Не үшін эссе жазамыз? Мұғалімдер Аймағамбетовті әлі түсінбей жүр
Былтырғы жылдың соңында Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ мұғалімдердің аттестациядан өту процесіне өзгерістер енгізді. Олардың ішінде ұстаздар өтетін аттестация тестілеуінен кейін эссе жазу туралы ереже бар. Мұғалімдер осы мәселені қызу талқыға салды. Біз мұғалімдердің түрлі әлеуметтік желілердегі ең көп қойған, ең көп түсінбеген бірнеше сұрақты жинап, министрлікке жолдап көрдік.
«Е, өзіміздің мұғалімдердің сұрағы екен ғой», деді ме екен, министрлік көп сұрақтарға түсініксіз жауап беріпті. Сонда да, өз министрліктерінің тілін бір түсінсе мұғалімдер түсінер, жазып көрейік деп, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Педагогтарды ең көп мазалаған сұрақ – эссе жазудың мақсаты не және оның қандай пайдасы бар? Расында, өзі де басы қатып жүрген мұғалімдер үшін бұл оңай жұмыс емес екені анық.
«Эссе жазу өте пайдалы, себебі авторға ойларды нақты және сауатты тұжырымдауға, ақпаратты құрылымдауға, негізгі ұғымдарды қолдануға, себеп-салдарлық байланыстарды бөліп көрсетуге, тәжірибені тиісті мысалдармен суреттеуге және тұжырымдарды дәлелдеуге мүмкіндік береді.
Эссе – бұл кішігірім көлемдегі және автор өз ойын еркін түрде жеткізе алатын шағын жазбаша шығарма. Эссе нәтижесінің аттестацияға әсері жоқ. Дегенмен, педагогтерді аттестаттау ережесіне сәйкес эссе жазу міндетті болып табылады», - деп жауап берді министрлік.
Министрлік эссеге балл қойылмайтынын, нәтижеге әсер етпейтінін айтады. Ал, мұғалімдер эссені кім, қалай тексеретінін, олардың жауапкершілігі қандай екенін біле алмай дал болып жүр.
Бізге келген жауап бойынша, «эссені электронды форматта жазу керек екен. Оны аттестаттау комиссиясының мүшелері оқиды». Бар болғаны сол. Олардың мақсаты қандай және міндеттері не деген сұраққа мұғалімдер тағы бас қатыра тұрады деген сөз.
Эссеге баллдың берілмеуі мұғалімнің уақытын босқа шығындау болмай ма? Бұл да мұғалімдер қойған бір сұрақ. Министрлік бұған тағы да эссенің пайдасы туралы айтуды жеткілікті санапты:
«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес педагог өзінің кәсіптік шеберлігін, зерттеу, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үздіксіз жетілдіруге, оның ішінде біліктілік санаты деңгейін бес жылда бір реттен сиретпей арттыруға (растауға) міндетті. Сондықтан еліміздің болашағы балалардың білім сапасын арттыру жолындағы әдіс-тәсілдердің барлығы ешкімге зиян келтірмейді деп ойлаймыз».
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов аттестациясына мұғалімдер ашуланып жатыр
Министрлік жауабына сүйенсек, эссе жазғызу педагогтің жұмысына қорытынды ретінде талқыланып, оның білімін бақылау және тексерудің тиімді әдісі болмақ. Мұғалімдердің уақытын құр шығындау емес пе дегенді басқалай түсініп қалды ма екен, эссеге берілетін 30 минутты 1 сағатқа созу туралы мәселе қаралып жатқанын ескерте кетіпті.
Аттестациялау бағасына әсер етпейтіндігіне қарамастан міндеттеліп отырған эссе жазуға қатысты ұстаздарды мазалаған тағы бір сұрақ эссенің тақырыбы болды. Министрлік тақырыптар жалпы сипатта және педагог кәсіби құзыреттілігі аясында болатынын ескертті. Мұғалімдер өз кәсібіне қатысты тақырып болатын болса, кейбір мамандар эссені алдын ала жаттап кіруі мүмкін екендігін және бұндай жағдайда эссенің пайдасы болмайтыны жайлы уәж айтып жүр.
«Жыл сайын эссе тақырыбын білім беру саласындағы уәкілетті орган анықтайды. Тақырыптар әртүрлі сипатта болады. Сондықтан жаттап алатын мәселе туындамайды деп ойлаймыз», - деп жауап берді бұл сұраққа министрлік.
Педагогтер арасында қозғалған тағы бір мәселе: «Мұғалімге әр аттестациядан өткен сайын эссе жазғызбай, жұмысқа қабылданған мамандардың сауаттылығын тексеру керек делінген. Бұл ұсынысқа қатысты сұрағымызға министрлік мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығын жіберіпті.
Ал эссені неге тек мұғалімдер ғана жазады, аттестациялаудан өткен мектеп басшылары (директор мен оның орынбасарлары) неге жазбайды деген сұраққа берілген жауап та жаңылтпаш сияқты:
«Білім беру ұйымдарының басшылары және басшы орынбасарлары эссені педагог ретінде жазатын болады. Ал басшы ретінде оларға күрделі міндеттер қойылған». Түсініп көріңіз.
Жауаптарының діттеген жерге тимей жатқанын сезді ме екен, министрлік өкілдері осы сұраққа қосымша ретінде «Білім беру мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі екенін» қосып қойыпты:
«Мемлекет бір орында тұрмайды, үнемі дамиды, онымен бірге білім саласы да үздіксіз дамиды. Мектептің мақсаты мен міндеті мектеп бағдарламасы аясында оқушыларды белгілі бір білім қорымен қаруландыру болып табылмайды, мектептің басты мақсаты - баланың жеке тұлғасын қалыптастыру, оның қабілеттерін дамыту. Сондықтан педагогтер өз жұмыстарында педагогикалық іс-әрекетті ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін қарастырып, онда оқуды ұйымдастырудың тиімді жолдарын қолдануы тиіс», - деп қоса кеткен.
Аттестациялаудың жаңа ережесіне қатысты бір сұраққа ғана нақты жауап келген. Ол зейнет жасына екі жыл қалған мұғалімдердің квалтест тапсыруы жөнінде. Яғни заңға сәйкес зейнет жасына екі жыл қалған мұғалімдер аттестациядан босатылады. Алайда зейнетке шыққаннан кейін мектепте жұмыс істеу ниеті болса, тест тапсыруға міндетті.
Министрліктің жауабына сүйенсек, енгізілген өзгерістер бір жыл бойы педагогикалық қауым арасында талқыланған. Және ереже алдын ала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым министрлігі, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесі, Жеке меншік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісіліп, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми орталықтан сараптамадан өтті. Және жобаны жасауға арнайы жұмыс тобы құрылып, солардың ұсынысы негізінде енгізілген. Алайда жұмыс тобының құрамы жайынды ақпарат берілмеді.