарланған