Трамп: Арнайы өкіл Уиткофф Ресейге тамызда барады

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Ресей басшылығымен келіссөздер жүргізу үшін 6 немесе 7 тамызда Мәскеуге сапар жасайды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп 3 тамыз, жексенбі күні журналистерге мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Трамптың айтуынша, қазір Уиткофф Газа секторындағы мәселелерге назар аударып отыр.
"Мүмкін, ол келесі аптада, сәрсенбі немесе бейсенбі күні Ресейге барады деп ойлаймын. Олар оны көргісі келеді, кездесуге шақырды. Көрейік, бұл сапардан не шығады", – деді АҚШ президенті.
Украинадағы соғысты тоқтатудан Ресей бас тартса не болады деген сұраққа Трамп:
"Онда санкциялар болады. Бірақ олар санкцияларды айналып өтуге шебер. Сондықтан бұл қалай боларын көреміз," – деп жауап берді.
Оның айтуынша, санкциялардан құтылу үшін Мәскеу "адамдар қырылуын тоқтататындай келісім" жасауы қажет.
"Біз көптеген елдерді соғыстан тоқтаттық," – деді Трамп, мысал ретінде Үндістан мен Пәкістанды, Камбоджа мен Таиландты, Конго Демократиялық Республикасын және Руанданы атап өтіп. "Біз бұл соғысты да тоқтатуға ниеттіміз, мұны біреу істеуі тиіс", – деді республикашыл саясаткер.
Еске сала кетейік, 31 шілдеде Трамп Уиткоффтың Ресейге таяудағы сапарын хабарлағанымен, нақты датаны атамаған болатын. Бұған дейін Уиткофф пен Путин 11 ақпан, 13 наурыз, 11 сәуір және 25 сәуірде Ресейде келіссөздер өткізген еді.
Фото: IMAGO/ITAR-TASS

Ең көп оқылған
