«ҚазАзот» кәсіпорнындағы апаттан төрт адам зардап шекті

Маңғыстау облысындағы «ҚазАзот» акционерлік қоғамының өндірістік нысанында техникалық апат орын алды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға салдарынан төрт жұмысшы термиялық күйік алып, зардап шекті. Екеуі жансақтау бөліміне жатқызылса, қалғандары травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін елдің жетекші реаниматологтары мен күйікке қарсы ем мамандары тартылды.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінде науқастардың жағдайы тұрақты. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жағдай өңір басшылығының бақылауында.
Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті апаттың алдын ала себебін атады. Ведомствоның дерегінше, төтенше жағдайға отты жұмыстардың тиісті рұқсат құжаттарынсыз және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамай жүргізілуі себеп болуы мүмкін.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы – «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды.
Компания басшылығы зардап шеккендердің отбасыларына қажетті көмекті көрсететінін мәлімдеді. Апат салдарын жою және жауаптыларды анықтау жұмыстары облыс әкімдігінің бақылауында.
Фото: архив Lada.kz

Ең көп оқылған
