Педагог өлімі: Аймағамбетов көңіл айтқан жоқ, бақылаушылар қашып кетті – куәгерлермен сұхбат

Кеше Алматыдағы көлік және логистика академиясында ұлттық біліктілік тестін (ҰБТ) тапсыру кезінде 1973 жылы туған педагог қайтыс болды. Malim.kz тілшісі кеше тест тапсырған педагогтермен сөйлесіп, оқиғаны куәгерлер көзімен баяндайды (кейіпкерлердің қауіпсіздігі мақсатында кейбір ұстаздардың аты-жөні өзгертілген).

Ақниет Аманжолқызы

  • 15.04.2022

Алматыда қайтыс болған педагог жүрек ауруына байланысты емханада есепте тұрған. Кеше тест тапсырған мұғалімдердің айтуынша, марқұмның жағдайы нашарлаған тұста бақылаушы комиссия өкілдері оқиға орнынан кетіп қалған. Ер адамға алғашқы медициналық көмекті тест тапсырып отырған мұғалімдер көрсеткен.

«Мен басқа кабинетте отырғанмын. Біреудің айқайлағанын естідім. Біздің куратор да жанымызда болған жоқ. Мен тестті тез аяқтадым да, сол кабинетке бардым. Ер адам жерде жатыр, қыздар пулсін тексеріп көрген екен, мен де тексердім. Ерні көгеріп, денесі суып кетіпті. Бірақ сонда да қыздармен мидың біраз уақыт тірі қалатынын, жүрекке аппарат қосуға болатынын айтып, жасанды дем бере бастадық. Ал тексерушілер қашып кетті. Біреуді телефон алып келіп, жедел жәрдем шақыруға жұмсадық (тестке телефон алып кіруге рұқсат жоқ – ред.)», - дейді оқиға куәгері Сара.

Өзін ғимарат басшысы деп таныстырған адам мен ҰБТ-ға жауапты қызметкер оқиға орнына 20 минуттан кейін келіп, жедел жәрдемді кім шақырғанын сұраған. Марқұмға көмектескен мұғалімдерді орталықта біраз ұстап отырып, кейіннен «қайта беріңіздер» деген. Педагогтер полицияны күтіп, куәгер ретінде ақпарат береміз деп кетпеген. Жедел жәрдем мен полиция келгенде телефондарын қайтарып берген. Алайда полиция мұғалімдерден куәгерлік жауап алмаған. Тек марқұмның қайтыс болғаны туралы фактіні тіркеген.

«Телефонымызды бергенде бірден журналистерді шақырдық. Олар келгенде сол мұғалімді құтқарып қала алмағанымыз үшін біз кешірім сұрадық. Көмек көрсете алмағанымыз үшін ұялдық. Ал оларға (тексерушілерге – ред.) бәрібір болды», - дейді Сара.

Куәгерлердің сөзінше, ер адамның жағдайы сағат 9:10 шамасында нашарлаған. Яғни мұғалімдер тестті толық орындап үлгермеген. Оларға «ер адамды жедел жәрдем алып кеткеннен кейін тестті жалғастыра аласыздар, күте тұрыңыздар», деген. Алайда оның қайтыс болғаны анықталғанда «қайта беріңіздер, өзіміз хабарласамыз», депті.

«Ешқандай хабар жоқ. Шешімді өздері шығарып тастаған. Мысалы, мен екінші рет тапсырып отырмын. Үшінші рет ақылы түрде тапсыруым керек болады ғой?» - дейді осы тестті тапсыру үшін Алматыға ауылдан арнайы келген Анар.

Ұстаздардың кейбіріне «бір аптадан кейін тапсыра аласыңдар», деген. Алайда кеше тесттен шыққан педагогтер өздерінің бұл жағдайдан психологиялық травма алғандарын айтады.

«Егер бұл жағдай басқа бір елде болғанда, жақын маңда дәрігер отыратын еді. Көмек көрсететін еді. Осы оқиғаны көрген бізге тегін психологиялық қолдау көрсететін еді. Мен екі күн қатарынан жұмысқа бара алмай жүрмін. Себебі бұл күйде балалардың жанында бола алмаймын. Қолымызда адам өліп жатқанда, «ештеңе етпейді, келесі аптада тапсырасыңдар», дейді. Біз келесі кіргенде сабақты ойламаймыз. Ешкім өліп қалмасын деп отырамыз», - дейді Сара.

Кешегі күні көлік және логистика академиясында тест 3 ауысыммен өтуі керек еді. Бірінші ауысымдағы қайғылы оқиға салдарынан кейінгі ауысымдарда тест тапсырмаған. Алайда тест тапсыру үшін олар таңғы 9-дан бастап, академия маңына жиналған. Сондықтан оқиғаны өз көздерімен көрген.

«Қазақстан тарихынан сырттай білім алып жүрген болашақ ұстазбыз. Осы тест үшін Шымкенттен келіп, пәтер жалдап тұрып жатырмын. Сағат 3-те Қазақстан тарихы мен педагогикадан тестілеу өтуі керек болған. Мен ерте барып алғанмын. Оқиғаны өз көзіммен көріп, мұғалімдердің жанында жүрдім. Ана жерде ұстаздар қарбаласып жатыр, адам қайтыс болып жатыр, директорлары хабарласып, сабаққа келіңдер деп ұрысып жатыр. Маған бірінші рет тест тапсыруға келген жас маман ретінде қатты шок болды. Мынадай жағдайдан кейін қалай жұмысқа кіріп, қалай сабақ беремін», - дейді компьютермен тапсыратын тест үшін Шымкенттен Алматыға келген болашақ ұстаз Дүйсенби Балбөбек.

Педагогтердің айтуынша, кешегі келген тест сұрақтары әсіресе қазақ тілінде түсініксіз болған. Мәселен, төмендегі суретке мән беріңіз. Рим санымен жазылуы тиіс жауаптар, латын-кирилл қаріптерімен жазылған.

Бұдан бөлек, мысалы, «Педагогтің құзыреттілігі құзыреттің қалыптасқан деңгейіне тәуелді» деген сұрақ келген. Алайда орыс тілінде де сұрақтардың түсінікті болғаны шамалы.

«Мынадай сұрақ бар: «19 ғасырда ойыншықты ойлап тапқан кім?» Балабақша тәрбиешісі ретінде бұл сұрақтың маған қандай қатысы бар? Мен ойыншықтың қауіпті-қауіпсіз түрлерін, қайсысы қай жасқа арналғанын білсем болды емес пе? Мысалы, «белгілі бір жағдай болғанда ата-анамен сөйлесу тәсілін табыңыз» деп, «жиналыс, әңгімелесу» деген жауаптар қойған. Бірақ нақты қандай жағдай болғанын жазбаған. Егер бір балаға қатысты болса, әңгімелесу, одан көп балаға қатысты болса, жиналыс болып кетеді», - дейді Сара.

Оның сөзінше, тест сұрақтарының түсініксіздігінен бөлек, комиссия бақылаушылары да аса қатал. Мәселен, ол тапсырған тестілеудің бір кезеңінде егде жастағы әйел дәретханаға шықпақ болған. Бақылаушы оны жекіп, педагог орнына отырып жылап қалған. Басқа әріптестері араша түсіп, бақылаушыны жөнге салғаннан кейін ғана оған сыртқа шығуға мүмкіндік берген.

Мұғалімдер тестті кімнің жасап шыққанын, оны кімнің бекіткенін де біліп, сол адамдарды педагогтердің орнына бірнеше күн мектепте немесе балабақшада жұмыс істеп көруге шақырғысы келеді. Содан кейін барып, педагог жұмысына қатысты өзгеріс енгізуі керегін айтады.

Оқи отырыңыз: Аймағамбетов аттестациясына мұғалімдер ашуланып жатыр

Осыған дейін біз педагогтер аттестациясына эссенің енгізілуі туралы материал жазғанда министр мұғалімдердің талқысына көмекшілерін қатыстырып, өзі тасада қалған. Бұл жолы да "Асхат Аймағамбетов марқұмның туыстарына көңіл айтты" немесе "осы жағдайға алаңдаушылық білдірді" деген ақпарат жоқ. Көмекшілері де үнсіз.

Оқи отырыңыз: Не үшін эссе жазамыз? Мұғалімдер Аймағамбетовті әлі түсінбей жүр

Біз болған жағдайды ескере отырып, педагогтерден білім және ғылым министрлігіне қоятын талаптары мен ұсыныстарын сұрадық:

  1. Кеше, яғни 14 сәуір күні, көлік және логистика академиясында тест тапсыруы керек болған барлық 3 ауысымдағы мұғалімдерге шекті 100 баллды автоматты түрде қойып беру;
  2. Ұлттық біліктілік тестін тапсыртпай, педагогтерді аттестациялау жүйесін бұрынғы дәстүрлі форматқа, яғни колледждің, мектептің немесе балабақшаның өзінде аттестациялауға көшіру;
  3. Екінші ұсыныс қаралмаған жағдайда жұмыс өтілі 25 жылдан асқан мамандарды категориядан өту тестілерінен босатып, олардың сол кезге дейінгі категорияларын зейнет жасына дейін сақтап қалу;
  4. Екінші ұсыныс қаралмаған жағдайда колледжге-мектепке-балабақшаға жұмысқа кірмеген немесе жаңа кірген жас мамандарды ҰБТ-дан босатып, оларға тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беру.
  5. Екінші ұсыныс қаралмаған жағдайда педагогтер тапсырып жатқан тестілеудің шекті балын жоғарлатпау. Осыған дейін 561-бұйрық бойынша, мәселен, педагог-шебер болу үшін 18 балл жеткілікті болған, алайда кей мұғалімдердің тест қорытындылары шыққан кезде осы категория бойынша шекті балл 25-ке көтерілгені жазылған.

Осы талаптарға қоса, бірнеше сұрағымызды министрлікке және ұлттық тестілеу орталығына ресми сұраныс ретінде жібердік:

  • Неліктен педагогтер тест тапсырып отырған жерге алғашқы медициналық көмек көрсететін жедел жәрдем бригадасы кезекші ретінде шақырылмаған?
  • Марқұм педагогтің жағдайы нашарлаған тұста жедел жәрдем көлігін кім шақырды? Ереже бойынша кім шақыруы керек еді?
  • Осы оқиғаға байланысты жауапты тұлғаларға сөгіс немесе басқа да шаралар қолданыла ма?
  • Осы оқиғаға куәгер болған педагогтерді психологиялық қолдау жұмыстары неге қарастырылмаған?
  • Тест сұрақтарын кімдер жасайды және кімдер бекітеді?
  • Тест сұрақтарының қазақ тіліндегі нұсқасы орыс тілінен тікелей аудармамен жасалғанын қалай түсінуге болады?

Сонымен қатар, оқиға орнына бара тұра, куәгерлермен кездесе отырып, олардан куәлік алмаған полиция өкілдеріне қатысты сұрағымызды Алматы қалалық полиция департаментіне жолдап, сот-медициналық сараптамаларының қорытындысын сұрадық.

Байланысты жаналықтар

Алматы метросының басшылығы сауда нүктесін жалға алушыларға заңсыз салық төлеткен

22.11.2024

Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

21.11.2024

Алматыны қар басты: Бір түнде 52 жол апаты тіркелді

14.11.2024

Алматыда бөгде ер адам әйелге шабуыл жасады

11.11.2024

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

10.11.2024

Алатау және Алматы арасында аэромобиль қатынайды

09.11.2024
MalimBlocks
Алматы метросының басшылығы сауда нүктесін жалға алушыларға заңсыз салық төлеткен

Оларды қосымша келісімдер жасауға мәжбүр еткен

Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

Іздеуде жүрген адамдарды тануға, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді

Алматыны қар басты: Бір түнде 52 жол апаты тіркелді

Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге үндеу жасады

Алматыда бөгде ер адам әйелге шабуыл жасады

Ол қызды құлатып, баспалдақтан төмен қарай сыртқы есіке дейін жармасып барады

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

Шешуші ойында ұлттық құрама Жапонияны ұтты

Алатау және Алматы арасында аэромобиль қатынайды

Алатау қаласын дамыту мәселесі қаралды