Нысанбай жырау дастаны

Нысанбай жырау Жаманқұлұлы – 1822 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында туып, 1883 жылы қайтыс болған. Атақты қазақ ақын жырауы. «Кенесары – Наурызбай» – тарихи дастан. Нысанбай жырау хан Кененің қасында жүріп, көтеріліске бастан-аяқ қатысып, көрген-білгенін жырға қосқан. Дастан алғаш рет С.Жантөрин мен Т.Сейдалиннің аудармасымен 1875 жылы «Записки Оренбургского отдела императорского русского географического общества» журналында жарияланды. Шығарманы 1912 жылы Қазан қаласында Жүсіпбекқожа Шайхысыламұлы жеке кітап етіп бастырған.

Malim Админ

  • 16.09.2024

КЕНЕСАРЫ – НАУРЫЗБАЙ

(Дастан)

 

Дүрі жауһар данасы,
Əркімнің алла панасы.
Жан біткенге несібе –
Дəрияның аққан саласы.
Үйсіздерге үй болған,
Би – отанның ханасы.
Кенесары, Наурызбай –
Абылай хан-ды бабасы,
Əуелгі мекен-тұрағы –
Көкшетаудың даласы.
Жазғы жайлау қонысы –
Ұлытаудың саласы.
Өте залым болмаңыз,
Мұсылманның баласы.
Ақырында олардың
Қырғыздан болды қазасы.
Кенесары ер болды,
Ел ішінде бір болды.
Қашқан, босқын жиылып,
Өз алдына қол болды.
Жұртқа тиіп кесірі,
Əркімдерге сор болды.
Қарсы келген адамның
Көзінің жасы көл болды.
Ақылменен іс қылмай,
Ақырында қор болды.
Қырғызға барып қырылып,
Ит пен құсқа жем болды.
Абылай ханның баласы
Асып туған Қасым-ды.
Арғы тегін сұрасаң,
Шынжыр қатар асыл-ды.
Саржан атқа мінген соң,
Төренің бағы ашылды.
Қарсы келген егесіп
Дұшпанның көңілі басылды.
Жалғыз Саржан не болар,
Есенгелді қосылды.
Кімге апарып теңейміз
Наурызбай сынды жасынды?!
Кенесары, Наурызбай
Атағы шықты аңқылдап.
Жауды үркітіп, қашырды.
Ақ алмастай жарқылдап,
Зəресін алды дұспанның,
Найзағайдай шартылдап.
Қасына ерген төлеңгіт
Олжаға батты қарқылдап.
Кенесары, Наурызбай
Мұсылманға жан тартты.
Ерегескен дұшпанның
Жылқысын алып, зарлатты.
Азырақ күн бақыты
Жанған оттай қаулапты.
Бір күндері болғанда
Тортөбөл атын ұрлатты.
Бас себебі сол болып,
Қырғызға қарай жол тартты.
Іргелі жұртқа кез болып,
Батырларды қан тартты.
Көзімен көріп, бұл сөзді
Нысанбай еді жырлаған.
Бар күнəсі қырғыздың –
Жалғыз атты ұрлаған.
Атын алған қырғызға
Хан үйінде жынданған.
Ерегеспен бұздырды
Қанайдың тамын сырлаған.
Күмісті садақ, алтын оқ
Кенекең жауға жолықты.
Ақ білегін сыбанған
Балуанды тойға жолықты.
Алыстан тоят көздеген
Ақ сұңқарға жолықты.
Айшылықты бір басқан
Қас тұлпарға жолықты.
Асқындаған пейілінен
Кенекем зорға жолықты.
Нөкерімен теп-тегіс
Бір ажалға молықты.
Ұсталар алар қолына
Қышқашы мен балғаны.
Тасқан нəрсе төгілер,
Бұл сөздің бар ма жалғаны?
Қырғыздан қорлық көрген соң,
Кененің көп-ті арманы.
Іледен өтіп жөнелді,
Өр Дулатқа барғалы.
Сол Дулатпен қосылып,
Қырғыздан кегін алғалы.
Барып еді, өр Дулат
Барғанын қабыл алмады.
Кене ханның сөзіне
Құлағын да салмады.
Асаулар үзді шідерді,
Сыйламай Дулат жіберді,
Сиынып барған елінен
Кене хан үзді күдерді.
Дегені болмай қалған соң,
Қабағы ханның түнерді.
Күздің күні болған соң,
Қырғызға қарап үдерді.
Қазан айы болғанда
Қатуланды, қаттанды.
Іріктеп алған ерлермен
Хан қамаудан аттанды,
Құз асып қалың Шөңгірден,
Қосшы деген ел жатты.
Қоқилатып қырғыздар,
Қос-қосқа бөліп таратты.
Қалшаны ұстап байлатты
Хан болып халқын меңгерген.
Қарадан шыққан хан еді
Нашарды зорға теңгерген.
Қалшаға қырғыз баласы
Жалынып қана күн көрген.
Тартуына іркілмей
Отаулатып қыз берген.
Қисайған жаға түзеліп,
Кененің ісі жөнделген.
Қоқаннан ауған көп
Дулат, Қарағаштай ел келген.
Мəмбеттің ұлы Байұзақ,
Балқожа, Медеу ер келген.
«Жауың қайда? Мен – жолдас», –
Хан Кенеге дем берген.
Сол елменен күшейіп,
Төрелер жайды қанатты.
Қарағаштай көп жұртты
Хан аузына қаратты.
Аттансын деп көп қосын,
Жұртқа салды санатты.
Сайлап алды ақ алмас,
Тастан қайтпас болатты.
Сегіз мыңдай кісі боп,
Өңшең байыр манапты.
Бұл сапарда Наурызбай
Таудан үлкен талапты.
Үш қамалды бір бұзып,
Қырғызды жаман талатты.
Қырғыздан түскен олжаға
Бір төлеңгіт бармады.
Бұл сапарда қазақтан
Біреу олжа алмады.
Көп Дулатты хан Кене
Ақылменен алдады.
«Қызыл тұмсық болсын», – деп,
Олжамен аузын қандады.
Екіншілей аттанды,
Естіген Дулат қалмады.
Олжаға мырза дегеннен,
Жалғызы қалмай, андады.
Тау суындай сарқырап,
Байұзақ келді төменнен.
Көңілі бітті айқасып,
Кенесары зеренмен,
Телімдес болып олжаға
Наурызбай – асыл беренмен.
Он екі мың əскермен
Тағы аттанды кемерден.
Зеңбірегін асырды
Абылай аспас кезеңнен.
Құлақ шыңдап, көз тұнды,
Ақыл, айла, өнермен
Кенесары, Наурызбай
Атадан асты дегенмен.
Абылай аспас асудан
Асамын деп өрледі.
Оңайлықпен қазаққа
Асуды қырғыз бермеді.
Əр жерлерден құралып,
Қырғыздың қолы кернеді.
Бесінге дейін атысып,
Қазақтың əлі келмеді.
Қарабалта, Соқылық
Аңғарынан шаң асты.
Қырғыз-қазақ екі жар,
Ескі жолға таласты.
Сол уақытта хан Кене
Амалынан адасты.
Қырғызды айдап шыға алмай,
Батырлар сонда бір састы.
Үйінде еркек қалдырмай,
Қырғыз да шыққан айдатып.
Соғысты қылды қазақпен,
Төскейде атты ойнатып.
Қызықсын деп асуға,
Қазына төкті жайнатып.
Асуға текті тайғақ қып,
Қазанға суды қайнатып.
Абылай аспас асудан
Асамын деп өктеді.
Асуын тастап қырғыз да,
Бас қамын қып кетпеді.
Ойдан атқан зеңбірек
Тау басына жетпеді.
Жесір менен мал алып,
Бұл сапар олжа етпеді.
Сол уақытта хан Кене
Жар етті Жаппар иені.
Аза болып сол жерде,
Алдырды екі түйені.
Шөгеріп салып, түйеге
Зеңбірегін сүйеді.
Тұрғызып қойып атса да,
Сонда да тауға тимеді.
Атасы өткен Абылай,
Тілеуді берген бір Құдай.
Былтырдан алған басшысы –
Шапырашты Бұғыбай.
«Бұғыбай басшы қайда?» – деп,
Шақырып алды Наурызбай!
– Əй, Бұғыбай, Бұғыбай,
Қорлық болды бұ қалай?
Жол таба алмай қамалдық,
Амал тапшы бұған-ай!
Былтыр өзің келгеннен
Ханның алдың жарлығын.
Тар жол, тайғақ кешуде
Қолдың алдың жабдығын.
Бір ізіңнен жүргіздің
Үш алаштың барлығын.
Жалғыз жолдан аса алмай,
Тастың тарттым зарлығын.
Бұл сапар алдым ашылмас,
Дүниенің шектім тарлығын.
Сасқан жерде жол тауып,
Білінуші еді нарлығың.
Осы бүгін, Бұғыбай,
Қырғыздың көрдім қорлығын,
Алатаудан аса алмай,
Қазақ жолы байланды,
Бес күн ұдай атысып,
Түгесіп келдім айламды.
Осындайда болмаса,
Көремін қашан пайдаңды?
Осы бүгін күн батпай,
Көрсетші қанат жайғанды.
Тау басында қырғызға
Бір тигізші найзамды.
Айналайын Бұғыбай,
Аралатшы майданды!
Бұғыбай сонда сөйлейді: –
Қысылып тұр-ау жанымыз,
Тау басына жете алмай,
Болмады, сірə, сəніміз.
Жауыңды шаншып беруге
Келмейді, Науан, əліміз.
«Жол тап» – деген сөзіңнен
Төгіле қалмас арымыз.
Көп кешікпей, Науанжан,
Ханға таман барыңыз.
Баруға көңілің тілесе,
Ханнан жарлық алыңыз.
Томағамды сыпырып,
Қамау тасқа салыңыз.
Мұны естіп Наурызбай,
Алдына барды Кененің –
Түсі суық тартқанда
Төрт қырланған жебенің,
Ажал оғы келгенде
Қорғаны болмас көбенің.
Қолына толды қырғыздың
Басы тау мен төбенің.
Рұқсат берсең, Кенеке,
Барайын соған деп едім.
Салатұғын алдыма
Бұғыбай басшы ер еді.
Əдіре қалғыр Алатау,
Асуға қиын жер еді.
Қамалын барып бұзайын,
Кенеке, жауап бер, – дейді, –
Отыз жігіт сайланып,
Қасыма менің ер, – дейді, –
Тау басына барған соң,
Ойынымды көр, – дейді.
Кене хан сонда сөйлейді: –
Дұшпаннан бітсін ар, – дейді. –
Қолдағы өңшең батырдан
Іріктеп бəрін ал, – дейді. –
Көңілің шапса, Науанжан,
Ертерек сонда бар, – дейді. –
Екі-үш жүздей кісімен
Ойынды барып сал, – дейді.
Наурызбай тағы сөйледі:
– Алладан жəрдем күтейін,
Ата-бабам жар болса,
Бір мұратқа жетейін.
Былтырғы қылған азасын
Қырғыздың бүгін етейін.
Екі-үш жүз кісі көбірек,
Онша алып, тақсыр, не етейін.
Əскерден отыз батырды
Іріктеп алып кетейін.
Тəңірі қосса, қырғызға
Бір тамаша етейін.
Қиын жерде хандарға
Болады сүйеу қарашы.
Қысылған жерде əркімнің
Тəңірім болсын панасы.
Көп кісі қаптай шабуға
Арқаның бар ма даласы?!
Аз кісіге жақсы екен
Алатаудың арасы.
– Мақұл, – дейді хан Кене
Наурызбайдың сөзіне.
Сол уақытта Науанның
Жан көрінбес көзіне.
Иесі тілек қылған соң,
Береді рұқсат өзіне.
Қайтармады меселін
Ұмтылып тұрған кезіне.
Қауырсынды, қанатты,
Таудан үлкен талапты,
Ер көңілді, қалма! – деп,
Жұртқа салды санатты.
Қалың қолдан саралап,
Алады өңкей манапты,
Ерегескен соғыста
Тастан қайтпас болатты.
Тауға қарсы түйлікті,
Сұңқардай жиып қанатты
Отыз жігіт жөнелді –
Тəмəм қолдың беглері.
Бұғыбайды басшы ғып,
Қиын жолды көргелі;
Тау басында қырғыздың
Жазасын барып бергелі;
Қамалын бұзып, жол салып
Бейітін ашып келгелі.
Жаз жайлауы сары дала,
Қыс қыстауы Қарғалы.
Наурызбай кетті бөлініп,
Тау басына барғалы;
Қамалып тұрған қырғызға
Бір бүлікті салғалы.
Кенесары бастығы,
Төменде тұрып қалғаны.
Талап етіп ұрынды
Жаңадан бір жол салғалы.
Сауысқанның аласы,
Ағынан көп қарасы.
Кене хан сонда сөйлейді
Абылай ханның баласы:
– Қол көрінбес шаң болды
Алатаудың арасы.
Қарағаштай көп қазақ,
Ханға болдың қарашы.
Ойда қоқан, қырда орыс,
Хакім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей
Біздің қазақ баласы!
Алдырып жүрген дұшпанға
Ауызының аласы.
Дін мұсылман əлеумет
Бірге мінсе кемеге,
Үш алаштың баласы
Тізгінін берсе Кенеге,
Ер басына аяқтай
Тас көтерсек жебеге,
Тау басына шығатын
Жол салмасқа немене?!
Байұзақ датқа түйсініп
Бұл жауаптың тегіне,
Айтайын деп бір сөзді,
Жетіп барды көбіне.
Ханның көңілі соғады
Таудан бір жол саларға.
Бір талапқа бет қойды
Тау басына барарға,
Бекініп жатқан қырғыздың
Қамалын бұзып аларға.
Ұят шығар төреден
Бөлініп біздер қаларға.
«Əйтелік» деп Байұзақ,
Қамшы басты бекерге.
Таудан жолды салайық,
Жабыл! – деді нөкерге.
Аттан түсіп алдымен,
Өзі бір тасты көтерді.
Басшы болды Байұзақ
Бір қайратты етерге.
Байұзақ аттан түскен соң,
Қасына түсті ханымыз.
Ханымыз аттан түскен соң,
Төгілер болды арымыз.
Бұзбасақ та ол тауды,
Түсе қалдық бəріміз.
Жабырласып қол қойдық
Жасымыз бен кəріміз.
Сол уақытта қарасақ,
Тау басынан шу шықты.
Қаптаған қара тұмандай
Мұнарланып бу шықты.
Бу десек, – мылтық түтіні,
Отыз көкжал бөрімен
Наурызбай төре сол шықты.
Бір кезеңге таластық,
Жау жоғары, біз төмен.
Жеткен екен қамалға
Наурызбай атты сұр берен.
Қарқарадай астында
Байұзақ берген көк дөнен.
Күн шығыс жаудың шетінен
Қамалға кірді көлденең.
Ор қояндай бұлтиған
Көк дөнен ат астында.
Камзол ішік құнтиған,
Ақ орамал басында.
Көрұғлыға бергісіз
Отыз көкжал қасында.
Сол уақытта Наурызбай
Жиырма бес жасында.
Хан Кене мұны көрген соң,
Қалмады сабыр, қарары.
Қиын болды батырға
Таудан шығып барары.
Наурызбайды көрген соң,
Өлімнен кетті хабары
Түтеген мылтық ішіне
Көзінің кірді жанары.
Наурызбай кірді қамалға
Күн шығыс жаудың шетінен.
Шыдай алмай хан Кене,
Ат қойды таудың бетінен.
Шөке атым жерге бармай-ақ,
Кетті ханның еркінен.
Сыпырылып қалып барады
Көк бурыл аттың көтінен.
Наурызбай кірді қамалға
Жанған оттай бұрқылдап,
Көк дөнен ат астында
Op қояндай бұлтылдап;
Батырлардың найзасы,
Найзағайдай жылтылдап.
Мұнан кірген батырлар
Онан шықты алқылдап.
Хан Кененің арманы –
Құмбелден жатпақ жай алып.
Наурызбай шықты қамалдан,
Найзасы қанға боялып.
Не жаны қалсын Кененің,
Наурызбайдан аянып!
Тарта берді шылбырдан,
Қылышын тасқа таянып.
Кене хан жөней берген соң,
Қалуға нөкер ұялып,
Тұс-тұсынан ат қойды,
Түйсініп қазақ оянып.
Кене хан кетті ұмтылып,
Шыққалы таудың басына.
Өлімге белін байлады
Əзелде жазған басына.
Қатарласып жөнелді
Кене ханның қасына.
Екі мыңдай кісі боп,
Шықты таудың басына.
Сол уақытта хан Кене
Жар айтты Жаппар Алланы.
Қабат-қабат оратып,
Қырық арқанды жалғады.
Тартып алды ойдағы
Зеңбірек пен арбаны.
Бір-екі рет атқанда
Күңіреніп кетті жан-жағы.
Есік-ежесін қиратып,
Қырғыздың шықты дал-далы.
Келгенін ханның көрген соң,
Наурызбай төре есірді.
Бөгежектеп жүрген ер
Еркінше шауып көсілді.
Жазыла алмай жүр еді,
Түйіні жіптің шешілді.
Қойға кірген бөрідей
Қырғызға салды кесірді.
Бір кіргенде ап келді
Тізілтіп неше жесірді.
Бас-басына таратып,
Жігіттің көңілін өсірді.
Абылай аспас асудан
Асамын деп өктеді.
Наурызбайдың ерлігін
Қырғыз, қазақ сөкпеді.
Төренің алдын орады,
Қырғыздар мерген төккелі,
Бəлені бастан кетіріп,
Хан айласын еткелі.
Зеңбіректі туралап,
Төте жерден бір атты.
Адам мен малды қабаттап,
Топырлатып құлатты.
Жөңкіліп жүрген қырғыздың
Жолшыбай көбін сұлатты.
Қамалған қатын-қыздарын
«Қоқилатып» жылатты.
Қызыққа тоймай батырлар,
Тереді таудың шиесін.
Бұл сапарда Наурызбай
Жар етті Жаппар иесін.
Қамалын бұзды қырғыздың,
Соғыстың тауып жүйесін,
Алып шықты үш жүздеп
Айғыр менен биесін,
Атан демей, нар демей,
Жетпіс-сексен түйесін.
Бөліп берді бəріне
Сыбағалы тиесін.
Наурызбай гүл-гүл жанады,
Ақ білегін сыбанып.
Жауды аралап қырады,
Қолына жасыл ту алып.
Шын қаһарға мінеді,
Ақша беті қуарып.
Бозбалаға сөйлейді,
Ағасын көріп қуанып.
– Абылай аспас асуда
Кенекем дүкен құрғаны.
Батырлардың жараспас
Майданға кірмей тұрғаны.
Кенекем келді біз үшін,
Үш алаштың қорғаны.
Аянбай бүгін іс көрсет,
Таманың батыр Құрманы!
Кеудедегі шыбын жан –
Ар-намыстың құрбаны.
Жар бола көр біздерге,
Атамыз өткен Абылай!
Осындай қиын жерлерде
Тілеуді бергей бір Құдай.
Сендер едің қанатым,
Меңдібай, Дулат, Ағыбай,
Арғыннан шыққан үш жігіт
Шəкір, Жəуке, Толыбай.
Ұмтылыңдар, ерлерім,
Жан-жағыңа қарамай.
Мылтықтың оғы от алмас
Құлаққа дəрі тұтанбай.
Ақ кіреуке, көк сауыт
Таза жүрсе, тот алмай,
Мылтықтың оғын жібермес
Шығыршығы жұқармай.
Жаман жігіт тозады,
Жауды көрсе қотандай.
Атақты ердің бірі едің
Иісің шыққан жұпардай.
Аянбай бүгін іс көрсет,
Табыннан қабан Бұқарбай!
Тайынбай жауға кіріңдер,
Айбынды туған ерлерім!
Мінген атың тобышақ,
Күмісті қылыш белдерің.
Осындайда керек деп,
Көзімнің майын бергемін.
Ат мініп, жарақ асқалы
Бəрі осы ма көргенің!
Наурызбай батыр сөйлейді:
– Жара жоқ менің етімде.
Ойын салды бозбала
Алатаудың бетінде.
Мұнда қылмай қайратты,
Қосқа барып өкінбе.
Он екі самқал, жүз мылтық,
Кенекем келген секілді,
Кенекем келіп қосылды,
Кім тұрар оның бетінде?!
Ықпалың жүріп тұрғанда
Қылыңдар жауға өкімді.
Істерің жақса, бектерім,
Бұл соғыстың ретінде
Ұстатармын қолыңа
Қос-қосынан жетімді.
Жарасалық дегенде
Бергендей қырғыз бар малын.
Бітіре алмай төре жүр
Көңілдегі арманын.
Бетіне келер қырғыз жоқ,
Алып жатыр жан-жағын.
Жəне бұзды сол күні
Ақсудың барып қорғанын.
Соншама мықты берік еді
Ақсудың салған қаласы.
Екі жүз үйдің мекені
Ақсудың аяқ саласы.
Сегіз мыңдай бар еді
Сол күнгі қолдың шамасы.
Қорғанды бұзып, мал алды
Айман батыр ағасы.
Кенесары, Наурызбай
Келтіріп жүр кертіне!
Шауып, жаншып, талатты,
Қырғызды қоймай еркіне.
Бір бөлек қырғыз қалмады,
Қашып барып беркіне.
Бақыты шауып тұрғанда
Кене хан жетті сертіне.
Шауып алды тал түсте
Аспара мен Меркені.
Он екі мың кісінің
Көбі Дулат халқы еді,
Егескенде мұқату –
Хан Кененің салты еді.
Меркенің тұтқан ұлығы
Меделі деген сарт еді.
Ақауыз деген арғымақ
Меделі берген ат еді.
Ауызға кіріп сөз болған,
Тұлпардан артық зат еді.
Дұспаны қайтіп кемітер
Кене хан мен Науанды!
Дабысы кетті күңірентіп
Аспара мен Дуанды.
Қалың жатқан қырғызды
Жеңгеніне қуанды.
Қарақыстақ, Шөңгірге
Ұйысқан қырғыз қамалды.
Қол сыймады жүргенде
Алатаудың бауырына.
Дулатты хан жұмсады
Өшіккен қырғыз жауына.
Түсіп жатыр көп қырғыз
Кене ханның ауына.
Он мың кісі ат қойды
Кекіліктің тауына.
Мұнарланып шаң болды
Қызылсудың саласы.
Бұл сапарда жар болды
Хан Абылай бабасы.
Қырғызға лық толыпты
Алатаудың арасы.
Қол алдында жүр екен
Қырғыздың бір данасы.
Наурызбайға кез болып,
Тұра қалды жанаса.
Кəрібоз деген кісі екен,
Ер Қанайдың баласы.
Кəрібоз сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ей, Наурызбай, ер төрем,
Қарайып жүрмін қаныма!
Аза қорлық көрсетіп,
Қатты баттың жаныма.
Не жазығым бар еді
Кенесары ханыңа?
Бітті деп көңілі тынбады
Қырғыздағы арына.
Алмаған ары қалды ма
Қырғызда оның тағы да?
Құсшыны шапты шулатып
Қарақыстақ, Шөңгірден.
Қалшаны ұстап байлады
Хан болып халқын меңгерген.
Абылайдың тұсында
Қылған ісің жөн келген.
Қырғыздың жолы бар ма еді
Қалыңсыз саған қыз берген?
Қыстай шаптың елімді,
Малымды салдың телімге.
Босатып қондық, бостырып,
Атамекен жерімді.
Бұрыңнан-соңнан бар ма еді
Елшіге ниет өлімді?
Жаманқарамды өлтіріп,
Бір сындырдың белімді.
Тіріме қылсаң болмай ма,
Өлгенім саған не қылды?
Атаңның ақы бар ма еді
Есқожа, Қанай көрінде?
Ашуын бұған бассын деп,
Жерімді саған тастадым.
Бұл алғаның емес пе
Үстімді келіп басқаның?
Жалғыз-жалғыз ат мініп,
Қорғалап тауға қашқаным.
Не себептен хан Кене
Қырғызға мұнша өшікті?
Ақ қалпақты қырғыздан
Қазаққа берді несіпті.
Ат мініп, садақ асынған,
Бізді аямай кесіпті.
Есіркесең болмай ма
Жолыңда жатқан бесікті?
Балалы арқар баурайды,
Баласыз арқар маңырайды
Мейірімсіз мұнша іс қылдың,
Көп мұсылман зарлайды.
Төрелер, қайда барсаң да,
Рақымсыз атың қалмайды.
Не қалмақ пен шүршіттің
Қырынан шықсаң болмай ма?!
Наурызбай сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді: –
Жақсы айтасың, Кəрібоз,
Тату едім сенімен.
Қонысты кəпір алған соң,
Кенекем көшкен жерінен.
Бауыры суып ол жақта,
Қарашы болған елінен.
Он екі кісі жібердік
Бекбатырдай еріммен,
Бізге қоныс берсін деп
Қоқидың салған көлінен,
Екі ай жатты тұтқын боп
Жанқараш, Жантай бегіңнен.
Аулыңыз баса қонған соң,
Азар шыққан өлімнен.
Жаманқараңды өлтірдім
Өзіңнің салған жолыңмен.
Кім таласар Құдайдың
Бендеге берген бағына?
Қорған болып халқына,
Əркім шықсын табында.
Қанайыңа мен қылдым
Кекті болған шағымда.
Сенің ақың бар ма еді,
Андасымның тамында?
Білмеймісің, Кəрібоз,
Мойнындағы жазаңды?
Жанқараш пен Жантайың
Айтып иман, зарланды.
Қойдым деп бізге ант берсін
Арағың мен бозаңды
Арағыңды қоймасаң,
Кенекем алар мазаңды.
Кəпірге ғазат қылғандай,
Наурызбай берер сазаңды.
Кəрібоз тағы сөйледі:
– Келтірермін кезіңді!
Ықпалың асып тұрғанда
Айта бер, төрем, сөзіңді.
Асқар тауға, Наурызбай,
Теңгере берме өзіңді.
Алтын жағаң қисайса,
Қырғыздар ояр көзіңді.
Талап алып, Наурызбай,
Малымды салдың телімге.
Аямадың, Наурызбай,
Басымды салдың өлімге.
Қорғанда жатқан қорқытып,
Аттарын алдың бегімнің.
Тастап көштің ол жақта,
Атаң қонған Абылай,
Қанды көйлек еліңді.
Кіші жүзге сыя алмай,
Тастай көштің жеріңді.
Төлегенұлы Жанқабыл
Ерлікке мықты, сенімді.
Тоқсан кісіңді өлтірген
Алып па едің кегіңді?!
Бітеу сойып басыңды,
Қоқанға берген теріңді.
Мейманаң тасса, Наурызбай
Досың кетер панадан.
Хақтан бұйрық келгенде
Жаның шығар қанадан.
Сенің атаң – Ер Қасым
Туғанында анадан,
Қан шеңгелдеп туыпты
Шараналы баладан.
Көп қорқытпа, Наурызбай!
Күнім түссе-көрермін,
Бұйрық болып Құдайдан,
Қаза жетсе – өлермін.
Арманда болып кетпеспін,
Бір соғысқа келермін.
Жаппар ием жар болса,
Сазаңды əлі-ақ берермін.
Ержан кеткен түн қатып,
Хан қылған соң өкімді.
Төрт жүз кісі бөлініп,
Қалың қолдың шетінде,
Барлап қарап келгелі,
Жау бар ма деп бетінде,
Түнде кеткен аз кісі
Қапаланып, өкінді.
Жасанған жауға жолығып,
Ержан бір түскен секілді.
Ханға келді Наурызбай:
– Ержан жауға барыпты,
Бүгін мойны қалыпты.
Қаталанып ініңіз,
Бармағын тістеп, налыпты.
Кенеке, айтпай қайтейін,
Ініңіз қолды болыпты.
Пенде болып қырғызға,
Ержанның көңілі шөкпесін.
Ержан тұтқын болды деп,
Қырғызға дабыл кетпесін.
Бізді жоқтап Ержекем,
Көзінің жасын төкпесін.
Жолығыпты аңсызда
Ержан батыр аранға.
Ағасы өлсе алдында,
Інінің күні қараң да!
Аттансын деп батырлар,
Шашалық жарлық хабарды.
Енді мұнда, тақсыр хан,
Тұрмағымыз арам-ды.
Маған жауап беріңіз,
Екі-үш жүз кісі алайын.
Көп кешікпей, Кенеке,
Ержанды іздеп барайын,
Асуына шығармай,
Иіріп алып қалайын.
Қан құстырып келейін
Сақауқырғыздың талайын.
Кене хан жауап бермеді,
Наурызбай бүй деп келген соң.
Келіспестей көрінді
Наурызбайды бөлген соң,
Қырғыздың қолы көбейіп,
Жақынға келіп төнген соң,
Қолға толды Самсы мен
Қызылсудың кемері.
Шығар мезгіл таянды
Ат пен ердің өнері.
Бір мезгілдер болғанда,
Ұзын бойлы, жебелі,
Күрең қасқа ат мініп,
Шеннің ұлы Бидері –
Жекелеп кірді майданға,
Ер Қанайдың немері.
Бидері кірді майданға:
– Жеке, батыр, жеке! – деп.
Қарсы қарап тұрады;
«Ке-ке, батыр, ке-ке!» – деп,
Жақын жерден шөкелеп.
Қазақтан ешкім шықпады
Жылдамырақ төтелеп.
Байұзақ датқа сөйледі,
Ашуланып, ақырып.
Халқына қарап сөз айтты,
Оң-терісті сапырып: –
– Не қылып тұрмай отыр?! – деп,
Батырларын шақырып,
Дулаттан шыққан батырдың
Талайына батырып.
Қолға толды Самсы мен
Қызылсудың арасы.
Қысылған жерде əркімнің
Тəңірім болсын панасы.
Қарағаштай көп қазақ,
Ханға болдың қарашы.
Бидері кірді майданға, –
Қырғыздың бір баласы.
Оның бізден артық па
Атасы мен анасы?!
Билерге қарсы барыңдар,
Бізден бір батыр данасы.
Таусылдың ба, Мəмбеттің
Найза ұстаған баласы?
Батырлардың майданда
Қызбас болды ойыны.
Қайғыға толды бұл сапар
Қазақтардың қойыны.
Байұзақтың сөзіне
Бастамады тойыны.
Еш адам басын көтермей,
Төменге түсті мойыны.
Қырғыздың қолы көбейді,
Əр жерлерден құралып.
Қыстай мінген қазақы ат,
Тастап жатыр тұралып.
Шыдамады Наурызбай, –
Киіміне қыналып,
Түрегелді орнынан,
Шыбықтай белі бұралып.
Қамзол ішік үстінде,
Бауын үзіп белсеніп,
Ақауыз атқа мінді де,
Түсті таудан теңселіп,
Қатуланып жөнелді,
Алғалы жауды еңсеріп.
Наурызбай сөйлеп жөнелді:
– Батырлар, құлақ салыңыз.
Қарағаштай көп қазақ,
Бақытты болсын ханымыз.
Жау қарасын көргенде,
Қайтпасын бастан бағымыз.
Ержан түсіп қырғызға,
Дұспанға кетті арымыз.
Онан біздің артық па,
Майданға кірмей, жанымыз.
Ержан үшін жарассын
Ақбоз атқа қанымыз.
Қарағаштай көп қазақ,
Іс көрсетер күн бүгін.
Ержан түсіп қырғызға,
Бізге қайғы күн бүгін.
Арманда болған ер үшін
Кегін алар күн бүгін.
Қылыштасып майданда,
Қол сілтесер күн бүгін.
Таудың басын алсын тұман,
Жаппар ием болсын панаң!
Қырғыздарға бермей аман,
Ұмтылыңдар, келсе шамаң.
Болсын жауға ақырзаман,
Жаннан кешер күн бүгін.
Наурызбайдың сөнді зары,
Ұрыстың қызсын базары.
Кенекемнің қошқарлары,
Қайтпасын жаудан назары.
Болыңдар қырғыз тажалы,
Қол ұстасар күн бүгін.
Наурызбай мұны айтады,
Тартып-тартып жіберді
Ақауызды жанбасқа.
Қолын салып, суырды,
Тұрсынбай берген алмасқа.
Артына көзін салмады
Үйдегі қалған мал-басқа.
Наурызбай шыға шабады.
Кекіліктен зырқырап.
Бидері шапты қасқа атпен,
Құйындай шаңы бұрқырап.
Сонда басын көтерді,
Отырғандар көзі жылтырап.
Наурызбайдың сөзіне
Батырлары шыдамай,
Хан қасынан ұмтылды
Меңдібай, Дулат, Ағыбай,
Арғыннан шыққан үш жігіт –
Шəкір, Жəуке, Толыбай.
Олардан кейін қала ма
Табыннан қабан Бұқарбай!
Сегіз кісі жөнелді,
Наурызбайдың соңынан.
Бұл сапарда төренің
Жұлдызы туды оңынан.
Шаба алмайды қазақы ат
Тас пен таудың тоңынан.
– Бидері сонда сөйледі:
Патша зада баласың,
Алдыңа айдап, қырдың сен
Қырғыздың қатын-баласын.
Жеке келсең болмай ма,
Ақылың асқан данасың!
Тайғандарыңды ертіп,
Төрем қайда барасың?
Жолсыз істі қылмағын,
Наурызбай асыл ер еді.
Артына қарап сол жерде,
Батырларын көреді.
Оларға қарап сөз айтып,
Қайтуға жарлық береді.
– Əрбіреуің шерге ұсап,
Келдіңіз бе, нарымыз?
Шығасы болса кеудеден
Бүгінгі күн жанымыз,
Келгенменен, ерлерім,
Қорғауға келмес халыңыз.
Берсе Тəңірім абыйыр,
Түсірген атымды алыңыз.
Жазым болсам, артымнан
Сүйегіме шабыңыз.
Қырғыздың айтқан сөзінен
Төгілер болды арымыз,
Сөзге сынық болмайын,
Ерлерім, кейін қалыңыз!
Бидері менен Наурызбай,
Жақындасып барысты.
Астындағы мінген ат
Ауыздыққа қарысты.
Ат үстінде алысты
Найзаменен салысты,
Бір-біріне жабысты,
Керегедей қабысты.
Ерлерінің артына
Мініп-мініп қалысты.
Жəне қайтып екеуі,
Бұрқ-сарқ етіп айқасты.
Айқасып қалған мезгілде
Төренің асты айласы,
Қайраттың тиді пайдасы.
Шолтаң етіп Бидерінің
Аспанға шықты найзасы.
Бидері шығып жолыққан
Қызылсу, Самса бауырынан.
Наурызбай шығып жолыққан
Кекіліктің тауынан.
Айқасқанда екеуі,
Өшігіскен жауынан
Бидері барып жығылды
Күрең қасқа аттың сауырынан.
Қыстай шауып жол болған
Шу менен таудың арасы.
Бұл сапарда жар болды
Хан Абылай бабасы,
Қырғыз аттан жығылып,
Батып еді қарасы.
«Я, Құдайлап» шуласты
Үш алаштың баласы.
Аллаға Науан сиынды,
Аузы кетпей тілектен.
Қайраты көп болған соң,
Найзасы аумай білектен,
Шанышқан екен Наурызбай
Бір қырғызды жүректен.
Сыртына шығып, найзасын
Жерге басып, тіреткен.
Суырылмай темірі,
Қанменен қатты-ау жібектен.
Əр тараптан қырғыздар
Жағалай шауып жиектен,
Тұс-тұсынан ат қойды,
Үміткер болып сүйектен.
Жалғыз шапты Наурызбай,
Жауға қарсы енуге.
Арасы алыс дауыстап
«Барма, мұнда кел» деуге,
Шауып барып Бұқарбай,
Ат үстінде көлбеді,
Өткізіп қашты шылбырын
Ер Бидерінің белбеуге.
Үш ай тоқсан күн еді.
Шаруа шешкен күйегін.
Науан бұл жол ағытты
Ерлігінің тиегін.
Түсіріп төре кеткенде,
Кене хан қақты иегін.
Бұқарбай батыр ап келді
Ер Бидерінің сүйегін.
Қазақ, дулат жиналып,
Мақалай қылды сүйегін!
Ағыбай батыр шабады,
Қашқан атын көреді.
Қырғыздан қорқып таймады,
О да қайсар ер еді.
Алып ханға келеді,
Тарту қылып береді.
Бұқарбайды мақтады: –
– Бəрекелді, ерсің! – деп,
Ағыбайды шақырды, –
– Атын алып келсін, – деп, –
Сүйекке шапқан ер болар,
Атын соған берсін, – деп,
Сүйекке шапқан ер болар,
Əркім мұны көрсін деп, –
Жауға шапқан батырлар
Намыстанып өлсін, – деп. –
Көңілде үлкен ер едің,
Сүйекке неге шаппадың?!
Жарамады олжа деп,
Ағыбай, атқа шапқаның.
Сүйекке шапқан ер екен,
Бұқарбайды мақтадым.
Ағыбай батыр қорланды,
Екі жағына сыймады.
Ішін жарып өлерге
Жанынан пышақ таппады.
Олжа болад баласы
Ер Бидерінің артынан.
Ораз кірді майданға,
Озып жүрген халқынан.
Ол да айтулы ер еді
Сұңқар құстай талпынған.
Ораз келді жұлқынып,
Бастан ауған бағы бар.
Қатын түсіп қазаққа,
Қарайып жүрген қаны бар.
Аза қорлық кірген соң,
Тек шықпаған жаны бар.
Жаны нағып шыдасын,
Дүниенің не сəні бар –
Наурызбайдың қосында
Некелеп алған жары бар.
Шуыменен қопарып,
Ораз шапты ар жақтан.
Екі беті қызарып,
Наурызбай шапты бер жақтан.
Қырғыз, қазақ екі жар
Қарап тұрды жан-жақтан.
Найзаларын көтеріп,
Бірін бірі көздеді.
Ашуланған батырлар
Жолыққанша төзбеді.
Бірін бірі аямай,
Ет жүректі мезгеді.
Ораз батыр жығылды,
Найза бұрын кез келді,
Ақбоз аттың сол жақтан
Ораз барып жығылды.
Қайтып адам болмастай,
Шыбын жаннан түңілді.
Тілге келмей сол жерде,
Жер бауырлап сүрінді.
Баяғы сөзден Ағыбай
Қарайған екен қанына-ай.
Жеткен екен төпелеп
Наурызбайдың жанына-ай.
Түсіріп төре кеткенде,
Шауып барып Ағыбай,
Көтеріп алды Оразды
Телқоңыр аттың жалына-ай.
Қоқилатып қырғызды,
Бермей кетті тағы да-ай.
Қазір оңға қарап тұр
Наурызбайдың жұмысы.
Əзір аса біткен жоқ
Хан Кененің тынысы.
Қара ала атты бір қырғыз,
Жаңқараш бидің інісі,
Жекелеп кірді майданға,
Батыр екен мұнысы.
Наурызбай қарсы шабады
Жеке шыққан батырға.
Тайынбай қарсы келеді,
Қашатұғын қатын ба?!
Жалақтатып найзасын,
Жетіп келді жақынға.
Алақтатып састырып,
Батырды ұрды қапыда.
Жеке шыққан батырдың
Бəріне берді ақылды.
Орнынан тұрмай жатсын деп,
Найзасын қатты батырды.
Қызыл ала қан қылды
Қызыл судың жиегін.
Науан бұ жол ағытты,
Ерлігінің тиегін.
Жақын жерде қырғыз жоқ,
Өзі алып қалды сүйегін.
Шапқан сайын Ақауыз
Жерді тарпып, өктеді.
Наурызбайдың ерлігін
Қырғыз, қазақ сөкпеді.
Екі мың қырғыз жиылды,
Қазақпен соғыс еткелі.
Ерлердің алдын орады
Жаяу мерген төккелі.
Жекелеп енді соғыспай,
Қырғыздар тұрды бекерге,
Хан иек қақты нөкерге.
Арба арысын көтерді,
Зеңбірекке оқ берді
Құлағына от берді.
Асығыс атты байламай,
Алдында əскер жоқ болды.
Зеңбіректің аузынан
Сылдыр-сирек топ келді.
Зеңбіректің ауызы
Қолдың болды көбіне.
Сегіз кісі ұшырды
Сылдыр-сирек шетімен.
Бір боз атты ұшырды
Қолдың арғы бетінен.
Мұны көріп қырғыздар,
Ойран болып бүлінді.
Қасында тұрған Наурызбай
Сұңқардайын ілінді.
Жəне оқтап атқанда
Бір керемет білінді:
Ұрмай-соқпай, зеңбірек
Ортасынан бөлінді.
Қырғыздар шыдап тұра алмай,
Қаша берді алақтап.
Наурызбай кетті соңынан,
Найзаменен шабақтап.
Бір-біріне ат қойды,
Қырғыз, қазақ жан-жақтан.
Бір тозаңның астынан
Гүл-гүл жанып, ыржақтап,
Шыға келді Наурызбай,
Тоғыз ат алып салақтап.
Он бес атты ап келді
Меңдібай, Дулат, Ағыбай.
Он екі атты ап келді
Шəкір, Жəуке, Толыбай.
Он төрт ат бар қолында
Қабан менен Бұқарбай,
Құрбан келді төрт атпен,
Нөпірі шығып тұлпардай.
Бəрі келіп қосылды
Қызылсудың беліне.
Көңілі бітті Науанның
Тұз татырған еріне,
Науан тағы жөнелді
Таудың төскей өріне,
Қашып барып қырғыздың
Қамал соққан жеріне.
Жөңкіліп жүрген қырғыздың
Наурызбай үстін қаптады.
Сегіз мерген бір жерде
Беліне шіреніп жатқаны.
Жалғыз барған төрені
Бəрі тегіс атқаны.
Шара бар ма, Құдайдың
Бұ сапар да қаққаны.
Қой боғындай қорғасын
Қаза болып таппады.
Мылтығын тастап тас-тасқа,
Қайта қашты мергені.
Лап қоя шапты қырғыздар
Мергеннің атын бергелі.
Жалғыз шауып Наурызбай,
Қырғыздың жолын кернеді.
Үшеуін шаншып өлтірді,
Бесеуі тірі, өлмеді.
Бес мергенді тірі айдап,
Ханға алып келгені.
Сегіз мылтық өңгеріп,
Тарту қылып бергені.
Сол уақытта Ақауыз
Жер тарпиды оянып.
Наурызбай жүр үстінде,
Қылышы қанға боялып.
Қанына қырғыз қарайды,
Несіне тұрсын аянып.
Наурызбайдың үстіне
Бəрі келді таянып.
Аллалап жүрген қырғыздың
Желі тұрды оңынан.
Ай мүйізді қошқардың
Бəрі тартты қоңынан.
Ақауыз ат құлады
Қырғыздың атқан оғынан.
Наурызбайға ұмтылды
Қалың қырғыз шоғынан.
Қызылсу мен Дуанның
Аңғарынан шаң асты.
Қырсықтың алды емес пе,
Төреден əркім адасты.
Қырғыз, қазақ екі жар
Наурызбайға таласты.
Қырымда жүрген Бұқарбай
Атына қамшы бір басты.
Үзеңгісін шығарып,
Наурызбайға жанасты.
Бұқарбайдың алдына
Наурызбай алды мінгесіп.
Жауға түсіп қалмасқа,
Қаша берді «шүу» десіп.
Наурызбайды тұтпаққа,
Қырғыз да қуды ілесіп.
Қазақтан адам аз болды
Бермейтұғын тіресіп.
Қорғайын деп қырғыздан,
Ағыбай сыртын айналды.
Шамасы келсе тіресіп,
Қорғамаққа ойланды.
Бұқарбай мен Наурызбай
Салар еді ойранды.
Мінгесуі бір атқа
Олардың қолын байлады.
Сол уақытта қырғыздар
Басқын жетігі өрледі.
Жалғыз өзі Ағыбай
Қорғауға əлі келмеді.
Алдыңғы жеткен қырғызды
Араға түсіп кернеді.
Қолындағы найзасын
Оңды-теріс сермеді.
Атасы өткен Абылай,
Тілеуді берген бар Құдай.
Бұқарбай мен Науанға
Ұмтылды қырғыз жабыла-ай.
Шəкір де жетті бір жақтан,
Қабан менен Меңдібай.
Кертайлақ атты жеткізді
Жəуке менен Толыбай.
Кертайлық ат жеткен соң,
Мініп алды Наурызбай.
Сегіз кісі бас қосып,
Су бойында ауысты.
Тоқтата алмай көп жауды,
Үстіртке ойнап шығысты.
Кезек жұмсап келеді
Найза менен қылышты,
Қалың жеткен қырғыздан
Ала алмады тынысты.
Сиынады батырлар,
Аузы кетпей тілектен.
Шұбыртпалы Ағыбай,
Талайды шанышты жүректен.
Араласып, Шəкірдің
Мылтық тиді білектен.
Итшілесіп, сілкісіп,
Қорғап шықты түбектен.
Бұл сапарда Құдайым
Ерлердің жолын оңдады.
Кертайлақты мінсе де,
Ақауыз аттай болмады.
Астына мінген атына
Төренің көңілі толмады.
Артынан жеткен қырғызға
Ұмтылуға болмады.
Сонда да Тəңірі жар болып,
Тұтылып жауда қалмады.
Құтылып келіп Наурызбай,
Ханның түсті қасына.
Көріп еді көп істі
Əзелде жазған басына.
Келе сөйлей береді
Құдайменде ағасына.
– Тау суындай сарқырап,
Дулат жатыр өреңде.
Қырғыз тұтқын қылыпты
Ержан сынды беренді.
Қырғыз тұтқан шағында
Арманда кеткен зереңді:
«Екі ағам, бір інім бар,
Іздер ғой мені», – деген-ді.
Сөйдеп айтқан Ержанның
Ағасының бірі – сен.
Ұзақ күнгі майданда
Бір көрмедім сені мен.
Бір нəсілдің ішінде
Мұнша қалай тудың кем?
Жауға қарсы бармастай,
Қатынменен болдың тең!
Сені қара басты ма,
Қолыңа найза алмастай?
Жүрегің ұшып кетті ме,
Жауға қарсы бармастай?
Қызметі сенде бар еді,
Ержанды естен салмастай!
Намысы сенде бар еді,
Артынан тірі қалмастай.
Ала бір таудың жылғасы,
Баурында ойнар құлжасы.
Тар жерде жолдас болады
Ерлердің найза құрдасы.
Белсеніп жауға шабады
Жігіттің жанға мырзасы.
Ержан болса қасымда
Бөлекше туған тұлғасы,
Болар ма едім қазаққа
Əзіл сөздің олжасы?!
Балалы арқар баурайды,
Баласыз арқар маңырайды.
Күйік қылмай көзіме,
Жасаған сені алғай-ды!
Сүйегімнен бұл таңба
Өлгенімше қалмайды.
Ержан жауға түскенше,
Сен жауға түссең болғай-ды
Ендігі жерде сөйлейін
Болған істі бастағы.
Бəрі де жау боп көрінді
Алатаудың тастары.
Елден бұрын Нысанбай
Жоқ сұмдықты бастады.
Қобызы қалды қосында,
Түзеді бетін қашқалы.
Өз басын алып құтылмақ,
Іздемеді басқаны.
Алты ай шауып жол болған
Шу менен таудың арасы.
Бұл сапарда қазақтың
Болмады қабыл тəубасы.
Рүстем менен Сыпатай –
Дулаттың нағыз баласы
Үндес болды қырғызбен,
Əне, ауыздың аласы!
Он екі мың дулатты
Қашырды түнде, расы.
Жамандық қылған мұндардың
Мойнына болсын жазасы.
Қазақтың көбі қырылды,
Қанды ма екен табасы?!
 

* * *
Сол барғаннан төрелер
Елге қайтып келмеген.
Үй, жамағат, малымен,
Халқын, жұртын көрмеген.
Құтылуға қырғыздан
Тілегін Құдай бермеген.
Қырғызда қалд&

Байланысты жаналықтар

Жазылмай қалған жазбалар мен күнделіктер

27.03.2023

М.Әуезов және Ғ.Мүсірепов: ұстанымдағы қайшылықтар(II)

24.12.2021
MalimBlocks
Жазылмай қалған жазбалар мен күнделіктер

Жазылмай қалған жазбалар мен күнделіктердің тағдырына не себеп? 30 беттен асатын «Жапония күнделіктері» неге жазылмады?

М.Әуезов және Ғ.Мүсірепов: ұстанымдағы қайшылықтар(II)

1961 жылдың жазында Мәскеуде Мұқаң өмірден озды. Ұлы жазушыны елге алып қайтуға барған топтың арасында Ғабаң да бар-тын. Қандай оймен қайтты екен?..