"Ақша таппаған" Мәмин үкіметі стратегиялық нысандарды сатпақ па?

Елнұр Бақытқызы

  • 25.10.2021

Қазақстан үкіметі Біріккен Араб Әмірліктерімен ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларация аясында мемлекетке тиесілі Шүлбі су электр станциясы мен Өскемен су электр станциясын ешқандай ашық тендер өткізбестен, Әбу-Даби мен қазақстандық инвесторлар консорциумына тікелей сатып жіберуі мүмкін. "Ашық нормативті құқықтық актілер" порталында қоғам талқысына шығарылған Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері үкіметтерінің арасындағы бірлескен декларацияны ратификациялау туралы заң жобасында осы және басқа жайттар сөз етіледі. Сарапшылар стратегиялық нысанды ешқандай жария тендерсіз бұлайша жеке инвесторларларға сатып жіберу ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп, электр энергиясының қымбаттауына және тапшылығына әкеп соқтыруы мүмкін деп топшылайды.

Қазақстан мен Араб Әмірліктері арасындағы ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларация премьер-министр Асқар Мәминнің 11 қазан күні Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары нәтижесінде жасалды. Декларация энергетикалық, агроөнеркәсіп, көлік-логистикалық, фармацевтикалық және қаржы саласындағы жобаларды қаржыландыруды көздейді. Асқар Мәминнің Абу-Дабиге жасаған ресми сапары кезінде үкіметтің баспасөз қызметі Біріккен Араб Әмірліктерінен 6 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылатынын мәлімдеген.

Енді екі ел үкіметтерінің бірлескен декларациясын ратификациялайтын заң жобасы Ашық нормативті актілер порталында талқылауға шығарылған. Талқылау 26 қазан күні аяқталады. Осы күнге дейін заң жобасы жайлы порталда пікір жазған 20 шақты адам декларация мәтініне түгел қарсы  шыққан.

Бірлескен декларацияда Шүлбі және Өскемен су электр станцияларын тікелей инвесторға сатумен қатар KEGOC пен "Самұрық-Энерго" және «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының акцияларын "Самұрық-Қазына" қорының иелігінен шығару жайы да сөз етіледі. Атап айтқанда, үкімет "Самұрық-Қазына" қорына KEGOC компаниясындағы 39 пайызға дейінгі акцияларын және "Самұрық-Энерго" АҚ акциялары мен  «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобы активтерінің 49 пайызға дейінгі акцияларын өз иелігінен шығаруға рұқсат етеді.

Сондай-ақ декларация бойынша, үкімет электр желісі мен электр энергиясын беру жүйесін, телекоммуникациялық жүйені, қолданыстағы жолдардан электр станцияларына кірме жолдарды, су құбыры құрылыстарын және электр энергиясын сатып алу-сату шарттарында келісілетін өзге де объектілерді қоса алғанда, жобалау учаскелерінде орналасқан объектілерді қосу жөніндегі талаптарды орындау үшін инфрақұрылымды салуға арналған шығындарды жабуға; және  қолданыстағы ұлттық заңнамаға сәйкес жер учаскелерін беруге міндеттеледі.

Алайда декларацияда Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері тарапынан қандай компаниялар инвестор ретінде тартылатыны ашып жазылмаған.

Үкімет не себепті электр энергиясын өндіретін стратегиялық нысандарды жеке инвесторға сатпақ? Бұл салаға Біріккен Араб Әмірліктерінен инвестор тартудың астарында не жатыр? Осы сұрақтарды сарапшыларға қойып көрдік.

"Электр энергиясының қымбаттауына" апаратын "жекешелендірудің масқара жолы"

Экономист, KEGOC-тың бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев үлкен өзеннің бойында орналасқан, үлкен су қоймасы бар стратегиялық нысандар бизнес нысан ретінде қарастырылмауы керек дейді.

"Егер суды ұстап тұрған бөгет гидроэлектр станциясынан бөлек болса ғана оны бизнес нысан деп қарастыруға болар. Бөгет жүздеген мың жылға салынады. Әдетте барлық елде бөгет мемлекеттің өз меншігінде, соның жанынан электр станциясын саламыз деген коммерциялық компаниялар шығуы мүмкін. Алайда бізде бөгет су электр станциясымен бірге тұр", - дейді Әсет Наурызбаев.  

KEGOC-тың экс-басшысы  елде ең арзан электр энергиясын өндіретін бұл нысандарды жекешелендірудің қажеті жоқ, бұл нысандар жұмысы онсыз да жолға қойылған, одан гөрі инвесторларды жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларға тартқан жөн дейді.

"Бұл Совет одағында салынған, жұмыс істеп тұрған нысандар. Оған инвестор керек емес. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа құрылғылар қойса жеткілікті", - дейді ол.

Наурызбаев стратегиялық нысандар ешқандай ашық байқаусыз түсініксіз компаниялар меншігіне өтіп кетуі мүмкін екеніне назар аударады.

"Үшіншіден, өте тиімді нысанды жекешелендіру ашық емес, масқара жолмен жүргізіліп жатыр. Жария тендер жоқ, байқау жоқ, қатысушылар жоқ, оған халықаралық беделді компаниялар қатыстырылмады. Ал бұл өте жақсы, тартымды нысан болғандықтан, оны көптеген халықаралық компания сатып алғысы келер еді. Бірақ ашық тендер орнына жекешелендіру жасырын түрде өтіп жатыр, меморандумға қандай компаниялар қол қойғанын да білмейміз. Бұл осы саладағы компаниялар емес, олай болса оларды тартып қайтеді? Бұл – масқара келісім", - дейді Наурызбаев.

Әсет Наурызбаев Қазақстан халқы бұл меншік үшін күресіп, оның сатылуына жол бермеуі керек деп есептейді. Әйтпеген күнде егер Шүлбі және Өскемен су электр стансалары жеке инвесторларға өтіп кететін болса, электр энергиясы қымбаттауы мүмкін.

"Жаңа меншік иесі келген сәттен бастап-ақ электр энергиясының ақысы қалтаны қағатын болады. Асылы, біз қаласақ та, қаламасақ та электр энергиясы қымбаттайтын болады. Бірақ ол әлдебір инвестор арзан электр станциясын сатып алғандықтан емес, жаңа қуат көздерін салғандықтан қымбаттауы керек. Яғни электр энергиясы жаңа станциялар іске қосылса ғана қымбаттауы керек. Ал егер ескі станцияларға инвестор келсе, электр энергиясының бағасы екі есе өседі. Оның бағасы 6-8 теңгеге өскеннің өзі қалтаға салмақ салады, ал екі есе – 20 теңгеге өссе, онда мұның арты наразылыққа ұласады", - дейді ол.

Әсет Наурызбаев стратегиялық нысандардың жеке инвестор қолына өтіп кетпеуі үшін петицияға қол жинап, прокуратураға шағым жазып, митинг өткізген дұрыс деп санайды.

Ақша аздығынан амалы таусылған үкімет және түбі тесік экономика

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов мемлекетте ақша тапшы болғандықтан, үкімет стратегиялық нысандарды жеке инвесторға сатқысы келуі мүмкін деп топшылайды. Оның айтуынша, ұлттық қордағы активтер  ішкі жалпы өнімнің 30 пайызына жақындап келе жатыр, сол межеге жеткенде ұлттық қордан ақша ала алмай қаламыз.

"Екіншіден, салық түсімдері азайды. Үкімет "мынанша салық есептелді" дейді, бірақ есептеп жазу бір бөлек те, оны жинау мүлде басқа нәрсе. Меніңше, шын мәнінде, есептелген салықтан аз салық жиналды. Енді үшжылдық бюджеттің орындалмай қалу мәселесі тұр. Сондықтан инвестор тарту туралы шешім шығарды", - дейді Расул Рысмамбетов.

Расул Рысмамбетов те дәл Әсет Наурызбаев тәрізді жұмыс істеп, пайда әкелетін нысанға инвестор тарту қисынсыз дейді.

"Әдетте инвесторды жаңа активке немесе жұмыс істемей тұрған активті жандандыру үшін тартады. Ал жұмыс істеп, пайда әкеп тұрған нысанға инвестор тарту түсініксіз. Бәлкім, үкімет активті сатып, табан астында ақшаны қолға түсіріп, оны бір жерге жұмсауды көздейтін шығар. Бірақ БАӘ жағында қандай инвестор, Қазақстан жағынан қандай инвесторлар бар екенін, нысандарды не үшін сатпақ екенін түсіндірмейді. Соған қарағанда, үкіметтің амалы таусылған немесе экономиканы өсіру бойынша жоспары жоқ", - дейді ол.

 Алайда қаржы сарапшысы елде шын мәнінде ақша бар деп есептейді. Ол үшін бюджетті қайта қарастырып, 2-3 ірі жобаны ғана қалдырып, кішігірім, пайда әкелетін жобаларға мән беру керек дейді.

"Экономикамыз түбі тесік шелек сияқты. Ақша жобаларға кетіп жатыр. Мысалы, үкімет бір кезде салған астанадағы спорт кешенін күрделі жөндеуден өткізу керек. Немесе ЭКСПО өткізіп, одан қалған ғимаратты жалға беріп жатырмыз. Мұндай түбі тесік дүниелер өте көп. Оларға Абу-Дабиден тартыатын 6 миллиард доллар құйса да, триллион доллар құйса да, еш пайда болмайды. Өйткені әу бастан бұрыс бағытқа бет бұрдық. Біз бет бұрған бағыт  бір бөлмелі пәтерде отырып, әлемді билейміз деумен бірдей", - дейді қаржы сарапшысы.

"Халыққа түк пайдасы жоқ үкімет енді кесірін тигізіп жатыр"

ЖСДП төрағасының орынбасары Айдар Әлібаев электр энергиясын өндіретін стратегиялық нысандарды  шетелдік инвесторға сату өз мемлекетіңнің ұлттық қауіпсіздігіне қарсы жұмыс істеумен бірдей дейді.

"Біріккен Араб Әмірліктері еш уақытта технологиялық тұрғыдан озық елдер қатарында болған емес. Бұл ел де дәл біз сияқты мұнайға тәуелді. Мұндай нысандарды мүлде сатуға болмайды. Жалпы, үкімет не үшін жүр? Стратегиялық нысандарды сатып, елді таран-таражға салу үшін бе? Энергетиканы арабтарға, электронды үкіметті "Сбербанкке", салдары қандай болары белгісіз АЭС салып, оны Ресейге ұстатпақ. Сонда бұл үкіметтің қолынан іске аспайтын ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар ойлап тауып, бюджет ақшасын шашқаннан басқа не келеді?" - дейді Әлібаев.

Айдар Әлібаев пайдасы жоқ үкімет әлдеқашан отставкаға кетуі керек еді, енді пайда тигізбеуді былай қойып, елге кесірін тигізіп жатыр дейді.

Саясаткер бұл келісімнің астарында жеке мүдде жатқан болуы мүмкін дейді.

"Храпунов кезінде қаланың инфрақұрылым нысандарын сатты. Су шаруашылығы нысанын сатты. Артынша баға өсті. Кейін мемлекет сол нысандарды өзі сатқан бағадан көбірек сомаға қайта сатып алды. Сондықтан бұл жерде біз білмейтін мүдде жатыр", - дейді Әлібаев.

Ал Әсет Наурызбаев Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан элитасы ақшасын сақтайтын жер екені белгілі, әлемде қылмыстық жолмен, адал емес жолмен табылған ақшаның ізіне түсу және анықтау процесі жүріп жатқандықтан, элита ақшасын Қазақстанға әкелуді көздеуі ықтимал дейді.

Фотолар: eadaily.com, zonakz.net, e-event.kz, Әсет Наурызбаевтың фотосы Livingasia.online порталынан алынды, авторы Дмитрий Каратеев.

Байланысты жаналықтар

Ресей Солтүстік Кореяны заңсыз мұнаймен қамтып отыр

22.11.2024

Премьер-министр Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді

22.11.2024

Тоқаев Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды

22.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев «Лукойл» компаниясының акционері Вагит Алекперовті қабылдады

21.11.2024

APEC көшбасшылары еркін сауда жүйесін сақтауға келісті

21.11.2024

Мемлекет басшысы Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен кездесті

21.11.2024
MalimBlocks
Ресей Солтүстік Кореяны заңсыз мұнаймен қамтып отыр

Солтүстік Корея Ресейге берген қару-жарағы мен соғысқа аттандырған сарбаздары үшін Ресейден мұнай алып отыр

Премьер-министр Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді

Тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік қатынасының қауіпсіздігі, денсаулық сақтау объектілерінің қызметі және басқа да мәселелерге назар аударылды

Тоқаев Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Лукойл» компаниясының акционері Вагит Алекперовті қабылдады

Кездесуде өзара мүдделі ықпалдастықтың перспективті бағыттары қарастырылды

APEC көшбасшылары еркін сауда жүйесін сақтауға келісті

Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (APEC) – Тынық мұхиты жағалауындағы 21 елдің халықаралық ұйымы, ол әлемдік экономиканың 60%-ын құрайды және өңірлік экономикалық, ынтымақтастық, сауда және инвестицияларды бөліседі.

Мемлекет басшысы Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен кездесті

Тоқаев Будапешт қаласындағы Халықаралық дзюдо федерациясының штаб-пәтеріне барды.