Аймағамбетов бұйрығы. Қағазбастылықтан қағазбастылыққа дейін...
Қазақстанда қағазбастылықтан көз ашпаған мамандықтар арасында алғашқы орында әлі күнге дейін мектеп мұғалімдері тұр. Былтыр Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 6 сәуірде № 130 бұйрығына қол қойған. Сонда министр «енді пән мұғалімі күнделікті екі құжатты толтырады. Біріншісі – сынып журналы, екіншісі – сабақ жоспары. Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындайды және әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырады. Қалған құжаттың еш қажеті жоқ» деген еді.
Біз бүгін бір мұғалім жасауы тиіс қағаздарға шолу жасап шыққанды жөн көрдік.
- Мейлі қай пәннің мұғалімі болмасын Күнделікті сабақ жоспары болуы міндетті. Ол 2-3 беттен кем емес. Яғни толық 16 сағаты бар мұғалім аптасына кем дегенде 32 бет сабақ жоспарымен жұмыс жасайды. Күнделікті сабақ жоспарын қазір қысқа мерзімді жоспары деп те атайды. Яғни ҚМЖ. ҚМЖ-ларды біріктіріп отырып, Орта мерзімді жоспар жасайты. ОМЖ-ларды біріктіріп, Ұзақ мерзімді жоспар – ҰМЖ жасайды. Орта есеппен бір тоқсанда 10 апта болса, тек ҚМЖ шығарғанның өзіне ең кемі 320 парақ қағаз кетеді. Енді ОМЖ мен ҰМЖ Күнтізбелік тақырыптық жоспардың ішіне кіреді. Бұл орта есеппен 75 бет болса, мұғалім 4 сыныпқа сабақ берсе, 300 бет болады. Бұл жыл басында министрлік №130 бұйрығымен жасалып бекітілген. Алайда 16 қыркүйек күні министрдің № 472 бұйрығы шығып, бұл құжатты қайта жасауға тура келген. Яғни биыл 300 бетті 2-ге көбейттік.
- БЖБ мен ТЖБ. Бөлім бойынша жиынтық және Тоқсандық жиынтық бағалау. Екеуін де мұғалімдер өздері құрастырады. Бұл оқушылардың сабақ үлгерімі мен тапсырма орындауын сапа көрсеткіші мен пайыздық бағалау, осы арқылы балаға тоқсандық баға қойылады. Бұған қосымша тапсырма орындаған әр балаға кемінде 5-6 сөйлем кері байланыс жазуы шарт. ТЖБ тоқсан аяғында жасалады. БЖБ сабақтың аптасына қанша рет болатынына байланысты мысалы, бір рет болса 1 БЖБ, екі рет болса 3 БЖБ, үш рет болса 4-5 БЖБ, төрт рет болса 5-6 БЖБ, бес рет болса 6-7 БЖБ. Мысалы, сыныпта 21 оқушы болса, ең аз дегенде 1 БЖБ-ға 21 парақ кетеді. Яғни орта есеппен бір тоқсанда 4 БЖБ, 1 ТЖБ болса, 105 парақ қағаз тек осыған кетеді. Бұл қағазды мұғалім сабақ беретін сыныптардың санына көбейтеміз. Мысалы, 16 сағаты бар мұғалім 4 сыныпқа кірсе, 420 парақ кетеді.
- Үлгерімі төмен оқушылармен және Үлгерімі жоғары оқушылармен жұмысқа тізім және олармен ерекшеліктеріне байланысты тапсымалар дайындау. Тапсырма бір беттен болса, оны әр сыныптағы балалардың санына көбейтеміз. Мысалы, 21 баладан 4 сынып болса, тоқсанына 2 рет тапсырма шығаруға 168 парақ кетеді.
- Бұдан бөлек, былтырғы оқу жылы онлайн форматта болғандықтан, биыл көп мектептерде «Олқылықты толтыру жоспары» немесе «Олқылықпен жұмыс» жасауды талап етті. Яғни онлайн сабақ кезінде оқушылардың түсінбеген тақырыптарын анықтау үшін арнайы тест дайындап, оны қағаз шығарып, оқушыларға тарату керек, жоғарыдағы есеппен бір мұғалім 4 сыныпқа (әр сыныпта 21 баладан) сабақ беретін болса, орта есеппен бір тапсырма 2 бет болса, 168 парақ кетеді. Олқылықты анықтағаннан кейін оған арнайы жоспар құрып, сабақ барысында осы жоспарды қосымша алып жүру керек. Бұған орта есеппен 10 бет кетеді.
Бұл тек пән мұғалімдеріне қатысты құжаттар. Енді сынып жетекшілер жасауы тиіс құжаттарға кезек береміз:
- Сынып тізімі – 1 бет. Бірақ бұл тізімнен бірнешеу керек: 1 - Іс қағазға, 2- психологқа, 3- әлеуметтік педагогқа, 4 - мейірбикеге, 5 - мектеп директорының бір орынбасарына, 6 – сынып бұрышына.
- Сыныптың әлеуметтік картасы 21 оқушы бар сыныпта – 23 бет болып, қыркүйектің басында министрліктің № 130 бұйрығымен бекітілген. Алайда 16 қыркүйекте министрдің №472 бұйрығы шығып, бұл құжат та қайта жасалды.
- Сынып жетекшісінің жылдық тәрбие жоспары – орта есеппен 25 бет. Бұл құжатты да министрліктің жаңа бұйрығымен қайта жасауға тура келген.
- Ата-анамен жұмыс. Тоқсанына екі рет ата-ана жиналысы болса, оған алдын ала жоспар жасап, яғни талқылатын мәселелерді жазу керек. Жиналыс барысында хаттама толтыру керек. бұдан бөлек кей мектептерде мұғалім ата-аналарға қағаз таратып, оған өз баласына қатысты айтылған мәселе туралы пікірін жазып беруді сұрайды. Барлығын қосқанда, 1 тоқсанда 2 жиналысқа 2 бет жоспар, 4 бет хаттама, 42 парақ ата-ана пікірі, барлығы – 48 парақ.
- Сынып жетекшісі сынып сағатына ҚМЖ жасауы керек. Дәл үстіңгі есеппен 1 сабаққа 2 бет болса, бір тоқсанда 18 бет жасау керек.
Алматы қаласындағы №47 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Сұлтан Сулеев біз көрсеткен мәліметтерге тағы бірнешеуін қосты:
«Ата-анаға қатысты басқа да мәліметтер бар. Мұны сынып жетекшілер жинап қояды. Сыныптың температура мәліметі деген бар. Көп жерде оны сынып жетекші жасайды екен. Бізде медбике өткізеді»
-16 сағаты бар ұстаз айына бір қорап А4 қағазын шығын ете ме?
- Егер мұғалімге қойылған бар талапты қағазға шығарса, кетіп қалады осынша қағаз. Бірақ, өзіңіз білесіз, көп құжатты электронды түрде пайдалануға болады. Ең қағаз кеміргіш жұмыс ҚМЖ. Қысқа мерзімді жоспар. Бірақ министрлік мұны ұстаздың таңдауына қалдырып отыр. Электронды немесе қағаз варианты. Қазір электронды сабақ жоспары кеңінен тарап келеді . Сондықтан бір қорап қағаз бір айға жетпейді деген сәл артық айтылған дақпырт.
Осы қағаздарды жинау барысында ұстаздармен сөйлесіп кей мектептерде мұғалімдерге қағаз таратылатыны және керекті құжаттарды мектептегі принтерден шығаруға болатыны туралы білдік. Сулеев өз мектебінде қағаз таратылмайтынын айтты.
«Мектепте принтерден қағаз шығарып алу мүмкіндігі бар әрине. Алайда күнде оншақты қағазымды шығарып берші деп отырған мұғалімде не сый қалады? Әркім ол проблеманы өзі шешуге тырысады. Елдер айтқандай коридорда қатар-қатар принтер тұратын заманға жеткен жоқпыз. Бюджеттен қағаз, принтер таратылады деген коммунизмге жеткен жоқпыз. Себебі жан басына қаржыландыру саясаты енгізілді. Біздің мектепте бала саны аз. Сондықтан үнемдеу арқылы аузымыздан ақ май ағады деген біз үшін қиял», - дейді ол.
Шымкент қаласындағы №2 үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі Гүлнара Дәулетбахованың сөзінше, ол істейтін мектепте «Дарынды балалармен жұмыс, Нашар балалармен жұмыс» деген қағазбастылық жоқ. Тіпті «Олқылықпен жұмысты» да өз қалауынша жасаған.
«Өткен оқу жылының олқылықтарына жоспар деген бір тапсырма келді ғой. Олқылықты анықтауға, жоспар жасауға кеткен уақытты үнемдеп, одан да сабақтың бір бөлігінде сол олқылықты жоюға арнау керек. Өзім солай жасадым. Олқылық жоспар, олқылық қағаз деген нәрсемен шұғылданған жоқпын», - дейді ол.
Гүлнара Дәулетбахова мұғалімнің қағазға жұмсаған уақытын білім беруге, баламен жұмысқа, өзін-өзі дамытуға жұмсағаны дұрыс деп есептейді. Және мектептегі қағазбастылыққа бірінші кезекте сол мектептің әкімшілігі мен аудандық білім бөлімі жауапты деп есептейді.
«Аймағамбетов Түркістан облысын мысал келтіріп, қағазбастылықты жою керегін айтты. Бірақ өкініштісі, министрдің сөзі сөз күйінде қалып қойып жатыр. Оның сөзіне жергілікті білім басшылары құлақ түріп жатқан жоқ. Қағазбастылықтан түбегейлі құтылу үшін тек қана бұйрық керек. Министрдің тарапынан жергілікті білім бөлімдеріне бұйрықтар келуі керек. Әйтпесе білім бөлімдерінің, мектеп директорларының, әр мектеп әкімшілігінің қағаз тапсырмалары тоқтамайды. Өйткені біздің Қазақстанда «Абай айтпақшы бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын». Әр мектептің әкімшілігінде есеп сұрайтын, қағаз сұрайтын бастықтар көп. Олар шығара береді ойдан. Өздері креативный қағаз тапсырмаларды қайдан шығарып жатыр, қалай құрастырып жатыр түсініксіз. Қағаздары да түсініксіз», - дейді ол.
Бірнеше жыл бұрын министр мұғалімдерді оқушылардың Ұлттық Бірыңғай тестілеуде алған баллдарымен бағалауға болмайтынын айтып, ұстаздардан тестке дайындау және тест тапсыру кезінде жоспар немесе қорытынды талап етуге болмайтынын ескерткен. Алайда оның бұл сөзі де аудандық білім бөлімдеріндегі басшылықтың құлағына жетпеген секілді. Себебі әлі күнге дейін ұстаздар 11-сынып оқушыларын сабақтан тыс уақытта да тестке дайындау және осы жұмысы үшін есеп беруден арыла қойған жоқ.
Осы орайда тілдескен екі мұғалімге де білім саласындағы қағазбастылықтан қалай құтыламыз деп сұрақ қойдық.
«Неде болса бәрі басшыға байланысты. Егер басшы мұғалімге жанашыр болса, министрдің сөзіне құлақ түретін болса, жан-жақты жаңалықтан хабардар болса, нәтиже шығарып отырса, онда ол мұғалімдерді қағазға көміп қоймайды», - дейді Гүлнара Дәулетбахова.
«Қағазбастылықтан құтылу мүмкін емес. Бірақ азайтуға болады. Ол үшін алдымен құжаттың барлығы міндетті түрде электронды түрде жасалу керек. Екіншіден, ай сайын түрлі мәліметті тапсыру керектігін ойлап табудың керегі жоқ. Министрлік қағазбастылықпен күресудің түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Алайда жергілікті жерлерде ол шараны өздерінше қабылдайтын лауазымды тұлғалар жеткілікті. Қағазға шығару, оны міндетті түрде конторға пәлен сағатта жеткізіп тастау керек деген бұйрықтар өте көп. Қағаз - ол биліктің қамшысы. Құралы. Әдісі. Осы әдеттен арылмай ұстаз қағазға көмілгені көмілген», - дейді Сұлтан Сулеев.
Қорыта келгенде, 16 сағаты бар, орта есеппен 4 сыныпқа сабақ беретін пән мұғалімі бір тоқсанда 1 686 бет қағаз жасауы керек болған. Сынып жетекшісі – 168 бет қағаз жасауы керек болған.