Құрылыстағы афера: әкімдік жобалаушыны, кәсіпкер әкімдікті сынайды

Берік Жанатханұлы

  • 18.07.2020

Біздің елде зауыттағы жарылыста дәнекерлеуші (сварщик), жауып тастаған жолға қатысты тұрғындардан әкім ұрыс естігенде участковый кінәлі. Ал әкімдік жариялаған тендердің қымбат бағасына кәсіпкер кінәлі екен!

Талдықорған әкімдігінің әрқайсысының құны жарты миллион теңгеден асатын 164 орындықты қалаға орнату бастамасы тұрғындардың ашу-ызасын тудырғаннан кейін шенеуніктер аунап түсті.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік сатып алулар сайтына «Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі тендер жариялаған. Жалпы соммасы – 1 280 148 094.00. Яғни бір млрд теңгеден аса қаражат. Бұл қыруар ақша Талдықорғандағы Қаратал шағын ауданының солтүстік-батыс аумағындағы ғимараттарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын абаттандыру мен қасбеттерін реконструкциялау үшін кетпек. Бір қызығы, аталған аумақты көріктендіру жұмысы осыдан бірер жыл бұрын ғана жасалған.

Соған қарамастан, суын ішуге болатын 5 фонтан (біреуінің  құны 500 мың теңге) 6 велотұрақ (біреуінің  құны  400 мың теңге), жақтауы бар 164 орындық  (бір талының құны 523 513 теңге), 27 жақтаусыз орындық (бір талының құны 335 890 теңге), 125 қоқыс жәшігін  (бір талының құны 148 251 теңге), 12 гүл отырғызатын қыш құмыра (бір талының құны 295 534 теңге)  орнатпақшы болғанын malim.kz бұған дейін жазған.

Жұрт шулап, наразылық күшейген соң осыған «алтын орындықтарға» байланысты Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғали Байназаров жауап беріпті.

Коронавирустан жақында ғана айығып шықтым деген шенеунік бәріне жобалаушылар мен кәсіпкерлер кінәлі деп отыр. Бұндай бағаны солар қойған екен.

– 500 мың теңгеге орындық қоюға ешкімнің құқығы жоқ. Біз төмен бағалармен жасаймыз. Мен ол жобалаушыларға «бастарыңмен ойланыңдар» деп баяғыда айтқанмын, – дейді Сайлауғали Байназаров.

Құрылыс саласындағы былықтарды көп жылдан бері бақылап жүрген кәсіпкер Светлана Галомышева "алтын" орындық дауына қатысты Malim.kz  сайтына берген пікірінде шенеуніктің сөзімен келіспейтінін айтады. Ол бұл жоба бойынша барлық деректерді ашық ресми деректермен салыстырып мұқият тексеріп көріпті. Оның айтуынша, тапсырыс беруші Талдықорған қаласының әкімдігі, сондықтан аспандап тұрған баға үшін жобалаушыларды кәнілай алмайды. Мемлекеттік сатып алу порталында ақпарат жариялау алдында барлық бағалар мен басқа да мәліметтер келісіледі.

Осы тапсырыс бойынша барлық құжаттарды зерттегенімде, сараптама қорытындысы барын,  бірақ реестрде экспертиза өту үшін жасалған келісім шарт жоқ екенін көрдім. Заң бойынша, бірінші сараптама өту үшін тендер жариялайды. Демек фирма сараптаманы  өзі төлеген, бұл заңбұзушылық,– дейді кәсіпкер С.Галомышева.

С.Галомышева  заңсыздықты былай түсіндіреді: Тапсырыс беруші өзінің экспертиза өткізетіндерімен келісіп, солармен келісім шарт жасайды. Бұл афера, қазір мұндай жолдар құрылыста көп кезедседі. Сонымен қоса құрылыс жұмыстарының жартысы жасалып қойғанын, бірақ тендер енді жарияланғанына да назар аудару керек. Бұл да заңбұзушылық.

Ал Алматы облысы әкімінің жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі Александр Аникин мемлекеттік тапсырыста қымбат бағалардың қойылуы қоғам тарапынан бақылаудың жоқтығы деп есептейді. Сонымен қоса жемқорлыққа қарсы күресетіндердің де «азусыздығы» деп отыр.

–  Пандемияға байланысты бағаларды қайта қарау керек. Жобаны қайта алдырып, қайта есептетуге болады. Бұл тапсырыс берушінің қызығушылығындағы дүние, – дейді А. Аникин.

Қала тұрғындары әлеуметтік желіде «бар орындықтың үстіне құны жарты миллиондық орындық қойғанша, әкімдік жылда қурап қалатын ағаштарды суғарсын, гүл ексін, балаларға ойын мен спорт алаңдарын салсын» дегендей сын, өтініш айтып жатыр.  Бірақ, тұрғындардың сөзіне қарағанда қала әкімдігі мұндай шаруаны құлшыныспен істемейді. Өйткені шекпенділер үшін бұлар «откаты» өте аз жұмыс екен.

Фото ашық ақпарат көздерінен алынды

MalimBlocks