freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Жиектас дауының артынша Степногорск әкімі қызметінен босатылды

Қоғам
Жиектас дауының артынша Степногорск әкімі қызметінен босатылды
Фото: Видеодан скриншот \ Halyqstan telegram

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың 21 қыркүйектегі өкімімен Степногорск қаласының әкімі Гайдар Қасенов қызметінен босатылды. Кадрлық шешімнің нақты себебі ресми хабарламада көрсетілмеген, деп Malim.kz тілшісі, Halyqstan telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетейік, бұған дейін Степногорскіде аулаларды абаттандыру жұмыстарының сапасына қатысты дау туындаған еді. Қала тұрғындары мен мәслихат депутаттары "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында жөнделіп жатқан аулалардың бірін тексеріп, бірқатар кемшілікті анықтаған.

Тексеру кезінде бордюрлердің кейбірі цемент ерітіндісімен бекітілмегені байқалған. Видеода тексеруге қатысушылардың бірі бордюрді қолымен оңай қозғап, оның астында цемент жоқ екенін көрсеткен. Сондай-ақ асфальт төселетін негізге қатысты да сұрақтар туындады. Қатысушылар кей жерлерде жабынның қажетті қиыршық тас қабатынсыз, топырақтың үстіне төселіп жатқанын айтқан. 

Мердігер өз кезегінде негізге құм-қиыршық тас қоспасы пайдаланылғанын мәлімдеген. Алайда депутаттар бұл уәжбен келіспей, қажет болған жағдайда материалдардың құрамы мен құрылыс сапасын сараптама арқылы тексеретіндерін жеткізген. Нысандағы жөндеу жұмыстары "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында жүргізілген, оның құны 43 миллион теңге деп хабарланған. 

Осы жағдай қоғамда резонанс тудырғаннан кейін бірнеше күн өткен соң қала әкімі қызметінен босатылды. Дегенмен әкімдіктің ресми хабарламасында Гайдар Қасеновтің қызметтен кетуі аталған жөндеу жұмыстарына байланысты екені айтылмаған.

Гайдар Қасенов Степногорск әкімі қызметіне 2024 жылғы 13 қарашада тағайындалған. Осылайша ол қала әкімі лауазымында шамамен бір жыл он ай жұмыс істеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу