Аралас мектеп дауы. Аймағамбетов әлі үнсіз
Орыс тілді мектептегі оқушылардың көбі қазақ отбасынан шыққан балалар.
"Балаңызды орыс сыныбына беріңіз"
Күні кеше Қосшы қаласындағы жекеменшік мектептердің біріне бардым. Биыл балам 1-сыныпқа баратын еді. Елдімекеннің жиырмадан астам тұрғыны ата-аналар жиынына қатыстық. Бізді қарсы алған директор «бәріңізге түсінікті тілде сөйлейін» деп мектептің тыныс-тіршілігін орысша баяндады.
Одан соң әңгімелесу жиналысы үшін екіге бөліндік. Себебі, бұл аралас мектеп. Бес-алтауымыз қазақ бөліміне кірдік те, қалған он бес шақтысы орыс бөліміне қарай тартты. Араларында бір ғана орыс бар, қалғандары кіл қазақ.
Әңгімелесуге барған ата-аналар жиналыстан соң оқу ісі меңгерушісінен «бұл мектепте орыс сыныбында бала көп пе, әлде қазақ сыныбында ма?» деп сұрады. Мекеме қызметкері қазақтардың үлесі басымырақ деді. Бір-екі ата-ана: «баламды қай сыныпқа берсем болады?» деп тағы сұрады. Директордың орынбасары: «әрине, орыс сыныбына беріңіз», деп «жол» нұсқады.
Мектептің ресми өкілі «балаңды орыс сыныбына бер», деді. Бұл демек министрліктің ұстанымы ма? Қала берді, бұл мемлекеттің саясаты болғаны ғой? Өйткені, мектеп мемлекеттік идеологияны жүргізетін ең негізгі орталық саналады. Бәлкім, министрліктен орыс бөліміне балаларды көбейтіңдер деген жүктеме түскен болар. Мен таңдау жасаудан тосылып тұрған азаматқа болашақта балаңыз қай жерге барса да қазақ тілінен сынақ тапсырады, егер қиналып жатса сізді жазғырады. Сіз өзіңіздің дәуіріңізбен балаңыздың кезеңін шатастырмаңыз дегендей сөз айттым. Бірақ, мектеп меңгерушісінің өзі «орыс сыныбына бер» деп тұрғанда, ата-анада қазақ сыныбына деген сенім қайдан болсын!
Соңғы күндері жаңадан ашылғалы отырған қазақ мектебінен орыс сыныбын ашыңдар деп бір топ қазақтың шу шығарғанын көзіміз көрді. Ел алдында жүрген азаматтар райынан қайтаруға тырысқанмен, әлгі қазақтар Путиннен араша сұрамақ болғанына да куәміз. Азаматтарды дау шығаруға итермелеп жүрген мәселе – бұдан былай №93 мектеп таза қазақ тілінде білім бермек болған. Одан арғы әңгіменің қалай өрбігенін бәрі біледі.
Мектеп директоры Жеңісгүл Темірханова мектептің жанындағы тұрғын үйге қоныстанып жатқан ата-аналар елорда әкімдігіне арнайы хат жазғанын айтты. Дегенмен, депутаттардың айтуынша, қанша жерден өтініш жазса да бұл қазақ мектебі болып қалуы керек. Мектеп құжатында таза қазақ тілінде білім беретін мектеп деп жазылғанымен әкімдік ата-аналардың сөзін ескерсе аралас мектеп қылып жіберуі де мүмкін.
Қазір елімізде 2400-ден астам аралас мектеп бар. Мұндай типтегі мектептер жөнінен Алматы алдыңғы қатарда тұр. Жалпы 306 мектепте 256 020 оқушы білім алады. Түркістан облысында 192 мектепте 171 896 оқушы, Ақтөбе облысында 215 мектепте 73 219 бала, Маңғыстау облысындағы 15 аралас мектепте 25 744 бала оқып жатыр екен.
Қазақ тілді білім ұйымдарының үлесі соңғы онжылдықта едәуір кеміп кеткен. Айталық, осыдан 12 жыл бұрын Қазақстандағы мектептердің 70 пайызға жуығы қазақша оқытса, 2020 жылы бұл статистика 51,2 пайызға дейін күрт азайған. Себебі, аралас мектептердің саны бұдан он жыл бұрынғы көрсеткіштен бір мысқал да кемімеген. Білім саласына жауапты мамандар мұны «орыс мектептеріндегі оқушы оқитындардың үлесі төмендегендіктен, солардың арасынан қазақ сыныптарын ашып отырмыз» деп түсіндірмек болады. Сарапшылар болса «Негізгі мәселе аралас мектептердегі қазақ және орыс сыныптарын ажыратып, бірыңғай орыс не қазақтілді мектепке айналдыруда» дейді. Осы пікірдің жаны бар секілді. Өйткені, орыс және аралас мектептерде тек орыс тілінде оқитын шәкірттердің саны он жыл алдындағы 857 308 оқушыдан әлдеқайда көбейген.
Былтыр жүргізілген жалпыхалықтық санақ бойынша қазақтардың үлес салмағы 70 пайыздан асты. Осы көрсеткішке қарамастан, аралас мектеп пен орыс тілді мектептегі оқушылардың көбі қазақ отбасынан шыққан балалар.
Еліміздің ең ірі мегаполисі Алматыда қазақ сыныбындағы оқушылардан орыс сыныбында оқитындар әлдеқайда көп. 2020-21 оқу жылында қазақша білім беретін мектепте 140 мың шәкірт тіркелсе, орысша мектепте 153 мың оқушы бары белгілі болды. Бір өкініштісі, Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде Көкшетау қаласында қазақ мектебі 2018 жылы ғана ашылған.
Байқағанымыз, баласын орыс тілді мектепке бергендердің дені Солтүстік, Орталық немесе шығыс өңірлер емес, Алматы мен Ақтөбенің тұрғындары. Бастапқы кезде билік орыс мектептерін аралас қылып, одан соң қазақ тілді мектепке айналдыруды ойластырған. Алайда, өз бастамасын өзі ұмытып кететін билік бұл мәселені соңына дейін қадағалауды ұмытқан.
Мәлім тілшісі педагог сарапшы Аятжан Ахметжанға хабарласып, бұл үрдістің қайдан шыққанан сұрады:
«Қазір жаңа ашылып жатқан және бұрыннан келе жатқан орыс мектептері, аралас мектептегі орыс сыныптары азаймай тұр. 2017 жылға дейін беті бері қарап келе жатқан үрдіс одан кейін қарқынды түрде ушығып кетті. Дәл осы кезеңде тіпті таза орыс тілінде білім беретін жеке мектептер тіптен көбейді. Қазір Қазақстаннан орыс тілінде, басқа тілде білім беретін мектеп ашып жатқан өзге ұлт өкілдері арасынан шыққан бизнесмендер өте көп. Тіпті ақша үшін таза орыс тілінде білім беретін мектептерді өзіміздің қазақтар да көптеп ашып жатыр. Дәл қазір елде жеке мектеп ашу науқаны қызу жүруде. Өкінішке қарай BINOM секілді танымал мектептердің бәрі аралас», - дейді.
Педагог қазақ азаматтары баласын неге орыс тілді мектепке беретінінің үш себебін санамалап берді. Бұл біріншіден, Сәрінжіпов пен Сағадиевтің үш тілділік реформасының бір көрінісі. Үш тұғырлы тіл реформасы басталғаннан-ақ жұрттың қазақ тілінен үміті азайған. 2016 жылдың соңында 22%-ға түскен орыс сыныбының үлесі бүгінде 28%-ға дейін көтерілді (бұл көрсеткішке жеткізуді Сағадиевті министр етіп таныстырған кезде сол кездегі премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева беріпті).
Екіншіден, бұған латын әліпбиіне көшу бастамасының кері әсері бар.
Бұл шешім онсыз да қазақ тіліне қырын қарап жүргендерге, болашағына сенбейтіндерге жақсы сылтау болды. Қазақстанда қазақ тілі латын әліпбиіне ауысады, орыс тілі ауыспайды.
Үшінші, әрине, мемлекеттік биліктегі мемлекеттік тілдің шынайы жағдайы.
«Орыс тілінің статусын Конституциямен бекітіп, болашағын әр жолдауда айқындап тұрған мемлекетте ешкім қазақ тілін шынайы мемлекеттік тіл деп сезінбейтіні анық. Күнделікті орыс тілінде сөйлейтін, орыс тілінде ғана іс-қағаз жүргізетін шенділер мен мекемелер көбінесе баласын жетектеп қазақ мектебіне апармайды. Оның үстіне, Қазақстаннан Ресей техникалық университеттерінің филиалын ашу, Болашақ халықаралық бағдарламасы тізіміне Ресей университеттерінің санын көбейту секілді мемлекеттік шешімдер баласын орыс мектебіне беретіндер санын кемі 20%-ға көтереді. Сондықтан жоғарыдағы цифрлар алдағы күндері еселеп артатынына күмәнім жоқ», - дейді сарапшы.
Қазақ қазақ мектебінен неге қашады?
Ата-аналардың көпшілігінің фобиясы - қазақ сыныптарындағы оқулықтардың сапасына байланысты. «Қазақша оқулықтардағы қателіктерден көз тұнады. Кітаптар баланың сыныбына, деңгейіне сай емес, ұғынықсыз», дейді олар. Сонымен қатар, азаматтар ұл-қызының келешегіне алаңдайды. Мәселен, орыс мектебін оқығандардың денінде Ресейге секілді елдерге барып, жақсы қызметке орналасып, сапалы білім алуға орыс тілі жол ашады деген түсінік бар. Ал Аятжан Ахметжанның сөзіне сенсек, бұл қазақ мектептерінің орыс мектептерінен білім сапасы төмен деген стереотип қана. Күні кеше елордалық оқушылар республика бойынша 39 медаль алып келсе, соның 25-і қазақ мектебіне тиесілі. Соңғы жылдары ҰБТ-да ең көп ұпай жинаған, мектепті «алтын белгіге» бітірген оқушылар қазақ мектебінің түлектері.
Осындай қолдан құрастырылған ертегілерді азаматтардың санасынан жою үшін Білім және ғылым министрлігі оянуы керек. Үгіт-насихат жұмыстарын шұғыл түрде қолға алып, қазақ мектебінің басқа мектептерден озық екенін нақты дәлелдермен түсіндіргені жөн. Баласы 1-сыныпқа баратын ата-аналармен кездесу айлығын жүргізіп, қазақша мектеп таңдауға бағыт-бағдар берілуге тиіс. Себебі, жоғарыда атап айтқан стереотиптер азаматтардың көпшілігінің аяғын тұсаулап отырғаны рас. Бақылаусыз кеткен аралас мектептерде қазақ балалары орысша шүлдірлеп жүргенін талай рет сөз болды. Сондай-ақ аралас мектеп директорларының мемлекеттік тілді білуі қатаң міндеттеліп, заң жүзінде қадағаланғаны жөн. Сонымен қатар, аралас мектептердегі іс-шараларды өткізуде қазақ тіліне басымдық беру, мектептегі қазақ тілінің үлесі 50 пайыздан жоғары болуын Үкімет бақылауы қажет.
Сарапшы Аятжан Ахметжан орыс тілді мектептерге жұтылып кетпеудің бір ғана жолын нұсқайды. «Бізге орыс мектептерімен иық тіресе алатын ұлттық мектептер керек. Әрине, оның шешу жолы – қаржы. Егер мені қолдаймын, біз де қимылдайық деген кешегі Алашты қолдаған меценаттар секілді қазақ байлары болса аянып қалмас едік», деген ұсыныс білдіреді.
Хош, елорданың қақ төрінде тіл дауы көтерілгенде қазақтың айтары бар азаматтары жиылып, тоқтау салды. Қазақ мектебінің тағдыры таразыға түскенде әншейінде ауыз жаппас Аймағамбетов ләм-мим демеді. Аш құлақтан тыныш құлақ деген шығар. Ал алған бетімізден қайтпаймыз деген арызқойлар Кремльден жауап күтіп отырған болар. Оларға дем берген Путиннің «әлемдегі орыс тілінде сөйлейтін адам барлық уақытта Ресейдің қорғауында болады» деген сөзі болуы мүмкін. Әзірше Путин үнсіз. Бізді таңырқатқан тағы бір жайт, Путинді арқаланған әйелдің күйеуі Тоқаев армиясының жауынгері екен. Осыдан-ақ орыс сыныбын ашуды көксейтіндердің кімді ес көретінін бағамдай беріңіз!