Б.Артаев: Лукас Қызайбайды қорқытып, жанжалды өзі қоздырып отыр...

Бокс федерациясының вице-президенті Бақтияр Артаев Malim.kz сайтының бүгінгі қазақ боксындағы кемшіліктер мен дауларға қатысты сұрақтарына жауап берді.

  • 11.09.2021

Ақтауда қазақ боксының негізін салушы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр. Жарыстың басы-қасында жүрген ҚР бокс федерациясының үш ай бұрын тағайындалған вице-президенті Бақтияр Артаев Malim.kz сайты тілшісіне сұхбат берді.

Бұрын әуесқой бокс алаңында атой салған ол бүгінде федерациясының төрешілік жағын басқарып, сонымен бірге мемлекеттік жаттықтырушы міндетін атқарып отыр. Токио Олимпиадасында боксшыларға қатты сенім артқан қазақ жанкүйерлері сең соққандай күйде қалып, алтынсыз қайтқан боксшыларға әлі күнге өкпесі қара қазандай. Сол бар, одан бөлек, әйелдер құрамасында болып жатқан даудың мәнісіне Б.Артаев өз пікірін білдірді.

- Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған турнирде жиырмаға толмаған жастар көп. Жарыс жүлдегерлері Қазақстан ұлттық құрамасының қатарына қосыла ма?

- Ерекше көзге түскен боксшыларды іріктеп, сәті түссе алдағы әлем чемпионатына апарып қалуымыз мүмкін. Өкінішке қарай, жарыстың алғашқы үш күнінде жасындай жарқ еткен боксшыны байқамадым. Көбі орта деңгейдегі әлі жас, сүйегі қатаймаған боксшылар. Жастар ғой, облыс чемпионы болғандар көбісі...

- Алда әлем чемпионаты өтеді. Олимпиададан кейінгі аз уақыт ішінде біріншілікке баратын боксшыларды қалай іріктейсіздер?

- Ақтауда өтіп жатқан турнирде топ жарған балалардың арасынан бірнешеуін алдағы оқу-жаттығу жиындарына шақырамыз. Әлем чемпионаты, одан кейін жастар арасында (19-22 жас аралығы) Азия чемпионаты өтеді. Осыған дейін екі оқу-жаттығу жиындары өтеді. Сол кезде құраманы іріктеп, жарысқа дайындайтын боламыз. Ұлттық құрама сапындағы спортшылар бар. Кәсіпқой боксқа ауысқан жігіттерді арнайы ұсыныспен құрамаға қайта шақырдық. Алда олар да қатарымызға қосылады.

-Нақтырақ айтқанда кімдерге ұсыныс жасадыңыздар?

-Бек Нұрмағанбет, Қайрат Ералиев сынды боксшыларға ұсыныс жасағанбыз. Олар өз салмақтарында алдағы әлем чемпионатында сынға түсуі мүмкін. Ауыр салмақта ағайынды Оралбайлардың бірін қарастырамыз. Бүгінгі турнирде 86 келідегі боксшылардың қарқыны нашар. Ертең олардың бірін Сербияда өтетін әлем чемпионатына апарсақ, Токиодағыдай күй кешуіміз мүмкін. Себебі, олар әлі тәжірибесі толыспаған, таяқты сосын біз жейміз.

-Олимпиадаға қатысқан боксшылардың қанша пайызы баруы мүмкін?

-Токиода шаршы алаңға шыққан боксшылардың сексен пайызы әлем чемпионатына қатыспайды. Қатысамыз деп ниет білдіріп отырғандары бар. Бірақ оларды қатыстырсақ, жүлдеге ілінуі қиындау болады. Жанкүйерлер тарапынан «Бұлардан басқа спортшылар жоқ па? Оларды неге сүйрей бересіздер?» деген сыңайдағы әңгімелер айтылып, кеңінен талқыға түсері анық. Сондықтан, құраманы жаңарту керек.  

-Кезінде өзіңіз сынға түскен 69 келі салмақ дәрежесі бүгінде өзгерді. Орнына 67 және 71 келі деген салмақтар қосылды. Бұл салмақтардың жүгі кімдерге жүктеледі? Мысалы, Асланбек Шымбергенов бар...

- Токио Олимпиадасынан кейін жанкүйерлердің Асланбекке деген сүйіспеншілігі одан әрі арта түсті. Қазір осыны қарастырып жатырмыз. Алдағы оқу-жаттығу жиындарында спаррингте өзін бабында көрсете алса, әлем чемпионатына апару ойымызда бар.

- Абылайхан Жүсіпов те бар...     

- Абылайхан Жүсіповке Олимпиада, әлем чемпионаттарында зор сенім арттық. Осы жолы Токиоға барған Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл бастаған жігіттер сәл демалып, олардың орнына ел аузында жүрген боксшылар барса деген ойдамыз.

-Токио Олимпиадасында боксшылардың жайын көзбек көрдік. Жігіттерге не жетпеді?

- Меніңше, жігіттеріміз зорығып қалған. Бәрін шаршы алаңда шаршаңқы күйде көрдік. Көздерінен жеңіске жетем деген отты көрмедік. Оларды алдын ала сөндіріп тастағандай әсер қалдырды. Жеңу керек, сенімді ақтау керек деп жауапкершіліктің астына ала берген соң оларға да оңай болмады. Токиоға дейін олар шаршап қалғандай.

-Қазір бокстан Қазақстан әйелдер құрамасында үлкен шу болып жатыр. Ангелина Лукас пен екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай арасындағы дау біраз уақыттан бері толастамай тұр. Федерацияның басшыларының бірі ретінде ақ-қарасын өзіңіз айтыңызшы, бұл жерде кімдікі дұрыс емес?

- Әрине, азаматтық позициямызды ұстап, Ангелинаның істеген әрекеттерін әшкерлемей отырмыз. Себебі, бізге оның еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Оны құрамадан аластату туралы шешім нақты жиналған дерек негізінде жүзеге асты. Бұл жерде Лукастың бірнеше рет тәртіп бұзғаны, бапкері екеуі ұлттық құраманың қыздарын, бапкерлерін қорқытуға дейін барған әрекеттеріне бей-жай қарай алмадық. Соңғы ел чемпионатында Ангелина Лукас ұтылды. Осыған қарамастан Олимпиадаға жолдама беретін турнирге Лукас барды. «Мен мықтымын, маған қысым көрсетіп жатыр» деді. Ел чемпионатында Назым Қызайбайға есе жібергеніне қарамастан оны лицензиялық жарысқа апарды. Ол жақтан құр алақан оралды. «Жалғыз мен ұтылған жоқпын, басқалар да ұтылды» деді. Бұл жерде мәселе Лукасқа байланысты болып отыр. Егер шынымен күшті болса оны турнирде дәлелдеу керек. Жолдама алып, олимпиадаға бармады.. Бір боксшы мен бір бапкер әйелдер құрамасының ішкі жағдайын нашарлатып жіберді. Себебі, бұларға сөйлеуге болмайды. Бірдеңе болса, Президентке жазам, министрге шағымданам деп шыға келеді. Одан бөлек істеп жатқан қиыс әрекеттері де өте көп.

Назым Қызайбайдың бөлмесінің есігінің алдына түрлі химиялық нәрселерді шашқан. Оның не екенін біз тексертпедік. Оның сол сәттегі бейнежазбалары бар. Сондай түрлі құйтұрқы әрекеттерге барып, спорттық дисциплинаны бұзып отыр. Құрамада отыз спортшының жиырма үші Лукасқа қарсы болып, «оқу-жаттығу жиындарымызға бөгет жасап жатыр» деп шағым білдірді. Осыдан үш-төрт ай бұрын осындай жағдай орын алып, әйелдер құрамасының бапкері Ерік Алғабек Лукасты алып тастаған еді. Алайда оның шешім қабылдайтын ондай өкілеттігі болмағандықтан, құрамаға қайта оралып, «мені ала алмайсыңдар, білгенімді істеймін» деген сияқты пиғылда жүрді. Осыдан кейін құраманың басым бөлігі оған қарсы петиция жазды, екі-үш рет бізге жолдады. Одан бөлек, жеке бапкері қыздарды қорқытқан. «Сіздер ұлтаралық жағдайды ушықтырып отырсыздар» деу арқылы өзі соны қайта-қайта маздатып жатқан жайы бар. Біріншіден, спортшы мықты болса өзін шаршы алаңда дәлелдеуі керек еді. Екіншіден, әріптестерін сыйлауы керек. Егер тәртіпке бағынбаса, құрамадан кетуге тура келеді.

-Министрліктен комиссия құрылып, Лукастың мәселесін қайта қарайды деп жатыр...

-Иә, комиссия құрылды. Қазір бәрін сараптап, зерделеп жатыр. Бұйырса, екі-үш күнде нәтижесін айтады.

-Айтпақшы, Бокстан ұлттық құрамаға жаңа бапкер тағайындалды. Қандай үміт күтесіз?

- Қайрат Сәтжанов бұрын жасөспірімдерді, кейін жастарды жаттықтырды, енді ересектерге келді. Қай кезде де жақсы нәтиже көрсетті. Бұл бапкерлер қазіргі боксшыларды жастайынан жаттықтырды. Олар жастар құрамасынан тұтас бапкерлер болып бірге келіп отыр, ауызбіршілігі болсын деп оларды бөліп жармадық. Алда Қайрат Сәтжановқа үлкен мүмкіндік береміз. Ол кісі құраманы әлем чемпионатына, одан кейінгі додаларға жаттықтырып, жақсы нәтиже көрсетеді деген сенімдеміз. Сырттан басқа да бапкерлерді қоссақ, өзара тіл табыса алмауы мүмкін. Спорт комитеті арқылы бекітіп, енді ғана  іске кірісті.

-Бұрынғы бас бапкер Ғалым Кенжебаевқа қандай жұмыс ұсындыңыздар?

-Ғалым Кенжебаевқа жастар құрамасын жаттықтыру ұсынылды. Егер келісім берсе, алда спорт комитеті арқылы бекітіліп, жұмысын жалғастыруы мүмкін.  

Әңгімелескен Жанкелді Қаржан

Байланысты жаналықтар

Назымға тағы бір көлік сыйлады

06.10.2024

Назым Қызайбай: Қазақ қыздары арасындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы болғым келген

07.08.2024

Боксшы Назым Қызайбай Олимпиаданың ширек финалына өтті

01.08.2024

Танымал боксшы Бақтияр Артаев "Дикий Арман" үшін қызметінен кеткен

15.07.2024

Назым Қызайбай Парижге барады

02.06.2024

Назым Қызайбай Олимпиадаға іріктеу турнирін жеңіспен бастады

26.05.2024
MalimBlocks
Назымға тағы бір көлік сыйлады

Бұл жолы Li-6 автокөлігіне ие болды

Назым Қызайбай: Қазақ қыздары арасындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы болғым келген

Назым Қызайбай алтын алуға не кедергі келтіргенін алға тартты.

Боксшы Назым Қызайбай Олимпиаданың ширек финалына өтті

Танымал боксшы Бақтияр Артаев "Дикий Арман" үшін қызметінен кеткен

Артаев Бокс федерациясының вице-президенті қызметінен кеткен еді

Назым Қызайбай Парижге барады

Ол Олимпиада жолдамасын жеңіп алды

Назым Қызайбай Олимпиадаға іріктеу турнирін жеңіспен бастады

Ол словакиялық боксшыны жеңді