М.Әуезов және Ғ.Мүсірепов: ұстанымдағы қайшылықтар(II)

1961 жылдың жазында Мәскеуде Мұқаң өмірден озды. Ұлы жазушыны елге алып қайтуға барған топтың арасында Ғабаң да бар-тын. Қандай оймен қайтты екен?..

  • 24.12.2021

(жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Сол кейінгі кезеңде қолжетімді болған тағы бір құжатты атап өтейік. Ол – Ғ.Мүсіреповтің қалың репрессиялық шаралар жүріп тұрған 1937 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетіне жеке өзінің жіберіп алған қателіктеріне байланысты биліктегі  партиядан кешірім сұрап жазған арызы. «Тулаған толқында» саяси тұрғыдан зиянды қателіктер жүйесіне орын алдырып, Алашорда сияқты ұлтшыл-фашистердің сөзіне мінбер беріп қойған екенмін, уақытында оларды әшкерелейтін мықты теңеулер таба да алмаппын» деген ойға келіп, Алаш идеологиясы мен әдеби шығармашылығын «ескі атқорадан» тараған «заразаға» теңейді.

С.Сәдуақасұлының жоғарыда айтқан пікірінен бері де біраз уақыт өтті. Өткен ғасырдың 60-жылдары империализмнің отарлық жүйесі күйреді. 1979 жылы «Азия. Африка әдебиет қозғалысының ортасында жүрмін» деп жазған Ғ.Мүсірепов бұл процесті қазақ азаттық қозғалысымен байланыста қарау ісінде өзінен жарты ғасыр (52 жыл) бұрын Смағұл Сәдуақасұлы қорытқандай деңгейге көтеріле алмады. Бұл сыңаржақтық ұстанымдағы социалистік реализм әдісінің әдебиетімізде соншалықты терең тамыр жайғандығының, осы ұстанымдағы жазушыларымыздың, Ғ.Мүсіреповтің өзі мойындағанындай, «әдебиеттің басқарушы тобының ішінде» жетекші рөл атқарғандығының көрінісі еді.

Ғабаң ғасыр басындағы Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы бастаған азаттық қозғалысқа қарсы ұстанымда екендігін «Тулаған толқында» шығармасын көзі тірісінде (1980) баспадан шығарған үштомдық таңдамалысына қосып, шығармашылығының бастауы есебінде үштомдығын осы повесінен бастады. М.Әуезов өмірінің соңына дейін мүмкін болғанша өз ұстанымын қорғаштап өтті. Бұл шаруа оған жеңілге түскен жоқ. 1951-52 жылдары сотқа тартылып, тергеуге алынған жетекші ғалымдарымыздың бірі «қазақ ғылымындағы ұлтшылдықтың көзі Әуезовте, сондай-ақ әдебиеттанушылар Жұмалиев пен Кенжебаевта» деп көрсетті. Жазушыны жіті бақылауда ұстаған қауіпсіздік комитеті бір қорытынды материалында шамамен «Әуезов өте сақ, жаңа ұстанымға көшті, қазіргі уақытта ол өзінің түпкілікті ойын шығармалары немесе жазған мақалалары арқылы айтуды доғарған. Бұл ісін енді ол шәкірттері арқылы, оларға бағыт-бағдар, ғылыми тақырып беру арқылы іске асыру жолына түскен» деген тұжырымын береді.

М.Әуезов осы ұстанымда қалғандығы Заки Валиди Тоғанның «Естеліктеріндегі» мына жолдарды оқығанда да еріксіз еске оралады. З.В.Тоған естелігінде М.Әуезовпен 1959 жылы совет делегациясы құрамында Нью-Йорк қаласына барғанда кездескеніне тоқталып, ол жазушының сондағы эмигранттармен арада болған әңгімесінде Алашорда үкіметі атынан 1918 жылы Башқұрт азаттық қозғалысы басшыларымен кездесуге барғанын айтып, оны «қараңғы түнекте жарқ еткен найзағайдың жарығындай сәтке теңегенін» жазады.

Осы арада Ғ.Мүсіреповтің Алаш қозғалысына қатысты ұстанымын кейінге шегере тұрып, «Хан Кенеге» жазған пікіріне оралайық. Пікірде пьесада көрініс тапқан Кене хан, Наурызбай және басқа жағымды кейіпкерлердің бейнесін беруде автор тым әсірелеуге (идеализация) ұрынған деген ой айтылады. Мәселенің екінші қарсы беті бар емес пе? Яғни халық патшалық отаршылдығына, оның жасаған шексіз мол қиянатына қарсы жинақы образды Кене хан немесе Исатай Тайманұлының тұлғасы арқылы көргісі келсе ше? Бұл арада, әрине, Ғ.Мүсіреповтің өз сынында көз жұмып партиялық диктат ықпалына беріліп, социалистік реализм арнасына бой алдырғанын байқау қиынға түспейді. Бұл – бір. Екіншіден, ұлы шығармашылық иесінің ұлылығы неде? Ол өзінің шығармасында туған елі үшін өткінші құндылықтар мен мәңгі құндылықтарды айыра білгендігінде болса керек. Өкінішке қарай, ҚазАПП (Казахская ассоциация пролетарских писателей) және социалистік реализм ұстанымын қабылдап, оған бар ынта-жігерімен осы арнада қалам тартқан жазушылар бұл принциптік ұстанымды жіктей бермеді. Агитпроп дегеніне жетті. Жазушыларымыз ғана емес, советтік қызметкерлеріміз де алдымен  «Алашты сілкілеп алмай ас ішпейтіндей» (М.Дулатұлы, С.Қожанұлы) күйге жетті. Осы қатардан Ғабаң да табылды.

Көркем әдебиетте ғана емес, ілкі замандардан қоғамдық ойда, ғылымда да мойындалған ақиқат – халықтың бірегейлігі үшін күресті басқарып шығу қандай заманда және ортада болсын сол қоғамдағы барлық әлеуметтік топтарға ортақ қасиет. Ондай ерекше қабілетті тұлғаның міндетті түрде белгілі бір әлеуметтік топтан мейлі ол бай әулеттен, төре тұқымынан, қара шаруадан болсын – шығуы шарт емес. Ондай ұстанымды ұлы Құран да, шығыстық және батыстық философия да, тіптен марксистік дүниетаным да дәріптеген немесе уағыздаған емес. Өткінші өмір алдында жұмыр басты пенденің бәрі тең. Гуманистік ұстанымдағы философиялық мектептердің қай-қайсысының ұстанымы осы үдерістен шығады. Яғни ұлттың еркіндігі, оның жерінің тұтастығы, атамекен жерінің асты-үсті берекесінің сол елдің азаматтарының ортақ игілігі екендігі, жалпыға ортақ. Осы аталған құндылықтарды қажет жағдайда қолына  қару алып қорғау, Мағжан ақын айтқандай, ханның да, байдың да, батырдың да, жарлының да, ұлдың да, кыздың да ортақ құқы және парызы.

Ғ.Мүсірепов сынындағы ұстаным кезінде ҚазАПП ұстанған әдісті еске салады. Осы  талқылау барысында С.Сейфуллин мен Ғ.Мүсірепов тарапынан хандардың қазақ қоғамындағы рөліне байланысты айтылған пікір бүгінде, әрине, өз күшін жойған. Дегенмен осы ретте мынадай тарихи шындыққа көңіл аударған артық емес. Шыңғыс хан тұқымы билеген Еуразия кеңістігінде мемлекеттік идеясын алып жүрген, сондай-ақ  Алтын Ордадан кейінгі кезеңде осы кеңістікке жайып, жаңа сұраныстарға байланысты орнықтырған Шыңғыс хан тұқымы болатын. Бұл миссияның кеңістіктегі халықтар  арасында терең тамыр жайып, мойындалғаны соншалық – қарадан шығып Алтын Орданы билеген Едіге өзін хан емес, би атаған. Осындай ұстанымды ұлы Тамерлан да байқатты. Барлас руынан шыққан өзін хан емес, әмір ретінде атады. Бұл, біріншіден, қоғамда қабылданған дәстүрге жол беру болса, екіншіден, өзінен кейінгі осы өңірдегі болашақ әмірлерге көрсетілген үлгі де болатын.

Міне, осындай талқылаудан соң, «Хан Кене» жаңа ғана аяғына тұрып келе жатқан Қазақ драма театрынан біржолата түсіп қалғаны, әрине, таңданыс тудырмасы анық. Бұл арада мәселе С.Сейфуллиннің немесе Ғ.Мүсіреповтің жеке басында емес, сондай-ақ бұл процесс тек қазақ әдебиетіне ғана тән құбылыс еді деген ой тумауға тиіс. Мәселе – Ғ.Мүсірепов пен С.Сейфуллиннің қолдауымен жаңа советтік қоғам мен заманға лайық өткінші құндылықтардың орын тебуінің тарихи фактіге айналғандығында.

Сонымен бірге әдебиет пен өнердегі социалистік реализмді тек бір қара бояумен ғана түстеу орынсыз болып шығар еді. Өйткені қарапайым еңбек адамы, оның тұрмыс-тіршілігі, мүддесі, ол жасаған байлық, бұл да адамзат игілігі, Мағжан ақын «Табалдырығында» дәл басып айтқанындай, қоғам өмірінен өзіне лайық орын алуға тиіс таным құралы.

Бірақ бұл процесс барлық ұлы мәдениеттердегідей бейбіт түрде, біржақтылықсыз, табиғи өз жолымен жүргені дұрыс еді. Ғ.Мүсірепов пен С.Сейфуллиннің белсенді түрде қолдауымен орныққан құндылықтарға жетер жолда М.Әуезов жырлаған құндылықтар жатқандығын, алғашқысыз соңғысы жоқ екендігіне, кемел, жетілген қоғамдық қатынастар жағдайында бұл екі құндылық өзара үйлесімді өмір сүре алатындығына кім де болсын келіседі. Бүгінгі дамыған мәдениеттерде бұл мәселенің үйлесімді шешімі табылған.

Міне, осы тұрғыдан алғанда М.Әуезов ұстанған бағыт, ұстаным күрделірек, бірақ өміршең еді. Ең бастысы, ол отаршылдыққа қарсы, тәуелсіздік үшін күрес жолында тұрған ұлт өмірінің сол бір тарихи кезеңіндегі рухани сұраныстарын қанағаттандыруға тиіс болған ұстаным еді.

Осы ұстанымдағы Ж.Аймауытов 1932 жылы Мәскеуде атылды, М.Дулатұлы Ақтеңіз-Балтық каналы бойындағы лагерьде өмірден қайтты, лагерьден оралған А.Байтұрсынұлы жұмыссыз, рухани азапта жүріп, бірер жылдан соң қайтадан қамауға алынып, атылды.

Басқаша айтқанда,  «ұлтшылдық» ұстанымы талантты қазақ қаламгерлеріне, Мағжан айтқандай, «дағдылы да табиғи жол» болмай шықты. Лагерьден әлгінде ғана оралған Мағжанның өзі де 1937 жылы 21 мамырда үкімет төрағасы Ораз Исаевқа өзінің бұрынғы «ұлтшылдық-алашордалық» ұстанымынан үзілді-кесілді бас тартатындығын мәлімдеп хат жолдады.

М.Әуезовтің ұстанымын әсерлеп көрсету (идеализация) менің  ойымда, әрине,  жоқ. Мұқаң да жұмыр басты пенде. Саяси қудалаудың тақсыретін бір адамдай тартқан жазушының кезінде билікпен, оның идеологиялық талаптарымен ымыраға келуге мәжбүр болған сәттері де бар. Бұл арада мынадай жағдайды ескеруге тиіспіз. Белгілі бір саяси-идеологиялық ұстанымды мойындауға мәжбүр болу бар да, тура сол ұстанымға саналы түрде қызмет жасау бар. Бұл екі ұстаным өзара жараса алмақ емес.

Біз, Аллаға шүкір, интеллектуалдық кеңістіктегі мифтік құрылымдардан арылатын уақытқа жеттік.

Советтік құндылықтарды орнықтыру ұлттық мәдениетке шабуыл арқылы жүрді. Бұл идеологиялық экспансияның көрінісі-тін. Соның нәтижесінде ХХ ғасырдың басында қазақ халқы енді ғана қалыптасып келе жатқан ұлттық элитасынан, онымен бірге табиғи құндылықтарынан айырылды. Орталық күшпен еккен рухани «құндылықтарға» мойынсынды.

М.Әуезовтің 80 жылдығына (1977) байланысты жазылған мақаласында Ғ.Мүсірепов «Хан Кене» авторын «қазақ совет әдебиетінің айнымас негізін қалап берген алыптар тобының ішіндегі ең кемеңгері» деп, ұлы замандасын жаңа тұғырға орнықтырды. Мұқаңның өзі бұл тұжырымға келісе қояр ма еді? Айту қиын.

Ізін ала Ғабаң «қазақ совет әдебиетінің бұлжымас негізін қалаушылар тобына» көбірек тоқталып, ал ұлт әдебиетіндегі одан бұрынғы кезеңді көрмегендей сыңай танытады. Оған беретін негіздемесі де бар. Бұл тұжырымының «жәбірі жоқ шындық» екендігіне бәрімізді сенуге шақырып, бұл байлам «алпыс жыл ішінде (сөз советтік кезең туралы – авт.) екшелген, сараланған» өміршең байлам екендігіне өзі де сенеді, өзгені де сендіргісі келеді. «Әдебиетке әлеуметтік мән бере білген ағалардың» (Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит) алдында ғасыр басындағы «Маса» мен «Оян, қазақтың» авторлары бар екендігін атауды артық санайды. Әлекең бастап, оған Ахаң мен Жақаң сарқылмас күш-қуат берген азаттық қозғалысты, осы буынның төккен тері мен азапты тағдыры арқылы Мұқаң, Жүсіпбек, Смағұлдар сусындаған кәусар-бұлақ – идеяны атауға ықылассыз. Бұл, жұмсартып айтқанда, жазушының ұлт руханиятына большевиктік-советтік дүниетаным тұрғысынан өріс беру ісіндегі соңғы әрекеті болды.

Сонымен, шығармашылықтағы, көркем ойдағы екі ұстаным, екі бағыт. Бұл сол тарихи кезеңге тән көркем ойдағы екі ұстаным ғана емес, сонымен бірге қазақ өмірін түсіну мен түсіндіру ісінде қазақ қаламгерлері көтерілген екі биіктік еді. Олардың бірі ешқандай да басқаға еліктеусіз, табиғи қалыпта жаңа қарқынмен, өзі іштей хош көрген жолмен әдебиеттің жүгін жаңа өрге сүйреуді көздесе, екіншісі өзіне жақын да түсінікті көрінгені болмаса, өзі де терең байыбына жетіп үлгермеген ұстанымды билік ұсынған соң қабыл алып, ендігі уақытта оны өз ұстанымына айналдырып, оның жалғыз, дұрыс ұстаным екендігіне билікпен бірге өзі де сеніп, өзгені де сендіруге кірісіп кеткен еді.                                       

Ә.Әбішев «Шерлі шежіре» аталатын естелік кітабында М.Әуезов пен Ғ.Мүсірепов арасында орын алған мынадай бір жағдайды еске алады. «Қазақ ұлтшылдығы» туралы науқанның туы қайта көтерілген 1947 жылы қалалық бір жиылыста Ғ.Мүсірепов М.Әуезовті «алашордашыл – ұлтшылдығынан» біржолата кете алмай жүрген жазушы ретінде сынға алады. Екеуара кикілжің басталып, ол Мұқаңның үйінде өткен төрт жарым сағаттық өзара кінәласумен аяқталады. «Екеуінің түйілген қабағы бір ашылмай, өңдеріндегі ызғар бір жібімей» тарасады (268-271 бб.). Көшеге шыққан Ғ.Мүсірепов «қара шалдың қайысатын түрі көрінбеді-ау» дейді.

1961 жылдың жазында Мәскеуде Мұқаң өмірден озды. Ұлы жазушыны елге алып қайтуға барған топтың арасында Ғабаң да бар-тын. Қандай оймен қайтты екен?..

Мәмбет Қойгелдиев, академик

 

 

 

 

 

 

  

MalimBlocks
Жазылмай қалған жазбалар мен күнделіктер

Жазылмай қалған жазбалар мен күнделіктердің тағдырына не себеп? 30 беттен асатын «Жапония күнделіктері» неге жазылмады?