Тағы да жол апаты: Трассада 5 адам қаза тауып, көлік өртеніп кетті

Павлодар облысындағы Байет ауылынан бес шақырым жерде жантүршігерлік жол апаты болды. Қаза тапқандардың арасында жүргізуші мен төрт жолаушы бар, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға орнындағы видео kerek.pv Telegram-арнасында жарияланды. Кадрлардан жанып жатқан жеңіл көліктің цистернасы бар жүк көлігінің артына соғылғаны көрінеді.
Апат салдарынан трассада жүк және жеңіл көліктердің ұзын кептелісі пайда болды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 23 қыркүйекте Павлодар – Қызылорда автожолында Toyota Lucida жүргізушісі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, арақашықтықты сақтамаған. Соның салдарынан ол жүк көлігіне соқтығысып, Toyota көлігі өртенді», – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жол апаты салдарынан бес адамның қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Фото: видеодан кадр