Ресейдің үш МиГ-31 жойғыш ұшағы Эстония шекарасын бұзды

Үш ресейлік МиГ-31 жойғыш ұшағы Фин шығанағы үстінде, Вайндлоо аралы маңында Эстонияның әуе кеңістігіне рұқсатсыз кіріп, онда шамамен 12 минут болған. Бұл туралы 19 қыркүйек, жұма күні Эстонияның Қорғаныс күштері Бас штабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Эстония ұлттық телерадиосы мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Хабарламада көрсетілгендей, ұшақтардың ешқандай ұшу жоспары болмаған, транспондерлері (сигнал қабылдап, жауап қайтаратын құрылғы) сөндірілген, сондай-ақ Эстонияның әуе диспетчерлік қызметімен екіжақты радиобайланыс орнатылмаған.
Эстония Сыртқы істер министрлігі жұма күні Ресейдің уақытша сенімді өкілін шақырып, оған ресми қарсылық нотасын тапсырды.
Бұл — 2025 жылы Ресейдің Эстония шекарасын әуе арқылы төртінші рет бұзуы. Мәселен, 7 қыркүйекте Ми-8 тікұшағы, ал 22 маусымда Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігінің Ил-76 ұшағы дәл осы Вайндлоо аралы аймағында Эстонияның әуе кеңістігіне рұқсатсыз кірген.
«Биыл Ресей Эстонияның әуе кеңістігін төрт рет бұзды. Бұл өз алдына қабылдауға болмайтын жағдай, бірақ бүгінгі оқиға — үш жойғыштың бірден әуе кеңістігімізге енуі — бұрын-соңды болмаған өрескел әрекет», — деді Эстонияның сыртқы істер министрі Маргус Цахкна.
«Ресей әскери ұшақтарының бүгінгі әрекеті — Эстонияның әуе кеңістігін өрескел бұзу ғана емес, аса қауіпті арандатушылық. Бұл — соңғы күндері ЕО аумағында орын алған үшінші осындай оқиға. Мұндай жағдай аймақтағы шиеленісті одан әрі күшейтіп отыр. Еуропалық одақ Эстониямен толық ынтымақтастықта», — деп жазды ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас X әлеуметтік желісінде.
Фото: Sefa Karacan/AA/picture alliance