Өрт сөндіруші: Өртенген жердің иесі ғана жүгіріп жүреді, көршілері қарап тұрады

Қанша маңызды мамандық болса да, Қазақстанда көп елене бермейтін саланың бірі - өрт сөндіру қызметі. Malim.kz тілшісі Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы нөмірі 13-бөлімінің өрт сөндірушісі Самат Мекетаевпен мамандықтың машақаты мен рахаты жайлы сұхбаттасты.

Ақниет Аманжолқызы

  • 06.04.2022

   -Менің білуімше, көпшілігі өрт сөндіруге әскерден кейін жұмыс іздегенде келеді. Ал сіздің бұл мамандықты таңдауыңыздың себебі неде?

   -Бала кезімнен Семей қаласында тұрып келем. Бұрындары жеке үйде тұрғанбыз. Сол кезде көршіміз болды. Сергей Алексеевич деген өрт сөндіруші болатын. Сол кісінің қызметіне қатты қызығатынмын. Кейін мен де Ақтаудан әскери борышымды өтеп келгенде сол кісі жұмысқа шақырды. Бастапқыда Жезкент қаласында істеп жүрдім. Кейін осы мемлекеттік өртке қарсы қызметтің Семей қаласындағы бөліміне емтихандар, нормативтер тапсырып көріп, жұмысқа қабылдандым. Қазір осы жерде жұмыс істеп жүргеніме 8 жылдан асты.

   -Қандай емтихандар тапсырдыңыз?

   -Заң бойынша құқықтық актілерден емтихан тапсырдық. Дене шынықтыру жаттығулары, алғашқы медициналық көмек көрсету бар. Одан кейін бізді бірден жұмысқа қабылдай салмайды. Жұмысқа тағайындалу туралы құжат қолға тигеннен кейін 35 күн алғашқы дайындық оқулары болады. Құрылғылармен жұмыс істеу, физикалық жаттығулар, медициналық көмектің бірнеше түрін білу керек. Оқу біткеннен кейін бөлімге қайта келіп, он күн тағылымдамадан өттім. Онда кезекші топпен өртке барып, сыртынан қарап тұрасың. Кейде жұмсап жібереді, лом немесе күрек алып кел деп. Бірақ авариялық құтқару жұмыстарына қатыса алмайсың. Тағылымдамадан кейін 3 рет кезекшілікке түсіп көру керек, яғни тағылымдамада таңертең келіп, кешке кетсе, кезекшілікте күндіз-түні жүреді. Осының бәріне үйренген адам ғана жұмысқа араласуға рұқсат алады.

   -Алғаш өртке барған кезіңіз есіңізде ме?

   -Алғаш жұмысқа кірген кезде қауіпті өрт оқиғалары болған жоқ. Есімде қалғаны жарты жылдай жұмыс істегеннен кейін бір үй жанып, біз жеткенде төрт терезеден шыққан оттың жалыны екі метрдей болды. Елестетіп көріңіз, терезенің биіктігі бір метрден асса, жалын одан да биік болды. Келе салып, жан жақтан су бердік. Бөлім командирі екеуміз үйге кірдік. Өрт түпкі бөлмеде болған соң, жақындаған сайын ыстықты сезе бастайсың. Сол кезде бетімдегі маскам еріп, бетке жабысып қала ма деп ойладым. Жалын ұрған кезде қалай артқа шегінгенімізді түсінбей қалдым. Терезеден кіріп, ақыры сөндіріп алдық.

   -Өртке шақырту алған кезден бастап қандай іс-қимылдар жасалатынын айтып бере аласыз ба?

   -Жиналып, жолға шығуға бір минут беріледі. Қоңырау түскен кезден бастап, дайындық жүргізіледі. Мысалы, үй жанып жатыр деп қоңырау түсіп, екі-үш көлік шығыңдар дейді. Біз жолға шығып бара жатып рациямен ақпарат жинай бастаймыз. Кім хабарласты, қандай ақпарат берді, үйде біреу қалды ма, зардап шеккен адам бар ма, бәрін келмей тұрып алдын ала сұрай береміз. Үй туралы мәлімет аламыз, неше қабат, ағаштан не кірпіштен салынғаны, электр тогы қалай орналасқан. Келген кезде өз көзімізбен көріп, баға береміз, үйді жан-жағынан толық айналып, аралап шығамыз. Жер үй болса, көршісінің ауласынан кіріп, сол жаққа от өтіп жатқан жоқ па анықтаймыз. Қатты жалын болған жағынан су беріп, жолын бөгейміз.

    Бірақ мұның бәрінен де маңыздысы адам өмірі. Өрт сөндіру қызметі деп аталғанымызбен алғашқы мақсатымыз адамдарды құтқару. Қанша мемлекеттік байлық немесе маңызды құжаттар жанып жатса да, бастысы адам өмірі. Адамдарды толық құтқарып болғанда, іште ешкім қалмады деген ақпарат алған кезде ғана өрт сөндіру жұмысына кірісеміз.

   -Сіз адам құтқардыңыз ба?

   -Иә, осы кезге дейін екі адам құтқардым. Бізде ауа аппараттары бар. 6-8 көлемді 1литрлік баллон ішінде таза ауа қысымы болады. Соны артып алып, түтіннің ішіне кіреміз. Оның жанында құтқару қабы болады. Адамды тауып алған кезде сол қапты басына кигізіп, жан-жағын толық бітеп, байлап, баллонға қосамыз. Екеуміз бір баллонмен демалып, көтеру керек болса көтеріп, өзі жүре алса, сүйеп алып шығамыз. Ары қарай 103 қызметі келсе сол кісілерге тапсырамыз. Олар әлі келе қоймаса алғашқы көмек көрсетіп, жасанды дем беріп, жүрек қағысын тексеріп, сынған, шыққан дене мүшелерін қатты байлап, бұрау саламыз.

   -Сол адамдарды құтқарып алғаныңыз үшін марапат, медаль таға ма?

   -Біз ондай марапатты сұрамаймыз. Кейбір кісілер болады сол жерде рақметін айтып жатады. Уақытында келдіңіздер, уақытында сақтап қалдық деп. Кейбір кісілер заң жүзінде департамент бастығына хат жазып, марапатқа ұсынуды сұрайды. Бірақ мен үшін «Рақмет, жігіттер» деп айтқанының өзі көңілді көтеріп тастайды.

   -Жаңағы баллоннан бөлек тағы не көтеріп жүру керек?

   -Адам құтқаруға кіргенде керегі баллон мен қап негізі. Одан бөлек үстіміздегі форма бар. Өз салмағым 80 килограмм, формамен баллон шамамен 20 килограмм болатын шығар.

   -Өртке қатысты жағдайды алсақ, Шығыс Қазақстан облысы статистикада алғашқылар қатарында тұрады ғой. Неге?

   -Біздің жағдайды алып қарасақ. Семей қаласындағы өрт сөндіру бөлімшесі қалаға және қаладан 43 шақырым жерде жатқан барлық аймаққа қарайды. Яғни қаланың сыртында шаруа қожалықтарында, егін алқаптарында болған өрттің бәріне біз барамыз. Біздің бөлімде 44 адам қызмет етеді. Басшылық, тазалық жасайтын кісілер, жүргізушілер, өрт сөндірушілер бар, бәрі. Бір кезекшілікте штат бойынша негізі тоғыз-он адам. Демалыс күндері немесе біреу ауырып қалған жағдайда одан аз болуы да мүмкін. Осының бәрі әсер етеді деп ойлаймын.

    Өртті өзіміз өшіре алмайтын болсақ, көмек шақырамыз. Олардың өз деңгейлері бар, 2-3-деңгейді 30-40 адам мен 11 көлік жабылып өшіру керек болады. Ол кезде қаладағы барлық бөлімдер бірігеді.

    Техникалық қауіпсіздік жұмыстары деген бар. Мысалы, бізде ең көп болатын өрт оқиғалары жазық далада болады. Ескірген техника қолданады, темекі тастап кетеді, қарапайым әйнек бөтелкенің өзі өртке әкелуі мүмкін. Күнмен шағылысқанда құрғап жатқан жер лезде өртенеді. Өрттің басталуы жеңіл, тоқтауы қиын процесс қой. Қазір адамдар бір-біріне жаны ашымайды. 43 шақырым жерге біз жетіп болғанша, бір сағатқа жуық уақыт кетеді. Барсақ жердің иесі ғана жүгіріп жүреді. Көршілері көмектеспей қарап тұрады.

    Егер қаланың сыртында болатын өрт сөндіру жұмысы бір-екі күнге созылса, сол жақта жүре береміз. Қаладағы өртте кезекшілер келеді. Бірақ дала өртіне барған топ аяғына дейін жүру керек. Себебі кезекші топ қалада болуы керек. Облыс аумағында болатын өртке де шақырады. Мысалы, былтыр Риддерде өрт болды. Оған тіпті авиация шақырып, сонымен сөндірді. Бізден де кезекші құрам кетті, жеке құрам десант боп барды. Өскеменнен, Риддерден қанша техника алып барды. Біздің жігіттер бірнеше ұйқысыз жүріп, өртті толық сөндірді.

   -Өрт сөндірушінің жұмысы несімен қызық?

   -Өрт сөндірушілер жұмыста ұйықтап жатады да, өрт болғанда шыға салады деп ойлайды ғой. Сосын көбі бұл жұмысқа үш күн демалады деп қызығады. Бірақ үш күн демалып, бір күн жұмысқа келсең, оның несі жұмыс болады. Үш күн жатпайсың ғой, үнемі физикалық дайындықтан өтесің, алғашқы медициналық көмек көрсету сабақтары, құқықтық сабақтар бар. Оның пайдасын өртке барғанда көресің. Одан бөлек, Семейде әртүрлі зауыттар көп, соларға барып, өрт қауіпсіздігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Күзде жеке тұрғын үйлерді аралап, пештерін тексеріп, қауіпті жағдайлар болса, ескертіп, қалай тазалау керегін түсіндіру керек. Мұның үлкен пайдасы бар деп ойлаймын, сол түсіндіру, тексеру жұмыстарының арқасында өрт біраз азайды.

    Бізде Семейдің қақ ортасын жарып Ертіс ағып жатыр. Соның жағалауларына барып, рейд өткіземіз. Көктем шығысымен демалысқа шығып, кәуап пісіретіндер, ішімдік ішіп, темекі шегетіндер көбейеді. Ертіс деген өте тылсым өзен, оның бір жері таяз, бір жері терең, бірде ақырын ақса, бірде толқынмен төменге тартады. Соның бәрін түсіндіруге тырысамыз. Өкінішке орай, осы өзенге батып кететін жағдайлар бойынша біз облыс аумағында жақсы статистика көрсетіп тұрғанымыз жоқ. Өзеннің біз жақ бөлігін бекер Қара Ертіс деп атамайды. Тура қазіргі уақытта аса қауіпті, мұз еріген кез ғой. Бір-екі бұрын екі қыз суға кетті. Біреуін әкесі құтқарып үлгеріпті. Екіншісін сүңгуірлер алып шықты су астынан.

    Сосын бұл жұмыстың қызығы, меніңше, жалын деп ойлаймын. Былайша айтқанда, тәуелділік сияқты. Оттың ішіне кіріп, суды бар қысыммен қосу, от пен судың күресін көру.

   -Біздің елде өрт сөндіру қызметі бағалана ма?

   -Шынын айтсақ, біз басқа қызмет түрлеріне қарағанда, артта қалып қалғандай сезім болады. Мысалы, қаржылық жағынан алып қарағанда, алғаш жұмысқа кірген адам 100-120 мың жалақы алады. Ол мына заманда жеткілікті қаражат емес қой. Бізде кілең ер азаматтар жұмыс істейді. 130 мың теңгеге үш-төрт балалы отбасын асырап жүрген жігіттер бар. Қатты қиналады. Оның үстіне кейбірі пәтер жалдап тұруы керек. Мысалы, әскерилерге бағдарламамен баспана береді ғой, сол сияқты бізге де бағдарлама болса, дұрыс болар еді. Жігіттерге біраз көмек болады. Техника жағынан реттесе дейміз. Ескі ЗИЛ-дарды қолданыстан шығарса. Жақсы көліктеріміз де бар, бірақ кішкене көбірек болса, жұмысқа тиімді болар еді.

    Қазір енді жеке министрлік қылып бөлді. Үміт көп, бізге де көз қырын салса деп ойлаймыз.

    Еңбекті халық бағалайды деп ойлаймын. Мысалы, өрт сөндіруге келе салғанда «қайда жүрсіңдер, неге ерте келмейсіңдер?» деп ұрсып бастайды. Адамдарды өрттен шығарып, отты өшіріп, үйлерін аман алып қалғаннан кейін барып, сабырға келіп, рақмет айтады. Өз басым оларды да түсінемін. Үйлері өртеніп жатқанда ашуланбай қайтеді?! Сондықтан ренжіп, ауыр сөздер айтатын шығар. Бәрібір соңында рахметі бар жұмыс қой. Тура сол бізге артқа жауапкершілікті әр адам өзіне артса жақсы болар еді. Ең бастысы өз өміріне жауапкершілікпен қараса.

Байланысты жаналықтар

Абай облысында әкімдік жерге қатысты заңсыз қаулы шығарған

25.04.2024

Абай облысында 2 ер адам құтқарылды

18.04.2024

Семейде бір үйдің екі баласы із-түзсіз жоғалып кеткен

17.04.2024

ШҚО-да жауын-шашынға байланысты шағын өзендер тасуы мүмкін

09.04.2024

Құлсары қаласында су басқан үйден 4 бала мен анасы құтқарылды

08.04.2024

Өскеменде теракт жайлы жалған хабарлама таратқан тұрғын жауапқа тартылды

04.04.2024
MalimBlocks
Абай облысында әкімдік жерге қатысты заңсыз қаулы шығарған

Жер заңдарының нормаларына сәйкес, жайылым алқаптары жеке меншiкке пайдалануға берiлмейдi.

Абай облысында 2 ер адам құтқарылды

Оқиға орнына түнде келген құтқарушылар кептеліп қалған көлікті өзеннен сүйреп шығарды.

Семейде бір үйдің екі баласы із-түзсіз жоғалып кеткен

Тек жоғалғандардың сөмкесі қаланың ортасындағы құрылысы аяқталмаған ғимараттың маңынан табылыпты.

ШҚО-да жауын-шашынға байланысты шағын өзендер тасуы мүмкін

Қауіпті учаскелер анықталып, тәулік бойы бақылау жүргізіліп жатыр.

Құлсары қаласында су басқан үйден 4 бала мен анасы құтқарылды

Үй терезесінен айқайлап көмек сұраған дауыс шыққан.

Өскеменде теракт жайлы жалған хабарлама таратқан тұрғын жауапқа тартылды

Өскемен қаласының тұрғыны полицияға терракт жайлы жалған хабар бергені үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Malim.kz.