"Болашақ" түлегі: Әр адам шетелде оқып көруі керек

Malim Админ

  • 31.05.2020

"Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Дарем университетінің докторантурасында оқыған Әлия ХАСЕНЕЕВА – бүгінде Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде директор орынбасары қызметін атқарады. Әлия ХАСЕНЕЕВА шетелде оқу білімін шыңдап қана қоймай, басқа қоғамда өмір сүруді үйреткен бетбұрысты кезең болғанын айтады.

– Әлия, ең алдымен, "Болашақ" бағдарламасы бойынша қалай оқуға түскеніңізді айтып берсеңіз.

– "Болашақ" бағдарламасымен докторантура оқу үшін оқуға өз бетінше түсіп, университеттен шартсыз шақыру алу керек. Сондықтан "Болашақ" іріктеуінен бұрын, бірнеше университетке  құжат тапсырып, шартсыз шақыру алдым. Оның ішінде Ұлыбританияның солтүстік-шығысындағы Дарем қаласында орналасқан Дарем университетінің (Durham University) білім беру департаменті де шақыру болды. Сөйтіп,  шақыру мен басқа құжаттарды жинап, "Болашаққа" тапсырдым.  Шындығына келгенде, шетелдегі оқуды әркімнің қалтасы көтере бермейді, сондықтан "Болашақ" мұндай азаматтар үшін қолжетімді жалғыз мүмкіндік.

– Докторантураға түсу үшін шартсыз шақыру алу керек дедіңіз. Түсу процесін таратып айтып бересіз бе?

– Иә, докторантураға түсу үшін өзің қалаған университетке құжаттардан бөлек, research proposal, яғни болашақ зерттеу жұмысыңның қысқаша сипаттамасын тапсыруың керек. Онда зерттеу тақырыбы, зерттеу әдістері сипатталып жазылады. Зерттеу сипаттамасын жазып жіберген соң, ол бірден сол саладағы оқытушыға бағытталады. Яғни сенімен жұмыс істейтін, сол тақырыпты білетін профессор жетекші болып тағайындалады.

– Ал "Болашақ" бағдарламасына іріктеу қалай өтті?

– Бәрімен бірдей конкурстық іріктеуден өттім, Өзімде IELTS сертификаты болды, сондықтан шет тілін білу деңгейін анықтайтын емтиханды тапсырмадым. Тәуелсіз сарапшылар комиссиясы білім беру, Конституция, тарих, заңдар жайлы сұрақ қойды.  Ол уақытта Назарбаев зияткерлік мектебінде мұғалім болып жұмыс істейтінмін, сондықтан тәуелсіз сарапшылар комиссиясына дайын болдым,  ешқандай қорқу болған жоқ.

– Шетелде докторантура оқудың елдегі оқудан не айырмасы, нендей ерекшелігі бар?

– Қазақстанда докторантура оқымағандықтан, дөп басып айту қиын. Дегнемен Мемлекеттік басқару академиясында докторанттарға сабақ бергенде, елде Scopus тізіміне кіретін журналдарда ғылыми жарияланымдар талап етілетінін байқадым.  Ал Англияда ондай талап қойылмайды. Англияда көп ғылыми конференцияларға қатыстым. Жетекшілерім "конференцияға неге көп уақыт құртасың, диссертацияңа көңіл бөл" дейтін. Англияда ауқымы үлкен емес проблеманы таңдап алып, сол бойынша зерттеу жасайсың, яғни сенен әлемді өзгертетін жаңалық ашу талап етілмейді.

Оқу үш жылға созылды. Алғашқы жылы алты модуль алып, лекциялар мен семинарларға қатысып оқисың. Алты модульдің үшеуі міндетті болса, қалған үшеуін өзің таңдайсың. Осы бір жыл ішінде бастапқыда таңдаған зерттеу тақырыбыңды өзгерте аласың. Оқудың алғашқы жылы соңына таяғанда алдағы уақытта жүргізетін зерттеуінің қорытынды қысқаша сипаттамасын өткізесің. Сол кезеңде оқуды ары қарай жалғастырасың ба дегенге қатысты шешім қабылданады. Оқуда ары қарай қалу үшін үлгерімің кемінде 60 пайыз болуы керек.

Алғашқы жыл аяқталған соң, маған зерттеуге екі жыл берілді. Зерттеуіме екі жетекші, яғни супервайзер тағайындалды. Жетекшіңмен аптасына немесе айына бір рет кездесіп, осы күнге дейін жасаған жұмысыңды бірге талқылайсың. Оған дейін жазып қойған зерттеу бөлімдері жайлы сын-пікірің естіп, алдағы жұмысты жоспарлайсың. Мен "Қазақстан мектептеріндегі білім берудің интернализациясы" тақырыбында зерттеу жүргіздім.

Дарем университетіндегі білім беру департаменті Ұлыбританиядағы ең үздік бестікке кіреді. Білім беру саласындағы докторантура профильді болғандықтан, doctor in education (EdD), яғни  білім беру саласының докторы дәрежесін алдым.

– Шетелде оқу өміріңді қалай өзгертті?

– Ұлыбританияда оқу – өмірімнің бетбұрысты кезеңі болды. Жеке тұлға ретіне өзгердім. Әртүрлі адамдар, әр алуан пікір, мүлде басқа әлемді көріп қайттым. Маған осы әр алуандылық ұнады.

Ал академиялық білімге келсек, көп нәрсе үйрендім, зерттеу жүргізу, зерттеу жүйесі мен әдістемесін меңгердім. Оған дейін зерттеудің әдістемесін жете білмедім.

Мансап жағынан өрлеуге келсек, шетелдегі оқуды аяқтап, елге қайтып келген соң,  Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директор орынбасары қызметіне тағайындалдым.

– "Болашақ" бағдарламасы төлеген ай сайынғы шәкіртақы жетті ме?

– Иә, стипендия жеткілікті болды. Даремде қызым екеуміз тұрдық. Әрине, қыдыру, сән салондарына бару тәрізді басы артық дүниелерге жетпейді. Бірақ бізде сән салонына бармау оғаш нәрсе болса, Англияда керісінше, сән салонына бармау – қалыпты дүние. Онда бәрі қарапайым киінеді, бір киіммен жүрсе де ешкім мән бермейді.

Меніңше, әр адам шетелде оқып, өмір сүріп көруі керек. Дарем қаласында жергілікті халық тұратын ауданда өмір сүрдім, коммуналды қызмет ақысын өзім төледім, халықтың тұрмыс-тіршілігімен таныстым. Елдің мәдениеті және өмірімен танысып, түсіну үшін сол елде жергілікті тұрғын тәрізді тұрып көру керек.

 – Әңгімеңізге рахмет!

Байланысты жаналықтар

Түрмедегі Гүлнараның шетелдегі үш үйі тәркіленді

09.08.2023

Айсұлтан Назарбаевтың неден қайтыс болғаны айтылды

25.03.2021

Шет мемлекет атауларын жаңа әліпбиде қалай жазу керек?

17.03.2021

"Новичок" уын жасағандар COVID-қа қарсы препарат шығармақ

26.01.2021

Иран баспасөзі: Кетіп қуантқан президент

25.01.2021

«Болашақтың» 27 толқыны оқуға кетеді

21.09.2020
MalimBlocks
Түрмедегі Гүлнараның шетелдегі үш үйі тәркіленді

Гүлнара Каримованың Лондондағы ең қымбат аудан болып саналатын Белгравиядағы екі пәтері және Суррей графтығындағы зәулім сарайы тәркіленді.

Айсұлтан Назарбаевтың неден қайтыс болғаны айтылды

Шет мемлекет атауларын жаңа әліпбиде қалай жазу керек?

"Новичок" уын жасағандар COVID-қа қарсы препарат шығармақ

Иран баспасөзі: Кетіп қуантқан президент

«Болашақтың» 27 толқыны оқуға кетеді