М.Әуезов және Ғ.Мүсірепов: ұстанымдағы қайшылықтар (I)

1961 жылдың жазында Мәскеуде Мұқаң өмірден озды. Ұлы жазушыны елге алып қайтуға барған топтың арасында Ғабаң да бар-тын. Қандай оймен қайтты екен?..

  • 24.12.2021

Мәмбет Қойгелдиев, академик

Мен жазушы да, әдебиеттанушы да емеспін. Ендеше, қойылған мәселеде қандай міндетті атқарушы рөліндемін? Бұл тақырыпқа бара отырып, мен, әрине, ұлттың жүріп өткен жолын зерттейтін тарихшы міндетін ғана атқара аламын. Ал көркем шығарма, көркем ой, жазушының ұстанымы тарихшы үшін интеллектуалдық өмір фактісі. Жазушы өміріне, оның шығармашылығына және ұстанымына тек осы тұрғыдан ғана келемін. Бұл – бір. Екіншіден, советтік кезеңде жазушы мен оның шығармасының қоғам өміріндегі орны өте жоғары болды. Анығырақ айтқанда, жазушы өзінің шығармашылық қызметі арқылы биліктегі партияның үгіт-насихат жұмысындағы көмекшісі міндетін атқарды. Біздің бүгінде классиктер қатарында аталып жүрген советтік жазушыларымыздың қайсыбірі кезінде Казкрайкомның үгіт-насихат бөлімінің (агитпроп) жұмысын құлшына атқарды десе де болады. И.Сталиннің «Жазушы – адам жанының инженері» деген қанатты сөзі, әрине, осы қызметтің теориялық негіздемесі есебінде жүрді. Үшіншіден, мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің, сондай-ақ Ресей Федерациясы архив қорларында сақталып келген еліміздің белгілі жазушылары мен әдебиеттанушыларының тергеу материалдарымен  жұмыс істедім. Ұзақ күндер, айлар отырып оларды конспектіледім, оларда айтылған фактілер мен тұжырымдарды қоғам өмірімен байланыста түсінуге көңіл аудардым, өмір фактісі ретінде теориялық талдаудан өткіздім. Осы жұмыс барысында бұл материалдардағы фактілер белгілі дәрежеде тарихшының зерттеулерінде өз орнын алуға тиіс деген қорытындыға келдім.

Міне, осы тұрғыдан жазушы шығармасы мен оның қоғамдық ұстанымы ұлт өміріне қатысты тарихи зерттеулерде өмір фактісі есебінде зерттеуші назарынан тыс қала алмайды.  

                                                             * * *

Ташкентте ғылыми және оқытушылық қызметте жүрген М.Әуезов 1930 жылдың 8 қазанында кенеттен ОГПУ тарапынан қамауға алынып, Алматыға жөнелтіледі. Алматы абақтысында бұл кезде М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов бастаған алаштық зиялылардың екінші тобы үстінен тергеу ісі жүргізіліп жатқан еді. Осы арада қысқа болса да, бұл тергеу ісінің астарында жатқан елдегі жағдайға тоқталған жөн.

1930 жыл. И.Сталиннің қолдауымен  қазақ даласы үстінен Ф.Голощекин жүргізген «Кіші Октябрь» идеясы жүріп өткен сәт. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы және басқа да қазақ азаттық қозғалысының басшылары түгелдей ОГПУ абақтысы мен еңбекпен түзету лагерьлерінде отырды. Ә.Бөкейханов Мәскеуде үйқамақта. Саяси бастаушы күшінен айырылған қазақ бұқарасы қолына күрек-кетпенін қисық ауыз бердеңкесін алып көтеріліске шыққанына екінші жыл. Күш біріктіріп, қайрат көрсетуге Қарақұмға жиналған олардың саны 20 мыңнан асқан. Қазақ қоғамына төніп келе жатқан ашаршылық төбе көрсете бастайды. Бүкіл ұлттық қарсылыққа отбасындағы әйелдер де қосылды. Алапатты апатпен бетпе-бет келген Голощекин трагедияның себеп-салдарын қандай оппозициялық күшке аударарын білмей қатты састы. 1930 жылы 1 қазанда Қазақстандағы партиялық құрылыстың 10 жылдығына арналған жиналыста жасаған баяндамасында қоғамда орын алып отырған апатты жағдайдың түп-тамырын қазақ ұлтшылдығымен, ұлтшылдар тобының басында тұрған Смағұл Сәдуақасұлының қызметімен тікелей байланыстыруға бар күшін салды. С.Сәдуақасов бұл кезде Мәскеуде оқуда болатын. Қазақстаннан кетірілгеніне екі-үш жыл болған. Оны Алматыға жеткізіп, тергеуге салуға негіз жоқ-тын. Енді не істеу керек? Таяу жерде Ташкенттегі университетте қызметте жүрген Смағұлдың ең жақын, ұстанымы бір пікірлес досы Мұхтар Әуезов бар. Содан бастау Голощекинге жөн көрінді. Тергеу барысында жіптің ұшы Смағұлға да жетіп қалар деген ойда болды. М.Әуезовтің тез арада Ташкенттен Алматыдағы ОГПУ абақтысына жеткізілуі соған байланысты еді.

Сол жақта М. Хабибуллин, М. Әуезов, Ә. Марғұлан. 1926 жыл.(Сол жақта М. Хабибуллин, М. Әуезов, Ә. Марғұлан. 1926 жыл)

Жоғарыда аталған Алматы қалалық партактив жиналысында жасаған баяндамасында Ф.Голощекин негізгі мәселе ретінде компартияның алашордалықтарға байланысты ұстанымына егжей-тегжейлі тоқталды. Осы баяндамасында Голощекин жоғарыда аталған ІІ жалпықазақстандық советтер съезіне қатынасқан қазақ коммунистерінің М.Әуезовтің төрағалығымен өткен жиналысын «Байтұрсынов, Әуезов т.б басшылығындағы тек қазақтардан тұратын контрреволюциялық астыртын ұйымның» жиналысы ретінде атады. Ф.Голощекиннің бұл айтқан пікірі Ташкентте жүрген М.Әуезовті осы жылдың 8 қазанында ОГПУ тарапынан тұтқынға алып, Алматыға жеткізуге негіз болған еді.

Келесі, 1931 жылы 21 желтоқсанда даяр болып, Қазақстандағы ОГПУ бастығы міндетін атқарушы Хворостян мен оперуполномоченный Попов қол қойып, ОГПУ жанындағы прокурор бекіткен №2370 «Алаш ісі» бойынша айыптау қорытындысында М.Әуезовқа жоғарыда Ф.Голощекиннің айтқан ойымен үндес мынадай мазмұндағы айып тағылды: «Айыпталушы Әуезов Мұхтар Қазақстандағы партия және совет органдарындағы отаршылдықтың көріністерімен күрес деген желеумен астыртын құпия ұйымның тапсырмасына сәйкес, оның белгілеген шараларын іске асыруда белсенділік танытты. Орынборда өткен Қазақстан советтерінің  ІІ съезінде ол коммунистер мен партияда жоқ ұлтшыл делегаттардың тек қазақ бөлігімен жиналыс өткізіп, осы жиналыста отаршыл күштердің шабуылға көшкендігі және олармен күрес түрі жөнінде сөз болды. Әуезовтің «отаршылдықпен» күрестегі жақын серіктері астыртын құпия ұйымның мүшелері Сәдуақасов пен абақтыда отырған айыпталушы Омаров Әшім. Сәдуақасов сәтсіздікке ұшырап, партиядан шығып қалу қаупі төнгенде Әуезов оған Ташкентке кетіп, одан ары ферғаналық басмашыларға барып қосылу туралы кеңес береді. Ал бұл кезде ұлтшылдардың Ташкенттегі құпия ұйымының басмашылармен өзара байланысы болды».

Ф.Голощекиннің  тікелей араласуымен М.Әуезовқа байланысты айтылған айыптаудың астарында жатқан мақсатқа тоқталуға тура келеді. Голощекин, әрине, алаштық тұлғалардың қайсысын болсын соттап, жазалауға әзір тұрды. Бұл ретте, ол И.Сталиннің қолдауына сүйенді, тіптен оның тапсырмасын орындаушы жендет рөлін атқарды. Қанға құныққан құзғын сияқты ол М.Әуезовті абақтыға жауып, сындырып, сол арқылы өзінің ымырасыз жауы – Смағұл Сәдуақасовты жауапқа тартып, кезінде қазақ саяси басқарушы тобы алдында Вайнштейн, Ярославский (Губельман) және өзі сияқты көлденең көк аттылар үшін кек алудан үміттенді. Голощекин де және оның ОГПУ-дегі сыбайластары да өз мақсаттарына «міне, енді жетеміз» деген күйде болды. Бұл мақсатқа жету үшін жымысқы, адамгершілікке жат, жауыздық жолдар қарастырды. Мәскеудегі теміржол транспорты институтын бітірген С.Сәдуақасовты Қазақстанға да емес, Орта Азия өңіріне де емес, Донбасстағы теміржол құрылысына жіберді. Әдейі көзден таса, жат ортаға. Сонда жүрген Смағұл «суық тиді» деген диагнозбен Мәскеуге, Кремльдегі ауруханаға жеткізіледі. Ауруханаға түскен ол тез арада, түсініксіз жағдайда көз жұмады. Смағұлдың өлімі туралы оның жары Елизавета Әлиханқызы Сәдуақасова «оны жай ғана өлтіре салды» деген пікірде болды. Бұл пікір шындыққа тіптен де қайшы емес-тін және ол жоғары білікті дәрігердің тұжырымы еді. Ф.Голощекин бітіспес жауы Смағұлмен осылай есеп айырысты.

Жоғарыда аталған партактив жиналысында Голощекин ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлеріне байланысты үлкен өшпенділікпен ашыла және ашына сөйлеуі, әрине, жайдан-жай емес-тін. Бүкіл қазақ жері көлемінде советтік реформаға қарсы халық көтерілістері жүріп жатты. Елде жаппай аштықтың белгісі көріне бастады. Мемлекет өмірінде орын алып отырған бұл трагедия үшін кімнің жауап беретіндігі үлкен мәселеге айналған сәт болатын. А.Байтұрсынұлы, С.Сәдуақасов, М.Әуезов және басқа абақтыда отырған алаштықтарға мемлекет ішіндегі барлық жаланы үйіп-төгуі де соған байланысты еді.

Ф.Голощекиннің абақтыда отырған М.Әуезов пен Ә.Ермековтен биліктегі партиядан кешірім өтініп мәлімдеме жасауларын талап етуі Қазақстандағы трагедияны алаштық зиялыларға аударып салу әрекетінің бір ұшығы еді.  1932 жылы 10 маусымда «Социалды Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарық көрген М.Әуезовтің мәлімдемесі, онда сол уақытқа дейінгі шығармашылықта, сондай-ақ қазақ әдебиеті тарихын зерттеу ісінде ұстанған бағыты «қате» болғандығы туралы айтуға мәжбүр болған пікірі Әуезов өмірінің ең басты драмасы да еді. М.Әуезовтің бұл мәлімдемесін тарихи факті ретінде басқа да алаштықтардың трагедиялы тағдырымен бір арнада қабылдап, түсінген жөн.  

Абақтыдан әлгінде ғана шыққан  М.Әуезовтің жан азабы осымен аяқталған жоқ-тын. Ендігі уақытта ол жаңа мазмұн және сипат алды. 1933-34 жылдары қыста Қазақ драма театры, оның режиссері Орынбек Беков М.Әуезовтің 1928 жылы жазылған «Хан Кене» драмасын сахналау ісін қолға алады. Пьеса көктемге қарай даяр болады да, 1 мамыр қарсаңында алғашқы көрсетілімі сахнаға шығады. Бұл алашордашыл, буржуазиялық-ұлтшыл ретінде айыпталып, абақтыдан әлгінде ғана бостандыққа шыққан жазушының қоғам алдында көрінуі еді. Пьесаның сахнаға алғашқы шығуы оның соңғы шығуы да болды. «Хан Кененің» алғашқы қойылымын келіп көрген сол кездегі республиканың Халық-ағарту комиссариатының (Наркомпрос) театрлар бөлімінің меңгерушісі Ғабит Мүсірепов өлкелік партия комитетінің басшысы Л.Мирзоянға пьеса туралы тұжырымын жеткізеді. Хат соңында «7 мамыр 1934 жыл. Мүсірепов» деген белгі қойылған.

Хатта Ғ.Мүсірепов халком Темірбек Жүргенов пен пьесаны қоюшы-режиссер және театр жетекшісі Орынбек Бековтің М.Әуезовтің «Хан Кене» драмасын алдымен қоғамдық көрсетуден (яғни қойылымға қатысы бар деген идеология қызметкерлеріне) өткізіп алмай, бірден қалың көрерменге ұсынулары үлкен қателік болғандығын айта келіп, драмаға байланысты өз ұстанымын мынадай оймен түйіндейді: «...Жолдас Беков қоюшы (режиссер) ретінде қыс бойы «Хан Кене» қойылымы арқылы өз театрының шығармашылық жолын айқындауға күш салды, ал мұндай қойылым арқылы революцияшыл театрдың бағытын анықтау қателік ғой, театр мұндай тақырыптағы қойылым арқылы жаңа революциялық советтік бетін емес, ескі бағытта тұрғандығын бекітіп отыр».

Ғ.Мүсірепов бұл қойылып отырған мәселенің принциптік мәні бар екендігіне көңіл аударады. Өйткені театр «Еңлік-Кебек», «Арқалық батыр», сол сияқты «Хан Кенені» зор шабытпен қоя отырып, ал «Майдан», «Түрксіб» сияқты және басқа аударма революциялық тақырыптағы қойылымдарға келгенде солғындық танытқан. Театр қандай тақырып арқылы өзінің шығармашылық және көркемдік ұстанымын анықтағалы отыр – бұл үлкен принциптік маңызы бар мәселе.

Сонымен, 1934 жылы 8 мамыр күні болып өткен талқылауда өлкелік партия комитетінің мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі І.Қабылов төрағалық жасап, пьесаны талқылауға оның авторынан басқа,С.Сейфуллин, С.Асфендияров, Ғ.Тоғжанов, Ирубаев және О.Беков қатысады.

Ілияс Қабылұлы сөз беріп, халық комиссары Темірбек Жүргенұлы бірінші болып «Хан Кене» қойылымына өз ойын білдіреді. Бірден айтқан жөн, халком қойылымды үзілді-кесілді өшіріп тастауға қарсы екендігін білдірді. «Иә, рас, – деді ол, – елімізде Кене хан қозғалысы туралы, жалпы, қазақ тарихы туралы іргелі де жүйелі жазылған тарих әзірге жоқ. Соған байланысты халық арасындағы пікірге де құлақ қойған дұрыс. Осы ретте, Кенесарының жанында болып, оның өмірінің соңғы сәтін көз алдында өткізген Нысанбай сияқты ұлы жыраудың да пікіріне назар аударған жөн». Оның айтқанына зер салған кісі таптық көзқарасты да, ұлтаралық жағдайды да таба алады. Қара халықтың Кене хан ұстанымына қатынасын да байқайды.

«Голощекин басқарған жылдары бәріне де тыйым салынса, енді Мирзоян жолдас келген екен деп, екінші жақ бетке көз жұмып, алаңсыз кеткеніміз де болмас» деген ойды білдіреді.

Халком Т.Жүргеновтен соң сөз алған М.Әуезов бұл шығармасын жазуға қандай даярлықпен келгендігінен мәлімет беруден бастайды. Ал шын мәнінде жазушы бұл тақырыпқа қалам тартуға себепші болған жағдайдан бастауы керек еді. Оның бұл мәселеге соқпаған себебін бүгін түсінуге болады және солай жасағаны дұрыс та еді.

М.Әуезов үшін Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс – бұл ұлттық тәуелсіздік үшін күрес тақырыбы.

Құжаттық материалдар бұл ұлт өмірінің аса маңызды кезеңіне қатысты тақырыптың ұлы жазушы көңілінде зор толғаныс тудырып, өмірінің соңына шейін онымен бірге жүргендігін байқатады. Бұл ретте, мәселен, 1943 жылы жарық көріп, Мәскеудегі партиялық басшылық арасында үлкен мазасыздық тудырған «История Казахской ССР» кітабындағы «Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының азаттық күресі (1837-1847 жылдар)» аталатын тараудың (XIV т., 217-241 бб.) тікелей М.Әуезовтің белсенді ұстанымы арқасында кітапқа жеке тақырып ретінде енгізілгендігін, сондай-ақ бұл ғылыми мәселені Е.Бекмахановтың арнайы зерттеу тақырыбы ретінде алуына М.Әуезовтің шешуші ықпал жасағандығын айтудың өзі де аздық етпес еді. Егер қоғамда еркін шығармашылыққа қолайлы жағдай қалыптасқанда, М.Әуезовтің Кене хан бастаған көтеріліс тақырыбына кең көлемдегі шығарма арнауы әбден мүмкін еді.

Басқаша айтқанда, М.Әуезов сияқты зор талант иесінің бұл тақырыпқа келуі, әрине, кездейсоқ құбылыс емес-тін. 1917-19 жылдары оның көз алдында жеңіліс тапқан ұлт-азаттық (Алаш) қозғалысы мен Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс арасындағы өзара сабақтастығы жөнінде, бұл қозғалыстардың қайғылы жеңіліске ұшырауының себеп-салдарлары жөнінде М.Әуезовтің ойланбауы, әрине, мүмкін емес-тін. «Хан Кене» сияқты тақырыпқа мақсатты түрде қалам тарта отырып, ол оқырмандарын ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысының жеңіліске ұшырау себептері жөнінде ойлануға итермелеп, сондай-ақ ұлт болашағы үшін күрестің мұнымен аяқталмайтындығын көркем шығарма тілімен жеткізеді. Жазушы драманың соңғы көріністерінің бірінде өзі жақсы көретін ұлы Сыдықпен қоштасқан Кене ханның аузына мынадай сөздер салады. Кене хан Жоламанға: «Әй, өзгелерді қой, Сыдықты алып келші, маңдайынан бір сүйіп қалайын...» – деп, ал оны алып келгенде: «Бойы өсіп, бұғанасы қатпай жас қалып барады... Атаның не қасіретпен өткенін ұғатын, түсінетін кезі емес... Болмаса менің нәсілімде бір шағым қу қалса, осында бола ма деуші едім. ...ұлғайып азамат бол! Еш нәрседен қорықпа, қорғанба! Артыңа үлгі қалдыратын адам бол! ...Еліңнің ері бол! Ата жолын қуарсың... Бірақ заманың әлдеқалай болар. Кім білер?» – дейді.

Өзінің бұл тақырыпқа қандай даярлықпен келгендігін баяндаудан бастаған М.Әуезов: «...Пьесаны жазуға кірісуден бұрын, мен мол материал жинадым, сондықтан да Кене хан қозғалысының тарихын білемін деп сенімді айта аламын. Мен Орынбор және Омбыдағы құжаттық материалдармен, сондай-ақ қазақтар мен қырғыздардың арасындағы материалдармен таныспын. Мәселен, Кене ханның қырғыздармен қатынас кезеңі құжаттық материалдарға түспеген, сондықтан ол кезең жөніндегі мәліметтерді қырғыз арасынан жинауға тура келді.

...Кез келген тарихи фактіге байланысты әрбір зерттеушінің өз көзқарасының болуы ықтимал, дегенмен автор тарихи тақырыпқа байланысты өз концептуалдық ұстанымын қалыптастырмаса, онда материалды игеріп кете алмайды. Сол сияқты әркім өз тарих философиясын басшылыққа алады. Мен бұл жазған тарихты осы тұрғыдан қорытып, өзімше түсіндірдім.

Менің пьесамның белгілі бір идеясы мен мақсаты бар екендігін айтқаным жөн. Ал оны қабылдау немесе қабылдамау бұл басқа мәселе... Осында пікір айтқан кісілердің сөзіне қарағанда, мен кейбір персонаждарды ұлттың батыр тұлғалары ретінде әсерлеп (идеализация) көрсетіппін. Осыған байланысты мына жағдайды айтуға тиіспін. Ол персонаждар сол тірі күйінде қоғамда қабылданған, сондықтан да оны сайқымазақ бейне түрінде беруге болмайды.

...Наурызбай – қарапайым халық жадында ерік-жігерлі тұлға. Мен оны ерекше мінез иесі ретінде көрсетемін... Сонымен бірге ол тек қарабайыр күш иесі ғана емес. Оның сөздерінде ақыл бар. ...Менің байқағаным, егер Кенесары туралы сөз болса, міндетті түрде оның патшалықпен күресін көрсету керек екен. Жоқ, менің пьесам алдына ондай мақсат қоймаған... Пьесаның  мақсаты, идеясы басқа, ол пьесаның өзекті жібі ретінде азды-көпті айтылады».

М.Әуезов осы кіріспе сөзі арқылы-ақ біраз нәрсені, негізгі ойын астармен жеткізген еді. Бірақ большевиктік идеология ұстанымына табан тіреп алған дискуссияға қатысушы шешендерге тағы бір басқа екінші ұстанымның, «бұлыңғыр» тарих философиясының пайдасына айтылған дәлелдер мен аргументтердің мүлдем қажеті де жоқ-тын. Оларға жүктелген міндет «алашшыл» Әуезовті жаңа таптық философия тұрғысынан ауыздықтау еді. Сондықтан да келесі сөз алған С.Сейфуллин пьесаның пролетарлық емес өзекте сәл ертерек жазылып, кейінірек енгізген өзгертулер «жасыл түсті фонға қып-қызыл жалау» жапсырғандай болып шыққандығын, сондай-ақ Әуезовтің ықыласы революцияшыл кейіпкерлер жағында емес, ұлтшыл Наурызбай жағында екендігіне көңіл аударады.

С.Сейфуллиннің пікірінше, Кенесарының мақсаты қазақтардың патшалық билікке қарсы қозғалысын пайдаланып, атасы Абылай хан тұсында құлаған хандық билікте халыққа тиімді ештеңе де болған емес-тін. «Маған бұл қозғалыста батыр да, хан да және би де феодалдар табының өкілі, ортақ мақсаттағылар ретінде көрінеді.

...Менің ойымша, «Айман-Шолпан» да шындықтан алыс тұр. «Айман-Шолпанда» қазақтың ірі байларының үрім-бұтағын көреміз. Бұлар қазақ феодалдары, ал қарапайым қара қазақ жоқ. Біз пьесадан жарқыраған, көз қарықтыратын феодалдың қыздары мен ұлдарын көреміз, ал қазақ бұқарасы оған қатыспайды». Пьесадан байқалатын келесі нәрсе, ол – автордың көрерменнің ұлттық сезіміне тиюге құмарлығы екен.

Дискуссияда сөз алған С.Асфендияров пен Ғ.Тоғжанов та пьесада қарапайым халықтың революциялық қозғалысынан гөрі Кене хан мен Наурызбай сұлтанды әсірелеп көрсету әрекеті барына назар аударып, «Кенесары хан болғандықтан да, халық қаһарманы ретінде көрсетілуі қателік» деген пікірді білдіреді.

Талқылауға төрағалық жасаған І.Қабылов та «жаңа пьеса даярлау бұл біздің театр қызметкерлерінің ғана жұмысы емес, бүкіл қауымның, үкіметтің, сондай-ақ партия ұйымының да ісі», ал кеңестік театрда хан тұқымы сахнаға неге қаһарман болып шығып, тіптен өмірден қаһарман болып өтуі тиіс, бұл, әрине, пьесаның кемшілігі деген тұжырым жасайды.

«Хан Кене» драмасын талқылауға байланысты Ғабит Мүсіреповтің пікіріне тоқталмай өту, әрине, мүмкін емес. Өйткені жазушы «Хан Кенеге» 30 беттен тұратын «Хан Кенені» қандай тұрғыдан қайта қарау қажет?» деген тақырыппен көлемді сын-пікірін білдірген.

Ғ.Мүсірепов «Хан Кенеге» дейін де, одан кейін де қазақ азаттық қозғалысын тура түсінген жазушы емес-тін. Ол бұл ұстанымын 1927 жылы жазған «Тулаған толқында» әңгімесі арқылы ашық әрі анық танытқан. Әрине, ҚазАПП ұстанымы арнасында. Әлеуметтік қанау мен надандықтың иіріміне тартылып, өзгенің мүддесіне жұтылып, малы таланып, намысы аяқасты болып, қараңғы түнекте жол таба алмай қиналып тұрған сорлы  жұртқа «Оян, қазақ!», төңірегіңе қара, «Ел бол! Өз жолыңды тап!» деп, қолына әліппесін ұсынып, газет-журналын, кітабын шығарып, сауат ашуға шақырып, сол ісі мен сөзі үшін абақты есігін көріп, дүлей биліктің бітіспес жауына айналып, жетім жұртына аласұрып араша түскен жанашыр азғана зиялылар шоғырына жүдеу тіршілік еңсесін езіп, санасын күнделікті нан табу әрекеті билеп алған қарапайым халықты қарсы қойып, оның аузына «Қолымызға ұстатқаныңды, көзімізге көрсеткеніңді айтшы! Құрғақ қасық ауыз жыртар!» деген сияқты ертеңі жоқ арзан сөз салып, жазушымыз большевиктік идеологияға құрақ ұшып қызмет жасауға әзірлігін таныта  білген.

Бұл ұстанымына беріктігін ылғи да танытып отыратын Ғ.Мүсірепов «жылма-жыл мемлекетке миллиард пұт астық беруден айнымайтын» халықтың ертеңгі тағдыры туралы, қазаққа басқа бақыттың, ертеңгі қажетіне жарайтын басқа рухани азықтың бұйыруы мүмкін екендігі туралы ойлануға қазақ баласын шақырмайды, тіптен осы арнада ойланудан тайсалады, тартынады. Ғабаң үшін М.Әуезовтің драмасында Кене ханның аузымен айтылған «атаның не қасіретпен өткені» туралы кейінгі ұрпаққа ойланудың қажеті жоқ, артық әрекет. Бұл – Қазақстанда советтік кезеңде орын алған «өзгерістердің ортасында болған, «әдебиет майданында» бағын сынаған классик жазушымыздың жасаған тұжырымы.

Бұл арада қарсы уәждегілердің «маған ол кезде олай еді ғой, былай еді ғой» деген аргументтер келтіруі, әрине, мүмкін. Ондай пікірдегі ағайынға кешірім өтіне отырып айтарым: өмірде уақыт тезінен өтпейтін нәрсе жоқ. Бұл өлшем ең алдымен әдебиет туындысына тиесілі. Әдебиет туындысы – рухани  өмірдің айнасы. Ғ.Мүсірепов «Тулаған толқында» шығармасын жазған жылы (1927) ешқандай да классик емес, бірақ Құдай берген қасиетімен өмір шындығына терең сүңгіп үлгерген данышпан Смағұл Сәдуақасұлы «Құлдықтан құтылу үшін Қазақ елі төңкерістен бұрын, ұлт ұранын көтерді. Әуелі ұлт болып алып, әуелі ұлттық есімізді жинап алып, орыстың капиталының тегеурінінен құтыламыз» деген тұжырым жасап, алдын ала бұл пікірін анықтай түсіп, «империализмнің қол астындағы  ұлттардың бостандық жолының Индия, Африка қозғалыстарыныңбәрінің ұраны осы» деп жалғастырды.

Бір қызығы, сол С.Сәдуақасұлы бұл ойын империализмнің отаршылдық жүйесінің іргесі сөгіле бастап, бірақ әлі ыдырай қоймаған кезінде өз елінің тәжірибесіне сүйене отырып айтты. Бұл өз елінің қандай тарихи кезеңді басынан кешіріп отырғанын тура бағамдап, соған сәйкес алдында тұрған міндеттерін тура түсіндіріп берудің үлгісі емес пе еді?! Иә, рас, қазақ зиялыларының бәрі бірдей заманында жүріп жатқан қоғамдық процестерді мұндай дәрежеде қорыту деңгейіне көтеріле қойған жоқ-тын, ол, әрине, жеңіл-желпі нәрсе де емес-тін. Кезінде еліміздің өмірінде орын алған бұл тарихи процестерді мүмкін болғанша шынайылық тұрғыдан қорыту мүмкіндігіне соңғы жылдарда ғана қол жеткізе бастадық. Оның екі себебі бар. Біріншіден, советтік идеология тарих қойнауына кетті. Аяқталған қоғамдық циклді қорыту жеңіл шаруа еместігі түсінікті, дегенмен болады. Екіншіден, советтік тәжірибені қорытуға мүмкіндік тудыратын жабық архив қорлары толық түрде ашылмаса да, қолжетімді күйге біршама жақындай түсті.

Сол кейінгі кезеңде қолжетімді болған тағы бір құжатты атап өтейік. Ол – Ғ.Мүсіреповтің қалың репрессиялық шаралар жүріп тұрған 1937 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетіне жеке өзінің жіберіп алған қателіктеріне байланысты биліктегі  партиядан кешірім сұрап жазған арызы. «Тулаған толқында» саяси тұрғыдан зиянды қателіктер жүйесіне орын алдырып, Алашорда сияқты ұлтшыл-фашистердің сөзіне мінбер беріп қойған екенмін, уақытында оларды әшкерелейтін мықты теңеулер таба да алмаппын» деген ойға келіп, Алаш идеологиясы мен әдеби шығармашылығын «ескі атқорадан» тараған «заразаға» теңейді.

жалғасы мына сілтемеде: М.Әуезов және Ғ.Мүсірепов: ұстанымдағы қайшылықтар (II)

Байланысты жаналықтар

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

05.04.2024

Сафуан Шаймерденовтің жары Бағдат апа дүниеден озды

06.03.2021

28 қыркүйек – Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей мен Шерхан Мұртазаның туған күні

28.09.2020

«АБАЙ БОЛМАҒАН» ДЕГЕН НЕ СҰМДЫҚ!  

23.07.2020

ӘУЕЗОВТЕР ӘУЛЕТІ. Жақындар мен жәдігерлер

20.05.2020
MalimBlocks
Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

87 жыл бұрын (1936-2020) – Қазақстанның тіл ғылымы саласындағы әйгілі академик Өмірзақ АЙТБАЕВ дүниеге келді, деп хабарлайды Malim.kz.

Сафуан Шаймерденовтің жары Бағдат апа дүниеден озды

28 қыркүйек – Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей мен Шерхан Мұртазаның туған күні

«АБАЙ БОЛМАҒАН» ДЕГЕН НЕ СҰМДЫҚ!  

ӘУЕЗОВТЕР ӘУЛЕТІ. Жақындар мен жәдігерлер