Қазақстан мен Украина Киевте бірлескен арнайы операция жүргізді

Қазақстан ІІМ украиналық әріптестерімен бірге Киевте ауқымды арнайы операция өткізді. Нәтижесінде ірі алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Malim.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Арнайы операцияны ҚР ІІМ Киберқылмыспен күрес департаментінің қызметкерлері Украина Ұлттық полициясымен, Украина Бас прокуратурасымен және Қазақстан Бас прокуратурасымен бірлесіп жүргізді.
Тексеру барысында Украина аумағында әрекет етіп келген трансұлттық қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен белсенді қатысушылары анықталды. Олар фейк онлайн-брокерлермен жұмыс істеген соң «chargeback» деп аталатын жалған инвестиция қайтару схемаларын қолданған.
ІІМ деректеріне сәйкес, қылмыскерлер қазақстандықтарға, ЕО және ТМД елдерінің тұрғындарына қоңырау шалып, өздерін заңгер ретінде таныстырып, қаражатты қайтаруға көмектесеміз деп сендірген. Олар жалған құжаттар таратқан, «сот» немесе «салық» органдарының атынан хабарласқан, тіпті тұлғаларын жасыру үшін deepfake технологияларын пайдаланған. Жәбірленушілерді «комиссия», «сот алымы» немесе «салық» төлеуге, кейде несие алуға немесе мүліктерін сатып, кезекті «төлемді» енгізуге итермелеген.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендердің саны 4,5 мыңнан асады. Оның ішінде қазақстандықтар да бар. Келтірілген шығын көлемі 4 миллион АҚШ долларынан асады.
«Ұйымдастыру құрылымы айқын болған: инвесторлар мен үйлестірушілерден бастап, операторларды оқытқан техникалық жетекшілерге және тікелей жәбірленушілермен сөйлескен орындаушыларға дейін. Заңсыз табыс элиталық жылжымайтын мүлікке, Киевтегі жер учаскелеріне және премиум-класс автокөліктерге салынған. «Тәртіпті» сақтау үшін марапаттау жүйесі қолданылды: операторлар әрбір заңсыз алынған сомадан үлес алып отырған. Call-орталықта шамамен 30 адам «жұмыс істеген»», – делінген полиция хабарламасында.
ІІМ Киберқылмыспен күрес департаменті басшысының орынбасары Аслан Үскембаевтың айтуынша, 11 мекенжайда және call-орталықтың өзінде тінту жүргізіліп, 41 дана компьютерлік техника, 24 мобильді телефон, SIM-карталар және басқа да айғақтар тәркіленді.
Тәркіленген құрылғылардан қазақстандық байланыс операторларының абоненттік нөмірлері базасы табылды. Бұл заңсыз әрекеттердің мақсатты жүргізілгенін дәлелдейді.
«Арнайы операция нәтижесінде Украинаның 15 азаматы ұсталды, олардың тоғызы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Украин тарапы қазақстандық полицияның қолдауымен қосымша эпизодтарды, сыбайластарды және нақты залал көлемін анықтауға бағытталған тергеу амалдарын жалғастыруда», – деді Үскембаев.
Фото: видеодан кадр