Метеориттерді зерттеу Юпитердің қашан пайда болғанын анықтауға көмектесті

Метеориттерден табылған балқыған тау жыныстарының ежелгі бөлшектерін зерттеу Юпитердің Күн жүйесі пайда болған соң шамамен 1,8 миллион жылдан кейін қалыптасқанын көрсетті.
Жапонияның Нагоя университеті мен Италияның Ұлттық астрофизика институтының зерттеушілері метеориттерден табылған хондралар деп аталатын диаметрі 0,1–2 мм болатын шағын сфераларды зерттеді. Бұл балқыған тау жынысының ұсақ бөлшектері 4,6 млрд жыл бұрын пайда болып, бүгінгі күнге дейін уақыт капсуласы тәрізді сақталып қалған.
Хондралардың дөңгелек пішінінің түзілісі ондаған жылдар бойы ғалымдарды таңдандырып келген. Жаңа зерттеу бұл құбылысты Юпитердің қалыптасу кезеңімен байланыстырады.
Шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын Юпитер орасан зор көлемге дейін тез ұлғайған. Оның қуатты гравитациялық тартылысы Күн жүйесінің ішкі бөлігіндегі тасты денелер мен сыртқы бөлігіндегі мұзды денелер планетезимальдардың орбиталарын бұзған. Ішкі аймақтан шыққан тастар мен сырттан келген мұз кесектері бір-бірімен соқтығысып отырған. Бұл жоғары жылдамдықтағы соқтығыстар нәтижесінде ішіндегі тастар мен шаң соққыдан балқып кеткен.
Ғалымдар Юпитердің өсу моделін компьютерлік түрде жасап, оның ерте Күн жүйесіндегі планетезимальдардың соқтығыстарына қалай әсер еткенін бақылаған. Модельдеу нәтижелері хондралардың пайда болуы Юпитердің газды қарқынды жинау кезеңімен тұспа-тұс келгенін көрсетті. Метеориттерді талдау олардың қалыптасуының шарықтау шегі Күн жүйесінің пайда болуынан кейін 1,8 миллион жыл өткенде болғанын айғақтайды.
Зерттеу хондралардың жасына қарай планеталардың қалыптасу уақытын анықтаудың жаңа әдісін ұсынып отыр.
Фото: Akira Miyake, Kyoto University

Ең көп оқылған
