Ұзын әрі қалың кірпік үшін бірнеше сағаттық процедураға бару бүгінде қалыпты құбылысқа айналды. Алайда кірпік ұзарту тек сыртқы келбетті өзгертумен шектелмейді. Ғылыми зерттеулер процедурадан кейін көздің қызаруы, қышуы, қабақтың ісінуі және табиғи кірпіктің әлсіреуі сияқты мәселелер туындауы мүмкін екенін көрсетеді, деп Malim.kz тілшісі PubMed деректеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Кірпік ұзарту кезінде жасанды талшықтар табиғи кірпіктерге арнайы желіммен бекітіледі. Негізгі қауіптердің бірі де осы желіммен байланысты. Кей адамдарда оның құрамындағы заттарға аллергиялық реакция пайда болып, қабақ қызарып, ісініп, қышуы мүмкін.
Жапонияда жүргізілген зерттеуде кірпік ұзартудан кейін көзінде шағым пайда болған 107 әйел зерттелген. Олардың 64-інде кератоконъюнктивит, ал 42-сінде желімге байланысты аллергиялық блефарит анықталған. Зерттеушілер процедура кезінде қолданылатын желім немесе оны кетіретін зат көзге түскен жағдайда көздің беткі қабаты зақымдануы мүмкін екенін көрсеткен.
Көз құрғауы мүмкін
Кірпік ұзартудың көздің жас қабатына әсерін зерттеген 2024 жылғы шағын зерттеуге 32 адам қатысқан. Процедурадан бір сағат өткен соң олардың 27-сі көзінде белгілі бір жайсыздық сезінген. Ең жиі кездескен белгі — көзге бөгде зат түскендей сезім болған.
Зерттеу нәтижесінде процедурадан кейін көз жасының тұрақтылығы уақытша төмендеп, көздің қасаң қабығында ұсақ зақым белгілері байқалуы мүмкін екені анықталған. Авторлар кірпік ұзарту көз бетінің табиғи тепе-теңдігіне қысқа мерзімді әсер етуі мүмкін деген қорытындыға келген. Дегенмен зерттеуге небәрі 32 адам қатысқандықтан, бұл көрсеткіштерді кірпік ұзартатын барлық адамға тікелей қолдануға болмайды.
Табиғи кірпік те зардап шегуі мүмкін
Жасанды кірпіктің салмағы мен оны үнемі қайта жабыстыру табиғи кірпіктерге механикалық күш түсіреді. Медициналық әдебиетте ұзақ уақыт бойы мұндай тартылу табиғи кірпіктің түсуіне және фолликулдардың зақымдануына әкелуі мүмкін екені сипатталған.
Сонымен қатар кірпікті күштеп жұлып алу немесе дұрыс емес тәсілмен шешу табиғи кірпіктердің бірге жұлынып кетуіне себеп болуы мүмкін.
Қышу мен қызаруды елемеуге болмайды
Кірпік ұзартқаннан кейін аздап жайсыздық қалыпты нәрсе деп қабылдануы мүмкін. Алайда көздің қатты қызаруы, ісінуі, ұзаққа созылған қышу, ауырсыну, жас ағу немесе көрудің нашарлауы байқалса, процедура жасаған маманға ғана емес, офтальмологқа жүгінген дұрыс.
Кірпік ұзарту міндетті түрде көз ауруына әкеледі деуге негіз жоқ. Дегенмен ғылыми зерттеулер процедураның белгілі бір тәуекелдері бар екенін көрсетеді. Сондықтан маман таңдағанда санитарлық талаптарға, құралдардың тазалығына және қолданылатын желімнің сапасына мән берген жөн.