Карантин кезінде жұмысшылар құқығы қалай қорғалып жатыр?

  • 24.03.2020
  • Malim Админ

Қазақстанда коронавирусқа қатысты төтенше жағдай жарияланғаннан бері жұмыс орындары жаппай тоқтатылды. Халықтың жүріс-тұрысы шектеліп, қатаң қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Сарапшылар карантиннен кейінгі ахуалға түрлі болжамдар айтып жатыр. Әрине, карантиннің экономикаға оңай соқпай жатқаны түсінікті. Осы тұста әрбір қазақстандықтың жұмысына қатысты көңілі алаң болуы заңды. Карантин кезінде түрлі сала мамандарының еңбек шарты қаншалықты сақталынады? Төтенше жағдай десек те, жұмысқа міндетті түрде шығып жатқан кәсіп иелері бар. Олар – бірінші  кезекте дәрігерлер.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы елдегі пандемияға қатысты үндеу жариялап, жедел желі жасақтап, сенім телефондарын орнатқан-ды. Қазір жедел желі барлық облыстарда жұмыс істеп жатыр. Ондағы басты мақсат – жұмысшылардың құқығын қорғау. МӘЛІМ.КЗ сайтының тілшісі ҚР Кәсіподақтар федерациясының Ақтөбе облыстық бірлестігінің төрағасы Алтынбек ӘМІРҒАЛИЕВПЕН аз-кем сұхбат құрған еді.

- Алтынбек мырза, қазіргі жағдайда кез келген адам үшін жұмыс орнының сақталып, еңбек шарттарының бұзылмауы маңызды ғой. Сіздерге хабарласып жатқан адамдар аз емес шығар. 

- Ақтөбе облысында жүз отыз мыңнан аса мүшеміз бар. Бір мыңға жуық бастауыш кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Мүшелеріміздің алпыс пайызы мұнай мен газ саласында еңбек етеді. Дұрыс айтасыз. Қазіргі жағдайда барлық адам үшін жұмысы маңызды. Бізге түрлі мәселемен хабарласып жатқандар бар. Мәселен, Ақтөбе қаласынан үш жүз шақырым жерде «Мұнай» компаниясында вахта бойынша алмасып жұмыс істейтіндер бар. Карантинде жолдар жабылып қалды. Соған байланысты вахтада екі айға қалғандар бар. Еңбекақылары көтеріліпті. Алайда, сол жұмысшыларды алмастыратын әріптестері де бар емес пе? Олар үйлерінде жұмыссыз жатыр. Жағдайдың осындай болғанына кінәлі емес. Үйлерінде жалақысыз қалып отыр. Сондықтан біз жұмыс берушімен сөйлесіп жатырмыз. Мұнайшылардың айлығының елу пайызын төлеуді талап етіп отырмыз. Қоғамдық ұйым болған соң мемлекеттік органдармен түрлі мәселеге қатысты комиссия құрамында бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз. Жоғары да айтқан проблемаларды жергілікті билік өкілдеріне де жеткіземіз. Бұл өз кезегінде туындаған мәселенің оңтайлы шешілуіне септігін тигізеді. Бұдан өзге кәсіпорындардағы жұмысшыларды тамақпен қамту жағын да қадағалап отырмыз. Біздің басты мақсатымыз – кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау. Адамдардың жұмыстан заңсыз шығып қалмауын, айлығының төленуін, еңбек жағдайының нашарлап кетпеуін бақылау. Солардың алдын алу.

- ҚР Кәсіподақтар федерациясына мүше емес адамдар ше?

- Біз мынандай қиын-қыстау кезеңде кез келген адамға көмек беруден аянбаймыз. Заңгерлеріміз күндіз-түні демалыссыз жұмыс істейді. Қажет болса, салалық кәсіподақтардың заңгерлері көмекке келеді. «Қазақтелеком» компаниясы үйлерімізге жұмыс нөмірлерін орналастырып берген. Қысқасы, сапалы байланыспен қамтамасыз етті. Бұған дейін біздің филиал облыстық сотпен меморандумға қол қойған. Сол меморандум аясында федерацияға мүше емес адамдардың құқығын сотпен бірлесе шешкенбіз. Яғни сотқа жеткізбей. Бұл өзі жолға қойылған жүйе десе де болады. Тағы да қайталап айтамын, біз көмекке мұқтаж барлық азаматтарға жәрдемдесіп жатырмыз.

- Осы уақытқа дейін қанша адам көмек сұрап хабарласты?

- Отыздан аса адам хабарласты. Білім мен медицина және тағы басқа сала адамдары. Біз әлеуметтік төлемдерге байланысты комиссияның да мүшеміз. Сондықтан да Үкімет бөлген ақшаны қалай алу керегі туралы да ақпарат береміз. Адамдар медициналық масканы қайдан алуға болатынын, азық-түлікке қатысты сауалдарын да қойып жатады. Бізде облыс, қала басшыларымен күнделікті онлайн жиналыстар болып жатады. Келіп түскен көпшіліктің сауалдарын сол жерде күн тәртібіне шығарамыз. Еңбек шартын бұзған фактілер де кездесті. Оларды дереу еңбек инспекциясына жөнелттік.

- Қазір халықтың көбі үйде отырғанымен жұмысқа шығуға міндетті кәсіп иелері бар. Олардың еңбек шарттарына қатысты әңгіме өзінше бір бөлек. «Қауіпсіздіктері қалай сақталып жатыр?» деген сұрақ туындайды.

- Өте орынды сауал. Бірінші кезекте күндіз-түні отбасынан жырақта ұйқы көрмей, ауыр індетпен күресіп жатқан медицина саласындағы барлық қызметкерлеріміз. Сонымен қатар, нан пісіретін наубайханашылар, тазалақ қызметі, электр станциясы, газ бен жылу мекемелері, тағы басқа да сала мамандары бар. Дәрігерлер коронавирустың ауамен ғана емес, киімнен де тарайтынын айтып жатыр ғой. Сондықтан да медициналық маскадан бөлек арнайы жұмыс киімді (спец форма) де жиі айырбастап тұру керек. Оның барлығын біз мекеме басшыларын ескертіп, айтып жатырмыз. Және сол саладағы қызмектерлермен байланыстамыз.

- Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Қанат Тілеухан

Фотоны автор ұсынды. 

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Табиғатты сүйетіндер ғана инспектор болады

03.12.2020

Абаев митингіге шыққандарды кім санайтынын білмейді

17.02.2020

Қастер мен Мұрагерге босқын мәртебесі берілді

17.10.2020

Төрт жыл бұрын бүкіл қазақ сілкінді

24.04.2020

Министр: «Биыл бір қаладан асатын үй салынады»

24.03.2020

Аналар босану үшін 500 шақырым жол жүреді

26.02.2020