Праймериз ойын тәртібін өзгертеді

  • 05.06.2020
  • Malim Админ

Мемлекетімізде орын алған әлеуметтік-экономикалық жаңғырулармен қатар, еліміздің саяси өмірінде де оң өзгерістер бой көрсетіп, жаңа технологиялар мен тәсілдер айналымға енуде. Солардың бірі, батыс елдерінің сайлау тәжірбиесінде жүйелі түрде қолданылып келе жатқан партиялық праймериз ұғымы.
Праймериз – АҚШ саясаткерлерінен бастау алған, партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі. Қазақ тіліндегі мағынасы – іріктеу деген ұғымды білдіреді. Кейде «алдын-ала сайлау» немесе «алдын-ала дауыс беру» деп те атайды. Яғни, жақтастар арасында алдын-ала партияішілік сайлау өткізу арқылы, партия атынан басты аламанға түсетін көшбасшыларды іріктеп алу дегенге саяды. Бұл, бір жағынан партияның өз ішіндегі мықтыларын іріктеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан партиямен ниеттес, өзекті мәселелерді сөйлейтін үзеңгілес азаматтарды партия қатарына тартудың бірден-бір құралы.

Халықаралық тәжірбиеде мойындалған партияішілік іріктеу тәсілін елімізде алғашқылардың бірі болып «Nur Otan» партиясы қолданысқа енгізуде.
Бүгінде партия тарапынан халықпен кері байланыс арналарын орнатуға ерекше назар аударылуда. Аталмыш тәсіл арқылы партия қоғамда жаңа «әлеуметтік лифт» қалыптастырмақ яғни, алдағы сайлауларға ұсынылатын адал, іскер, ел сенетін тұлғаларды іріктеп алмақ.
Осы орайда «Nur Otan» партияішілік іріктеуді ашықтық пен жариялылық қағидаларына сай өткізуді жоспарлап отыр. Саяси тәсілдің де басты мақсаты негізгі сайлаулардағы партия мүшелерінің ынтымақты дауыс берулеріне қол жеткізу болып табылады. Партияның барлық деңгейдегі тұлғалары сайлау науқаны басталғанда ел арасына шығып, қоғамды дамытуға арналған бағдарламасымен таныстырып, ашық пікірталасқа көшпек. Осылайша үміткерлердің саяси ұстанымы мен ұсынастары ел алдында ашық, жариялы түрде саяси пікірталаста анықталатын болады. Суырылып шыққан мықтылар, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, одан әрі үлкен сайлауға түседі.
Осылайша жаңғыру арқылы ашықтық пен жариялылыққа бағыт алған еліміздің саяси тарихында демократияның қалыптасқан сайлауалды құралдарының бірі тәжірбиеге енбек. Партия басшылығының жоспары бойынша праймериз нәтижесінде кім көп дауыс алады, сол одан әрі депутат атану құқығын иеленбек. Әрине, бұл алғышарттардың сыртында, үміткерлер әңгімелесу, тест тапсыру, бюрода қарау сынды талаптардан да өтуі тиіс. Мұндай ашықтық партия қатарын шынайы халықшыл азаматтармен толықтыруға және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпіліс әкелетін жаңа көзқарасты саясаткерлердің пайда болуына толық мүмкіндік туғызбақ. Ал, толықтай алсақ, өзгермелі ахуал жағдайында жаңа саяси мәдениеттің пішіндері мен іргетасының қалыптасуына септігін тигізбек.

Алдағы сайлау бұрынғы сайлаудан өзгеше болмақ. Жер жаһанды жайлаған төтенше жағдай мемлекеттердің қоғамдық-саяси өміріне күтпеген өзгерістер алып келді. Бұл орайда, басқа партиялар мен қоғамдық институттарға қарағанда «Nur Otan» партиясы халықтың әлеуметтік хал-жағдайын қолдауда ұтымды бастамалар ұсынғанын айта кетсек артық болмас. Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры аясында қомақты қаражат жиналып, әлеуметтік әлсіз топтар мен медицина қызметкерлеріне көлемді көмек көрсетілді. Бұл жетекші партия тарапынан халықтың әл-ауқатын бағамдайтын тұрақты мониторинг жасалынып отырғандығын көрсетеді.
Азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі әрқашан да бірінші орында болуы керек. Сол себепті карантин жағдайында жаңа технологиялар сайлау процестерінде де орын алмақ. Сондай-ақ, алда болатын сайлаудың тағы бір ерекшелігі, жуырда қабылданған жаңа заңға сәйкес сайлауға түсетін үміткерлер арасында жастар мен әйелдер квотасының сақталуын қарастыру. Яғни, партия тізімімен түсетін кандидаттар арасында әйелдер мен жастардың үлесі 30% болуы шарт. Бұл, келешекте депутаттар арасынан заманауи креативті жастар мен әлеуметтік мәселелерді көтеретін әйелдердің көптеп көретіндігіміздің кепілі.

Қорыта келсек, праймериз тәсілі негізінде партияның жаңа тұлғалары мен көшбасшыларын іріктеу қалыптасқан «ойын тәртібін» өзгертіп, саяси додаға қатысатын тараптардың қызу таласын жаңа сатыға көтермек.

Дәурен Базаров,

Еуразиялық интеграция институтының қызметкері

Байланысты жаналықтар

Несіпбек Айтұлы енді Берік Уәлиге өлең арнады

09.04.2020

Долинка түрмесінде сотталушылардың зорланғаны хабарланды

18.02.2021

Байқаушыларға қажетті жағдай жасалған

04.01.2021

«Ағама ауыртпалық түсіргенім жоқ»

13.04.2020

Әсия Төлесоваға сот үкімі шықты

12.08.2020

"Қырғыздар Ресей құрамына кіргісі келеді"

15.09.2020