457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Семейге Маңғыстау облысының делегациясы келді

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли өңірімізге Маңғыстау облысынан арнайы келген делегация мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Malim.kz.

Кездесуге Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов, облыс әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, қоғамдық кеңес төрағасы Бекмұрат Жүсіпов және мемлекеттік қызмет ардагері Даржок Сейбағытов қатысты. 

Облысымызда Абайдың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталған болатын. Акция аясында еліміздің әр өңірі Абай облысына бір нысаннан тарту етеді. 

Кездесуде облыс әкімі Маңғыстау облысының игі бастамаға алғаш болып қолдау танытқаны үшін алғысын жеткізді. 

«Маңғыстау облысы әкімдігі акцияға қолдау білдіріп, облыс орталығы Семей қаласына Достық үйін салып беру үшін арнайы делегация жіберіп отыр. Өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгінгі кездесу еліміздің қос қиырының бірлігі мен ұлттық бірегейлігінің жарқын көрінісі деп білемін. Маңғыстау мен Абай облысы батыс пен шығыс шекарада жатқан шалғай аймақ болса да, ниеті ортақ, тілеуі бір екенін көрсетті. Маңғыстау халқына, Мемлекет басшысының бастамасын алғашқы болып қолдаған Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Игілікұлына айрықша алғыс айтамыз» деді аймақ басшысы. 

Облыс әкімі «Абайға құрмет» акциясын еліміздің барлық өңірлері қызу қолдап жатқанын, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Жетісу, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Ақмола  облыстары мен Шымкент, Алматы, Астана қалалары тиісті жұмыстарды бастап кеткенін айтты.  

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов мұнайлы өлке жұртының сәлемін жеткізді.

«Көршісі шаруа бастап жатса, қасынан құр өтіп кетпейтін қазақпыз ғой. Әр облыстың тарту жасауы өте дұрыс қабылданған шешім деп есептейміз. Өйткені бұл нысандар халықтың игілігіне жұмыс істейтін болады. Игі  бастамаларыңызға сәттілік тілейміз» деді ол.

Кездесуден кейін маңғыстаулық делегация 75 мың тұрғынға арналған «Semey Smart City» шағын ауданы салынатын құрылыс алаңына барды. Облыс әкімі қонақтарға жаңа ықшам ауданның жобасын таныстырды. 

«Бұл жаңа ықшам ауданды 17 мамырда облыстың алдағы даму жоспарын жариялағанда таныстырғанбыз. Маңайы қарағайлы орман, таза ауа, Ертіс өзенінен 44 метр биіктікте орналасқан. Жаңа ықшам аудан Семей қаласының жаңа келбеті болатыны анық. «Абайға құрмет» акциясы аясындағы ғимараттар негізінен осы ауданда салынады. Қазіргі таңда дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Киелі Маңғыстау жерінен, Бекет ата елінен келген азаматтардың бірінші болып келіп, құрылыс алаңын көріп жатқанын жақсылыққа жорып тұрмыз» деді аймақ басшысы.  

Мың гектардан астам аумақты қамтитын ықшам ауданда тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар, саябақтар бой көтереді. Жоба аясында болашақта жастар сарайы, Жекпе жек сарайы, ғалымдар үйі, медиа орталық, көрме орталығы, Достық үйі, Инвесторлар орталығы, музыкалық мектеп, филармония, этносаябақ, стадион, колледж, музей, балабақшалар, қонақүйлер мен сауда кешендерін салу жоспарланып отыр.

Фото: Абай облысының әкімдігі