"Интим фотоларды жариялаймын": Оралда қызды 9 млн теңгеге бопсалаған ер адам ұсталды

БҚО-да бопсалау фактісі бойынша 23 жастағы ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Malim.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 3 жыл бойы бұрынғы қызының интим сипаттағы фотосуреттерін жариялаймын деп қорқытып, ақша талап еткен. Осы уақыт аралығында жәбірленушіден 9 миллион теңге алған.
Күдікті 150 мың теңгені кезекті рет алған сәтінде қылмыс үстінде қолға түсті. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарға кез келген бопсалау жағдайында дереу құқық қорғау органдарына жүгінуді ескертеді.
"Қаскөйлердің талабына көну мәселені шешпейді, керісінше, жағдайды ушықтыруы мүмкін," – делінген хабарламада.
Фото: видеодан кадр