"Тоқаев жастар саясатқа аралассын деді де, бізді ұстады"

Malim Админ

  • 05.06.2020

 Осыдан тура бір жыл бұрын, президент сайлауының қарсаңында бір топ жас Oyan, Qazaqstan қозғалысы құрылғанын мәлімдеді. Қозғалыс белсенділері бірден саяси партия құрмайтынын, президенттік басқару жүйесінен парламенттік жүйеге көшіп, саяси реформаларды қолдайтынын айтқан-ды. Біз Oyan, Qazaqstan қозғалысының өкілі, саясаттанушы Димаш ӘЛЖАНОВПЕН былтыр ғана пайда болған жастар қозғалысы қоғамның саяси өміріне қалай әсер еткені жайлы сұхбаттастық.

– Бір жыл бұрын саяси аренада көзге түспеген бір топ жас күтпеген жерден  "Oyan, Qazaqstan" қозғалысын құратынын мәлімдеді. Қозғалыс құру идеясы неден шықты, не түрткі болды? Әртүрлі салада жүрген жастар қалай бірікті?

– Расында да, Oyan, Qazaqstan қозғалысында біріккен жастар қоғамдық-саяси өмірге әрқалай араласқан болатын, тіпті кей мүшелері бұған дейін басқа жобалармен көзге түскен. Мәселен, Oyan, Qazaqstan-ға "Ішкі істер министрлігінің реформасы үшін!"  қозғалысының өкілдері қосылды. Өнер саласында жүрген жастар да қатарымызға келді. Бәрімізді біріктірген нәрсе біреу. Ол – елге өзгеріс жасау. Меніңше, бұл табиғи түрде болған нәрсе. Сол уақытта әділ сайлау өткізуге үндеген акциялар басталып, парақшалар таратылды. Біз бір-бірімізді мүлдем танымайтынбыз. Алматы марафонында  Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков "Шындықтан қаша алмайсың" баннері үшін ұсталды. Сол кезде қоғамның барлық топтары өзгеріс қажет екенін түсінді. Яғни мұның артында қоғамның өзгеріске деген сұранысы жатты. Осы кезде, президент сайлауының алдында елде өзгеріс жасауды күн тәртібіне қоятын ұйым қажет екенін түсіндік. Сөйтіп, бірте-бірте осы мәселені қоғамға жеткізу жолдарын үйрене бастадық. Президент сайлауына дейін баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, қозғалыс құратынымызды мәлімдедік. Осы уақыт ішінде біреулер қозғалысқа келіп жатса, енді біреулер кетіп жатты. Бірақ бәрімізді біріктірген идея өзгермеді.

Оның үстіне біз көтерген идеяларды көпшілік қолдады. Мысалы, елде өзгеріс жасау үшін бейбіт жиынға шығу құқығын саяси күрес әдісі ретінде қолдану идеясы көпшіліктің көкейіне қонды.

[caption id="attachment_3364" align="alignleft" width="1000"] Димаш Әлжанов
Фото vlast.kz порталынан алынды[/caption]

 

– Oyan, Qazaqstan-ның шамамен қанша мүшесі бар?

– Қозғалыстың нақты мынанша мүшесі бар деген есеп жүргізбейміз, өйткені әу бастан қозғалыс ондай мақсат үшін құрылған жоқ. Қозғалыстың жүз шақты мүшесі Алматыда, басқа  қалалар мен аймақтарда өкілдеріміз одан көп. Біз белгілі бір мақсатқа жетуді көздейтін азаматтардың басын қосатын ашық ұйым құрғымыз келді. Өйткені қоғамға ашық ұйымдар болашаққа үлкен жетістіктерге жетеді.

– Oyan, Qazaqstan-ның бір жыл ішінде өмірі қалай өзгерді? Қозғалыс елдегі саяси процестерге әсер ете алды ма?

– Белгілі бір дәрежеде алдымызға қойған мақсаттарды іске асырдық. Әу бастағы мақсатымыз саяси өзгеріс мәселесін күн тәртібіне қою болатын. Бір жыл бұрын адамдар Назарбаевты тікелей сынап, елде билік ауыспайтынын митингіде айта алмайтын. Бір жылдан кейін адамдар осы нәрселерді ашық айта бастады, әлбетте,  бұл басқа да саяси күштердің қатысуымен іске асты. Ал біз саяси жүйе ауысуы керек, президенттік басқару жүйе ескірді, оның болашағы жоқ, бізге нағыз халық өкілдері баратын парламенттік билік керек деген мәселені күн тәртібіне қойдық. Бұл ойымызды көпшілікке түсіндірдік. Жария іс-әрекетіміз өз нәтижесін берді, жастар мен аға буын үрей-қорқыныштан арылып, митингіге шыға бастады. Митингіге шығуға болады, шығу керек, өйткені ол қоғамдағы диалогтың бір түрі.  Меніңше, біздің атқарған жұмыстарымыз бен саяси талаптарымыздан кейін  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бірақ саяси реформалар шын мәнінде жасалып жатқан жоқ деп есептеймін. Демократиялық құндылықтар үшін күрес  әлі де жүріп жатыр, ол үшін бір жыл аздық етеді. Бастысы, сең қозғалды.

Астын сызып айтатын нәрсе, біз айтқан мәселелер сол күйінде қалмай, қоғамда кең таралды. Сайлаудың мажоритарлы жүйесі, бейбіт шеру өткізу құқығы және демократиялы қоғамдағы полиция рөлі тәрізді идеяларымызды басқа саяси күштер іліп алып, көтеріп жатыр.

– Oyan, Qazaqstan митингіге мүлде рұқсат сұрамай шығады. Осы бір жыл ішінде түрлі митингілер мен акциялар өткіздіңіздер. Қоғалысқа мүше жастарға билік қысым көрсетпеді ме?

– Саяси белсенділік бар жерде теперіш те бар. Қозғалыс мүшелерін полицияға шақырту, олардың ата-анасына салық органдарының қысым көрсетуі сияқты оқиғалар болды. Бүгінгі саяси жүйені әлеуметтік желіде, митингілерде ашық сынаған соң биліктің күшіне сүйенетін әуелде білгенбіз. Былтыр әртүрлі қалаларда "Серуен" акциясын бастадық. Яғни біз әдісті өзгерттік. Адамдар саяси емес акцияларда жеке бастарының қорғалатынын, ауызбіршілікті сезді. Сөйтіп, осы  көңіл күйді саяси акцияларға ауыстыруды көздедік. Меніңше, бұл қолымыздан келді. Өйткені "Серуен" акциясының арқасында көптеген жақтастар таптық. Бірте-бірте саяси митингілерге шығатын болдық. Қысым қашанда  болады. Әлі күнге дейін наразылық акцияларының алдында белсенділерге қысым көрсетіледі, телефон соғады. Оған етің де үйренеді екен. Билік осылайша белсенділерге жеке басың  қорғалмаған деген үрейді ұялатқысы келеді.

Митингілер – саяси күрес әдісі. Сондықтан митингіге шығу үшін батыл болуың керек. Онсыз ахуалды өзгерте алмайсың және Oyan, Qazaqstan мұны жақсы түсінеді.

– Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауынан кейін Euronews-ке берген сұхбатында #менояндым, #оянқазақстан хештегімен шыққан жастарды атап өтті. Президенттің сіздерді атағаны ұнады ма? Қозғалыс ішінде талқыланды ма?

– Бұған ешкім қуанып, мақтанып кеткен жоқ. Біз мұны Тоқаевты сөзден ұстау үшін қолдандық. Тоқаев жастардың саяси өмірге араласуына кедергі жоқ деді де, келесі күні біз өткізген акцияда адамдар ұсталды.

Бірақ шын мәнінде, Тоқаевтың айтқаны шетелдік ақпарат құралдарына арналған, бос сөз болып шықты. Біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыз биліктегі бір адамның сөзіне тәуелді болмауы керек. Өйткені полиция мен ҰҚК оның бұйрығымен адамдарды қамап, оппозициялық партияларға тыйым салып жатыр.

[caption id="attachment_4358" align="alignleft" width="1024"] Президент сайлауынан кейінгі митингіде Димаш Әлжановты полиция ұстады Фото: Eurasianet.org Даниль Усманов[/caption]

– Елде соңғы жылда наразылық көңіл күйлері өсті, есесіне билік қысымы да күшейді. Митингіге шыққан адамдар ұсталды. Дей тұрғанмен Oyan, Qazaqstan митингілерге шыққанда, қозғалыс өкілдері жаппай ұсталып, әкімшілік сотқа тартылып, қамалмады. Бұған қарап кейбір оппозиция өкілдері және Мұхтар Әблязов қозғалысты қолдан жасалған, билікпен келісімге келген ұйым деп атады. Бұған не дейсіз?

– Oyan, Qazaqstan қозғалысының құрылуына  Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековтің қамалуы түрткі болды. Бұл қоғамда үлкен сілкініс тудырды. Бұл жерде билік наразылыққа шығатын 20 жастағы жастарды қамаса, қоғам оған өре түрегелетінін, теріс қабылдайтынын түсінді. Билік Әблязов пен ҚДТ-дан басқа қарсыластарды жау жасамау керектігін ұқты. Өйткені бүкіл қоғам жау бола алмайды ғой.  Сондықтан бізді ұстамау арқылы билік өздеріне келетін сөзден қашты.Екінші жағынан олар бізге тиіспеу арқылы қоғамды жік-жікке бөлгісі келеді.

Бірақ Әблязов бізді ғана емес, қоғамдағы басқа күштерді де сынайды. Бұл Әблязовтің ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Өйткені билік үнемі өз қарсыластарын әлсіретіп отырады. Оппозициялық күштерді жаншу үшін "спойлер" технологиясын қолданады. Соңғы президенттік сайлаудағы Әміржан Қосановтың рөлін еске алсақ болады. Кезіндегі Қазақстанның демократиялық таңдауын жік-жікке бөлу, сосын "Ақ жолды"  Әлихан Бәйменов арқылы бөлу, осының бәрі сол технологиялардың жемісі.  Соның арқасында қоғамда сенім жоғалады, ол сенімді қалыптастыру да қиын, әрбірден соң бұл – бәрімізге ортақ мәселе. Алдағы парламент сайлауында да осы мәселе алдымыздан шығуы мүмкін.

Авторитарлы режимнің негізгі мақсаты қоғамға жік салып, билікті сақтап қалу. Сондықтан билікті ауыстыру мәселесін көтермей, халықтың назарын басқа жаққа бұрып, адастыратын жобалар шығып жатыр. Қазақстанда реформа билік ауысса немесе әлсіресе ғана жасалуы мүмкін. Өкінішке қарай, Қазақстанда билікті сайлау арқылы өзгерту мүмкін емес. Сондықтан біз бейбіт шеру мен жиналыстарға шықсақ, әділ сайлаудың өтуіне жағдай жасаймыз.

– Қазақстанда наразы халықтың басын қосатын демократиялық күштер жоқ, бәрі жік-жікке бөлініп кеткен. Неге біріге алмайды?

– Меніңше, бұл жерде барлық демократиялық күштер бірігуге міндетті емес. Қоғамда демократиялық күштер бірігіп, бірге қимылдауы керек деген жаңсақ түсінік бар. Әртүрлі ұйымның саяси мүддесі басқа. Қоғамдағы ұйымдардың барлығы бірдей саяси күрес әдісін қолдануға дайын емес. Кей ұйымдар тәуекелге барудан сескеніп, күрестің басқа әдісін қолданғысы келеді. Әрбірден соң Қазақстанда саяси өзгеріс жасағысы келетін ұйымдар көп емес. Саяси реформаларсыз өзгеріс жасау мүмкін емес, ал өзгерісті тек саяси режимді ауыстыру арқылы жасауға болады. Бұл, әрине, саяси күштер осы тәуелкелдерді мойнына алып, күрес жүргізуі керек деген сөз. Сондықтан бәрінің бірігуі екіталай. Естеріңізде болса, "Республика" қозғалысын бірлесіп митинг өткізуге шақырдық. Бірақ "Республика" қозғалысы әкімдіктен митингіге рұқсат сұрап, өтініш жазды. Бұл біздің басқа ұйымдармен бірлесіп күресуге болады  деген сенімді азайтты. Алайда, бұған түсіністікпен қараймыз. Қайталап айтамын барлығы тәукелге бел байлаға дайын емес.

– Қандай Қазақстанда өмір сүргіңіз келеді?

– Адамның белгілі бір мақсаты бар болса және мемлекет азаматқа сол идеялар мен мақсатты іске асыруға септігін тигізсе, онда ондай қоғамның даму мүмкіндігі бар. Қозғалыс декларациясына қосқанымдай, біз адамға еркіндік беретін саяси институттардың қалыптасқанын қалаймыз. Яғни адам саясатпен немесе экономикамен айналысамын  десе, оған кедергі келтірмей, керісінше соған  мүмкіндік беретін қоғам қалыптасса деймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бас беттегі фото Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның сайтынан алынды

Сұхбатты көшіріп басуға болмайды. 

Байланысты жаналықтар

«Су тасқынынан 7 адам қаза тапты»: ІІМ ақпаратты жоққа шығарды

18.04.2024

Су тасқыны: ІІМ із-түзсіз жоғалғандарға қатысты қылмыстық іс қозғады

18.04.2024

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ жаңа деректерді жариялады

18.04.2024

Қазақстандағы су тасқыны: зардап шеккен өңірлерге 4 211 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

18.04.2024

Алдағы үш күнде ауа райы +30 градусқа дейін ысиды

17.04.2024

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ жаңа деректерді жариялады

17.04.2024
MalimBlocks
«Су тасқынынан 7 адам қаза тапты»: ІІМ ақпаратты жоққа шығарды

ІІМ ресми өкілі жалпы республика бойынша көктемгі су тасқыны аясында адам өлімінің бес фактісі тіркелгенін растады.

Су тасқыны: ІІМ із-түзсіз жоғалғандарға қатысты қылмыстық іс қозғады

Қазір мұндай сипаттағы жеті қылмыстық іс бар.

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ жаңа деректерді жариялады

Су тасқыны басталғалы бері барлығы 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланды.

Қазақстандағы су тасқыны: зардап шеккен өңірлерге 4 211 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

Осы уақытқа дейін 10 млн текше метр еріген қар суы сорылды.

Алдағы үш күнде ауа райы +30 градусқа дейін ысиды

Термометр бағаны түнде температураның ауытқуын көрсетеді.

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ жаңа деректерді жариялады

Бүгінгі күні 16 мың адам өз үйлеріне оралды. 6 950 адам, оның ішінде 3 113 бала эвакуациялау пункттерінде.