Сарсаңда өткен сол бір кез... (Соңы)

Malim Админ

  • 08.04.2020

Басы мұнда: Сарсаңда өткен сол бір кез...

Көп ұзамай Сайымжанның да, өзімнің де кітаптарымды, анау-мынау, кәкір-шүкір заттарды Дүйсекеңнің, Дүйсенбектің үйіне апарып тастадым да, Шоллпанды балаларыммен Шығыс Қазақстанның Палатцы деген жерде тұратын төркін жұртына шығарып салдым. Орналасып алғаннан кейін, мүмкіндік болған бойда, өзім барып алып кетем дедім. Шолпан да, балаларым да қимай-қимай қоштасты.

Сонымен бірер жігіттермен сыралатып, амандықта жолығалық деп мен де Маңғыстау қайдасың деп пойызға отырдым. Пойыз ол кезде Маңғыстауға дейін төрт тәулік жүреді. Әр бағанға бір тоқтайтын, өзін-өзі зорға сүйреткендей ілбіп жүретін нағыз жалқау пойыз. Қайтесің, басқа транспорттың реті жоқ. Самолетке қаржы тапшы. Асыққанға уақыт өтпейді ғой. Ол рас. Бірақ қанат байлап ұшып кете алмайсың. Әйтеуір ілбіп жүріп Маңғышлақ станциасына да жеттік-ау. Түсе сап Шевченко қаласындағы автовокзалға барып, сұрасам, Жаңаөзенге автобус жаңа ғана жүріп кетіпті. Келесісін кешке дейін күтуің керек. Менің Жаңаөзенге күн жарықта жетіп, Сайымжанды табуым керек. Уақыт қысып барады. Бір рафик машинасымен сөйлесіп көріп ем, “адам отыратын жерлер бос емес, тек солардың ортасындағы жерге жатып алмасаң”– дейді. Әрине, шофер мұны айтқанда мені жата қалады деп айтқан жоқ, менің жабысып тұрғанымнан құтылу үшін айтты ғой деймін. Менің басқа амалым жоқ. “Жатып барайын”– дедім. Ол таңқалып бетіме қарады да, абдыраған түріме қарап, “ал жатып бара ғой”– деді. Сонымен Жаңаөзенді бетке алып жүріп кеттік.

Біраз жол екен. “Рафиктен” әбден діңкелеп түстім. Қарын да ашып барады. Бірақ шаршағанға да, қарын ашқанға да қарайтын уақыт жоқ. Алдымен Рахмет Өтесіновтың үйін тауып алуым керек. Сөйтсем, ол кісінің үйін жұрттың бәрі білетін болып шықты. Екі қабатты жер үйде тұрады екен. Есігін қағып сұрап ем, вахтаға кеткен, енді үш күннен кейін келеді дейді. Ойпырмай, енді қайттім. Мына қаланың ішінде тұрып айдалада қалғандай болғанымды қарашы. Барар жер, басар тауым жоқ. Сандалдым да қалдым. Қонақүйге баратын қаражатым да жоқ. Жатақханалар бар ма екен деп сұрастырып көріп ем, дәл жанымда тұр екен. Соған бұрыла бергенімде, қасымнан үш-төрт жігіт абыр-дабыр сөйлесіп өте берді. Қарасам, ұзындау бойлысын танитын сияқтымын. Өлмегенге өлі балық жолығады деген осы. Сайлау Жұмабековтің үйінде әлденеше кездескен Тілеумұрат. Домбырашы Тілеумұрат. “Әй, Тілеумұрат”– дедім. О да жалт қарады. “Ой, Темірхан, сен мұнда неғып жүрсің?– деп мені құшақтай алды. Екеуміз мәз-мейрам болдық та қалдық. Мен жағдайымды қысқаша айтып шықтым. “Үш күн деген лезде өте шығады. Сайымжаның келгенше, бізбен бірге тұра тұр деп жатақханаға алып барды. Үй берілгенше осында тұра тұр деген, қасымдағы серіктерім, ауылдың, яғни менің туған жерім Форт-шевченконың жігіттері”. Сонан кейін қасындағы бір жігітке, “сенің мұнда ағаңның үйі бар ғой, сен соған бара тұр, орныңа мына Темірхан жата тұрсын. Бұл Темірхан өсіп келе жатқан ақын. Яғни бізге қонақ. Сыйлауымыз керек” деді. Тілеумұратқа қонақ боп сол жатақханада үш күн жаттым.

Үш күннен кейін Сайымжан да келді. Оның да, менің де көңіліміз көтеріліп қалғандай болды. Бірақ онымыз, көп ұзамай су сепкендей басылып қалды. Жұмысқа тұрғанша маған жатын орын керек. Сонан басқа керектер бірінен соң бірі шығатынын екеуміз де іштей біліп тұрмыз. Мен оның бірге өскен бір досының үйіне тиянақты орын тауып алғанша жататын болдым. Енді тиянақты орынды қалай табамыз... Бұл – енді басты сұрақтың біріне айналды. Осының бәрін Сайымжан жездесі Рахмет Өтесіновке айтқан ғой. Ал Рахмет үлкен бедел иесі. Осы қаланы салған да, Жаңаөзен мұнайын, яғни ол кездегі бүкіл Одақтағы мұнай қоры бойынша алдыңғы бестіктен орын алатын. “Өзенмұнай” басқармасын басқарған да осы Рахмет Өтесінов. Тек жол апатына ұшырап төсек тартып жатып қалған. Сал. Үйінің ішінде арбамен ғана жүреді. Бірақ ақыл-ойы, сөзі сол қалпында. Жұрттың бәріне сыйлы. Ол кісінің айтқанын ешкім де жерге тастамайды. Сайымжан менің жағдайымды түсіндіріп айтқан ғой. Ол кісі, олай болса, көмектесейін деп телефонға қол созған. Сол кісінің бір ауыз сөзі талай адамды құрақ ұштырғанын өз көзіммен көрдім. Екі күннің ішінде, Сайымжан екеумізге бір бөлмелі үй берілді.

Шіркін, дүниеде жақсы адамдар көп қой. Бірақ біз соларды бағалай аламыз ба?! Әңгіме сонда ғой...

Енді жұмысқа тұру ғана қалды. Үйлі болып орналасып алғаннан кейін жұмысқа тұру үшін Өзен геологиялық барлау экспедициясына бардым. Ол Жаңаөзеннен оншақты шақырым жердегі Ескіөзенде екен. Арызымды жазып бастығына кірдім. Барлау экспедициясының бастығы Заручаев “еңбек кітапшамды" көріп шошып кетті. Шошитынындай бар. Өйткені “еңбек ктапшаға" уақытша істеген жұмыстар жазылмайды ғой. Тұрақты жұмыс істеген жерің ғана жазылады. Ал онда Қазақ республикалық телевидениесінің редакторы деп жазылған. Ал ол кездегі түсінік бойынша редактор деген үлкен ресми тұлға. Мәселен, газеттің редакторы, журналдың редакторы дегендей. Бұл ондай редактор емес, телевидениеде қатардағы журналисті редактор деп атай береді деп қаншама түсіндірсем де, түсінбейді. Мен қалай редакторды бұрғышы, немесе мотористің көмекшісі етіп аламын. Ол болмайды. Жұмысқа ала алмаймын деп қасарысып тұрып алды. Бұл мәселеге де, амал жоқ, жатқан жері жайлы болғыр, Рахаңды араластырдық. Ол кісі мен сияқты емес, алыстан орағытып кеп, менің бұл жерге өмірді зерттеу үшін келгенімді, кейіндеу кітап жазатынымды айтып, әбден зердесіне құйып барып мені жұмысқа алатын етті.

Уһ, деп жұмысқа да тұрдым-ау. Жұмысқа тұрған бойда Шолпанға хат жаздым. Екі күннен кейін бір труба таситын машинаға мінгізіп, мені бұрғылау алаңына жіберді. Айнала алақұйын ақ шаң. Маңғыстаудың үстін айқұш-ұйқыш жолдар киіз тілгендей турап-ақ тастаған екен. Оның үстіне осы Маңғыстауды игеру басталғаннан бастап құрғақшылық кірген. Бәлкім, ол да мынадай сұмдық озбырлық пен өктемдікке деген табиғаттың қарсылығы шығар. Әр жер, әр жерде жусанның кеуіп қалған бұталары ғана селтиеді. Бейне бір ауыр машиналардың сансыз түрінің жойқын шабуылы табитғаттың өзін шошытқандай. Үздіксіз соғатын желі мен транспорттардың толассыз, беталды жөңкіген жүрісінен көтерілген ақ шаңнан көз аштырмайды. Аппақ ақ түтек.

Мен осы алғаш әсерімді, кейіннен есіме алып “Обал мен сауап” деген мақала жазғам. Сондықтан бұл тақырыпқа қайта оралып жатпас үшін, сол мақаладан үзінді келтіре кетейін. Болып жатқан әңгімені содан кейін жалғастырамыз.

“...Қандай бір болмасын, дамыған, немесе дамыған елдің, ең алдымен, индустриясы болу керек. Онсыз ешқандай да өсіп-өркендей алмақ емес. Бірақ индустрия ешуақта да озбыр, өктем болмау керек. Оның темір денесі тұтас бір имандылық қасиетпен байытылып, оның шынжыр табаны аяушылық сезіммен суғарылуы тиіс. Олай болмады ма, онда ол обал деген ұғымды опырып, сауап деген ұғымды жапырып жіберетін зорлық пен зомбылықтың құралына айналып кетеді.

Маңғыстауды игеруге осындай озбыр, өктем индустрия басып кірді. Басып кірді де онсыз да шөлдеп қаталап жатқан Маңғыстаудың алып денесіне темір тізесін батырып тұрып оның қабырғасын қақыратып, көбесін сөгіп жіберді. Сусырап жатқан жердің ту-талақайы, ойран-ботқасы шықты. Мың-мың жылдар бойы маңқиып жатқан маң даланың ішек-қарыны ақтарылып қалды.

Сонан кейін не болды дейсіз ғой.

Күні кеше ХIХ ғасырдың аяғында, қара жерді қайыстырып, қара құрым боп осы өңірде өріп жүретін, сол кездегң нақты ғылыми деректердің айтуынша саны жүз мыңнан асып жығылатын қарақұйрықтың алпысыншы-жетпісінші жылдары бар болғаны мыңға жуығы ғана қалды. Түсініп отырсыз ба, жүз мыңнан мыңы ғана! Бұл зұлмат қырғын ғой! Сонда мыңдаған, он мыңдаған бейшара жануарлардың обалы қайда? Олардың обалын кім көтереді? Ешкім де!

Сондай-ақ, дүние жүзінде аса сирек кездесетін, осы өңірдің мақтаны мен марапатындай боп көрінетін жабайы тау қойы муфлон бір кезде отыз мыңнан асатын болса, алпысыншы-жетпісінші жылдардың темір тепкісінен тоз-тозы шығып, олардың тек бір отардайы ғана қалды. Бірақ бұл байғұс жануарлардың да обалын ешкім сұрап тергеп жатпады.

Маңғыстаудың айбары боп саналатын қарақалдың дала барысының қазір қалса тек бірен-сараңы ғана қалды.

Мен бұл жерде төрт түлік малдың көрген теперішін айтпай-ақ қояйын.

Біз сол кезде де, қап, әттең, обал болды-ау деп бас шайқавп, бармақ тістеп отырған ірі лауазым, үлкен мансап иесін көре қойған жоқпыз. Олардың аузында тек “мұнай, мұнай” мен, “жоспар, жоспар” ғана болды.  Маңғыстау табиғаты сол “мұнай, мұнай” деген сөзге тұншығып, “жоспар, жоспар” деген сөзге жұтылып бара жатты... Сонан кейін... Сонан кейін не болды дейсіз ғой! Алып Маңғыстау үстін аппақ шаңға көміп – он жыл бойы алапат жел соғып тұрды. Жер тулақ боп кеуіп қалды. Жер әрінен, ел жерінен айрылды. Тек 1973 жылы ғана Маңғыстау табиғаты ес жинады. Бір көктем бойы құйған жаңбырдан жердің ел-селі шығып, семіп бара жатқан бойына әл жүгіргендей болды. Тек айта кетеріміз, бұл өңірде енді тағы да ондай индустрия жорығы бола көрмесін деңіз!

Мен, өз басым, мына жер – көл, мына жер—шөл деп бөлгенге, бір жерді көрікті деп ерекше қамқорлыққа алып қорық жасап, екінші жерді көріксіз деп былғап кете беруге қарсымын. Жерді алаламай, бөлмей тұтас қамқорлыққа алған жөн. Өйткені жер де адам организмі сияқты организм. Ал адамның аяғы шірісе басы аман қалмайды. Яғни көріксіз жер бүлініп азып-тозса, күндердің күнінде қанша мәпелеп күтсеңіз де көрікті жердің де көркі қашады. Оған Арал теңізінің тұзды тозаңы шығысы Алтайдың, батысы Кавказдың өсімдіктерінің жапырақтарынан табылып отырғаны куә. Бұл деген сөз – қазіргі Арал маңындағы апат зардабын – тезірек алдын алмаса тек сол маңай ғана емес, басқа жерлер тартады деген сөз.

Жоғарғыдағыдай жолындағының бәрін талап, бәрін талқандап келген өктем озбыр индустрия маңында, сөз жоқ, өктем, озбыр құлық пен пиғыл өркен жаяры сөзсіз. Ондай озбыр құлық пен пиғыл мына жерде ел отыр-ау, ол елмен санасу керек-ау, оларға обал болады-ау деп ойламайды. Оларды отырған жерлерінен былай ысырып тастап дегенін жасай береді. Маңғыстау дәл осылай болды. Тарихи жер иелері әлеуметтік әділетсіздіктің зардабын тартудай-ақ тартты. Өктем, озбыр құлық пен пиғылдың құлқыны қашанда ашқарақ, қашанда обыр. Оның сумаңдаған суық қолы өлінің үстін тінтіп тіміскілеуден де тайынбайды.

Маңғыстаудың көрікті көне қабірлерінің бәрін дерлік әлдекімдер ашып, шашып тастаған. Қауесетке еріп алтын іздеген. Әруақтардың обалына қарамаған.”

Ортасы мұнда: Сарсаңда өткен сол бір кез... (Жалғасы)

Қарап отырсаң, мұндай сорақы құқайды көрген тек Маңғыстау ғана емес қой. Сарыарқаңыз да, Алтайыңыз да, Қаратауыңыз да осындай, басқыншылық деуге болатын, жойдасыз жорықтан орасан зор зардап шекті. Ол жерлерде отырған ел де, жер де азып-тозды. Ең сұмдығы сонда, ол жерлердің бәрі дерлік жергілікті тұрғындарды ысырып тастап, Ресей мен басқа жерлерден қағылған-соғылғандарды, яғни түрмеден шыққандар, маскүнемдер мен нашақорларды төкті. Қазақтардың ар-намысын аяқ асты етті. Таптады. Жаншыды.

Мұның бәрі не үшін дейсіз ғой. Мұның бәрі қазақты жою үшін. Ең болмағанда оларды ассимиляцияға ұшыратып орыстандыру үшін. Сонан кейін еліңе де, жеріңе де толық ие болу үшін. Сорақы саясаттың түпкі мақсаты осы.

Енді бұрынғы әңгімемізге қайта оралайық.

Бұрғылау алаңына да келіп жеттік. Түстікке дәл келген екенбіз, біз машинадан түсіп жатқанда, олар да мұнара алаңынан шығып, сонадай жердегі вагондарға жұрді. Біз, шофер екеуіміз үсті-басымызды қағып, беті-қолымызды жуып асханаға кірсек, бұрғышылар тамақтарын алдына алып жеуге кіріскен екен. Шетте отырған ірі бір жігіт украин мақамымен, ал, қош келдіңдер, рациямен айтқан, сен матористің көмекшісің ғой, ал мына шофер жігітті білем. Мен осы жердегі мастер Захарченко болам. сенің атың кім, Темірхан дедің бе, ал Темірхан мына отырған сенің тікелей бастығың моторист Могомед деп, қазір қалғандарының аттарын ұмыттым, бұрғышы мен оның көмекшілерін де, асханадағы аспазшыларды да түгел таныстырып шықты. Аңқылдап сөйлеп отыратын жігіт екен. Біз де тамағымызды алып жеуге кірістік. Бірден көзге түскені араларында бірде бір қазақтың жоқтығы. Үй сыпыратын әйелге дейін Ресейден келген.

Бір вахтада аспазшы, үй сыпырушыларды қоспағанда, бұрғылау станогында істейтіндер жетеу болады. Бұрғышы және оның үш көмекшісі, моторист пен оның көмекшісі. Тамақ ішіп болғаннан кейін арнайы киіміді киіп ап, мен де бұрғылау алаңына қарай жүрдім. Әлгі жеті адамның төртеуі Қап тауының адамдары да мастер мен тағы бір жігіт хохолдар. Мастер мені бұрғылау алаңына келгеннен кейін атқаратын жұмыстармен үстірт таныстырды да, қалғанын мына моторист Могомед таныстырады деп, жайына кетті. Могомедім бір бюрократ. Маған мұрнын шүйіріп қарайды. Айналадағы дүниенің бәрі маған тосын ғой. Осы жерде жұмыс істейтін адам болған соң, соларды білгім келеді. Шұқылап әрнені бір сұраймын. Магомедім күбірлеп бірдеңе дейді де, кейбіреулеріне тіпті жауап та бермейді. Ойпырмай, мұндай да адам да болады екен-ау, осының бәрін мені іштен біліп туды екен дей ме екен, әлде өзі сөйтіп пе, ол да біреулерден сұрап алған шығар деп ойлаймын. Ойлаймын да, жерді солқылдатып істеп тұрған төрт дизельдің бактарына май құям, Могомедке тағы барам. Одан тағы да мардымсыз жауап алам. Тықылдап сонда да қоймаймын. “Отстань” деді бір кезде қолымды қағып жіберіп. Алдында мінезі осындай тұйық шығар деп ойлағам, енді оның нағыз болмысын, яғни маған себеп-салдарсыз жеккөрінішпен, тіпті өшпенділікпен қарайтынын білдім. Құдай-ау, бұл пақырға не жаздым? Жазығым, білмегенімді сұрап алайын дегенім бе?

Ол қолымды қағып жібергенде, оған шыдай алатын мен бе, оның білегінен шап беріп ұстай алып, қолын сілкіп-сілкіп жібердім. Енді одан бірдеңе сұрауды қойдым.  Біртіндеп өзім-ақ түсіне бастадым.

Сонымен Могомед екеуміз тілге келмей көзімізбен сүзісіп қана тұрамыз. Төрт-бес күннен кейін қайтадан тіліміз де шыға бастады. Бірақ, екеуміздің де ішімізде бір-бірімізге деген түйіліп қалған дық бар. Ол түйін қашан жарылады. Оны бір құдай біледі...

Жұмысым ауыр емес. Жұмыстың нағыз ауыры бұрғышының көмекшілерінде. Олар дәл ұңғының аузында жұмыс істейді. Мұнараның ұшар басына да сатымен шығады. Бір көмекші, жердегі ұңғының аузында, екі көмекші ұзын-ұзын трубаларды не тереңге жіберіп, не тереңнен суырып әлек боп, қара темірмен алысады да жатады. Кейде шаршап кеткендері істей тұршы деп өтінсе, бас тартпай көмекке барам. Ауыр, бірақ істеуге болады. Біраз уақ бір ырғаққа түскеннен кейін механикалық қозғалысқа кіріп, тоқтаусыз тарта бересің.

Мен бір аптаның ішінде-ақ бұрғылау ісіндегі құйтырқылық пен оның механикалық табиғатын ұңғыл-шұңғылына дейін біліп алмасам да, оның сыртқы болмыс-бітімін ұққандай болдым.

Таңнан кешке дейін істейсің де, кешке екінші ауысымдағы жігіттерге өткізіп кетесің. Бір апта күндіз, жеті күн дем алғаннан кейін, келгенде түнгі ауысымға шығасың. Түнгі жұмыс қашан да ауыр ғой. Адам шыдаған жерге адам шыдайды. Олардан артық та емессің, кем де емессің! Тарт!

Бір аптамыз бітіп вертолетпен Жаңаөзенге келдік. Сәкең, Сайымжан көкем үйде жатыр. Ол Темірбаба деген жерде істейді. Бұрғылау станоктары жаңа. Жеті мың тереңдікке дейін қазбақ. Ол да мотористің көмекшісі. Жұмысы қарбалас көрінеді. Бірақ көңілі тоқ. Бір-бірімізге, ол да, мен де көрген-білгендерімізді айтып жатырмыз. Бір кезде мен Могомед екеуміздің арамызда болған оқиғаны айттым. “Е е, олардың көбі қазақтың жерінде жүрсе де, қазақты жек көреді. Орыстан үйренгендері. Бізді қараңғы, надан көреді. Кавказдықтарға не жорық екенін білмеймін. Олар, біз, кавказдықтармыз деген тәкаппарлыққа әбден үйренген. Қарсы келгенді қағып жібереміз деп ойлайды. Олардан көп жұрт аяқтарын тартатындары рас. Өйткені олар өте ынтымақшыл. Біреуі біреумен ұрсысып қалса, сол айналадағы кавказдықтардың бәрі сол жерден табылады.

Олардың бір жаман жері, біз күштіміз дегенге әбден сеніп, кез келген жерде өктемдік жасайды. Осы жерде де солай. Оған Адайлар көнсін бе, өзің байқап жүрген шығарсың, қалада қаптап жүрген кавказдықтар. Қаладағы тұрғындардың 16 проценті ғана қазақтар. Ал біздің мекемеміз Ескіөзенде. Бұлар Ескіөзенге бірлі-жарым боп бара алмайды. Топтанып барады. Бірлі-жарым боп барса бірден таяқ жейді. Кейде топтанып барғандары да тиісті сыбағаларын алып қайтады. Тіпті мектеп оқушыларынан таяқ жейтін көрінеді. Қалай дейсің ғой? Бір бағанға, немесе жерге қағылған темірге ұзын арқанның бір ұшын байлап қояды екен де, екінші ұшын тасаға тығылып бір топ бала ұстап отырады екен. Әрине, арқан жерде бос жатады. Сонан кейін топтанып тұрған кавказдықтарға екі-үш бала барып тиседі, сөзбен балағаттайды, немесе тас лақтырады. Сонан кейін олар әлгі балаларды тұра қуады. Олар қаша жөнеледі. Арқан жатқан жерден қашып келе жатқан балалар өткен кезде, ентелеп келе жатқан таулықтар жеттім-ау деп қолын соза бергенде тасада тұрған балалар бәрі жабылып арқанды тартып қалмай ма. Олар тартылған арқанға шалынып опыр-топыр құлайды. Сол кезде арқан тартқан балалар да, қашқан балалар да алдын ала үйіп қойған тастарды үстеріне қардай боратады. Шіренген таулықтарыңыз әбден таяқ жеп қашады. Бәрі өздерінен. Әйтпесе, қазақтар адамға тиіспейді ғой. Олардың өркөкіректік көрсетіп, зорлық-зомбылық жасағанын, басқа-басқа адай көтермейді. Сенің Могомедің де сондай сыбағадан дәм татқан шығар” деп маған өзі масаттанып тұрып түсіндіріп берді. Менің де зердеме бірдеңе құйылғандай болды.

Бара-бара, мұндай жағдайға өзімнің де көзім жете бастады. Қалада олар қожа да, Ескі өзен мен Теңгеде қазақтар қожа. Іштей өштес. Бірін-бірі жеп қоюға бар.

Мен мұндайды сегізінші класта оқып жүргнде Кентауда, сонан кейін Алматыда, Қостанайда көргем. Енді міне Маңғыстауда тағы сондай жағдайға тап болдым. Интернационализм дегеннің нағыз интерсорақылық екеніне әбден көзім жетті.

Қазақтардың жеріне өктемдік пен озбырлық бір жасалса, еліне де зорлық-зомбылықтың тізесін батырғанын көріп ішің қан жылайды. Әдейі жасалынып отырған саясат. Мұндай саясаттың аяғы неге әкеп соғатынын 1989 жылы өз көзіммен көрдім ғой. Жә, оны кезегі келген кезде айтармын.

Іштей ширығып алдым. Қазақ жері қазақ үшін, қайда барса да, Қорқыттың көрі болған екен-ау. Өзіме-өзім шыдам керек, шыда деп қоям. Басқа амалың да жоқ қой. Мынау саясаттың қазақты қорғамайтын саясат екеніне көз жетті.

Тәуелсіздік алып, өз қолымыз өзі аузымызға жетті деген қазірдің өзінде де сол сасық саясат, яғни интернационализм саясаты үстемдік құрып тұрған жоқ па?! Ұйғырмен төбелессең де, шешенмен жағалассаң да қазақ кінәлі болып шығады. Қазақ байғұс отырса опақ, тұрса сопақ болды. Ұлттар ассамблеасы дегенді құрып тастады. Оларға ерекше қамқорлық, ерекше мәртебе берілді. Басқа ұлт өкілдерінің басына шыбын қондырмайды. Үстінен құс ұшырмайды. Соның салдарынан қазір Қазақстандағы ең қорғансыз халық, ең кедей халық қазақтар. Айтып, айтып аңырап жылағың келеді. Кімге шағынасың? Шағынсаң оңбаған сен боп шығасың. Тілім де, дінім де, ділім де тоз-тоз боп барады. Қазаққа қайырымы жоқ қу өмір-ай!

Байланысты жаналықтар

Президент Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты қабылдады

04.03.2024

Маңғыстауда жоғалып кеткен ер адам табылды

01.03.2024

Қысым көрсетіп, алдап ереуілге шақырған

24.02.2024

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

09.02.2024

Жетібайдағы ереуіл. Ахуал қайда апарып соғады?

20.12.2023

Алтайдың мөлдір тамшысы

14.10.2023
MalimBlocks
Президент Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты қабылдады

Кездесуде облыстың былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндалды.

Маңғыстауда жоғалып кеткен ер адам табылды

Іздеу кезінде дрон қолданылған. 

Қысым көрсетіп, алдап ереуілге шақырған

Заңсыз ереуілге қатысудан бас тартып, өздерінің еңбек міндеттеріне кірісті

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің

Жетібайдағы ереуіл. Ахуал қайда апарып соғады?

Әлі күнге дейін компания басшылығы мен жұмысшылар ымыраға келмеген

Алтайдың мөлдір тамшысы

Бақытжанның өлеңдерін оқысаңыз, жаныңыздың сәулесі өзіңізден шығып, айналаны да жылыта алады