Мәмин Тоқаевты неге тыңдамайды?

Елнұр Бақытқызы

  • 06.04.2020

Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін 3 миллиард долларды неге шетелден қарызға алады? Тоқаев дағдарысқа қарсы шараларға неге Ұлттық қормен қатар мемлекеттің әлеуметтік сақтандыру қорындағы ақшаны жұмсамақ? Елде шын мәнінде қанша адам жәрдемақыға мұқтаж? Осы сұрақтарды экономист, Eximar форсайт агенттігінің жетекшісі Айман ТҰРСЫНХАНҒА қойдық.

– Айман ханым, үкімет мұнай баррелінің бағасын 20 доллар деп санап, бюджетті қайта есептеп шықты. Қызығы, бюджет тапшылығын жабу үшін  3 миллиард доллардан сырттан қарыз ретінде алмақ. Үкімет неге бұл ақшаны Ұлттық қордан трансферт ретінде ала салмады?

– Бұған екі нәрсе себеп болуы мүмкін. Біріншіден, БҰҰ төрағасы коронавирусқа қарсы күресіп жатқан елдерге көмек көрсететін қор құрылатынын айтты. Қазақстан ақшаны осы қордан алуы мүмкін. Бұл енді жақсы сценарий. Ал екінші, жағымсыз сценарийге келсек, онда Ұлттық қордың резервтері туралы әңгімеге қайта айналып соғамыз. Яғни Ұлттық қордың резервтері іс жүзінде бар ма? Шын мәнінде, резервтер бар, еліміздің халықаралық резервтері алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор активтерінен тұратыны белгілі. Алтын-валюта резервтері 28 миллиард доллардан асса, Ұлттық қор 59 миллиард доллардан аз.

Ал бюджетке биыл Ұлттық қордан онсыз да 4,7 триллион теңге көлемінде трансферт алынбақ, теңге құнсыздағандықтан, бәлкім, бұл трансферт 5 триллион теңгеге жететін шығар. Ұлттық қордан дағдарысқа қарсы шараларға тағы 10 миллиард доллар алынатыны хабарланды. Бұл шағын және орта бизнеске жеңілдікпен несие беру, төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалғандарға жәрдемақы төлеуге жұмсалмақ. Демек, бұдан кейін Ұлттық қорда 48 миллиард доллар қалмақ. Алайда бұл ақшаның жартысы қайда жатқаны белгісіз. Қазақстанды сотқа берген молдавиялық бизнесмен Стати шағымы бойынша Ұлттық қордың белгілі бір бөлігі бұғатталды. Ал қалған ақша инвестицияланған. Бір қарағанда, әртүрлі инструменттерге инвестицияланған ақша бар сияқты, бірақ жеме-жемге келгенде қолма-қол ақша алу керек бола қалса, қолма-қол ақша орнын сипап қаласың. Кассадағы қолма-қол ақша мен ақша эквиваленті арасында жер мен көктей айырма бар.

Елде тағы бір қор бар, бірақ оның да тоз-тозын шығарып жіберді. Ол – зейнетақы қоры. 2014 жылы Назарбаев "бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қарыз алуға рұқсат беру жөнінде шешім қабылдағанын, ол өзіне оңай тимегенін" айтқан. Осы кезеңнен бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерінің 67-70 пайызы мемлекеттің ұзақмерзімді, яғни 2040-45 жылдары бір-ақ өтелетін мемлекеттік құнды қағаздарға салынды. Бұл бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін облигациялар түрінде шығарылған қағаздар.

Ал енді мынаны қараңыз. Мемлекеттің бюджеті үш компоненттен тұрады. Біріншісі – республикалық бюджет. Оған шикізат емес сектордан жиналатын қосымша құн салығы мен копоративті табыс салығы түседі. Екінші компонент  – жергілікті бюджетке шағын және орта бизнес, жеке кәсіпкерлер салығы мен халықтың мүлік салықтары түседі. Үшінші компонент – Ұлттық қорға шикізат, яғни тау-кен, мұнай-газ саласының салықтары: эскпорт баж салығы,  жер қойнауын пайдаланудан жиналатын салықтар түседі. Мұнай-газ саласынан түсімдер соңғы жылдары күрт азайды, бірақ шығын керісінше өсіп жатыр.

Ал енді Ұлттық қордан бюджетке мақсатты трансфертті алып тастасақ, бюджет тапшылығы қандай болмақ? Былтырғы жылы ол 45 пайызға жетті. 2016 жылы күрт девальвациядан кейін Ұлттық қордан бюджетке 2,8 триллион теңге көлемінде трансферт алынған. Ал тура осы кезеңде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 1,9 триллион теңге көлемінде қарыз алынды. 2020-22 жылдарға арналған бюджет жобасында ішкі нарықтан, 900 миллиард теңге Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қарыз есебінде, 2 триллион теңге Ұлттық қордан трасферт ретінде алынады делінген. Алайда биыл Ұлттық қордан алынатын трансферт 5 триллион теңгеге жетті, ал зейнетақы қорынан ақша мүлде алынбайды. Неге? Өйткені ақша жоқ. Себебі президент Тоқаев ірі, орта және шағын бизнесті еңбекақы төлеудегі барлық салық пен төлемдерден босатты.

Айман Тұрсынхан Айман Тұрсынхан

– Бұдан бюджетке қанша ақша түспей қалады?

–   Жұмыс бершілер шамамен бір тоқсан бойы салық пен зейнетақы жарнасын аудармайды. Бір жылда 720 миллиард теңге көлемінде зейнет жарнасы аударылатын. Бұл үш айда бұл қаржының 25 пайызы, яғни 180 миллиард теңге түспей қалады деген сөз. Жеке табыс салығынан бюджетке жылына 1 триллион теңге түсетін. Ол үш ай түспей қалса, бюджет 250 миллиард теңгеден айырылады деген сөз. Қысқасы, міндетті зейнетақы салымдары мен жеке табыс салығынан бір тоқсанда 430 миллиард теңге түспей қалады. Сондай-ақ осы кезеңде мемлекеттің әлеуметтік сақтандыру қорына 75 миллиард теңге көлемінде әлеуметтік төлем түспейді. Ал міндетті медициналық сақтандыру қоры 32,5 миллиард теңге көлеміндегі жоспарын орындай алмай қалады. Президент Тоқаев 31 наурыз күнгі мәлімдемесінде дағдарысқа қарсы шараларға мемлекеттің әлеуметтік сақтандыру қоры да жұмсалатынын айтты. Ал мемлекеттің әлеуметтік сақтандыру қоры бала күтімі мен жұмыссыз қалғандарға жәрдемақы төлейтін жалғыз қор. Соған қарағанда, елде ақша жоқ. Бірақ мемлекеттің әлеуметтік сақтандыру қоры да бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан түсетін қаржы көлемін жаба алмайды. Демек, енді зейнетақы қорын пайдала алмайды, Ұлттық қорды онан әрмен пайдалануға болмайды, алтын-валюта резервтерінің көлемін азайтуға болмайды, өйткені оны жұмсаса, ел техникалық дефолтқа ұрынады. Дүниежүзілік банк талаптарына сәйкес, елдегі алтын-валюта резервтерінің көлемі үш айда импортталатын бірінші кезектегі азық-түлік тауарларының импортына сай болуы керек. Ол талапқа сай келу үшін алтын-валюта резервтері 50 миллиард долларға тең болуы керек, ал бізде ол небәрі 28 миллиард доллар. Сондықтан ол ақшаны пайдалана алмайды.

Бұл жерде мемлекет баспананы ипотекаға, көлікті несиеге алып, ішіп-жемге ақшасы жетпегендіктен, несие төлеу үшін оның сыртынан несие алып, оны да өтей алмаған соң, соңғы бағалы затын ломбардқа апарып берген адамның кебін кигендей.

– Тоқаев 31 наурыз күні жәрдемақы алушылардың тізімін кеңейтіп, енді оған шамамен 3 миллионға жуық мұқтаж азамат қол жеткізе алатынын айтты. Елде жәрдемақыға шын мәнінде қанша адам мұқтаж?

– Елде еңбек етуге қабілетті 10 миллион адам бар. Оның 26 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Яғни өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2,6 миллион адам қазірдің өзінде жәрдемақыға мұқтаж болып қалған. Бізде мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 1,8 миллион адам. Ал енді бұған Алматы карантинге жабылған соң, аймақтарға кетіп қалған 380 мың адамды қосыңыз. Астанадан аймақтарға 200 мың адам кетті. Карантинге жабылған қалаларда ойын-сауық, сауда-саттық, қызмет көрсету саласы жұмысын тоқтатқаны мәлім. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткен аптада 6 мың жұмыс берушіден сауалнама алып, нәтижесін жария етті. Сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы қызметкерлер санын қысқартпақ. Тоқаев жәрдемақыға 3 миллион адам мұқтаж дегенді сол сауалнама нәтижесіне қарап айтқан сияқты. Алайда елде шын мәнінде еңбекке қабілетті халықтың жартысы, яғни 5 миллион адам жәрдемақыға мұқтаж. Бұл енді сұмдық нәрсе.

– Карантин бірнеше айға созылса не болмақ? 42 500 теңге үлкен сома емес, қазірдің өзінде аймақтарда әкімдіктен азық-түлік талап еткен жатқандар көп. Мұның арты "аштық көтерілісіне" апарып соқтырмай ма?

Үкімет жағдайды бұған жеткізбей, ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігін қамамасыз етуі керек. Соңғы екі аптада бұл шаралар саботаж, тіпті диверсия арқылы болса да іске асып жатыр. Яғни үкімет соңғы үш жылда жасамаған дүниесін соңғы екі аптада жасауға мәжбүр болды. Әрі ол тез арада, төтенше жағдайда тіпті парламентті айналып өтіп іске асып жатыр. Өкініштісі, арасында лоббистік құжаттар да қабылданып кетіп, артынша олардың күшін жоюға мәжбүрміз. Мысалы, үкімет жанармай сатушылардың мүддесін қорғайтын қаулы шығарды. Мұнай бағасы екі жарым есе құлдыраған тұста жанармай бағасы кемі 30 пайызға арзандауы керек екені түсінікті. Оның үстіне сұраныс төмендеді. Демек, қисынға салсақ, ауыл шаруашылығында егін салу науқанында шаруалар жанармайды арзан бағамен алуы керек еді.

Ал үкімет солай жасаудың орнына не істеді? Премьер-министр Мамин Тоқаев тапсырмасына мүлде қайшы келетін Ресей бензинінің импортына тыйым салатын қаулыға қол қойып жіберді. Қазір Ресей бензині керісінше арзан, бірақ үкімет оны елге әкелуге тыйым салды. Екіншіден, ел ішінде жанармай көлемі шектен көп болғандықтан,  отандық бензин экспортына қосымша құн салығы, экспорттық баж салығы мен акцизды алып тастаймыз деп мәлімдеді. Енді мұнай өңдеуші зауыттар еш кедергісіз бензинді сыртқа сата салады. Бірақ біздегі жанармай өндірісі ел ішіндегі сұраныстың жартысын ғана өтейді. небәрі соңғы үш аптада жанармайға сұраныс соншалықты төмендеп кеткен жоқ. Оның үстіне егін егу жұмыстары басталды. Мәмин қаулысынан кейін астық егетін фермерлер бір мезгілде ереуілге шығамыз деп жатыр. Өйткені жанармай жоқ. 31 наурыз күнгі мәлімдемесінде Тоқаев 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен 165 теңгеден сатылатынын жеткізді. Ал фермерлер 1 миллион тонна жанармайға жеңілдік 100 теңгеден болсын деп сұрап отыр. Ол талапқа көнбесеңдер, ереуілге шығамыз, астық егілмей қалады деп отыр. Ал астық егу науқанының әр күні маңызды. 16 миллион гектар аумаққа бидай, 8 миллион гектар жерге майлы дақылдар егіледі. Оны уақытында екпесек, астық жинай алмаймыз, аш қаламыз. Олай болса маусым айында-ақ жұрт аштық көтерілісіне шыға бастайды. Халық 2-3 күн нансыз қалса жетіп жатыр, наразылық бұрқ ете қалады.

Азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жақсы бастаманы бір министрлік, мәселен ауыл  шаруашылығы министрлігі арқылы іске асырсаң, екінші министрлік, интеграция және сауда министрлігі, я болмаса көлік министрлігі, тіпті үкімет жетекшісінің өзі оған қарсы шешім қабылдайды. Өз басым үкіметтің бірлескен, үйлесімді іс-қиылын көріп тұрғаным жоқ. Бәлкім, Тоқаевтың аппараты қатаң іс-қимылға көшуі керек шығар.

Мемлекет екі оттың ортасында қалды. Барлық топтар наразы. Бір жағынан карантин мен ойланбастан жасалған девальвациядан зардап шеккен халықты қолдау керек. Ал ол үшін мемлекет ірі бизнес табысын шектеу арқылы халыққа көмектесуі керек. Бірақ бизнес те наразы, олар да бір қауым топ қой. Сондықтан мемлекет кімге мойын бұрарын білмей тұр. Бір жағынан бизнес – халыққа жұмыс беруші әрі салық төлеуші. Екінші жағынан халық та салық төлеуші. Қысқасы, бұл жерде бизнес қауымдастық, азаматтық қоғам өкілдері мен үкімет дағдарыстан шығу жолын бірлесіп талқылауы керек.

– Девальвацияны үкімет ойланбай жасады дедіңіз. Теңгені ұстап тұрудың басқа жолы бар ма еді?

– Бұл девальвацияның нарықтық негізі жоқ. Еркін айырбастау бағамы мен шынайы нарық болған болса, мұндай девальвация болмас еді. Үкімет осылайша бюджет шығынын жауып, міндетін орындау үшін отыз жыл бойы теңгені девальвациялап келеді. Бірақ отпен ойнауға болмайды. Халықта мүлдем қор жоқ. 2015 жылы халықтың қор жинау қабілеті 10 пайызға қысқарды, 2016 жылы ол нөлге тең еді, 2019 жылы тіпті минусқа кетті. Енді теңгені 30 пайызға құнсыздандырып, онсыз да кедей халықтың жағдайын онан әрмен асқындырып жіберді.

– Білуімше, үкіметке дағдарысқа қарсы шаралар жоспарын ұсындыңыз. Сіз ұсынған шаралардың бәрі қабылданды ма?

– Барлық ұсыныс назарға алынбады. Азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасына жауапты болып, сол бойынша ұсыныстарды тіздім. Көпшілігі қабылданды. Дегенмен монетарлы саясатқа қатысты ұсыныстар назарға алынбай қалды. Мәселен, Ұлттық банк әлемдегі бүкіл орталық банктер базалық ставканы төмендеткен уақытта, оны керісінше, өсіріп жібергенін білесіздер. Ұлттық банк осылайша банктердегі олигополияның мүддесін қорғаштады. Біз президент әкімшілігіне жолдаған ұсыныста базалық ставканы 6,5 пайызға төмендетуді сұрадық. Ұлттық банк ғайыптан тайып 3 сәуір күні базалық ставканы 9,5 пайызға төмендетті. Бәлкім, алдағы уақытта 6,5 пайызға да төмендетіп қалар.

Тағы бір ұсынысымыз қабылданса, елді дағдарыстан алып шығып, орта және шағын бизнеске қан жүгіртер еді. Ол – бизнес пен халықтың банктерге қарызын қайта есептеу. Астын сызып айтатын нәрсе, біз бұл жерде олардың қарызын кешіруді емес, әділетті есептеуді сұрадық. Халық пен бизнес банктерге 14 триллион теңге қарызын өтей алмай қалған. Сол қарыз қазір не ары емес, не бері емес, қатқан күйінде тұр, ал қарыз кәсіпкерлер мен халық әрі-сәрі күй кешіп жүр. Көпшілігінің есепшоттары бұғатталған, бизнесі тоқтаған. Мемлекеттен көмек алған бойда онысын коллекторлар жинап алады.

Біз осы қарызды 6 пайыздық ставкамен қайта есептеуді сұрадық. Сонда халық пен бизнес мойнындағы қарыздан толық құтылар еді. Мәселен, кәсіпкер жылдық 20 пайыз ставкамен 200 мың доллар несие алса, осы күнге дейін сол қарызды түгел қайтарып бітіріп, үстінен 100 мың долларды тағы төлеп берді. Бірақ банкке әлі де 100 мың доллар қарыз. Өйткені пайыздық мөлшерлеме тым жоғары. Бизнестен түскен пайданы түгел сол несиені төлеуге жұмсады, ол жетпей қалған соң басқа шығынын қысқартып, банкке тағы төледі. Кәсіпкерлердің 50 пайызы осылай банкрот болды. Ал сол қарызды қайта есептесе, халық пен бизнес банкке қарызынан құтылар еді. Құтылмаған күннің өзінде қалған қарызды 6 пайыздық мөлшерлемемен есептесін. Тіпті оған банктің 2 пайыздық операциялық шығынын қоссын. Бұл халық пен бизнеске жан бітіріп, елдің дағдарыстан алып шығар еді.

CҰХБАТТЫ КӨШІРІП БАСУҒА РҰҚСАТ ЖОҚ

Оқи отырыңыз: Карантин: Тоқаев 8 миллиард долларды қайдан алды?

Байланысты жаналықтар

Даулы заң: Тоқаев Конституциялық кеңеске жүгінді

12.05.2021

Үкімет ай қарап отыр ма: 187 мың науқастың көз жасы

29.07.2020

"Баяу вакцинация үшін сынға қалған Цойдың отставкаға кетуі екіталай"

06.04.2021

"Дәрігерлер еміне сын көзбен қараңдар"

26.07.2020

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға грант жариялауды ұсынды

05.01.2021

Әкім келмейді: Ақтөбе тұрғындары он күннен бері азық-түліксіз отыр

08.04.2020
MalimBlocks
Даулы заң: Тоқаев Конституциялық кеңеске жүгінді

Үкімет ай қарап отыр ма: 187 мың науқастың көз жасы

"Баяу вакцинация үшін сынға қалған Цойдың отставкаға кетуі екіталай"

"Дәрігерлер еміне сын көзбен қараңдар"

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға грант жариялауды ұсынды

Әкім келмейді: Ақтөбе тұрғындары он күннен бері азық-түліксіз отыр