Заңсыз әрекетке қатаң заңмен жауап керек

  • 31.03.2020
  • Malim Админ

Заңсыз аң атып, балық аулаудың ақыры неге апарарын білсе де, азаматтар тыйылар емес. Ашкөздік дерсіз, мүмкін, мұқтаждық дерсіз. Өзіңіз білерсіз. Бірақ бұл қалай дегенде заңға да, ойға да сыймайтын дүние.

Елімізде ақбөкенді атуға үш жылға тыйым салынды. Соған қарамастан, бөкеннің көз жасына, обал-сауабына қарап жатқан браконьер жоқ. Заңнан да сескенбейді. Неге?

Қостанай облысында үш ақбөкенді заңсыз атып, мүйізін сатпақ болған екі браконьер ұсталды. Бұндай жағдай ақбөкен ареалындағы бүкіл облыстарды жыл басынан берік тіркеліп келеді. Тіпті, биыл қатаң жазаға ұшырған браконьерлерге сот үкімі де шықты. Олар қалай дегенменен, кісі өлтірген адамдар. Ал егер солардың сыбайластары бостандықта жүріп тыйылмаса, демек олар заңнан да, тіпті, айтайық, кісі өлтіруден де қорықпайды деген сөз.
Жаңағы жағдай Жангелдин ауданына қарасты Сопылы елді мекенінде болған. Ұсталған екі браконьер Арқалық қаласы мен Амангелді ауданының тұрғындары болып шықты. Полицейлер күдіктілер мінген «Нива» автокөлігінен екі аңшы мылтығын, жүз отыз үш оқ, екі ақбөкен мүйізін алып шыққан. Түсінесіз бе, жүз отыз үш оқ! Осынша оқпен қанша бөкенді қырар еді. Ең алдымен осындай заңсыз аңшылықпен аты шыққандарға мылтық заңдастырып бермеу керек. Оларға мылтық ұстауға тыйым салу қажет. Содан кейін мылтық табылып жатса, соған орай жазасын алады. Егер ондай адамдар заңсыз аңшылық кезінде ұсталатын болса, екі есе жазаланатын болады. Бұлармен басқа қалай күресуге, айқасуға болады? Тек заң күшею керек.

«Көлік жүксалғышынан спорт сөмкесі мен егеу табылды. Полицейлер көлік ізімен жүріп отырып, үш ақбөкен өлігін анықтады. Ақбөкен өліктері сараптамаға жіберілді. Күдіктілер қамауға алынып, ұялы телефондары тексеріліп жатыр. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр», - деп мәлім етті Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі. Мұндай оқиға Қостанай облысында жыл басынан бері екінші рет тіркеліп отыр.

Бәріне сақадай-сай браконьерлер. Пышақтары, егеулері бәрі дайын. Ақбөкенді атып, бауыздап, егеумен мүйіздерін алады. Бұлар қолға түскен соң қалай құтылады? Жергілікті билікте, полицияда бұлардың сыбайластары болуы мүмкін. Әйтпесе, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, не деген бітпейтін браконьерлер?

Батыс Қазақстан облысында өткенде полиция қызметкерлеріне пара бермек болған жүргізуші ұсталған. Оның көлігінде заңсыз ауланған балықтар болған. Ал күні кеше осы Батыс Қазақстан облысында 1,2 тонна балық алып келе жатқан жүргізуші ұсталды.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Болатбек Белгібековтің айтуынша, көлік жиырма жетінші наурыз күні сағат шамамен таңғы сегіз жарымда Атырау-Орал күре жолы бойында ұсталған. Жылдамдықты шектен тыс арттырғаны үшін 1989 жылғы А. есімді жүргізуші айдап келе жатқан «Тойота Ланд Крузер» автокөлігі тоқтатылады. Әкімшілік хаттама толтыру кезінде автокөлік салонынан тиісті құжаты жоқ боп шығып, 1,2 тонна қара балық табылды. Істі одан әрі жүргізу Бәйтерек ауданы полиция бөлімінің жедел тергеу тобына тапсырылған.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 196-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Байқағаныңыздай құжатсыз, әрі жол ережесін бұзып жүреді. Әбден басынғандық па? Тасығандық па?

Жергілікті билік бұл оқиғаларға қатысты тиісті шара қабылдап, заңда көрсетілген нақты жазаны қолданады деп ойлаймыз.

Бұл әрекетттері ел экономикасына ғана емес, елдің рухани сана-сезіміне де зор ықпал етеді. әркімнің ойында осылай істеуге, заңсыз әрекеттерге баруға болады деген терең тамыр алған түсінік одан әрі қанат жаяды. Ал президент Тоқаев «заңға сүйенген күшті мемлекет» деген ұран тастады. Осы заң қатая беріп, халық заңның күшті екенін ұға бастаса, президентке деген халық сенімі де артпақ. Сондықтан бұндай іске майда-шүйде деп қарауға болмайды.

Ал біз өз кезегімізде браконьерлікке, заңсыздыққа қарсы дүние жаза береміз.

Фото: Almaty.tv

Байланысты жаналықтар

Магистрант министр орынбасары болды

02.02.2020

Мамин балықты көп жеу керектігін айтты

18.08.2020

Ауыл партиясы ауылға жанашыр болса, Қызылағашқа келсін

21.01.2021

Ахметов ардагерге бармай жатып, ақталды

05.05.2021

Автопарк: Полиция жұмыс істетпейді

12.02.2020

Алатаудың бөктерін офшорда жүрген кәсіпкер алыпты

29.05.2020