Алматы облысында праймериз өлген адам тірілтті
Алматы облысы, Алакөл ауданында «Nur Otan» партиясы өткізген праймериздің арқасында тоғыз жыл бұрын дүние салған адам «тіріліп» кетті.
Алакөл аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының басшысы Кенжебек АЛПЫСБАЕВ праймеризге қатыспақ болғанда өзін о дүниелік адам екенін білген. Билік партиясына үміткер ретінде тіркелуге барғанда мүшеліктен де шығып қалған екен.
Бірақ «марқұм» осы күнге дейін ел қатарлы салығын төлеп, құжаттарын рәсімдеп жүрген. Кейін анықтай келе, Кенжебек Алпысбаев 2011 жылы анасының бақилық болуына байланысты қайтыс болу туралы куәлікке өтініш берген екен. Сол кезде мамандар анасының орнына өтініш берушінің жеке сәйкестендіру кодын жазып жіберген. Кеткен қателікті ертесінде іле-шала түзеп, актінің күшін жойған дейді
«Nur Otan»- партиясының адамдары келіп, қайтыс болған адамдардың тізімін сұратқан. Сол кезде бұл кісілер мына қайтыс болған акт жазбасын алып кеткен. Бұл қайтыс болу акт жазбасының төбесінде бұл акті жазбасы 2011 жылы 12-шілдеде Әділет басқармасының қорытындысымен жойылды деген белгі тұр. Ол кісілер де сол білмегендіктен, бұл кісіні «Nur Otan» партиясының тізімінен алып тастаған», - дейді Алакөл ауданы әкімі аппаратының жетекші маманы Динара МҰХАМЕДЖАНОВ.
Кенжебек Алпысбаев өзінің «Nur Otan» қатарынан қалай шығып қалғанын түсінбейді. Себебі Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ басқаратын партияға «марқұм» жыл сайын жарнасын төлеп тұрған.
«Партияда жоқсың дегенде таңқалып қалдым, мен қалай өліп қалғам деп. Ашуланатын жағдай. Негізінен, жыл сайын жарнасын төлеп отырмыз. Жиналысына қатысамыз. Базаны тексермеген ғой. Қарапайым адами қателік қой бұл жерде. Шындық орнына келді ғой, енді. Ақиқат орнына келді», - дейді Алпысбаев.
Осыдан кейін арнайы комиссия құрылып, текесеру жұмыстары жүргізіліпті. Жауапты мамандар жауапкершілікке тартылған сон, Алпысбаев партияға қайтып келген. Праймеризге қатысуына да еш кедергілер болмаған.
Біздің кейіпкеріміз 50 шақты адамның ішінде 16-шы болып тұр. Партияластарының 10 пайыз дауысын жинапты. Оған 410 адам дауыс берген. Бірақ Алпысбаев аудандық мәслихатқа өтуім неғайбыл дейді.
Фотолар автордікі.