Жаңа салық саясаты: Кімге пайда, кімге шығын?

Malim Админ

  • 12.05.2020

Кешелі бері қызу талқыланып жатқан тақырыпқа қарағанда карантиннен кейін де өмір бар екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір ауыз сөзі күн тәртібінде күйіп тұрған коронавирус, карантин, індеттен сақтану, 42 500 теңге жәрдемақысы, жұмысқа шығу мен табыс табу секілді шетін мәселелерді бір сәтке болса да ысырып тастады. Президенттің сондағы айтқаны – салық мәселесі.

Бүгін 12 мамыр күні Алматыға арнайы сапарлап келіп, карантиндегі қаланың тыныс-тіршілігімен, індеттен сақтану амалдарымен танысқан мемлекет басшысы қорытынды сөзінде салық саясатына арнайы тоқталғаны да қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселені аңғарғаны болса керек.

«Менің түсінігімде, егер ел азаматтары айына 250-300 мың теңге табыс тапса, ол 10 пайыз салық төлеуге міндетті емес. 7 пайыз төлеуі мүмкін. Орта тапқа келетін болсақ, 2 миллион теңгеге дейін табатындар үшін 10 пайыз салық салынатын шығар. Ал 2 миллион теңгеден көп табысы барлар 10 пайыздан жоғары салық төлегені дұрыс секілді. Шамамен 13-15 пайыз. Оның межесін енді үкімет комиссиясы шешеді. Бірақ салық 15 пайыздан жоғары болмайды», – деді ол.

Бір қызығы, Қазақстанда 2007 жылға дейін президент айтқан осы үдемелі салық шкаласы болған еді. Қазір ел азаматтары қолданыстағы заңға сай бай мен кедейге, аз-көп табыс табатынына қарамай, бәрі айлықтарының он пайызын салыққа төлейді. Сонда жеке табыс салығының үдемелі шкаласына қайта көшу не үшін қажет болды?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі 11 мамырдағы  мемлекеттік комиссия отырысында бұл бастамасын «әділдік үшін жеке табыс салығының үдемелі шкаласын енгізу керек» деді.  Ал билік өкілдері  осындай амал арқылы «конвертпен жалақы төлеу ісін» азайтамыз дейді.

Дегенмен үдемелі шкаланың межесі қаншалықты болу керек дегенге келгенде үкіметтің әзірге айтар дайын жауабы жоқ.

«Салық мөлшері  талқыланады. Жұмыс ашық болады. Жұмыс енді басталды. Табыс көлемі, салық шкаласы нақты осылай деп айтуға ерте. Өйткені ол әлі анықталған жоқ. Қоғамдық талқыға саламыз. Ақылдасамыз.  Барлық ақпарат жұмыс тобынан тарайды және жұмыс тобының ақпаратын рас дерек деп қабылдау керек. Фейктің жетегінде кетпеу қажет», – деп мәлімдеді экономика министрінің орынбасары Мади Такиев.

Ал Қазақстанның әлеуметтік желісі  үкіметтің арнайы комиссиясының отырысын күтпестен салық шкаласын талқылауды бастап та кетті. Дұрыс деушілер «байларға салық барынша көбірек салынса» дейді. Бұрыс деушілер «жеке адам көп табыс табу үшін ерінбей сан жыл оқыды, білім мен біліктілік жинады, тәулігіне 24 сағат еңбектеніп соның арқасында жетістікке жетіп, жақсы айлыққа жетті. Осындай қажыр-қайраты үшін айлығы көп азаматтарды салықтан тонау қажет пе дейді.

Саясаттанушы Ерлан Саиров президенттің бастамасын бұрыс деушілерді

Түсінетінін, бірақ, үдемелі салық шкаласынан шошудың қажеті жоқтығын айтады. Оның ойынша, дамыған елдерде бұл жүйе бар. Ол «Еуропа-Скандинав моделі» деп аталады.

«Еуропа өміріне сай болуымыз үшін мұндай қадам керек. Алайда, табысы көптерге үдемелі шкаланың шекті деңгейі  президент айтқан 15 пайыздан аспауы тиіс. Одан  көп болса, адамдар табысын жасыра бастайды. Бұл бастаманың басты мақсаты да табысты жасырмау.  Өзгерістің басты талабы табысы көптерге салықты арттырып, бюджетті толтыру да емес. Қайта, керісінше, өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етуші дейтін көпшілікке аз салық салып, көлеңкелі табыс пен көлеңкелі экономиканы жарыққа шығару» дейді саясаттанушы.

Әлеуметтік желіде үдемелі салық саясатын «дұрыс» және «бұрыс» деушілермен қатар төлеген салығымызға лайықты қызмет көргіміз келеді деушілер де төбе көрсетіп жатыр. Олар білім беру жүйесін, денсаулық сақтау жүйесін, қала мен ауылдағы инфраструктураны билік жетілдірсін, төлейтін салығымызға сай қызмет көрсетсін дегендей талаптарын айтып жатыр. Ерлан Саировтың ойынша, бұл өте жақсы үрдіс. Қарапайым салықтөлеуші бюджет қаржысының тиімділігін қадағалауға қызыққан сайын елімізде азаматтық қоғам тезірек орнап, мемлекеттік құрылымдар шыңдалып шығады екен.

Ал президенттің штаттан тыс кеңесшісі, экономист Олжас Құдайбергеновтің пікірінше, көпшілік үдемелі салық шкаласының мәнін дұрыс түсінбестен асығыстықпен жаңсақ пікір жазып жатыр. «Егер президент ұсынған салық жүйесі қолданысқа енер болса, онда табысы аздар салықты қазіргісінен (10 пайыздан) аз, табысы көптер салықты қазіргісінен көптеу төлейді. Яғни, бұл бастама халықтың басым бөлігі үшін оңтайлы екені айтпаса да түсінікті» деді О.Құдайбергенов.

фото Pixabay  сайтынан

MalimBlocks
Жеке кәсіпкер табыс салығын төлемейді