«Болашақпен» Ресейде оқыту дұрыс па? Сарапшылар не дейді?

Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» бағдарламасының бағыты өзгеретінін айтты. Оның «Жастарымызды оқуға, мүмкін ең алдымен Ресейге, белгілі техникалық оқу орындарына жібереміз» деген сөзі қоғамдық пікір тудырды. Malim.kz бұл жөнінде сарапшылардың ойын біліп көрді.

Олжас Қасым

  • 25.01.2022

Гүлшат Бақытжанқызы, Білім саласындағы саясат және көшбасшылық мамандығы бойынша Лидс университеті магистрі, Абердин университетінің докторанты

«Мұндай шешімдерді референдумға салған дұрыс»

Біріншіден, бүгінгі күні, біздің жастарымыздың көбі ресейлік оқу орындарында тегін әрі стипендия алып оқып жатыр. Әсіресе солтүстік аймақтардағы студенттердің көбі сонда кетеді. Өйткені Ресей жастарды тарту, демографиясын өсіру бойынша білім саласында осындай саясат ұстанып отыр. Сонымен бірге, «Болашақ» бағдарламасымен де Ресейдің үздік оқу орындарында білім алғандар және алып жатқандар бар. «Болашақ» бағдарламасының ерекшелігінің өзі  - жастарды ең үздік білім ордаларында  оқыту. Ал ең үздіктер, қай сала болмасын, Батыс оқу ордаларында. Сондықтан, бұл жерде «Болашақ» бағдарламасының бағытын арнайы тек ресейлік оқу орындарына бұру деген болмау қажет. Талапкер қай мықты оқу орнына түссе, сол қаржыландырылуы тиіс. Мәжбүрлеу немесе арнайы қаржыны белгілі бір елге жоспарлы бағыттау болмауы тиіс. Екіншіден, бұндай шешімдер жоғарыдан төмен түсірілмеуі керек. Қандай зерттеу жасалды, ненің негізінде осындай ой айтылды? Бұл тағы да кеңестік үлгіде, "жоғарыдан-төмен" стиліндегі шешімге ұқсайды. Мұның ар жағында қандай контекст тұр? Бізде көршімен экономикалық одақ бар, одан бөлек EGOV туралы шу болды, тағы атом станциялары туралы қаттырақ айтыла бастағанын қоғам болып  байқап отырмыз. Бұл макродеңгейдегі контексттің аясында алып қарасақ, енді техникалық білімді негізінен көршіден алуға басымдық береміз деген сыңайдағы айтылымның идеологиялық астары бар екені байқалады. Меніңше, мұндай шешімдерді референдумға салған дұрыс немесе эксперттік ғылыми орталықтар зерттеу жүргізіп негіздеуі және қоғам алдында дәлелденуі тиіс. «Жоғарыдан айтылды, болды!» деп кете беруге болмайды.

Арман  Қоспанов, Мәскеу энергетика институтының түлегі

«Ресейдің оқу жүйесі ескірген»

Бұл шешіммен келіспеймін. Егер білімге қаржы жұмсау керек болса, көршілес елдер емес, Еуропа немесе Америка, Канададағы  оқу орындарына бағыттаған дұрыс. Өйткені Ресейдегі оқыту жүйесі, білім базасы, оқу бағдарламалары әбден ескірген. Осыдан 10 жыл бұрын ол жақта білім сапасы жақсы еді. Мен 10 жыл бұрын Мәскеуде техникалық білім алдым. Содан бері аталған елдің білім жүйесінде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Жаңалық дейтіндей ештеңе айта алмаймын.

Нұрмұхаммед Досыбаев, Кембридж университетінің түлегі, білім саласы бойынша сарапшы

«Болашақтықтарды» ешкім «осы университетте оқы» деп міндеттей алмайды

Бұл мәселеге жан-жақты қараған жөн деп санаймын. Біріншіден, Президентіміздің дипломат екенін ескерген дұрыс. Ол әрбір сөзіне нақтылық беруге тырысады. Үңіліп қарасақ, ол жерде тек Ресейдің университтері демеген, басымдықты техникалық мамандықтарға назар аударуға берді. Атап айтқанда, Ресейдегі өзін мойындатқан техникалық оқу орындары деді. Ондай университеттер бар екенін білеміз. Екіншіден, Ресейдегі көп университеттер грант бөледі. «Болашақпен» шетелге, Ұлыбританияға, Америкаға жастарымызды жіберіп жатырмыз. Ол үшін біз қыруар ақша төлейміз. Бұл ақшаға магистратура, докторантура деңгейіндегі 500 грант бөлеміз. Сондай-ақ, 500-ге жуық қысқа мерзімді тағылымдамадан өтуге жіберіледі. «Болашақтың» өзінің шектеулі жылдық бюджеті бар. «Болашақ» арқылы таңдау, үгіт-насихат жұмыстары жүретін болса, ресейлік оқу орындары тегін оқытады. «Болашақ» студенттердің жүріп-тұру шығынын ғана қамтамасыз етеді. Себебі, оқу тегін. Сол арқылы «болашақпен» оқу мүмкіндігі 500 адамнан әлдеқайда көп болмақ. Сонымен қатар, техникалық тұрғыдан ресейдің кейбір университеттері  үздік. Ондай университеттер «Болашақтың» рейтингі жоғары  оқу орындарының тізіміне енгізіледі. Бірақ, тізімге қосылғанымен, «болашақтықтарды» ешкім осы университетте оқы деп міндеттей алмайды.  Оны студенттің өзі таңдайды. 

Мәселен, құрылыс саласын алатын болсақ, көптеген материалдар Қазақстанда өндірілмейді.  Сондықтан осы өндірістерді дамыту үшін мықты технарьлар керек. Мысалы, жақында ғана мектеп құрылысымен айналыстық. Сол кезде бұл олқылық басымыздан өтті. Құрылыс материалдарының бағасы әлденеше есе шырқап кеткен. Бәрі импортпен келеді. Елімізде оларды өндірмейді. Материалдардың көпшілігі Ресейден келеді. Біздің мамандар көрші елдегі технологияны меңгеріп, өзімізде өндіре бастау қажет. «болашақпен» оқып келсе Қазақстанға оралып, міндетті түрде бес жыл қызмет ету керек. Сондықтан бұл шешімді кең ауқымда қараған абзал.

Самат Нұртаза, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, сарапшы

«Басшылықтың ауысуы – түбегейлі өзгерістердің бір белгісі»

 «Болашақ» «Халықаралық бағдарламалар орталығының» басқарма төрағасы ауысқанын білесіздер. Ресейдің Ломоносов университетін бітірген Әнуар Жанғозин басшылыққа келді. Ол да «Болашақ» бағдарламасын түбегейлі өзгерістер күтіп тұрғанынан бір «белгісі». Яғни Британия емес, АҚШ емес, Ресейде оқыған түлектің келуі біраз жайттан хабар береді. Дегенмен, Бауман сияқты университеттерде техникалық мамандықтарды жақсы оқытады деп естідім. «Болашақ» арқылы  100 пайыз Ресейге бұрылу дұрыс емес. Оксфорд, Кембридж, Стенфорд, Гарвард университеттерін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ та, Президенттің бұл пікірі  Ресейге де көңіл бөлейік деген месседж деп ойлаймын.

Байланысты жаналықтар

«Астана — нашар қала»: Димаштың анасы ресейлік блогерді орнына қойды

24.12.2024

Павлодар облысында жүк көлігімен Ресейге ұшақ алып өтпек болған

21.12.2024

Ресей VPN қолданушыларды аңдуы мүмкін

19.12.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентіне көңіл айтты

18.12.2024

Ресей Сириядан тікұшақтары мен техникаларын әкетіп жатқаны айтылды

15.12.2024

«Манчестер Сити» – бірінші, «Астана» – 135-орында. УЕФА клубтар рейтингін жариялады

14.12.2024
MalimBlocks
«Астана — нашар қала»: Димаштың анасы ресейлік блогерді орнына қойды

Варламовтың айтуынша, Астана өмір сүруге қолайсыз қала

Павлодар облысында жүк көлігімен Ресейге ұшақ алып өтпек болған

Азамат айыппұл арқалады

Ресей VPN қолданушыларды аңдуы мүмкін

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентіне көңіл айтты

Ресей Сириядан тікұшақтары мен техникаларын әкетіп жатқаны айтылды

Дегенмен, негізгі базаларын қалдыратыны айтылады

«Манчестер Сити» – бірінші, «Астана» – 135-орында. УЕФА клубтар рейтингін жариялады

Рейтингте қазақстандық бірнеше команда бар