Семейде жүк көлігі автобусты соғып, үш адам зардап шекті

Абай және Шәкәрім көшелерінің қиылысында жүк манипуляторы бұрылу кезінде бортынан түсіп кеткен кранмен ішінде 20 жолаушысы бар автобусты соғып өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Салдарынан автобус жүргізушісі мен екі жолаушы жарақат алды.
«2025 жылғы 26 қыркүйекте сағат 18:20-да Абай облысы Полиция департаментінің жедел басқару орталығының инспектор-операторы бейнебақылау камералары арқылы Абай және Шәкәрім көшелерінің қиылысында маршруттық автобустың қатысуымен жол-көлік оқиғасын тіркеді. Оқиға орнына бірден патрульдік полиция экипаждары жіберілді. Келген қызметкерлер жүк манипуляторының жүргізушісі рұқсат етілген бағдаршам сигналына бұрылу кезінде бортынан түсіп кеткен кранмен автобусты соққанын анықтады. Автобус ішінде шамамен 20 адам болған. ЖКО салдарынан автобус жүргізушісі мен екі жолаушы жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Көмек көрсетілгеннен кейін олар үйлеріне жіберілді», – делінген Абай облысы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Фото: Семей ПД