Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?
Кешегі тағайындаулардың ішінде елдің назарын ерекше аударған – Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің орнынан кетуі болды. Үш жарым жыл бойы министр болған Аймағамбетовті қимайтындар аз емес екен.
Министр Асхат Аймағамбетов министр болған уақыт ішінде өз имиджін қалыптастыруға барынша күш салды. Ол осы жолда әдемі есеп беріп, атқарып жатқан жұмыстарын артығымен көрсетіп жіберуден де тартынып қалған жоқ. Ылғи да 99 пайыздық межені төңіректеп жүретін министрдің сөзі бір емес бірнеше мәрте ісімен сәйкеспей қалып жүрді. Соның бәріне қарамастан оның бұл ұмтылысы жемісін артығымен берді.
Алғашында көлеңкеде отырып-ақ көп нәрсеге қол жеткізіп келген министр соңына қарай ашық пиар жасауға көшті. Соның ішіндегі ең үлкен оқиға – 36 мың теңгелік мектеп формасы. Балаларының мемлекеттік мектеп пен мемлекеттік балабақшаға баратынын айтып, соны үлкен жетістік санайтын министрдің баласына мектеп формасын сатып алып жатқан видеосы тарады. Онымен де тоқтамай, сатып алған чегін көрсетіп, Үкімет отырысында сөйлеп, дәл соы формаға байланысты екпінін біразға дейін баса алмай қойды. Әрине, бұл видео мұндайда «неткен қарапайымдылық!» деп, шенеунік пен атақты адамдарды айналып-толғанып шыға келетін жалпақ жұрттың ризашылығын алды. Дегенмен, министрдің бұл әрекетін ашық сынап, мектеп формасының қымбат екенін айтып, шағымданушылар да аз болған жоқ.
Педогог мәртебесі. Құланның қасуына мылтықтың басуы
2018-2019 жыл көп балалы аналар мен мұғалімдер белсенген жыл болды. Көп балалы аналар ашық наразылық білдіріп, Ақордаға дейін барды. Ал, мұғалімдердің наразылығы сәл басқашалау өрбіді. Бұрын онша көзге түсе бермейтін белсенді мұғалімдер көптеп шыға бастады. Және азаматтық белсенділер де мұғалімдердің құқығын қорғау туралы жиі мәселе көтеріп жүрді. Осының нәтижесінде, мұғалімдер проблемасына бүкіл қоғам қосылып кетті. Әр әр жерде әкімдіктің жұмысын істеп, сенбілікте жүрген, жол бойын тазалап, ағаш әктеп жүрген мұғалімдердің видеосы жиі тарап кетіп жатты. Аты-жөнін атамауды сұрап, БАҚ арқылы мектептеріндегі заң бұзушылықтар туралы да айтушылар көбейді. Президенттің атына ашық хат жазушылар, арызданушылар қаптап кетті. Осы қозғалыстардың нәтижесінде бұл мәселе президент деңгейінде айтыла бастады.
Оқи отырыңыз: Педагог өлімі: Аймағамбетов көңіл айтқан жоқ, бақылаушылар қашып кетті – куәгерлермен сұхбат
Педагог мәртебесі туралы алғаш рет экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты. Ол 2018 жылғы қазан айындағы жолдауында әкімдік жұмыстары мен сайлаулар, саяси науқандарда мұғалімдердің жүретінін, оларға ақша төленбейтіні, тіпті, оларды жөнсіз тексеретіні туралы айтып, келесі жылдың соңына дейін «Падагог мәртебесі» туралы заң қабылдауды тапсырды.
Осыдан көп ұзамай 2019 жылдың ақпан айында Ерлан Сағадиев кетіп, орнына Күләш Шәмшидинова келді. Бұл кезде педагог мәртебесі туралы заң жобасы дайындалып жатқан кез. Сағадиев те, Шәмшидинова да мұғалімдерден аз сөз естіген жоқ. Шәмшидинова ұстаздардың басу үшін, келе салып «2019 жылдың шілде айынан бастап мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға артады» деп, сүйінші сұрап тастады. Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауынан дәл төрт күн өткенде Шәмшидинованы алып тастап, орнына Аймағамбетовті қойды. Сөйтіп, мұғалімдердің жалақысы қарыштап өсе бастаған шаққа дәл келген жаңа әрі жас министр мұғалімдердің құтқарушысындай көрінді.
Бұрынғы президенттің кейінгі президентке үш хат тастап кететіні туралы мысал бар еді ғой: Сондағы негізгі айтқан өсиеті: «Мені жамандай бер!» дегенге келеді. Аймағамбетовтің алғаш келген күннен бастап берік тұтынған ұстанымы осы болды деуге болады. Аз уақыт ішінде бұрынғы министрлерді жамандап, білім және ғылым министрлігіндегі, білім беру саласындағы былықтар туралы өзі айтып қана қоймай, түрлі авторлар атынан түрлі материалдар ұйымдастырып, «Аймағамбетов мықты болса осы мәселелерді шешу керек» деген ләмдегі мақалалаларды қаптатып жіберді. Және артынша сол мақалалар бойынша баяндама, мәлімдеме жасап, жүрген жерінде «еститін министр» болып көрініп жүрді. Қысқасын айтқанда, онсыз да шегіне жетіп тұрған мәселелердің шешуші кезеңіне дөп келген Аймағамбетов бұл істі барынша жақсы атқарып шығуға тырысты. Және әр жолы өзін көрсетіп қалудан тартынған жоқ.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов бұйрығы. Қағазбастылықтан қағазбастылыққа дейін...
Қазақстандағы ең ұлы армия – мұғалімдер десек, олардың алдында абройлы болу президенттің өзіне де ауадай қажет еді. Сондықтан, ол «Педагог мәртебесі» туралы заңның тез арада қабылдануына мүдделі болды. Аймағамбетовке тапсырылған негізгі шаруа да осы болды. «Мұғалімдердің жалақысы 2 есеге артады» деген «громкий» мәлімдеме де осы Аймағамбетовтің кезінде айтылды. Алғаш президенттің аузынан шыққанына қарамастан, бұл да Аймағамбетовтің есебіне жазылып кетті. Иә, мұғалімдер министрдің бұл ерлігіне ерекше тәнті болды. Және мұғалімдер оның бұл жақсылығын соңына дейін ұмытқан жоқ. Қандай науқанды да ың-шыңсыз атқарып шықты. Тіпті, бірер мәрте қосымша жұмысқа жегіліп жүрген жерінен көзге түсіп қалған мұғалімдер «өз бастамаларымен шыққанын» айтып, министрге шаң жуытқан жоқ. Мұғалімдер армиясының осынша қолдауына ие болған өзі сүйкімді, өзі жас министр туралы қандай да бір жағымсыз, сыни материал байқала қалса, әлеуметтік желілерде кейбір мұғалімдер мақала немесе жазба авторын қарғап-сілеуге дейін барып жатты. Мұндай құрметке Аймағамбетовке дейін ешқандай министр ие болып көрген емес.
Лицензия. Университеттер мен балабақшалар
Аймағамбетовтің министр болып тағайындалғаннан соңғы мықтап қолға алған бір шаруасы университеттерді толықтай тексеруден өткізді. Онлайн жұмыс істеп, диплом таратумен айналысып келген университеттерді жапты. Дегенмен, бұрын министр болған Бақытжан Жұмағұловтың, Ерлан Сағадиевтің атына қатысы бар деген университеттерді «білімге сырттан құйылған инвестиция» деген анықтама берді. Бұл бағытта біраз бастама көтеріп, үлкен университеттерді біріктіру туралы айтып, тіпті, кейбірін жабу керек деп қалып жүрді де, көп ұзамай бұл туралы айтпайтын болды.
Оқи отырыңыз: Аралас мектеп дауы. Аймағамбетов әлі үнсіз
2020 жыл бойынша берген есебінде 65 мың студент оқып жатқан оқу орындары жабылғанын, 110 лицензия қайтарып алынғанын айтты. Бұл шаруа 2019-да басталып, 2022 жылы да жалғасты. Аймағамбетов, тек университет жабумен ғана емес, балабақша жабумен де айналысуға ниеттенді. Бірақ, балабақшаның жайы универсиеттерге қарағанда қиындау еді, сондықтан, лицензияны заңсыз иеленіп, кейбір орталықтардың жалған көрсеткішпен көп ақша алып келгенін айтқанмен, жауып тастауға бара алмады. Есесіне, лицензиялаудан өте алмаған балабақшалардың «формалды түрде жабылғанмен, сол ғимаратта, сол проблемалармен қайта ашылып жұмысын жалғастыра беретінін» айтты да, тып-тыныш бола қалды. Оның себебі, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша ашылған балабақшаларды тексеруді тоқтату туралы бұйрыққа қол қойған да өзі болатын. Оның үстіне, дәл осы кезде президент Тоқаев та балабақшамен қамту ісінің қарқынды жүріп жатқанын айтып қойған...
ҰБТ, қағазбастылық һәм пандемия
Аймағамбетовтің ел аузынан түспей кеткен кезі – короновирус пандемиясы болды. Министр болғанына жарты жыл өтіп, мұғалімдердің алдында бедел жинап үлгерген Аймағамбетов пандемия кезінде мұғалімдерді «бір шыбықпен айдады». Қашықтан оқу басталған соң, алғашында кейбір мұғалімдер «интернетім жоқ» деп, онлайн сабақ оқу қайда, күнделік толтыра алмайтынын айтып, шағым білдірді. Бұл қиын жағдай еді. Бұрыннан проблеманың бар екенін «мойындай» отырып, шебер ақталып шығатын министр цифрландырудың нашар екенін, оған Білім және ғылым министрлігінің қатысы жоқ екенін, жауапты министрлікпен біріге отырып шешудің жолдарын қарастырып жатқанын айтып жүріп, аман өтіп алды. Алдымен мұғалімдерді «Күнделік» толтырудан босатты да, артынша компьтер жетіспеушілігі сөз бола бастағанда, кейбір оқушылардың үйіне барып оқытыңдар деген тапсырма берді. Мұғалімдер «бұл карантин тәртібін бұзу емес пе?» деп жатпастан, сүйікті министрінің тапсырмасын орындауға асықты.
Оқи отырыңыз: Оқушылар Аймағамбетовті тыңдамай жатыр
Карантин кезіндегі ең үлкен мәселе – ҰБТ болды. Уақыты ұзарып, балалардың жүйкесін жұқартқан бұл науқан пандемия ғана емес, бақылау талаптарының күшейгені де болды. 2020 жылғы ҰБТ кезінде Аймағамбетов «биылғы тәртіп бұзышылықты анықтау 2019-дан 100 есе артық болды» деп мақтанды. Нәтижесінде, 2500 оқушы тыйым салынған заттар алып кіргені үшін тест тапсыру құқығынан айрылды.
2021 жылы мұғалімдерге үндеу жолдап, пандемияға байланысты қиындықтарды бірге еңсеруге шақырғанмен, мұғалімдердің ҰБТ-сы – Ұлттық біліктілік тестін тапсыру кезінде өзін ылғи жақсы көріп келген мұғалімдердің арыз-шағымына құлақ аспай қойды. Аттестациядан өткізуді 5 жылдан 3 жылға түсіріп, талапты тым күшейтіп жіберген Аймағамбетов ҰБТ тапсыру үстінде Алматыда қайтыс болған мұғалім өліміне қатысты да көпке дейін жақ ашпай қойды. Тым кешігіп жасаған мәлімдемесінде де оқиға орнында болған бақылаушылардың нұсқасын қайталай салды. Ал, дәл осы оқиғаға куә болған мұғалімдер дәл осы кезде «біздің көз алдымызда кісі қайтыс болды, тест тапсыру тоқтатылды, бізге психологиялық қолдау білдіретін адам жоқ», деп шағым айтып жүрген.
Аймағамбетов қағазбастылықты жоямын деп екпіндей келгенмен, мұғалімдердің жүктемесін соншалық жеңілдетіп те жіберген жоқ. Ара-тұра «басбұзар» мұғалімдер тарапынан БЖБ мен ТЖБ салдарынан қағазбастылықтың күшейіп кеткені туралы шағымдар БАҚ беттерінен көрініп қалады. Құжаттарды онлайн толтыруға мүмкіндік бар дегенмен, біріншіден, бұл да мұғалімдердің қаншама уақытын алады, екіншіден, көпшілігінде компьтер пайдаланатын жеткілікті сауат жоқ, компьтердің тілін білетін мұғалімдерге жалынышты болып жүр, жаппай сауатты болып кетуге интернеттің жетімсіздігі де себеп, сол себепті, көп мұғалім ескі тәсілге жүгінуге мәжбүр.
Хиджаб дауы
Аймағамбетовтің кезінде бірнеше мәрте мектептерде хиджаб кию проблемасы көтерілді. Бұның соңы орамал таққан қыз балалардың мектептен бас тартуына әкелді. Кейбір ата-аналар «өзге елге көшіп кеткені туралы анықтама» жасатып, «өзге елдің мектебінде қашықтан оқып жатқанын» айтып мектепке бармай қойды. Белсенділер тарапынан олардың құжаттары жалған екені, ешқандай да мектепте білім алып жатпағаны, ешқандай елге көшпегені туралы күмән айтылғанмен, Асхат Аймағамбетов бұл мәселеге тереңдеп бара алмады.
Оқи отырыңыз: Не үшін эссе жазамыз? Мұғалімдер Аймағамбетовті әлі түсінбей жүр
Осы жазда ғана аяқ асты өзі бастап хиджаб дауын қайта қозғады. Ол мектепке бармай қалып жатқан оқушылардың бар екенін жасыра алмайтынын, бұл мәселені бір жақты қылу керек екенін айта келіп, Қазақстанның зайырлы мемлекет, мектептің зайырлы мекеме екеніне назар аудара отырып, «бәлкім рұқсат беру керек шығар» дегендей ниет танытты. Оның бұл бастамасына қоғам белсенділері мен бірқатар ата-аналар қарсы шықты. Көпшілігінің пікірі – мектеп діни насихат жүргізетін орта емес, онда оқушыларға шығармашылық еркіндік берілу керек дегенге саяды. Дін ұстанатын ата-аналар петиция жолдап, хат жазып, хиджаб киетін оқушыларды онлайн оқуға рұқсат беруін де сұрады. «Ерекше жағдайда ғана қашықтан оқуға болатын оқушылардың» қатарына орамалды қыздарды қоса алмайтынын жұқалап жеткізгені болмаса, министр осыдан кейін 2016 жылдан бері шу болып келе жатқан мәселені жылы жауып қоя салды.
Әліппе мен 12 жылдық білім беру жүйесі
Аймағамбетовтің «педагог мәртебесінен» кейінгі бітірген ең үлкен шаруасы Әліппені қайтаруы. Ол орнынан кеткенде көпшілік оның осы екі еңбегін ерекше айтып жатты. Әліппені қайтару арқылы сансыз алғысқа кенелген, ұлтшыл атанған министр келген күннен бастап-ақ көпшіліктің көкейін тап басты. Бертін келе мектепке дейінгі даярлық топтарында талапты азайтып, балаларға ойын түрінде білім беруді іске қосты. Мұғалімдердің ғана емес, оқушылардың да жүктемесін азайту туралы бастама көтерді. Бұл тек мұғалімдерді ғана емес, оқушы бағып отырған ата-аналарды да риза қылатын бастамалар еді.
Аймағамбетов қол қоя алмай кеткен бір құжат – 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу туралы бұйрық. Ол 2019 жылы келе салып, «12 жылдыққа 2021 жылы көшеміз» деп жар салды. Одан кейін 2020 жылы «2021 емес, 2022-де көше бастаймыз», деді. 2021 жылы «2023-те өтеміз», деді де, ақыры 2022 жылы «2024-те кезең-кезеңімен көшуді бастаймыз», деді. «Асығыстық танытуға болмайды, алдымен мектеп бағдарламаларын дайындап алайық», деп жүріп, арасында президенттің берген жаңа тапсырмаларын алға тартып, бұл мәселені қиналмай шегере берді. Анығында, 12 жылдық мектеп туралы 2006 жылдан бері естіп келе жатқан елдің қызығушылығы аз болды, Аймағамбетовке келіп-кетер ұпай да шамалы болды. Ата-аналар жаппай наразылық білдірсе де, БЖБ (бөлім үшін жиынтықты бағалау) мен ТЖБ-ны (тоқсан үшін жиынтықты бағалау) қорғап қалғанын; «Үздік педагог» байқауының сыйақысын еселеп өсіргенмен, байқауды ашық өткізу туралы мұғалімдердің наразылығын елеусіз қалдырғаны; лицензиялаудан өтпей қалған балабақшалардың ары қарай жұмыс істей беруіне мүмкіндік беріп қоюы да оның имиджіне нұқсан келтіре алмады.
Оқи отырыңыз: «Аймағамбетов "Үздік педагог" атағын заңсыз үлестірді»
Аймағамбетов, қалай дегенде де, ең үлкен армия – мұғалімдердің наразылығын тоқтатып, белсенді ұстаздардың аптығын басқан, тіпті, өз жанына тарта білген министр ретінде алағай-бұлағай шақта президент Тоқаев жүктеген негізгі міндетін атқарып шыға алды деуге болады. Аймағаметов келердің алдында ояна бастаған мұғалімдер ғана емес, белсенділер де Аймағамбетовпен қимай-қимай қоштасып жатыр. Алыс-жақынның тілін таба білетін жылы жүзді қалпымен әлі ұзаққа баратын министр жақында ғана екіге бөлінген министрлікте әлі біраз отырады деп күткен ел оның бұл кетісін де сан саққа жүгіртіп жатыр. Кейбірі оны беделі асып бара жатқан президенттің басты қарсыласы ретінде де атап жіберіпті. Сондықтан, шенеунік ретінде көп көзге түсе бермейтін бір қызметке барып, елеусіздеу жүреді де қояды дейді. Енді бірі оны премьер-министрдің тағына жайғастырып үлгерді...