Праймериз де өтті күркіреп
Сонымен алдағы парламентте қалай да болсын жеңеміз деп отырған «Нұр-Отан» партиясының праймермзі де аяқталды.
Партия хатшысы Әлібек Әлденей Factbook парақшасына 3 қазанда 08:00-ден 14:00-ге дейінгі уақыт аралығында интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ 643 елді мекенде қағаз бюллетеньдер бойынша дауыс берілгенін хабарлады.
«Бұл елді мекендер республикалық деңгейдегі қалаларды қоспағанда еліміздің барлық өңірлеріндегі шалғай аудандарда орналасқан. Бұл «Nur Otan» партиясының барлық мүшелерінің сайлау құқығын іске асыру үшін жасалған»- дейді партия хатшыы.
Жалпы, бюллетень бойынша 82 552 адам дауыс беріпті. Ол үшін арнайы сайлау учаскелері ашылған. Учаскелерде кандидаттардың сенімді өкілдері – бақылаушылар жұмыс істепті. Аймақтың Ұйымдастыру комитеттері дауыс беру праймериз өткізу ережелерін бұзбай және санитарлық нормаларды сақтап өткенін хабарлаған.
«Тиісті учаскелік есеп комиссияларының өкілдері есептеу жүргізді. 3 қазан күнгі сағат 20.00-де барлық бюллетеньдер мен дауыс беру нәтижелері партияның аудандық филиалдарына жеткізілді. Аймақтық есеп комиссиялары тарапынан бюллетеньдердің хаттама мәліметтеріне сәйкестігін тексерілді. Барлық материалдар Орталық аппаратқа верификация жасау үшін жіберілді. Әр бюллетеньде арнайы қорғаныс маркері бар»- дейді Ә.Әлденей.
Билік партиясы енді бюллетендер бойынша дауыс беру нәтижелерін «Праймериз» ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстарын аяқтамақ. Сосын, соңғы деректерін бір мезетте жаңартпақ. Айта кетерлігі, https://vote.primaries.kz веб-сайты және мобильді қосымша арқылы онлайн дауыс беру мерзімі тура бір тәулікке, яғни 4 қазан күнгі сағат 14:00-ге дейін ұзартылған болатын.
Осылайша біреу мақтаған, біреу даттаған праймериз де дүркіреп, күркірет өтіп кетті.