freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қазақстан Азия ойындарында бес қола алды

Спорт •
Қазақстан Азия ойындарында бес қола алды
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Айчи мен Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының алтыншы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы бес қола медаль жеңіп алды. Жүлделер ескек есу, нысана көздеу, семсерлесу және жеңіл атлетикадан бұйырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Күннің алғашқы медалін ескек есуден Қазақстан әйелдер құрамасы еншіледі. Ольга Шмелева, Стэлла Суханова, Татьяна Токарницкая және Эвелина Костенко байдарка-төрттігімен 500 метр қашықтықта қола жүлдеге ие болды. Қазақстандық спортшылар мәреге 1 минут 37,005 секундта жетті.

Нысана көздеуден Ислам Сәтпаев ел қоржынына тағы бір қола медаль салды. Ол 50 метр қашықтықтан шағын калибрлі винтовкамен үш позицияда ату сайысының финалында 348,3 ұпай жинап, үшінші орын алды.

Семсерлесуден Қазақстан әйелдер құрамасы да жүлдегер атанды. Ширек финалда қазақстандықтар Гонконг құрамасын 45:35 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда Қытай спортшыларына 21:45 есебімен жол берді. Нәтижесінде София Николайчук, Ирина Бакалдина, Владислава Андреева және Дарья Самоделкина қола медаль иеленді.

Жеңіл атлетикадан Қазақстан қоржынына екі қола түсті. Полина Иванова сырықпен секіруде 4,15 метр биіктікті бағындырып, үшінші орын алды. Бұл – Қазақстанның Азия ойындарында осы спорт түрінен жеңіп алған тарихтағы алғашқы медалі.

Алина Чистякова жеті сайыстың қорытындысы бойынша 5568 ұпай жинап, қола жүлдегер атанды.

Бірқатар қазақстандық спортшы жүлдеге бір қадам жетпей қалды. Спорттық гимнастикадан Милад Карими керме жаттығуының финалында 13,666 ұпай жинап, төртінші орын алды. Ескек есуден Бекарыс Раматулла мен Дмитрий Холмогоров байдарка-екіліктің 500 метрлік жарысында төртінші нәтиже көрсетті.

Тау велоспортынан Денис Сергиенко кросс-кантри жарысында бесінші орын алса, Максим Фроловский 10 000 метрге жүгіруден алтыншы сатыға тұрақтады.

Жағажай волейболынан Мерей Қожахмет пен Лаура Қабылбекова топтық кезеңдегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Қазақстандық жұп Филиппин өкілдері Бернадет Понс пен Черри Энн Рондинуды 2:1 есебімен жеңіп, іріктеу кезеңін жеңіліссіз аяқтады.

Ал бокстан Назым Қызайбай мен Оразбек Асылқұлов жарысты 1/8 финал кезеңінде аяқтады.

Алты жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 30 медаль бар. Оның 8-і алтын, 8-і күміс және 14-і қола. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте төртінші орында тұр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу