Тоқыраудағы 90-жылдардың елесі Алматыға қайта оралды...

Алматы көшелерінде көбейіп бара жатқан жайма базар тірлігін Malim.kz сайты тілшісі Ақдидар Әбдімаулен аралап көріп келді.

  • 21.09.2021

Киілген ескі киім, елу жылғы қабырға сағат, қара қазан, ешкімге керексіз шойын үтік, көгерген кітап, жылтырақ көне әшекей сатушы мен алушының алдында тауар атанған түрлерін ұялып, кірерге жер таппай қысылып тұрғандай. Әдетте, интернетте olx.kz сайтының төрінде ғана көрінетін ұсталған, пайдаланған осындай ескі заттар бүгінде Алматы көшелеріне ақырындап шыға бастағандай. Розыбакиев көшесіндегі «Оптовка базары» аталып кеткен маңда жаяу жүргінші жолын жайма сауда басып қалған. Журналист екенімізді айтып, сатушыларды сөзге тартып көрген едік, жылан көргендей шошып түсті.

-Айналайын, бірінші Құдайдан емес, полициядан қорқатын болдық. Осы жерден қуа береді. Заттарымызды теуіп тастайды. Өте дөрекі сөйлейді. Өткенде осында тұрғанымызды блохер [блогер] дей ме, сондай біреу түсіріп, салып жіберіпті [интернетке]. Содан кейін полиция тіпті күшейіп, бір апта жолдан қуып, сауда жасатпай қойды. Бізге ондай керек емес. Түсірме!- деді зейнеткер сатушы. Телефонымызды қалтамызға салған соң өзін Ирина Хабибовна деп таныстырған апай аз-кем жағдайын айтты.    72 жастағы Ирина Хабибовна зейнеткерлікке дейін қауіпсіздік техника инженері боп жұмыс істеген. Отыз жыл бұрын Алматыға көшіп келген, қазіргі таңда немересімен бірге тұрады. Зейнетақысы 75 мың теңге. Әлеуметтік көмек алмайды. Ресми деректе ауқатты зейнеткер қатарында. Шынайы өмірде көшедегі жайма базарда ескі киім, әшекей сатып отыр.

Жақын жерде тұрамын, жасым келген соң демалыс күндері келемін. Зейнетақы жетпейді, сондықтан үйдегі керек емес заттарды сатамын. Қайыр сұраудан ұяламын, одан да өз заттарымды сатқаным дұрыс. Азық-түлікті осында аламын. Ең қажетті деген нан, макорон, су май, жұмыртқаны аз-аздан ғана  аламын. Жеміс-жидек қымбат, алма, алмұрт, помидор алғым келеді, ақша жетпейді. Киллограммы 600 теңгедей ғой, қымбат. Ет алмайтын болғам. «Соңғы рет қашан ет алдыңыз» дейсің бе? Есімде жоқ. Былтыр алған шығармын, - дейді Ирина Хабибовна.

Зейнеткердің айтуынша, қарттық келіп, денсаулығы сыр беріп, ауыратын жері көбейген. Дәрігерге қаралса, қымбат дәрі жазып береді екен, оны алуға зейнетақысы жетпегендіктен арзан дәрі іздейді. Жайма базарға шыққан күні 500 немесе 1 мың теңге тапса, қуанады. Бірақ, базар сайын мұндай қуаныш бола бермейді.

 -Сатып тұрған заттарыңыз жақсы ма? Алушы нендей затқа қызығады?

-Бары осы, басқа сатар затым жоқ, сұраған бағасына бере беремін.

Әңгімемізге қасымызда тұрған сатушы апай араласты.

-Қызым, тоқсаныншы жылдарды көрдің бе?

-Жоқ.

-Онда тоқсаныншы жылдары осы маң тура осындай жайма базар болатын. Ел үйіндегі барын алып кеп, осылай осында сататын. Кейбіреулер "зейнеткерлер үйінде істейтін ісі жоқ, іші пысқаннан, уақытын өткізу үшін осында кеп тұрады" деп жүр. Мына қымбат заманда осындай пенсияға өмір сүрсе, көрер едім, қалай сайрайтындарын!

Басқа сатушыларды сөзге тартып көрген едік, «сендердің жазғандарың, көрсеткендеріңнен не пайда, зияндарың болмаса» деп кері айналды.

Көшені өрлеп, Тастақ базарын бетке алдық. Базар сыртындағы жаяу жүргінші жолын басып алған жайма базарды қызықтап жүрген жұрт баршылық. Бос банкі сатып апа отыр. Суретке түскісі келмегенімен, әңгімеге ашық.  Раиса Яковлевна Іле археологиялық экспедициясында 35 жыл геолог болыпты. Бұйырса келесі жылы 80 жасқа толады. Күйеуі қайтыс болған, жалғызбасты. Тастаққа сонау Мамыр шағын ауданынан автобуспен келеді екен. Зейнетақысы 108 мың теңге.

Зейнетке шыққан соң да қолымнан келгенше жұмыс істеп келем. Қалалық ауруханалардың алдында дәрігер берген емдік лосьон да сатқанмын. Тазалыққа арналған шүберектерді де сатып көрдім. Қазір міне, үйдегі банкілерді сатып отырмын. Өйткені зейнетақы жетпейді. Азық-түлік қымбат. Жүрек ұстамасы бар, дәрі қымбат, көп ақша соларға кетеді, – дейді апа.

Тастақ базарында сегіз жылдан бері шай сатып жүрмін деген Азиза апай соңғы кездері жайма базарда сатушы, оның ішінде зейнеткерлер қатары көбейіп бара жатқанын айтады.

Қазір адамдарға өте қиын болып жатыр. Нанға ақша таппай, осы жерде әр нәрсе сатып жүргендер бар. Онда да жайма базарды жайып қоюға күнде рұқсат бермейді. Бір аптада бір күн ғана рет рұқсат береді. Қалған күні келсе, қуып жібереді. Кімдер дейсің бе? Әкімдіктегілер де. Жаным ашиды, өмір қиын ғой, түсініп жатқан кім бар оны? – дейді шай сатушы апай.

Қазан, балға, кітап, үтік сияқты ескі дүниелерді сатып отырған Виктор Кузбич «өмір сүру қашан оңай болған еді?» деп күледі.  Бұрын дәнекерлеуші, краншы болып жұмыс істеген, өндірістік жарақаттан бір қолынан айырылған 58 жастағы Виктор үкіметтен ай сайын 35 мың теңге жәрдемақы алатынын айтады.  

Жәрдемақымның өзі дәріге жетпейді. Қазір өмір сүру өте қымбат. Анаммен бірге тұрамын, ол кісі зейнеткер. Жұмысқа тұра алмаған соң, жан бағу керек болған соң осындай саудаға шықтым, – дейді Виктор Кузбич.

Сатушылардың сөзіне қарағанда өздері сатып тұрған ескі заттарды алушы бар. Кейбір жандар өздеріне қажет болмаса да саудасы жүрсін дегендей ниетпен зат алғандай боп, ақша қалдырып кетеді екен. Ал кейбір алушылар саудаласып, арзан бағаға зат іздейді. Киілген ескі киімді сатып алып киетіндер де бар екен. «Елдің жағдайы оңып тұрған жоқ. Мына ескі дүниені ешкім алмаса, біз де мұнда күн ұзаққа тұрмас едік қой» дейді жайма базар сатушылары.

Тоқыраудағы тоқсаныншы жылдары Алматыда дәл осындай болып па еді?

Ақдидар Әбдімаулен, СДУ Журналистика мектебінің 4 курс студенті.


 

 

Байланысты жаналықтар

Алматы әкімдігі жемқорлыққа жол беріп отыр ма?

21.08.2023

Назарбаевтың немере інісі Ахметжан Есімовтің заңсыз істері анықталуда

16.08.2023

Алматыда құрбандық шалуға рұқсат етілген 14 орын бар

26.06.2023

Алматыда жаңа әлеуметтік кодекс қызу талқыланып жатыр

20.04.2023

Алматы бюджеттің 124 млн теңгесіне форум өткізбек

28.09.2021

Сайлау күні сауалнама жүргізуге бола ма?

14.12.2020
MalimBlocks
Алматы әкімдігі жемқорлыққа жол беріп отыр ма?

Алматы қаласы әкімдігі 20 модульдік типтегі әжетхана орнату үшін бюджеттен 160 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Яғни әжетхананың әр данасын 7,9 млн теңгеге сатып алған.

Назарбаевтың немере інісі Ахметжан Есімовтің заңсыз істері анықталуда

Ахметжан Есімов Алматы қаласының әкімі болған кезінде заңсыз берген 7 млрд теңге болатын жер телімдері мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Алматы прокуратурасы.

Алматыда құрбандық шалуға рұқсат етілген 14 орын бар

Құрбан айт мейрамы 28 маусымға, сәрсенбіге түсіп тұр. Сол күн еліміз бойынша демалыс.

Алматыда жаңа әлеуметтік кодекс қызу талқыланып жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында бекіткен әлеуметтік кодекстің жаңа нормалары жергілікті жерлерде талқылаудан өтіп, түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл кодекстің жаңа нормалары шілде айының бірінен қолданысқа енеді.

Алматы бюджеттің 124 млн теңгесіне форум өткізбек

Сайлау күні сауалнама жүргізуге бола ма?