Коворкинг орталықтарына бөлінген қыруар қаржы бюджетке қайтарылған

  • 10.06.2020
  • Malim Админ

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жәмила Нұрмамбетова Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетовқа мынандай сұрақ қойды:

«Үкімет есебінде айтылғандай Білім және Ғылым министрлігіне 663 миллион теңге еліміздегі 30 университетте коворкинг орталықтарын ашуға бөлінген еді. Ақша Ұлттық қордан аударылған трансферт болатын. Бірақ бұл қаражат 100 пайыз игерілген жоқ. Яғни, жоғары оқу орындарында бірде-бір коворкинг орталықтары ашылмады. Сондай-ақ, үкімет есебінде бұл ақшаның игерілмеуі қажетсіздік деп түсіндірілген. Егер ЖОО-лар Ұлттық қордан ақша алмай-ақ, өздері сондай орталықтар аша алатын болса, әу баста осынша ақшаны Ұлттық қордан сұраудың не керегі бар еді? Неге қажетсіз дүниені жоспарладыңыздар?»

Бұл сұраққа Асхат Аймағамбетов былай жауап берді:

«Өздеріңіз білесіздер, бұның алдында кәсіпкерлік білімді, кәсіпкерлік құзыреттіліктерді дамыту үшін университтерге кәсіпкерлік негізі курсы енгізіліп, алдыңғы жылы 100 мың студент осы курстан өткен болатын. Осы мәселені институтционалды түрде бекіту үшін 30 университеттен 30 коворкинг орталықтарын бизнес инкубатормен ашу жоспарланды. Әрине, бұл мәселе іске асқан жоқ. Жалпы 663 миллион теңге бюджетке қайтарылған болатын. Осы жұмыс барысында біз бір мәселеге көз жеткіздік. Коворкинг орталықтарды бюджеттен ақша шығармай, жекеменшік қорлардың, әлде бизнестің шеңберінде шешу мүмкіндігі бар екен. Сондықтан осы шешім қабылданған болатын. Жалпы бұл коворкинг орталықтары ашылады. Мақсатқа қол жеткіземіз. Қазірдің өзінде 5 коворкинг орталығы ашылды. Қалған 25 орталықты 2021 жылдың басында ашамыз. Әрине, сіз айтып отырған жоспарлау мәселесіне орай тиісті шараларды қабылдадық. Сондықтан бұл мәселені  келесіде ескеретін боламыз».

Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллин министрдің жауабына риза болмай, одан әрі шүйліге түсті.

«Асхат Қанатұлы, тәжірибелі министр болып барасыз. Ол коворкинг орталықтарды керегі жоқ деп ешкім айтқан жоқ. Мәселе, сұрақ басқа еді. Ұлттық қордан ақша алынды. Асхат Қанатұлы, сіз былтыр маусым айында министр болдыңыз. Мүмкін бұл коворкинг орталықтарға деп аударылған миллиондаған доллар туралы білмеген шығарсыз. Жалпы коворкинг орталықтар деген не? Соны біліп алайық та. Қазіргі кезде студент пен жұмыс берушілердің қарым-қатынас алаңы. Ешқандай қиындығы жоқ. Кеңес үкіметі кезінде оқу бітіргендердің естерінде. Ол жәй ғана дайындық, жұмыс бөлу орындары болатын. Қазір бәрін әдемі шетел сөздерімен атап қойып, көп ақша алады. Ал ақшаны тағы игере алмайды. Осындай дүниеге Ұлттық қордан ақша алу керек пе еді? Айтыңызшы... Мен олай ойламаймын», - деді Мәжіліс спикері.

Нығматуллин сонымен қатар Ұлттық экономика министріне ұрысты.

«Руслан Дәленов, айтыңыз. Сіз мемлекеттің бюждетін бөлесіз. Ұлттық қордың ақшасын шашуға болмайды. Егер бір бағдарламадан ақша артылып жатса, оны министрліктің ішінде басқа бағдарламаға аударуға болады деген үкімет қаулысы бар. Неге соны пайдаланбайды? Неге болмайтын дүниеге Ұлттық қордың ақшасын бөлесіздер. Ұлттық қордың ақшасы ең соңғы жағдайда ғана бөлінеді. Коворкинг орталықтары сондай жағдайға жата ма?» 

Мәжіліс спикері соңғы кездегі отырыстарда бәріне қатты сөйлеп, ұрсып жүр. Бұл өзіне жасаған пиары ма? Әлде Нығматуллин парламенттік тексеріс жасай ма?

Байланысты жаналықтар

Nur Otan: жастардың мәселесі басты назарда

05.01.2021

Nur Otan:САРЫАҒАШТАҒЫ ГАЗ МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ

29.12.2020

Тұрғымбаев: Митингілерде 80 адам ұсталды

02.03.2020

Тұрғымбаев: Полиция митингіде ешкімді азаптамады

11.06.2021

Қытайдан тағы да көмек келді

24.04.2020

Әбішев 500 миллион жымқырды деген күдікке ілікті

21.09.2020