Атырау - вахта қала, Шәпкенов - вахтер әкім

Атыраулық жастардың 59%-ы қаладан көшіп кеткісі келеді

Олжас Қасым

  • 02.05.2022

Қоғамның қозғаушы күші жастар деп көпіріп айтқанымызбен, мемлекет көп жағдайда жастардың үнін тыңдауда, мәселесін білуде немқұрайлылық танытып келеді. Үлкендердің ғана датын үлкен мінберлерде тыңдайтын билік жас буынның ортасына кіретін кез әлдеқайда  жеткен.  «Еститін Үкіметтің» алдында тұрған басты мәселе – жастардың айналасы, мінез-құлқы, көңіл-күйі мен құндылықтары болуға тиіс еді. Әзірше, бұл бағытта нақты жоспарлы іс-шараларды көре алмай келеміз.  


Қазақстанда өскелең ұрпақтың әлеуметтік-психологиялық салауаттылық мәселесі өте өзекті.  Халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша  қазақстандық жастардың күйзеліс пен алаңдаушылық сияқты психологиялық жағдайларға бейімділігі еуропалық жасөспірімдермен салыстырғанда  3 есе асып түседі екен. Қазақстан әлемде өз-өзіне қол жұмсау деңгейі ең жоғары елдердің қатарында. Осындай күрделі жағдайлардың көбеюі жасөспірімдер мен жастар арасында көп байқалады. Осы жағдайларға қарамастан, мемлекеттік органдарда да, азаматтық секторда да тиісті зерттеулер мен сараптамалар жүргізілмей келеді. Сондықтан да өзекті мәселенің маңыздылығы, қаупі туралы толықтай түсінік те қалыптаспағаны рас.  

Осы ретте тәуелсіз PaperLab орталығының зерттеушілері  Серік Бейсембаев, Ботакөз Төреханова, Дәмеш Сатова, Салтанат Оразбековалар қазақстандық жастардың ортасына кіріп,  ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олар алғашқы зерттеу сапарын  Атыраудан бастапты. Қаладағы жастардың мінез-құлқын, құндылықтары мен ұстанымдарын  басқа да маңызды мәселелерін сараптап көрген.  Себебі, Атырау еліміздің экономикалық жағынан ең қарқынды дамыған облыстарының бірі.  Орта есеппен қарағанда Атыраудағы бір отбасының табыс мөлшері жалпы еліміздегі бір отбасының табысынан әлдеқайда жоғары. Сол себепті облыс жастарының өзін-өзі дамытуға, сапалы білім алуға және бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндігі әлдеқайда көп деп топшылаған. 

Зерттеуші Ботакөз Төреханова зерттеу ісі  жастардың көпшілігін толғандыратын нақты бір мәселені ғана анықтамағанын айтады. Атырау жастарын қинайтын басты бір мәселе – қаражат жетіспеушілігі. Бұл жайт сауалнамаға қатысқан азаматтардың 30%-ын уайымға салады екен. Сонымен қатар, өмірлік мақсатын анықтау мен мамандық таңдау да жастарды көбірек толғандырады. Бұл мәселелерге демалыс пен  ойын-сауық мүмкіндігінің жоқтығы  қосылып отыр.

Елімізде ауасы шектен тыс ластанған қалалардың алдыңғы қатарында Атырау тұрғаны жасырын емес.  Қолқаны қапқан түтін мен зауыттардан әуеге тарайтын күкірттен зәтте болған  атыраулықтар   Тоқаевқа ашық хат та жазған-ды.  Экобелсенділер соның қасіретінен аймақ тұрғындарының арасында қауіпті аурулар өршіп, тіпті ұйқысынан оянбай қалған азаматтардың күрт артқанын айтып дабыл қағуда. Халықтың өмірін қасіретке бастаған өндіріс ошақтарына да тексеріс жүргізіп жатқан шенеуніктерді байқамаймыз деп аймақ тұрғындары мұңға батып жүр.  Содан да болар зерттеу айқындағандай, жастардың 15 пайызын денсаулық мәселелері ойландырады екен. Әдетте бұл егде жастағы жандарды толғандыратын жайт болғандықтан, жастарға тән емес проблема саналатын.

Зерттеушілер сауалнамаға қатысқан жастардың сөзінен «Атырау – адамдарға арналмаған қала» деген қорытындыға келіпті. Яғни қалада жастар ұзақ уақыт бой жаза алатындай жер қарастырылмаған. Көпшілікке арналған қоғамдық орындардың қаңырап тұрғаны атыраулық жастардың көңіліне кірбің түсіреді. Атап айтқанда, салынып жатқан құрылыс нысандары жылдап бітпей тұрады. Жастардың сөзінен «саябақтар да жасыл шөпсіз «бос», ал ішіндегі аттракциондар «жерден қадалып өсіп тұрғандай».  Сонымен қатар, қатысушылар қаладағы бірқатар жердің игерілмей, бос тұрғанына шағымын білдірген.

Атыраулық жастардың бос уақытын тиімді өткізетін орындардың тапшылығы олардың арасындағы әлеуметтік мәселелердің қордалануына алып келіп жатыр. Мәселен, кейбір қатысушылар баруға болатын жерлердің бәрін көріп болғаннан кейін көңіл көтеру үшін ішімдікке салынатынын айтқан. Яғни шаһарда өмірге деген құштарлықты арттыратын мүмкіндіктердің болмауынан жастар басқа жерлерге көшуге ынталы. 

«Вахта қала» немесе жастар Атыраудан неге көшкісі келеді?    

Жергілікті тұрғындар Атырауды «Вахта қала» деп атап кеткен. Олар қаланы вахтадан ажыратып, бөліп тұратындай жүйе болса деген тілегін зерттеушілерге өтініш етіпті.  Фокус топ тұрғылықты халықтың көпшілігі қалада тек «күнкөріс, нан табу» мақсатымен ғана жүргенін байқаған.  Қалада тиянақ табар қажеттіліктер жоқ болғандықтан, азаматтардың санасын көшу ниеті билеп алған.  Сауалнамаға қатысқан атыраулық жастардың 59%-ы қалада тұрақтап қалғысы келмейді. Қоныс аударғысы келетіндер өзін өзі дамытуға, экологиялық жағдайы нашар өңірден көшу, ел көру, саяхаттау мақсатында осындай шешімге келген. Кейбір қатысушылар өз таныстарының бос уақытта «тек кетуге интервьюге дайындалып отыратынын» айтыпты. 

Атыраудағы отбасылық құндылықтар да назар аударарлық деңгейде. Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі де қазіргі қоғамда жиі талқыға түсіп жүр. Кейбір  шаңырақта ер-азаматтар әйелі мен балаларын ұрып-соғуды тәрбиелеудің бір құралы деп қарастырады. 2017 жылы Қазақстанның Статистика комитеті 18 бен 75 жас аралығындағы әйелдердің ең кем дегенде 17 пайызы физикалық және жыныстық зорлық-зомбылықты бастан кешіретінін анықтаған болатын. Ал Атырау облысы бұл көрсеткіштен асып түсіп отыр. Отбасында күш көрсету, ұрып-соғу деректері 20 пайызды көрсеткен.  Сауалнамаға қатысушылардың 90 пайызы әйеліне қол көтергендерді ешқандай да себеп ақтамайды деп жауап беріпті. Зерттеушілердің айтуынша, әйелге қол жұмсау әрекетін орыс тілділерге қарағанда қазақ тілділер көбірек қолдайды екен.  Олардың дені әдет-ғұрыптарды құптайтын болып шыққан.    Үйінде қазақша сөйлейтін жастар ата-ана тарапынан балаларға көрсетілетін күш көрсетуді қалыпты қабылдайды. Бұдан атырауда зорлық-зомбылық культінің әлдеқайда тереңдеп кеткенін бағамдаймыз. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жас буын қатігездікке құрбан ретінде ұшырап қана қоймай, өздері де агрессор ретінде қатыса бастаған. 

Бұл зерттеу ісінде Атырау жастарының еңбек пен мамандыққа деген көзқарасы да  сарапқа салынды. Тәуелсіз зерттеуші Дәмеш Сатованың пікірінше,  жастар арасында «барлығының сатылып және  сатып алынатындығы» ашу тудырады.

«Танысыңның барлығы бәрін шешеді». Қатысушылардың пікірінше бұл бүкіл Қазақстанға тән, әсіресе батыс аудандары мен Атырауға. Жастар төлемақысы жоғары кәсіптерде, әсіресе мұнай саласында, таныстық пен блат өршіп тұрғаны, ал білім саласында жемқорлықтың көптігін айтты. Бұл жастар арасында жайсыздыққа әкеліп, әртүрлі саладағы жастардың, әсіресе талантты және келешегі мол мамандардың тек қана қаладан емес, сонымен қатар елден «қуғын сүргініне» алып келеді, себебі олардың мансаптағы және өз кәсібінде өсуіне кедергі жасайтын «әйнек төбе» бар», дейді ол.  

Иә, түптеп келгенде, бұл күрделі мәселелер тек атыраулықтарға ғана тән емес, Қазақстанның әр аймағында кездесетіні анық. Алайда нақты ғылыми зерттеу болмағандықтан оның шет-шегіне жете алмай отырмыз.  Жастар неге туған жерінен үдере көшкісі келеді?  Оларға қолайлы ортаны жасап беруге не кедергі?  Бірақ, келімді-кетімді әкімдер аймақтың қатталып тұрған мәселесіне бас ауырта қойсын ба? Жақында ғана әкімдік креслосына жайғасқан Серік Шәпкеновке біз көтерген жағдайлар етене таныс. Ол 2016-18 жылдары Атырау қаласын басқарған. 2018 жылдан Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болғаны мәлім. Демек, облыс орталығының вахта қала болуына Шәпкеновтің де қосқан "үлесі" аз емес. Шәпкенов қала, облыс  әкімдігінде болған уақытта аймақтағы  экология, көлеңкелі бизнес деректері жиі жарияға шыққанын білеміз. Осылардың бәрін көзімен көрген ол бұқарадан  кешірім сұрап құтылғанын көрдік. Ал жастардың бетпе-бет кездесіп отырған мәселелері кешірім сұрағанмен шешіле қоймайтын шиеленісті жағдай. Өмірбаянына қарасақ, Жамбылұлы қай жерге барса да ұзақ отырмапты.  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде де  бір жарым жыл ғана аяқ суытыпты.  Қайда барса да тез келіп, тез кететін   Шәпкенов мырза,  Атырауда қанша уақыт тұрақтар екен?! Вахтер әкім атанғысы келмесе жастарды райынан қайтарып, көшуден аман алып қалатын шығар...    

Байланысты жаналықтар

Атырауда жүргізушілер Жұма намазында көшенің жабылып қалғанына шағымданды

15.12.2024

Қазақстанның 4 қаласында ауа сапасы нашарлайды

11.12.2024

Атыраудағы «Дина» базарынан сібір жарасы бактериялары анықталды

07.12.2024

Атырау облысында жалпы ішкі өнім 6,7 трлн теңгеге жетті

03.12.2024

Күн райы. Синоптиктер ескерту жасайды

02.12.2024

Әйелі мен 2 баласын өртеп жіберген атыраулық өмір бойы түрмеде отырады

29.11.2024
MalimBlocks
Атырауда жүргізушілер Жұма намазында көшенің жабылып қалғанына шағымданды

Полиция жағдайға түсініктеме берді

Қазақстанның 4 қаласында ауа сапасы нашарлайды

«Қазгидромет» РМК 11 желтоқсан күнге Қазақстанның бірқатар қаласындағы ауа сапасы жайлы хабарлады.

Атыраудағы «Дина» базарынан сібір жарасы бактериялары анықталды

Павильондағы кәсіпкерлер екі апта медициналық бақылауға алынған

Атырау облысында жалпы ішкі өнім 6,7 трлн теңгеге жетті

Жалпы құны 46,1 миллиард теңгеден асатын 8 жоба іске қосылды

Күн райы. Синоптиктер ескерту жасайды

Бірнеше өңірде тұман түседі

Әйелі мен 2 баласын өртеп жіберген атыраулық өмір бойы түрмеде отырады

Пәтерде жәбірленушінің екі баласы мен танысы ұйықтап жатқанын біле тұра, бензин шашып, үйді өртеген