Әлнұр Ілияшев: Түрмеге қамалсам, Тоқаевқа сөз келер еді

  • 24.06.2020
  • Malim Админ

Алматыдағы Медеу аудандық соты 22 маусым күні "төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деп айып тағылған азаматтық белсенді Әлнұр Ілияшевтің бас бостандығын үш жылға шектеді. Сонымен қатар сот оған бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салды. Біз сот үкімінен кейін тергеу абақтысынан босап шыққан Ә.Ілияшевке хабарласып, сот шешімі мен алдағы жоспары жайлы сұрап білдік.

– Әлнұр, сот үкімін қалай қабылдадыңыз? Сот үкімі оқылып біткен соң, "одан да мені түрмеге жапқаны дұрыс еді" дедіңіз.

– Бұл үкім бас бостандығынан айыру жазасымен бірдей. "Түрмеге қамалу үшін не істеуім керек?" дегенім содан. Мен Конституцияда көрсетілген пікір білдіру еркіндігін пайдаланып, әлеуметтік желіде пікір жаздым. Бірақ олардың түсінігінше, менің әрекетім дұрыс емес. Шындықты айтқанымды қылмыс деді. Іс материалдарында және сотта менің пікірім қоғамға қауіп төндіреді делінді. Егер ол расында да, қоғамға қауіп төндіретін нәрсе болса, онда мені түрмеге жапсын.

Бұған дейін айтқанымдай, түрмеге отыруға дайын болдым. Мұндай кедергілер бізді тоқтатпауы тиіс, жүйеге табандылығың мен батылдығыңды көрсете беруің керек. Бізді түрмемен қорқыта алмайды. Сот процесі кезінде түрмеге түссем, ондағы жағдайды көзбен көріп, түрмедегілердің құқығын қорғаймын деп ойладым. Өзім түрмеде отырып көрген жоқпын, бірақ ол жерде көптеген заңбұзушылық бар деп естідім.

Бас бостандығын шектеу жазасын өтеп бітуге аз уақыт қалғанда немесе елде қандай да өрескел, ерсі жағдай болса, бәрібір Конституциядағы құқықтарды пайдаланамын, пікірімді еркін айтамын, қоғамдық өмірге қатысамын. Конституцияда азаматтар сайлау, басқа да жолдар арқылы мемлекет басқаруға қатыса алады делінген. Әлбетте, үкім күшіне енген соң ол құқықтарды пайдалансам, қылмыстық атқару органдары мен үкімді орындамай, қоғамдық қызметке араластым деуі мүмкін. Ондай жағдайда жаза мерзімі аяғына жетіп қалған кезде мені бірнеше айға түрмеге жабуы мүмкін. Міне, жоспарым осындай. Әрине, туыстарым бұған алаңдайды, бірақ маған білдірмейді.

–Үкім бойынша, жаза мерзімі бітпей жатып, қоғамдық қызметке кіріссеңіз, бас бостандығын шектеу жазасы түрме жазасына ауыстырылады.  Сонда да осындай тәуекелге баруға дайынсыз ба?

– Мәселе онда емес, біз не үшін өзімізді қорқытып-үркітуге көнуіміз керек, сонда жатыр. Қылмыстық атқару жүйесі қылмыстың қайталануына жол бермеуі керек екені түсінікті. Бірақ маған келгенде, олар басқа мақсат көздейді. Ол мақсат – біздің үнімізді өшіру. Бұл жерде сөз бостандығына қарсы күресіп жатыр, құқық қорғау органдарын пайдаланып, сөз бостандығын шектеп жатыр. Бұлар құқық қорғау емес, режимді қорғайтын органдар. Әйтпесе қараңызшы, әлеуметтік желіде қанша "нұрботтар" арандатып пікір жазады, бірақ оларды ешкім жазаға тартпайды. Есесіне, мен қамауда отырғанда қарағандылық Арман Хасеновті Назарбаевқа тіл тигізгені үшін соттады. Әсия Төлесованың ісі де құқық қорғау органдары бізге қарсы жұмыс істейтінін көрсетті. Үйіме тінту жұмыстарын жүргіземіз деп келгенде, жас-кәрі, әйел-еркекке қарамай, бәрін жерге жатқызып, қолдарын қайырып, күш қолданды. Ал олардың бассыздығына қарсы шықсаң, қудаланып, жауапкершілікке тартыласың. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесі осылайша біржақты шешім қабылдайды. Қазақстанда басымдыққа ие күштердің жақтамайсың ба, онда құқығыңның қорғалуы екіталай.

– Сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым бересіз бе?

– Әрине, біз соңына дейін күремесіз. Қазақстандағы барлық инстанцияларға шағымданған соң, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым түсіреміз. Халықаралық қауымдастық ел ішіндегі адам құқықтарының ахуалын білуі керек. Бұл істің бетін жылы жауып қойып, көніп отырмаймыз. Түптің түбінде құқығымды шектеп, түрмеге қамаса да, өз ұстанымымды жеткіземін.

Сізді Facebook-тағы жазбаңыз үшін сотқа тартты. Енді әлеуметтік желіде бұрынғыдай белсенді боласыз ба?

– Әрине, пікірімді ашық жазып отырғым келеді. Сот шешімі күшіне енбей тұрып, бір-екі пікір жазуым керек. Бірақ Facebook-қа жете алмай жатырмын. Өйткені тінту кезінде үйдегі барлық компьютер, смартфондарды алып кетті де, әлі қайтарған жоқ. Тіпті туыстарымның техникасын алып кетті. Қамауда болғанда әлеуметтік желідегі аккаунтымды тексеріп, бұзды ма, ол жағын білмеймін. Бірақ өзім еш уақытта заңды аттап баспадым. Әлеуметтік желіні ақтарып, тағы бір қылмыстық істі қолдан жасап шықса, тағы соттауы мүмкін. Өзімді заң жүзінде ақтап шығумен қатар, Қазақстан халқының құқығын қалпына келтіру мақсатын алдыма қойдым. Осы іске кірісетіндіктен, қоғамдағы басқа нәрселерге көп араласпай, шет қалуым мүмкін.

Мені, туыстарым тұратын үйді бақылауды жалғастырып жатыр. Ата-анам аулада белгісіз адамдарды байқап қалған. Кеше бір көлік соңымызға түсіп, аңдыды.

– Сізді қылмыстық қудалаудың астарында не жатыр деп ойлайсыз?

– Ең алдымен қоғамдық қызметпен айналысуыма тыйым салғысы келді. Сөйтіп, саяси және қоғамдық қызметпен айналысуға бес жылға тыйым салды.

Басқа белсенділерден ерекшелігім осы да шығар, мен заң шеңберінде күрес жүргіздім. Билік органдарының үстінен сотқа шағым түсірдім. Билік органдары қабылдаған құжаттар Конституцияға қайшы болғанда, бұл істі сотқа жеткіздім. Билік партиясының кеңсесінде акциялар өткіздім.

Парламент, мәслихаттарға барып, саясатқа араласу үшін бізге саяси партия құруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан басқа форматта саяси дискурс жүргізгіміз келді. Өз ұстанымымызды жеткізгіміз келді. Бірақ билік ондай диалогтан қашады.

– Ендігі әрекетіңіз не болмақ? Жоғарыда пікірімді бәрібір ашық айтамын, қызметімді жалғастырамын дедіңіз?

– Сот үкіміндегі шектеулерді ескере отырып, қоғамдық қызметті жалғастырмақпын. Бастапқыда түрмеге қамайтын шығар деп ойладым. Бірақ мені қамаса, Тоқаевқа сын келер еді. Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы бөлімін басқарды, ол бөлім адам құқықтарын қорғау міндетін атқарады. Сондықтан өзі мемлекет басшысы болып отырғанда, саяси қуғын-сүргін жалғасса, Тоқаев беделінен айырылар еді. Тіпті Батыс елдерінің жетекшілері қол алыспайтын тұлғаға айналуы мүмкін еді.

Фото: yvision.kz

Байланысты жаналықтар

Қырғызстанның экс-президенті 11,2 жылға сотталды

23.06.2020

ҚАСТЕР мен МҰРАГЕР бостандыққа шықты

22.06.2020

Тоқаев: Халқымыз еңбекқор жұрт ретінде әлі танылған жоқ

05.05.2020

БАҚ: Мәдениет және спорт министрінің орынбасары ұсталды

22.02.2021

Күдігі көп кеңес: Қырықпышақ оппозиция, Құлыбаев партиясы және сатқындық

17.03.2021

Алматы митингі: Несиелік амнистия һәм бойкот

14.11.2020