Еш уақытта Алма-Ата болмайды, Олжеке!

АЛАШТЫҢ АРЫ – АЛМАТЫ!

Malim Админ

  • 21.09.2021

Олжас Сүлейменов өлеңдерін он жерден орыс тілінде жазса да, ол – Қазақ Ақыны! Қазақ ақыны болып туған, әдебиет тарихында қазақ ақыны болып қалады! Тіпті ол қазақ ақыны емес, орыс ақыны болғысы келсе де, онысынан еш нәрсе шықпайды. Себебі Ресей жұрты Олжастың өлеңін өліп-өшіп сүйе тұра, оны ешқашан орыс ақыны деген емес. Орыс ақыны демейтіні ол атты қимай отырған жоқ, оның поэзиясы орыстың ұлттық колориттерінен гөрі қазақтың ұлттық колориттерін бойына көбірек сіңіргенін мойындағаннан кейінгі барған әрекеттері. Көрдіңіздер ғой, Олжасты орыс жұрты ешқашан орыс ақыны демейтіні сияқты, Алматыны да ендігі жерде ешкім Алма-Ата демейді. Неге демейді? Мәселе – жаңағы біз айтқан колоритте! Мың жылдан астам тарихы бар Алматының «Алма-Ата» болғаны кешегі 1921 жылдан бері ғана. Қаланың ежелгі аты – Алмату. Бұл деректің рас-өтірігіне көз жеткізгісі келген адам Рашид ад-Диннің еңбектерін ақтарыстырса болады. Сондай-ақ, Бабыр да Шыңғыс хан шапқыншылығынан қираған Алмату қаласы туралы жазады. Оны аз десеңіздер Мұхаммед Хайдар Дулати, Шараф ад-Дин Йезди де өз шығармаларында қаланың атауын бірде-бір рет Алма-Ата демейді, Алмату дейді. Нақты жәдігер іздесеңіз Алматы музейінде тұрған сонау Шағатай заманында Алмату қаласында шығарылған темір теңгені барып тамашалаңыз! Марқұм академик Байпақовтың еңбектерін оқыңыз. Ал, Алма-Ата деген сөз Жетісуға жиырмасыншы жылдары аяғына шарық байлап жер ауып келген бір переселенннің аузынан шықса шыққан шығар. Сол переселеннің айтуы Олжас үшін осынша дуалы болар ма?!
Жасырмаймын, Олжас Сүлейменов – менің ең сүйікті ақындарымның бірі. Оның поэзиясындағы романтикалық пафос, Махамбеттің рухымен туысатын жігерлі рух, ақындық Менінің ішкі қуаты екі ақынның бірінде кездеспейді. Олжасқа атылған кесектердің менің жүрегімді ауыртпай кеткені жоқ. Мен оған жанкүйермін, мен оған тілекшімін! Бірақ, әр нәрсенің жөні болады, жосығы болады, шекарасы болады. Мәселе ұлтқа, оның тіліне, діліне, рухына, киелі атауларына келіп тірелгенде баррикаданың бір жағына шығу керек болады. Маған Олжас Сүлейменовтің «Алматыға қайтадан Алма-Ата атауын қайтарайық» дегені ұлтқа сатқындық сияқты болып көрінеді. 

Ал, Алматы деген атаудан ұлт руханияты сезіледі. Кешегі Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Ақжан Машанов, тағы басқа да қанша қайраткерлеріміз ұлт руханиятын өркендетуге Алматыда отырып еңбек сіңірді. Алма-Атада емес. Алматы бүкіл қазақ даласындағы жастардың арман-аңсары болды. Олар арман қала – Алматыға бір жетсем, ұлтымды мұратқа жеткізер едім деген ұстанымда болды.  Алматы деген атаудан ұлт руханияты сезіледі дейтініміз содан! Ал, енді бүкіл ұлттың Алматысына айналған ару қаланы бір келімсекке қайтадан Алма-Ата дегізбейміз. Осыны жасы сексеннен асып, ақсақалдықты былай қойғанда, абыздың жасына бет алған шағында Олжекеңнің есінен тарс шығаруы ұят болды. Мені өкіндіретіні осы.

Әйтпесе дәл қазір Олжекеңдердің елді бірлікке шақырып, кейінгі буынға ұлттық болмысымызды насихаттап отыратын-ақ реті ғой. Зиялы деген бір ұлтты екіге жармай, керісінше, кеткен жерді келтіріп, жарылған жерді жамап отырмас па?! Мынадай алмағайып заманда отқа майды кім құя алмайды?!

Бір қарағанда зиянсыз-ақ айтыла салған лебіз секілді көрінеді, бірақ, астарына үңілсеңіз бір ұлтты екіге жарып жіберетін-ақ ұсыныс! Осы ұсыныстың Олжастың аузынан – ақынның аузынан шыққанын қарамайсыз ба! Мұны ұлттық қасірет дейді.

Елдің мемлекеттік орғандары қала атауын 1993 жылдан бері қазақ тілінде де, орыс тілінде де Алматы деп бекітті. 2016 жылы Алматының мың жылдығы ЮНЕСКО аясында аталып өтті. Яғни, қазір Алматыға 1005 жыл. Мүмкін одан да көп шығар. Сол кезде алты құрлық түгел оның атауының Алма-Ата емес, Алматы екенін растады. Олжас Омарұлы өзі сол ЮНЕСКО-ның елшісі болып қызмет атқарды. Сөйте тұра өз туған қаласының атауын білмеуді, білсе де шовинистердің тіліне ыңғайлап айтуды білімсіздік дейміз бе, сатқындық дейміз бе? Анығын Олжас Омарұлының өзі айтар.
Негізі бұл әңгімені мен емес, ел алдында жүрген ақсақал, қарасақалдарымыздың біреуі айтуы керек еді. Өкінішке қарай, олар қашанғыларындай бұл жолы да үнсіз... Сосын әйел болсам да амал жоқ, қолға қалам алуға тура келді.

Біз, тыныш жатқан қазақ жұрты, бабамыз Қазыбекше айтсақ, «найзаға үкі тағып, бейбіт жатқан елміз». Орысқа да, қытайға да, басқаға да достықтан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ, буынсыз жерге пышақ ұрған, мыңжылдық тарихты мансұқ еткен қисынсыз ұсыныстарды қабылдай алмаймыз!

Сөз соңында айтарым, құрметті Олжас Омарұлы, Алматының атауы қайтадан Алма-Ата болады деп ойласаңыз оңбай қателесесіз! Алматы – Алаштың ары! Арымызды енді қайтадан таптатпаймыз. Қазақтың рухы өліп қалды деп ойласаңыз да қателесесіз. Қазақтың өлген рухы Алматыда тіріліп отыратынын Сіз жақсы білесіз ғой деп ойлаймын!

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Алаш сыйлығының лауреаты.

Байланысты жаналықтар

ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

21.08.2024

АҚЫН САҒИ ЖИЕНБАЕВТЫҢ ЛИРИКАЛАРЫ

21.08.2024

АҚЫН ҒАФУ ҚАЙЫРБЕКОВТІҢ ӨЛЕҢДЕРІ

21.08.2024

Жамбыл Жабаев өлеңдері

25.07.2024

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңдері

25.07.2024

Ақын Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдері

23.07.2024
MalimBlocks
ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Белгілі ақын Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы қараша айының 20 жұлдызында Қытайдың Тарбағатай аймағы Толы ауданы Майлы деген жерінде дүниеге келген. 1997 жылы Үрімжіде қайтыс болды. Ол поэзияға жаңа леп әкелген тұлғаның бірі. Ақынның шығармалары 1960 жылдардың басында «Жұлдыз» журналында жарық көріп, сол кездегі әдеби қауым таңғалысқан деседі. Бұл туралы Мұзафар Әлімбаевтың естелігі бар. Бүгін оқырман назарына 1993 жылы бұрынғы бағытынан да басқа мәнерде жазылған бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.

АҚЫН САҒИ ЖИЕНБАЕВТЫҢ ЛИРИКАЛАРЫ

Сағи Жиенбаев 1934 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Алматыда қайтыс болды. Әдеби ортада мөлдір де сырлы лирикаларымен ерекше бағаланған. «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жазушы» баспасында қызмет еткен. Оның «Карлығаш», «Сыйлық», «Дала гүлі», «Теңіз сыры», «Таң алдында», «Менің көршім», «Кайырлы таң», «Ақ толқын», «Оркиік», «Алтын қалам», «Жадымдасың жас күнім», «Әлия», «Оймауыт», «Қуралай салқыны», «Бозторғай», «Іңкәр дүние», «Жарық жұлдыздар», «Нан мен тұз», «Жер құдіреті» т.б. жыр кітаптары жарық көрді.

АҚЫН ҒАФУ ҚАЙЫРБЕКОВТІҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Ғафу Қайырбеков 1928 жылы 15 тамызда Торғай өңірінде дүниеге келген. 1994 жылы Алматыда қайтыс болды. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Ол Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы» баспасында, «Жұлдыз» журналында еңбек етті. «Дала қоңырауы» (1956) поэмасы, «Жер астындағы жұлдыздар» (1965), «Қанатты жылдар» (1973) сияқты жинақтарын, «Беласар» атты қос томдығын оқырман қауым ілтипатпен қабылдады. Орыс пен әлем ақындарын, жазушыларын қазақша аударды.

Жамбыл Жабаев өлеңдері

Жамбыл Жабайұлы 1846 жылы 28 ақпанда Жамбыл тауы маңында дүниеге келген. -22 маусым 1945 жылы 22 маусымда Алматы қаласында өмірден озған. Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жырау.

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңдері

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы Қошалақ ауылында туған. 1983 жылы 22 қарашада дүниеден озған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының авторы, көрнекті ақын, журналист, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.

Ақын Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдері

Жұматай Жақыпбаев (1945-1990) - Алматы облысы, Талдықорған ауданындағы Ешкіөлмес ауылында туған. Журналист. Ақын. Еңбек жолын кітапхана меңгерушісі болып бастаған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде, облыстық радиода және «Жалын» альманахында поэзия бөлімінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Алматы қаласы көшелерінің біріне есімі берілген.