Атақты Бурабайдың атын шығаруға да ақша жұмсап...

  • 03.02.2020
  • Елнұр Бақытқызы

Президенттің іс басқармасы "Щучинск-Бурабай курорт аймағының имиджін қалыптастыру үшін" 324 миллион теңгеге тендер жариялады.  Бұл хабарлама мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланды.

Имиджге кеткен 651 миллион

Президенттің іс басқармасы 18 қаңтар күні мемлекеттік сатып алулар порталында "Щучинск-Бурабай" курорт аймағының имиджін қалыптастыруға" ашық конкурс жариялаған. "Щучинск-Бурабай курорт аймағының имиджін қалыптастыру" қызметін сатып алуға президенттің іс басқармасы бас-аяғы 324 843 750 теңге жұмсамақ. 27 қаңтар күні басталған ашық конкурс 11 ақпан күні аяқталады. Хабарламаға қоса ілінген сатып алынатын қызметтің техникалық ерекшелігі құжатына қарағанда, тендер мақсаты – "Щучинск-Бурабай курорт аймағына туристердің келуін арттыру, туристік қызмет сапасын арттыру, аймақтың тартымдылығы мен танымалдығын арттыруға арналған іс-шараларды ұйымдастыру, туристік инфрақұрылымды дамыту". Тендерді ұтып алған компания құжатта көрсетілген іс-шараларды Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Бурабай кентіндегі Щучинск-Бурабай курорт аймағында өткізеді.

Бірақ бюджеттен қомақты ақша бөлініп жатқан тендерге туризм саласында жүрген кез келген компания қатыса алмайды. Ашық конкурсқа түсемін деушілер президенттің іс басқармасы тізген ұзын-сонар талапқа сай келуі тиіс. Әуелі тендерге қатысушының туроператор лицензиясы болуы шарт. Екіншіден, Щучинск-Бурабай курорт аймағында кемінде бес жыл бойы жұмыс істейтін мәдени туристік ойын-сауық нысандары болуы тиіс. Президент іс басқармасының талаптарынан сүрінбей өтемін деушілерде мыналар болуы тиіс: аумағы 500 шаршы метрден кем емес балаларға арналған ойын-сауық алаңы, оның ішінде атпен қыдыру, жегілген иттермен және жегілген атпен сырғанау, квадроциклдермен жүру, мұз айдыны, ауданы 700 шаршы метрден кем емес қыс және жаз мезгілінде спорт құрал-жабдықтарын жалға беретін орын, ауданы кемі 1500 шаршы метрлік курорт аймағы туралы мәдени-танымдық, зоологиялық коллекциясы бар нысан, төбешік, тақырыптық үйлер, көше атракциондары, ойын автоматтары, балалар автокөліктері, қоғамдық тамақтану нысаны, 200 шаршы метрден кем болмайтын көрме-экспозициялық орталығы, курорт аймағында 200 метрден кем емес кеңсе ғимараты, 3 микроавтобус пен 40 орны бар бір автобус.

Қызығы, президенттің іс басқармасы Щучинск-Бурабай курорты имиджіне арналған тендерді соңғы төрт жыл бойы жариялап келген. 2016 жылы курорт аймағының имиджіне арналған тендерге 163 100 000 теңге бөлінсе, 2017 бұл мақсатқа бюджеттен 153 991 071 теңге жұмсалған.  2018 жылы Щучинск-Бурабай имиджінің тендеріне 154 166 964 теңге кетсе, 2019 жылы жарияланған бұл тендердің сомасы 180 миллион теңгеден асып түскен. Биылғы тендерді қоспағанда президенттің іс басқармасы 2016 жылдан бері Щучинск-Бурабай курорт аймағының имиджінің тендеріне бюджеттің 651 983 035 теңгесін жұмсаған. Биылғы жылдың тендерін есепке алсақ, имиджге жұмсалатын сома 976 миллион теңгеден асып түседі.

 Тендерді ұтып жүрген кім?              

Төрт жыл қатарынан жарияланған тендерді  тек "Бурабай даму" ЖШС ұтып келген. Үнемі ашық конкурс түрінде жарияланып жүрген тендерге 2016, 2017 және 2019 жылдары "Бурабай даму" ЖШС-дан басқа ешкім қатыспаған. Шын мәнінде, президенттің іс басқармасы тендер құжаттарында тізген талапқа Бурабайда "Бурабай даму" ЖШС-дан басқа сай келетін туристік компания жоқ. Ал ашық конкурсқа бір ғана заңды тұлға қатысқан жағдайда, заң бойынша, тендер өтпей қалған болып саналады да, тендерді жариялаған мекеме қызметті бір көзден, яғни тендерге қатысқан жалғыз компаниядан сатып ала алады. Дей тұрғанмен 2018 жылы ашық конкурсқа "Бурабай даму" ЖШС-мен бірге "Қаз БРАЗ" ЖШС түсіп көрген. Бірақ алғашқы айналымда-ақ "Қаз БРАЗ" ЖШС байқау талаптарына сай келмейтінді делініп, конкурстан түсіп қалған. Сөйтіп, тендер өтпей қалдыға саналып, қызмет қайтадан бір көзден, яғни "Бурабай даму" ЖШС-дан сатып алынады.

Асылы, "Бурабай даму" жоқ жерден шыға келген жоқ. Оның  президенттің іс басқармасына тікелей қатысы бар. 2015 жылы үкіметтің қаулысымен құрылған "Бурабай даму" ЖШС-нің негізгі қызметі – Щучинск-Бурабай курорт аймағындағы ҚР президенті іс басқармасы нысандарын күтіп ұстау және пайдалану. Яғни "Бурабай даму" ЖШС президенттің іс басқармасына ведомстволық қарасты ұйымдардың бірі. "Бурабай даму" ЖШС-ның сайтындағы мәліметке қарағанда, ол Щучинск-Бурабай курорт аймағындағы визит-орталығы, "Жайлау" этноауылы, экспозициялық кешен мен ойын-сауық паркі тәрізді туристік және әлеуметтік-мәдени нысандары бар жалғыз туристік ұйым.

Ал енді президенттің іс басқармасына бөтен емес ЖШС-ның Щучинск-Бурабай курортының имиджін қаншалықты қалыптастырып, туристерге тартымды еткенін анықтау қиын. Өйткені тендер арқылы алынатын тауар немесе жұмыспен салыстырғанда, қызмет , әсіресе имиджді қалыптастыратын қызметтің тиімділігін өлшеу көп ретте мүмкін емес.

Байланысты жаналықтар

Жұмыс субсидиясы: «өгізді өлтірмейді, арбаны сындырмайды»

26.07.2020

"Әз басының қадірі мың ердің құнынан артық"

25.07.2020

Есірткі сатып есі кеткендер

19.02.2020

Коронавирус енді азық-түліктен табылып жатыр

26.09.2020

Цойдың жағымсыз сценарийі: үш айда 370 мың адам вирус жұқтырады

01.04.2021

Коронавирус жұқтырған дәрігерлерге енді өтемақы төленбейді

21.10.2020