Тоқаевтың сөзін Көлгінов құлағына қыстырмай ма?

Malim Админ

  • 20.05.2020

Алтай Көлгінов басқаратын Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі өз қызметін интернет-ресурстар, блогтар мен әлеуметтік желілерде жазып көрсету үшін 267 миллион теңгенің тендерін ойнатқан. Тендерді 23 жастағы Азиза Асқарқызы Әбілбек жетекшілік ететін New Vision Ltd ЖШС жеңіп алған.

Бас қаланың әкімі Алтай Көлгінов өзінің қызметін жан-жақтан көрсетуге барынша жанталасып жатыр.  Астана әкімдігінің қызметі жайлы онсыз да ақпарат тарататын баспасөз қызметі мен  әкімдікке тиесілі  Elorda Aqparat ЖШС-ге қарасты  "Астана Ақшамы",  орыс тіліндегі"Вечерняя Астана" газеттері мен elorda.info, astana_akshamy.kz, vechastana.kz интернет-ресурстары Көлгіновтің бір басына аздық ететіндей. Өйткені 42 жастағы әкім таяуда ғана әкімдіктен 260 миллион теңгенің тендерін алған Elorda Aqparat-қа қарасты ақпарат құралдарын былай қойып, өз қызметін белсенді түрде әлеуметтік желі мен өзге ресурстарда насихаттауға көшкен. Көлгінов басқаратын әкімдік бұл қызметті су тегінге жасатып жатқан жоқ, әрине. Әкімдік қызметін ресурстар мен әлемжеліде насихаттап, "жағымды пікір қалыптастыру үшін" бюджеттің жүздеген миллион долларын шашып жатыр.

Бұлай дейтініміз, ақпан айында Нұр-Сұлтан әкімдігінің қоғамдық даму істері басқармасы "Сайттарды ақпараттық қолдау бойынша қызметтер" деп аталатын тендерді ашық конкурс түрінде өткізген. Тендердің жалпы сомасы – 267 857 142 теңге немесе 637 мың доллар. Тендердің хабарламасында бұл "Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Медиа-орталығының қызметін үйлестіру және ақпараттық сүйемелдеу. Жергілікті және республикалық деңгейде интернет-ресурстар, блогтар және әлеуметтік желілер арқылы мегаполистің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қызметін жариялау" бойынша қызмет екені көрсетілген.

Мұны былай қойғанда,  елорда әкімдігі бұған дейін де әлеуметтік желіде қызметін оң бағалап, пікір жазу үшін тендер ойнатып, бюджеттің 125 миллион теңгесін жұмсаған.  Атап айтқанда,  бас қала әкімдігінің қоғамдық даму істері басқармасы ақпан айында  "елорда әкімдігі мен құрылымдық бөлімшелердің қызметіне қатысты ақпараттық кеңістікті ЭЕМ арқылы мониторингілеу" тендерін ойнатты. 100 миллион теңгенің тендерін Дәрмен Садуақасов жетекшілік ететін Dasco DataCom ЖШС ұтып алған.  Бұл тендердің де мақсаты – әлеуметтік желілер мен интернет платформаларында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің оң имиджін қалыптастыру, беделін ілгерілету, жағымсыз контентті анықтап, оны "бейтараптандыру".

Әрине,  23 жастағы бойжеткен Азиза Әбілбек жетекшілік ететін жарнама агенттігі ұтып алған 267 миллион теңге тендердің жанында шахматшы Дәрмен Садуақасовтың компаниясы алған 100 миллиондық тендер жолда қалады.

Енді 267 миллион теңге тендерді жеңіп алған  New Vision Ltd жарнама агенттігі әкімдіктің қызметін қалай ақпараттық сүйемелдейтініне тоқталайық. Техникалық ерекшелік құжатына қарағанда, тендерді жеңіп алған компания  Нұр-Сұлтан қаласы әкімі мен қалалық қызметтерді жедел фото және видеоға түсіреді,  баспасөз конференциялары, брифингтер, пресс-турлар, т.б. шаралар ұйымдастырады,  бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат таратады, мониторинг жүргізеді, SEO-мен жұмыс істеп, Yahoo, Google, MSN платформаларында контентті бақылайды, Facebook, Twitter, Instagram сияқты әлеуметтік желілерде имидж бен сатып алуларды SMM басқарып, акциялар мен ұтыс ойындарын өткізеді, әкім мен қала қызметі туралы фото және бейнемұрағат жинайды, қазақ , орыс және ағылшын тілінде бейнероликтер дайындап, оны интернет-ресурстар мен республикалық телеарналардың эфирінен көрсетеді, үш тілде аудиороликтер жасап, оны республикалық радиостанцияларға орналастырады, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму ісі басқармасының ресми сайттарын жүргізеді,  астананың әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жөніндегі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қызметін жергілікті және республикалық деңгейлердегі интернет-ресурстар, блогтар мен әлеуметтік желілерде насихаттайды, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде фильмдер жасайды. Әлбетте, роликтер мен деректі фильмдердің сценарийі әкімдікпен алдын ала келісіледі.

Ұзын-сонар қызметтердің арасында әкімдіктің қызметін әлеуметтік желіде насихаттау да бар. Техникалық ерекшелік құжатында " Мемлекеттік саясат туралы қоғамдық оң көзқарас қалыптастыру үшін және азаматтарды Елордада жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы ақпараттандыруды арттыру үшін өнім беруші әкімдіктің Facebook, Instagram, Youtube, Telegram, VK желілеріндегі аккаунтын жандандырады және жүргізеді" делінген.  Тендерді жеңіп алушы әлеуметтік желідегі парақшаларды тәулік бойы үздіксіз жүргізіп, спамнан тазартып, қазақ және орыс тілдерінде патасына 30 хабарлама ілуі керек.

637 мың долларлық тендерді игеріп жатқан New Vision Ltd ЖШС-на келсек, бұл 2017 жылдың 1 маусымында бас қалада тіркелген жарнама агенттігі. Оған 1997 жылы туылған Азиза Әбілбек жетекшілік етеді. Дәл осы жарнама агенттігі сәуір айында "Хабар" агенттігінен  "ақпараттық жүйелерді модельдеу және контентті толықтыру қызметтері"  бойынша 18 миллион теңгенің ұтып алған. Сондай-ақ Әбілбек басқаратын жарнама агенттігі сәуір айында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен 19,5 миллион теңгеге келісімшарт жасасқан. Келісімшарт талаптары бойынша, New Vision Ltd ЖШС "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы туралы оң имидж бен қоғамдық пікір қалыптастыру үшін қазақ тілінде үштен кем емес видеоролик жасап, орыс тіліне аударып, республикалық телеарналарда ротациялайды.

Тендерді жеңіп алушы бұдан басқа да ондаған қызмет көрсетеді. Қысқасы, жарнама агенттігі әкімдік пен Көлгіновтің баспасөз қызметі мен ПИАР агенттігімен парапар қызмет көрсетеді.  Бірақ әкімдіктің қызметін онсыз да жан-жақты көрсетіп, имиджіне жұмыс істейтін білдей баспасөз қызметі, әкімдікке тиесілі интернет-ресурстары мен газеттері, миллиондаған тендерді алып жатқан басқа да ақпарат құралдары тұрғанда, сырттан пиар жасайтын компанияларды жалдаудың не қажеті бар ?  Әлде президент Тоқаевтың "дағдарыс кезінде керексіз шығынды қысқартамыз" деп жұртқа берген уәдесіне әкім Көлгінов құлақ аспай ма?  Әлде  Көлгіновке әкімдік пен өзінің жеке пиары маңыздырақ па?

Фото: baigenews.kz

Байланысты жаналықтар

Назарбаевты сомдаған актер лауазымды қызметке тағайындалды

19.03.2021

Сол жағалау: «Енді маған мектепте орын жоқ»

09.03.2020

Әкімдікке түнеген сегізінші күн: Көлгінов аналармен кездескісі келмей ме?

01.03.2021

Алатаудың бөктерін офшорда жүрген кәсіпкер алыпты

29.05.2020

Көлгінов бұл жолы отставкаға кете ме?

14.05.2020

Берген ақшаны игере алмай отыр

14.04.2020
MalimBlocks
Назарбаевты сомдаған актер лауазымды қызметке тағайындалды

Сол жағалау: «Енді маған мектепте орын жоқ»

Әкімдікке түнеген сегізінші күн: Көлгінов аналармен кездескісі келмей ме?

Алатаудың бөктерін офшорда жүрген кәсіпкер алыпты

Көлгінов бұл жолы отставкаға кете ме?

Берген ақшаны игере алмай отыр